Көрнекі сурет

МЕМСЫЙЛЫҚ

әңгіме

Төрехан МАЙБАС. Мемсыйлық
Автор Т.МАЙБАС

Бұл кімге қарыздар емес?.. Бәріне қарыздар.

Маралбай Смағұлыш әкесіне қарыздар…

Қажен Тұрсынов ағасына қарыздар…

Қыл ақыры Әбекең көкесіне де қарыздар… Әбекең деп отырғаны – Әбен Сойылов. Әбекең – анау-мынау емес, мемсыйлықтың лауреаты!.. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты!

Басқа – басқа, осы қазақ жұртында сыйлық аз емес.

Орден-медаль деген бар. Төсбелгі деген бар. Одан қалды, атақтар бар. Ананың атындағы, мынаның атындағы деген әлдебір мемлекеттік емес, әлдебір қоғамдық ұйымдардың сыйлықтары бар. Ол аз десеңіз, облыстың болмаса ауданның сыйлықтары бар. Кейінгісінің құр атағы ғана. Тіркемесі жоқ. Тіркемесі болғанда, ақшасы жоқ. Ертеректе тоққа, суға төлемейтін жеңілдіктері болушы еді, онысы Совет Одағымен келмеске кеткен. Алайда соның өзінің де шіреті жеткізбейді. Бәленбай ауданның құрметті азаматы дегендері Совет Одағының Батыры дегендей естіледі-ау…

Қазір жаңа әуезе пайда болған. Халықаралық деген сыйлықтар. Бұларды әлгілердің алдынан атайды. Содан да қазір асабалар қолдарына қағаз ұстайтын болып жүр. Жаңылысып қалмайық деп. Атақтарынан…

Маралбай Смағұловты елдің бәрі білер. Дүкендерде де, кітапханаларда да сықиып тұрған соның кітаптары. Қазит-жорналдардан әсте түспейді. Көксандықтың ар жағында да сол кісі тұрады. Сұхбат беріп… Бұрындары есімі көп біліне бермеуші еді. Қазір наны жүріп тұр. Өйткені ол кісі директор. Баспаның. Тіркемесімен. Тіркемесі болғанда, баспаханасымен. Бұл кейінде білгені.

Қалаға келгенде осы кісімен тоқайласамын деп әсте ойлап па? Мектепте жүргенде бұл да елден қалыспай әр нәрсені шимайлап жүретін. Аудандық қазитке хат-хабар жолдап жүрді. Сол жазғандарын өзі танымаған жағдайлары аз болмаған. Бірақ, әйтеуір, астында өз пәмилиесі тұрады. Содан жорналшы бала атанып жүрді.  Мұнысы балаға кәдімгідей қанат бітірді. Әліне қарамай  өлең түзді. Ғашық болмаса да, ғашық болғансып. Жақсы көрмесе де, жақсы көргенсіп. Ақыры сол әуестігі жорфакқа алып келген.

Оны бітіргендердің далада қалғаны жоқ. Ешкімнен айыл жимайтын пыркорол, соттардың өздері солардан ығып жүреді. Олардың қаламына іліктім дегенше, жұмыстан ұштым дей бер.

Ақындығы өзіне мәлім. Жазушылығы да қырып тұрған жоқ. Жорналшылдығы…

Осы соңғысына сенеді. Тоғызыншгы сынып оқып жүргенде фермаға қой қырқуға барған. Бүкіл сынып болып. Біреулер қырықтық  ұстады. Бұған бұйырғаны арқан еді. Оның өзі кендірі, оның өзі шолағы. Қой жығушы болды…

Сондағы көрген-білгенін аудандық қазитке жазған. Жаны ашып жазған. Қырқымға қой көтерілмей келеді деп. Жарты жүні өзімен кетеді деп.

Сонан не керек, мұның аты шықты. Шыққанда әлгі запперма үйге келген. Білгені – мұның жазған мақаласымен әлгі кісіні жұмыстан алып тастапты. Ал ол кісі бұлардың жамағайыны болып келетін.

Мұның әкесінің есімі – Маралбай. Атасының есімі – Сойыл. Өз есімі болса – Тәкен. Сол емтихан тапсырғанда жорпақтың баршасы осының соңынан жүрді.

– Маралбай кімің болады? – дейді.

– Кімі болған несі? Әкем болады… – дейді бұл.

– Сойыл?.. – деп ауыздарын аша бергендерінде:

– Атам болады, – дейді бұл құлықсыз.

Соңынан тіпті ашу шақыратын болды. Әкем мен атамды неменеге сұрай береді деп.

Содан оқуға түсіп кетті. Содан қала түбіндегі бір шаруашылыққа барып, картоп терді. Сабағы да басталған. Бір күні хатшы қыз кіріп келіп, әкесінің келіп тұрғанын жеткізген. «Ол кісі неғып жүр» деп таңғалсын. «Бір нәрсе болып қалмады ма екен» деп және уайымдай қалсын.

Деканатқа барса, бейтаныс жігіт ағасы отыр екен. Амандасқан соң, тосып отыр деген әкесін іздесін. Сыртқа шығып кеткен шығар деп ойлаған.

– Балам, – деген бейтаныс кісі, – балам, сабағың дұрыс па?..

Бұл өз құлағына сене алса, кәне?! «Мені балам дегені несі» деп айран-асыр болсын.

Білсе, Маралбай Смағұлов осы кісі екен.

Кейіс еститін шығармын деп ойлаған. Елдің бәрін шулатқаны үшін. Маралбай Смағұлыш иіні жұмсақ адам болып шықты.

– Ең алдымен жорналшы жігіттерге рақмет. Бала тауып бергендері үшін. Алла тағала сенің аузыңа өзі салған шығар… Шыныменен менде бала жоқ болатын. Сен әкем деп отырғанда мен неге балам демеймін, а?..

«Балаң болмаймын» деп қалай айтсын.

Сөйтіп, бір сәтте екі әкелі болып шыға келді.

Көп ұзамай Маралбай Смағұлыштың баспаханасына жұмысқа кірсін. Алдымен корректор болды.

Көп ұзамай Маралбай Смағұлыштың үйіне көшіп алды.

Алғаш ауылдан айналшықтап шықпаушы еді. Енді туған топырағына ат салуы сирей бастаған. Мұның өзі қызғаныштың қызыл итінің сумаңдауына жол ашқан. Оны іші сезген. Кейінгі кезде әкесінің қалаға сапаршылауы көбейген. Обалы нешік, қаладағы әкесі кеңқолтық танытқан. Неге келдіңіз демейді. Тосып алады, шығарып салады. Өзіне салса ауылдағы әкесін ренжіткісі жоқ. Қаладағы әкесінің де көңіліне қаяу салғысы келмейді.

Оқу бітірген соң қайда бармақ? Осындай да сөз бола ма? Ауылға барады, әрине. Қандай себебі барын кім білсін, қаладағы әкесі бұл ұсынысқа қарсы келмеді. «Қайта ысылып келеді» деп қойды.

Сонымен, ауылдан бір-ақ шыққан. Аудандық газет жауапты хатшылықты ұсынған. Замнан гөрі осынысы дұрыс екен. Көди-сөди жаз деп ешкім тықақтамайды. Қайта өзің қожаңдап жүресің. Қаламақы да осы жаухатшының қолында. Кесіп қоясың ба, көсіліп қоясың ба – ешкім қолыңнан қақпайды.

Осында жүріп басын қосты. Сондағы корректор қызға. Тойды әке-шешесі жылдамдатып-ақ жіберген. Біржолата ауылға байлағылары келген болар. Міне, қызық, бұлар тойын ауылда жасамай, қалада жасады. Бүкіл ауылды қалаға шақырды. Алып барып, алып қайтатын автобус жалдады. Тойда екі әкесі қатар отырды. Біреуі көліктің кілтін тапсырса, екіншісі пәтердің кілтін тапсырған. Бұл тойларын ел аңыз қылып айтып жүрді.

Бірақ бұлар қалаға асыға қоймаған.

Солай жүре де берер ме еді, аудандары жабылып қалды. Жо-жоқ, оңтайланып кеткен. Содан оңтайлаған ауданның қазитіне барды. Жаухатшылыққа алмаса да, зап қойды. Онысы қолайсыздау болып шықты. Сапаршылауы көп.

Содан әкесі қорқайын деген. Балалардың арасы суып кете ме деп. Тәкен әрі-сәрі тағы біраз жүрген. Болмаған соң  қаладағы әкесіне шыққан.

– Адас, – деген қаладағы әкесі, – маған сенсең, бала менімен бірге жүрсін, өзім жетпеген жерге осы ұлымды жеткізем.

– Әуелі бір Құдайға, сонан бір өзіңе тапсырдым, мендегі де қу жалғыз ғой… –  деген ауылдағы әкесі.

Маралбай Смағұлыш адасының сөзіне мағмұранып қалған. Қу жалғызын бұған да меншіктеп бергеніне.

Сөйтіп, Тәкен қаладағы пәтеріне аунап алған. Онысы Маралбай Смағұлыш үйінің дәл іргесінде.

Әуелі қатардағы редактор еді, жаттыққан соң басына көтермелеген. Бас редактордың аты – бас редактор. Бәрі өзінің қолынан өтеді.

Бір күні Смағұлыш әкесі қабылдауына шақырған.

– «Қазақ руханияты» көптомдығының он төртінші кітабын шығарып жатырмыз. Бұдан былайғы томдарына өзің бас бол. Бас-аяғын үш жылда бітіруіміз керек. Еңбегіміз далада қала қоймас. Оны кейін өзің де көре жатарсың…

Содан бастап бұл баспадағы барша жұмысты өз қолына алсын.

Көптомдықтың редакция алқасында талай марқасқалардың есімі тізбектеліпті. Соның ішінде көзіне оттай басылғаны Қажен Тұрсыновтың есімі еді. Жүзтаныстығы ғана бар. Бірақ жазуы бөлек, айтары бар адам. Жетегіне алмаса, жетекке жүретін адам емес. Академик-ақ болатын адам. Сол кісі Смағұлыш әкесімен сыйластықта екен. Мұның өзі әкесіне деген құрметін арттыра түскен. Оның үстіне екеуі де тағдырлас екен. Қосақтары бақилық болған. Өз кіндіктерінен бала болмаған. Тұрсынов есімін алып жүрген баласы ағасының баласы дейді. Сол баласы қазір үлкен қызметте екен.

Жаңа қызметі Тәкенге жаққан. Бұл да Тәкен Маралбайыш атала бастаған. Ел қырдан, ойдан ағылып келіп жатады. Ел кітапқа әбден-ақ сусаған екен деп қояды. Күнделіктеріне дейін кітап қылып шығарып жатады. Тікелей өзіне ат басын тірейтіндер аз емес. Сондай күндердің бірінде Әбекең келген. Әбен Сойылов! Аты шығып жүрген кәсіпкер. Елбасының алдында сөз сөйлеген кәсіпкер. Бәлкім, елбасы оны танымайтын да болар, бірақ ел танып қалған. Тәкен де солайша таныған Әбекесін.

Әбекеңнің келісінің жөні бар екен. Әкесінің рухына арнап кітап шығармақшы екен. Көкпар берем деп қояды.

Дискіні ашып қарағанда тіксініп қалған. Нән кітап екен. Бірақ онысын сыртқа шығармады.

– Алтын сумен шығар, – деген келуші.

Алтын су Алматы баспаларының бәрінде бірдей жоқ. Өздерінде де бола бермейді. Бұл жолы да жоқ еді. Бірақ Әбекесі өзімен бірге ала келген екен. Әкелгенде қандай, тағы бір жеті-сегіз кітап шығаруға жетіп жатыр. Бұл соны жеткізген.

– Маған жетсе болды, – деген Әбекесі, – қалғанын қажетіңе жаратарсың…

Шығарған кітаптарында мін жоқ еді. Әбекең кітаптың байғазысы деп бір уыс ақшаны санамай-ақ қалтасынан шығарған. Тәкен де жолынан жығылмады. Еңбек осылардыкі деп, байғазыны жанындағыларға ұстата салған.

Әбекесі көкпарын өзінде беріп, құдайысын Алматыда берсін. Ылғи ығай мен сығай жиналған екен. Сөз соңында Әбекесі мұның шашбауын көтеріп-ақ баққан. Сонан ат мінгізсін. Тірі ат мінгізген.

Осыдан кейін беттері ашылған. Күн сайын болмаса да, апта сайын қоңырау шалып тұрады. Барған сайын Әбекеңнің тапсырыстары көбейе түсті. Әбекесінің аты-жөні жарнамаланған неше түрлі қорапшалар, қапшықтар шығып жатты. Кейінде оған өлең шумақтары жазылатын болған.

Соның біріне мән берсе, кәне?

Кейін білсе, әлгі өлең шумақтары Әбекеңнің өзінікі екен. Көп ұзамай қазит-жорналдардан көре бастады. Көксандықтан да өлең оқып тұрғанын көрді. Айтары жоқ, өлеңін жақсы оқиды екен. Оқығанда екіленіп кетеді.

Бір күні тағы келген. Алтын суымен. Тағы да кітап әкеліпті. Өзінікі. Өлеңдер. Бұл қалай болар екен деп ойлаған жоқ. Өлеңінің алып бара жатқан ештеңесі жоқ болғанымен, кәдімгі өлең екенін біледі.

Дискіні ашқанда жүрегі тоқтап қала жаздаған. Он мың шумақ екен. Мұндайларды кірпіш кітап дейді.

Кітаптың шығуы кәдімгідей әңгіме болды. Өйткені бұған дейін алтынмен апталып өлең кітабы шықпаған екен. Оның тұсаукесері Алматыда жасалатын болды. Баяғы құдайы дәм беретін мейрамханада.

– Әйдік ақындардың бірі де қалып қоймасын, – деп тапсырған Әбекесі, – жолымнан жығылмаймын.

Содан Алматының сорпаға шығар шайырларының бәрін шақырған. Бармаймын деген бірі болмады. Тамақты тағы да ұшақпен алдырды. Тік тұрып төрт асаба қызмет көрсетті. Міне, ғажап, тек тұсаукесерге қатысқан ақындардың ғана өлеңдері оқылды. Сол өлеңдерді әлгі төрт асаба жатқа оқыды. Мұндай да болады екен ғой, ел аузын ашып, көзін жұмған.

Сонымен, Әбекеңнің «Мен саған ғашықпын» деген жинағы келтірілген. Ел іштен тынған. Өйткені ешқайсысының да алтындатылған кітабы шықпаған.

Ашар сөзді тірі классик атанып жүрген үш ақынымызға берген.

– Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш абызымыз ғой, – деп, Әбекесі ортаға ол кісілердің жарларын да шақырсын. Ол кісілер ортаға келгенше үшеуінің иығына үш шапан жапқан. Алтын жіпті, күміс күпті. Зал іші ду ете қалған.

– Кемі 10 мың доллар тұрады, – деп.

– Әрқайсы…– деп біреуі нақтылай түсті.

– Жоқ, 10 мың еуро… – деп тағы біреуі түзету енгізіп жатты.

Сол екі ортада ортаға ол кісілердің музалары да келіп қалған. Оларды үш асаба қолтықтап келді. Олардың да білектеріне, саусақтарына, құлақтарына гауһар сырға, сақина, білезік кигізілген. Ел іштен тынған. Не болар екен деп.

Содан үш классигіміз тілден айырылсын… Барып-барып тіл бітсін… Барып-барып шешілсін…

Олардың сөзіне сенсек, Әбен Сойылов қазақтың үлкен ақыны екен.

Қош, ақынның бұл кеші де ұзаққа дейін ел аузында жүрді.

Содан тағы бір күні Әбекесі қоңырау шалсын.

– Жина ағаларды, – деген, – ешқайсысы қалып қоймасын.

Тағы да жиналған. Баяғы мейрамханада. Тағы да аста-төк дастархан жайылған. Тағы да сый-сияпат көрсетілген.

Соңынан сөзді Әбекесі алған.

– Ағалар, – деген Әбекең, – талай-талай жақсы сөздер айтылып жатыр, біздің бұл тірлігімізді ел де білсін, осы айтқандарыңызды қағазға түсірсек дейміз…

– Тура сөз, – деген Құман Түскей ағамыз.

– Жазамыз, – деген Шадыр Батыс ағамыз.

Содан Әбен Сойыловтың шығармашылығын талдаған мақалалар жыл бойы үзілмей қазит-жорналдарда шықты да тұрды. Әбекең тіршілігін жалғап жатқан қала да тіршілігіне жаңалық енгізген. Жарнама тақталарында Әбен Сойыловтың өлең шумақтары жазылатын болған.

Содан тағы бір күні Әбекесі қоңыраулатсын.

– Жина, – деген тағы да.

Бұл енді сауал қоймаған.

Тағы да сол дастарханда төрт көзі түгел бас қосқан. Тағы да сый-сияпат жасалған. Содан тағы да соңғы сөзді Әбекесі алған:

– Ағалар, – деген Әбекең, – менің шығармашылығым жөніндегі күні бойы айтқандарыңыз рас болса…

Осы жерге келгенде шыбын ызыңы естілгендей тыныштық орнаған.

– Расың не, қайта жеткізе алмай жатырмыз, – деген Құман Түскей.

– Имандай шынымыз…– деген тағы бір классик ақынымыз Шадыр Батыс.

– Онда, – деген Әбекесі, – мені мемлекеттік сыйлыққа ұсыныңыздар…

Бір сәт қайтып өлі тыныштық орнаған. Сол тыныштықты Құман Түскей бұзған:

– Ұсынсақ ұсынамыз!..

Сөйтіп, мемлекеттік сыйлыққа үміткерлердің қатарында Әбен Сойылов та жүрді.

Тәкен одан арғысына араласа алмаған. Қаладағы әкесі бақилыққа озған. Қырқы дегендей. Мазары дегендей. Жылы дегендей. Қолы тимей кеткен. Сол жүгірістерде жүріп Әбекесінің мемлекеттік сыйлықты алғанын естіген. Қоңырау шалып құттықтағаннан аса алмаған.

Баспа енді өзінің меншігіне өткен. Барып-барып қоңыр тіршілікке ауысқан. Күндері осылай өте берер ме еді, бір күні тағы Әбекесі қоңырау шалған.

– Жина ағаларды, – деген.

Сол баяғы аста-төк дастархан. Тағы да көл-көсір сый-сияпат жасалсын. Тағы да соң сөзді Әбекесі алған.

– Рақмет, ағалар, сіздер болмасаңыздар, бұл сыйлықты ала алмағандай екенмін, мемсыйлық алмағандарыңызға менің жолымды берсін, – деген шамырқанбай.

Тәкен іш тартқан. Әбекесінің нені көздеп тұрғанын дөп баса алмаған. Өзіне салса Әбекең аға қылып жүрген ағалардың ши сындырмағанына кәміл сенеді. Мемсыйлықты да өз тіршілігімен алғанын жан дүниесімен түйсінеді.

Сонан «Қазақ руханиятының» соңында жүріп алсын. Сонан бітірді-ау. Жиырма бес томдықты. Сөз жоқ, айтулы оқиға екенін түсінеді. Содан бір күні «Егеменнен» Әбен Сойыловтың мақаласын оқысын. «Қазақ руханияты» көптомдығы туралы. Ең соңында ұжымдық авторлар мемсыйлыққа лайық деп шегелепті.

Маралбай Смағұлыш болғанда қуанатын еді-ау деп ойлады…

Ақыры, не керек, мемсыйлыққа ұсынылды. Бірақ Маралбай Смағұлышсыз. Өйтетіндері сыйлыққа тірі адамдар ғана ұсынылады екен.

Сөйтіп жүргенде жоғарыдан қоңырау шалып, бұған да құжаттарын сайлатқан. Сөйтіп, бұл да мемсыйлық тізіміне іліккен. Басқа – басқа, Қажен Тұрсыновпен қатар тұрғанына қысылды.

Сонан көңілі күпті болып жүрген. Қалай болып кетті өзі деп. Ақтық сынға да өткен. Не болса да, ертең болады деп тұрғанда түн ауа Әбекесі қоңырау шалып, төсектен тұрғызған.

– Сыйлық құтты болсын! – деген ар жақтағы дауыс.

Мұның жүрегі тоқтап қала жаздаған. Ертеңінде телефонына да, жұмысында да маза болмады. Келіп құттықтаушылар қарасы қоюлана түскен.

– Бала болмаса, бұйырар ма еді, бұйырмас па еді? – десін біреуі.

Бала деп ишаралап тұрғандары Қажен Тұрсыновтың аппаратта істейтін баласы. Бәлкім, ол бала да себеп болған шығар.

Ал мұның алуына себепші болған…

Ішкі сволышы айтады:

Әбен Сойылов деп…

Негізі, ішкі сволышы алдамайтын. Бұған дейін…

Фото: Yvision.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.