Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев орынбасары Анатолий Шкарупаға тағылған жемқорлық айыбының «министрлік жұмысына қатысы жоқ» деді. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты жазды.    

«Ештеңе білмеймін, бірінші рет естіп тұрмын. Бұл жағдайдың 2015 жылы болғанын ғана естідім, ал Шкарупа бізге бір ай бұрын жұмысқа тұрды», — деді Бозымбаев.

Шкарупа ісіне қатысты журналистер сұрағына жауап берген Бозымбаев «Вице-министрлерді министр тағайындамайды. Тәжірибелі адам ғой, анықталады» деді.

Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Қожамжаров кеше Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында 2015-2017 жылдары Қарағанды облысындағы Сарань қаласының әкімі болған Анатолий Шкарупаның «заңды өрескел бұзғаны туралы деректер барын» айтқан.

Қожамжаровтың сөзінше, 2015 жылы есептеу жүйесіне бөлінген 215 миллион теңгенің ықтимал жымқырылуына Шкарупаның қатысы болуы мүмкін. «Қарағандыда орталық жылыту жүйесі жоқ» деген бас прокурор «есептеуіштерді бос қабырғаға орната берген» деп, қылмыстық тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.

Анатолий Шкарупа энергетика вице-министрі қызметіне үкімет қаулысымен қазанда тағайындалған. Бұған дейін ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған.

Шкарупадан бұрын вице-министр болған Бақытжан Жақсалиев Ақмола облысындағы шипажай аумағында орналасқан көлдері тазалау жобасы кезінде жемқорлық жасаған болуы мүмкін деп, биылғы маусымда үй қамаққа алынған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.