Көрнекі сурет

Ең ақырғы күн

повесть

Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ. Ең ақырғы күн
Автор Е.ӘБІКЕНҰЛЫ

Дәулеттің бүгін тіпті де жолы болмады. Дым нәр сызған жоқ.  Адам таңертең түлкі құрсақ кетіп, түскі ас ішпей күні бойы жүре алатынына ол таң қалды. «Үйреніп кетеді екен-ау!» деп ойлады. Өткен өміріндегі кекіріп қойып, дәмін сезбестен еш түйсінбей күйсейтін, үстелдің белін қайыстыра дізілген мол дастарқандар, бейне түсі сияқты, мәңгілікке келмеске кеткендей.

Аспан бейне кір сіңген дымқыл мақтаны түтіп шашып жібергендей сұп-сұр. Бірде күн жарықтық сол кір сіңген дымқыл мақтаның ар жағынан майласқан шырақтай өлімсірей жылтыраса, енді бірде долы қатындай түнеріп тұрған. Алматының жайма-шуақ, шаңқиған аспанын соңғы рет қашан көргені оның есінде қалмапты. Тек жер беті қарауытып, алакөлеңкелене бастағанда, екінті ауып бара жатқанын сезді. Тұраққа ақша төлемеу үшін тым алысқа, зәр иісінен көзің ашитын, сор кемірген кірпіштері үгіліп, етек жағын зәр ізі айғыздаған, әр жерінде «мен сені сүйем» деген жазуы бар үш қабырғасы бітеу ауыз жағы көшеге қарап, екі мысық пен бір иттің өлексесі жатқан тар қуыстағы су жаңа, қап-қара жардай көлігіне жаяу жетіп, есігін әзер ашып (қуыс тар болғандықтан есік кең ашылмайтын), ішіне әзер сиды. Сазда жүргендей басқан ізі былқылдап, көпіршіген сары су қалып жатты. Кептелістен сытылып шығып үйіне қарай заулады. Кенет телефоны шырылдап қоя берді. Көптен бері ешкім қоңырау шалмай қадірі кете бастаған құрғырға өзінің әлдебір күні түскен ескі достары хабарласып тұрған жоқ па екен деп дәмелене қарады. Әйелінің нөмірі көзіне оттай басылды. Құлағына селқос тосты. Әйелі қоңырау шалса көңілі кірбең тартатын болып жүр. Он жасар қызы Айша екен.

— Әке, үйде айран, сүт, сосын нан жоқ! Ала келесіз бе?

— Жаным, барғанда көрейікші, қазір асығыс ем.

— Жарайды, — деді қызы.

«Қара шай ішкенге өлмеспіз, ал нанды үйде пісірер. Айранды қоя тұрайық», деп ойлады іштей. «Осылардың қалтаңда ақшаң жоқ екенін біле тұра, «ананы әкел, мынаны әкел» деп қоқаңдайтыны несі екен? Әдейі қинап ләззәт алатын сыңайлы», деп кейіді.

Қалтасында 200 теңгесі қалғаны есіне түсті. Бір кездері қалтасында тырсиып жүрген ақшасының есебіне жете алмай, қаншасы кетіп қаншасы қалғанын ойлауға мұршасы болмайтын мықтың, қазір жанында қалған ұсақ бақырдың әрбір тиынына дейін қалт жібермейді. Сонымен қоймай бір жерге түсіп қалды ма екен деп алаңдап сыртынан басып-басып қоятыны бар. Ұсақ бақырдың санын қалт жібермегенімен қайда жұмсау, қалай жеткізу керектігі есіне түскенде қатты қиналып жүр. Енді 200 теңгені қалай жұмсарына басы қатып отыр. Әлгінде оған бес тал шылым алып (бір қорапқа жетпейді), құшырлана тартып, шерін тарқатқысы келген. Бірақ ертеңгі күні үшін ол ойынан дереу бас тартты. Әр күні түсте нәр сызбай аш жүру оған ауыр тие бастаған. Көктемнің алғашқы күні жақындап қалғандықтан ба, соңғы кезде, көзі қарауытып, қол-аяғы ауырлай бастаған. 200 теңге оған үлкен қазынадай-ақ көңіліне сәуле шашып тұр. «Өмірдің мәні шынымен де ақша болғаны ма?» деп ойлады. Ақшасы барда әрқандай қиындықты, әр қандай ауыр міндетті қайыспай арқалап алып шығушы еді. Қолында ақша толы барсеткасы жүргенде тым көңілді жүретін. Иығы тік, бойы қунақы, жүрісі алшаң, жүзі жылмаң тұғын. Қалтасының тесігі көрініп, қолынан қызыл барсеткасы кеткелі жыртылған доптай болбырап, иіні түсіп салбырап, елге имене қарайтын боп жүр. Ол кірген әрбір мекеменің есігін қарайтындар онымен тең сөйлесетін боп жүр.

— Ертең түсте екі пирожки алып жермін, мүмкін жемеспін. Көлік қойған кезде тұраққа төлермін. Әйтеу қалтаңда ақша жүру керек… Маған не болған? – деп, өз ойынан өзі шоши бастады. Тамақ деген не тәйірі. Тамақ деген мен ойлайтын тірлік пе еді. Қалай ұсақталып барам.

      Шынымен де, ол өткен өмірінде тамақ туралы ойлаған емес. Ойлауға уақыты да болмайтын. Ол жортқан жолдың, ол кірген тесіктің бәрінде, неше түрлі тамақты көтере алмай белі қайысқан үстел дайын тұратын. Қонақ күту, бос уақытындағы достармен  болған мақсатты түрдегі бас қосулар болмаса ол тамақ ішуге арнайы уақыт бөліп, арнайы жоспар құрған емес. Тіпті қарны да ашпайтын. Өйткені кешегі жеген күшті де ауыр астарды асқазаны қорытып үлгере алмай жайсызданып тұратындықтан асқа тәбеті болмайтын. Сөйте тұра жортқан жолынан қазы-қарта, жал-жая, тым болмағанда сары палау немесе мәнті көлденеңдей беретін. Дастарқанның елеусіздеу жерінен қызара жылтыраған уылдырық пен қызыл балықтарға селқос қол созатын. Онда да дастарқан иесі «Дәке, Дәке, қойсаңызшы, бұл сіз жейтін ас па еді. Еттен алыңыз», деп тәрелкесіне майлы қазылар мен жаяларды толтырып тастайтын да, алдына келіп тұрған соң тыжырына отырып пейілсіздеу жейтін. Сосын біразға дейін кекіріп жүретін. Жеп отырып лоқсыған кездері де болған.

*****

Бір жолы өзіне іні боп жүрген Жомарт деген жігіт: «Аға, демеуші болыңызшы! Мүшайраға әділқазы болған ақын-жазушыларға дастарқан жайып жіберіңізші», деп қиылып тұрып алған соң, үйіне ақыны, жазушысы, журналисі бар бір топ қаламгерді қонаққа шақырған болатын. Сонда олардың тамақ жесін көріп қатты қорыққан. Олар тамақты өші бардай асаған. Салатты жеп жатып көздері алыста тұрған өрік немесе бүлдіргенде яки шие мен бананға қадалады екен. Салаттарыңды сыпырып болып жеміске шүйлігеді. Екі жерден ағаш астауға салынған ет келген кезде ауыздарындағы тамақты тез-тез шайнап, тез қылғып жіберіп орындарынан қипақтап қозғалып, бір-біріне қарап жымыңдағандай болады (әлде оған солай көрінді ме?). Сөйтіп енді «аналар етті жей алмай қалады-ау! Жаман інілеріңіз сіздерге арнап байталдың сүрісін асып еді. Кешігіп жатқаны… Дайын боп қалды» – деп, ептеп ескертіп қоймағанымды қарашы деп уайымдап отырғанда олай болмады. Етіңді де қылғып салды. Сонда Дәулет «Ой еңбегінің арқасы ғой! Миды көп жұмсаған адамның асқазаны да мықты жұмыс істейтін болар. Бізді бұлармен салыстыру қайда, біздікі қатып қалған тот басқан ми. Сондықтан асқазанымыз жеген тамақты дұрыс иірмейді. Денедегі ағзаның бәрі бір-бірімен тығыз байланыста болады деген рас екен», деп ойлаған. Және көпке дейін «Бұл ақын-жазушыларың жарайды-ақ екен. Ысырапшылдық деген бұлардың өмірінде атымен жоқ. «Ыдыстар да тап-таза, дастарқан да тап-таза, жуғанға оңай болды» деп әйелім де разы. Қонақ деген осылай болса, қойған тамақты асырмай жесе», деп айтып жүрді. Мұны өсек ретінде емес (ол өсек тасымайтын), разылықпен, жақсы ниетімен айтып жүрді.

Бұл оқиғаның байыбына ол енді барды. Ойласа ол да бір заман екен. Ол бір анау-мынаудың қолы жете бермейтін, қарапайым адамдар өмірінде көрмейтін күшті дастарқан екен. «Қазір сол дастарқанда, сол ақын-жазушылармен қатар отырсам, әй жеуден оларды шаң қаптырармын», деп ойлады. «Әуел десең мешкейлерді де…» Енді ойласа үйінен тамақ ішкен кезі есінде қалмапты. Қалса да тым аз. Елес сияқты. Енді келіп, «әйелім не тамақ істеп қойды екен?» деп ойлап келеді. «Тамақты ойлай беретінім қалай?» деп ойлады тағы да, «адам мұндай да төмендейді екен-ау…»

*****

Ол көлігін қойып, сырғымамен үстіңгі қабатқа көтерілді. Есіктен кірген бойда еліктің лағындай жәудіреген төрт қызы алдынан дізіліп қарсы алды. Олардың денесінен лақтың иісіне ұқсас әдемі иіс бұрқырап тұрды. Бұрындары қыздарын кезек-кезек құшақтап сүйіп, жағалай силық ұстатушы еді. Жақсы сөздер айтып еркелетуші еді. Бұл жолы өйтпеді. Көңілсіз жымиды.

— Әке, айран?

— Әке, сүт әкелмепсіз ғой!

— Әке, нан. Біреуіне сөмкесін, біреуіне шапкасын ұстатып, аяғын шешіп жатты:

— Ұмыттым. Ас үйден әйелі шықты.

— Болмағанда айран ала келмедің бе? Қарақұмық пісіріп жатырмын. Қыздар қып-қызыл аш. Тым болмаса қарақұмық жесін. Үйде нанның қоқымы да қалмады.

— Нанды пісірсеңші.

— Пісіргені қалай? Ұн жоқ.

— Мә, кілт, көлікте 200 теңге ақша бар, соған тигенін ал. Мен қатты шаршап тұрмын.

Бөлмесіне кіріп киімшең сұлай кетті. Әйелінің кілтті қолынан селқос қана іліп алғанын, қыздарының есіктен кірген жерден бұрынғыдай мойнына асыла кетпегенін, әлі де бұған жаутаңдай қарап босағадан аттай алмай жүргендерін, төрт жасар қызының бөлменің есігінен жасқана ыржиып, сығалап тұрғанын есіне алды. Бөлмені қараңғылық торлап, тынысыңды тарылтатын қапырық бүркеп алды. Тамағын, мойнын тер басып, жабысқақтанып мазасы кетті. Өстіп жатып әйелінің дәлізде сырт киімін сосын аяқ киімін кигенін, аяғына оратылмаса да, жолында жатқан кебістерді, ұсақ заттарды, щеткаларды шкафқа дүрсілдетіп лақтырғанын, ұсақ теңгелерін қолына сығымдай ұстап шығып бара жатқанын, есіктен шығып сырғымаға мінгендегі аяқ дыбысына дейін бәрі-бәрін естіп, сезіп жатты. Көліктен ақша алғанын, дүкенге барғанын ойша елестетті. Дүкенге кіріп сатушы апамен қалай амандасатынын, шерменде боп жүрсе де өтірік жымиып, өтірік күлімсірей түсіп, майысып, самай шашын құлағынан асыра қайырып қойып, аз-маз қауқылдасып сөйлесетінін, сөйте тұрып дүкеннің ішін, құныққан, зәбір көрген обыр көзімен, кеберсіген ернін жалап қойып қызыға бір рет шолып шығатынын ойша елестетті. Бірақ қанша ойланса да әйелінің не сатып алатынына ақылы жетпей-ақ қойды. Есіктің көзінде сұқ саусағын сорып, қап-қара шашы желкесін жауып, мөлиіп тұрған әлгі төрт жасар қызын ымдап шақырып еді, бүлдіршін соны күтіп әрең тұр екен, тез-ақ жүгіріп жетіп, шалқалап жатқан әкесінің кеудесіне етпеттей кетіп, жып-жылы, жұп-жұмсақ алақанымен бетін, сосын білектерін сипалай бастады. Бұл оның әкесінің бұлшық етін іздегендегі әдеті еді. Әкесі дереу білектерін қатайта түсіп, бұлшық еттерін бұлтита қойды. Бүлдіршін оның бұлшық еттерін қысып мәз-мәйрәм болып, сықылықтап күлді. Әке қызының лақтың иісі аңқыған тамағынан, ірімшік иісі шыққан шашынан құшырлана иіскеді.

— Сен білесің бе? – деді қызына, – ақша табу қиын екен. Бек қиын екен. Әкең қиналып жүр, қатты қиналып жүр. ­– Осыны айтқанда көзі дымданып, көкірек тұсы шым ете түскендей болды. Белін ештеңе қайыстыра алмаған нардай жігіт осыны айтқанда сынған жіліктей күйреп, көкірегін ащы өксік меңдеп алды. — Әкең сендерді бағам деп, қатты азаптанды. Тақырға отырды. Әкелерің ез болды, – деді. Бұл сөз бүлдіршіннің құлағына кіріп те шыққан жоқ. Әлсіз де кішкентай қолдарымен әкесінің бұлшық еттерін мытып әлектеніп жатты. 

— Әкелерің сендерді оқытады. Шетелде оқытады, – деді дауысы дірілдеп.

      Арада бес минуттан соң қыздары асыр салып әкесімен ойнап жатты. Біреуі білегінің бұлшық еттерін қысып, біреуі бетін сипалап, біреуі кеудесінде секіріп жүрді. Тек үлкені Айша ғана әкесінің дізесін уқалап жатты.

Жарты сағат өткенде барлығы ас үйге жиналып, үн-түнсіз ас ішіп отырды. Дастарқанда тек қара суға қайнап пісіп буы бұрқыраған, түрі сөлекеттеу етсіз қарақұмық, жасанды сары май, нан, айран сосын шай толы кеселер ғана тұрды. Әйелі ештеңе жемей, қара шайды сораптап қойып, екі көзі шатынап үнсіз отыр. Оның «қарақұмық біз ішетін ас па еді?» — деп ойлап отырғанын күйеуі сезді. Қазір сұп-сұр болып түнеріп отырған осы бір әйеліне алғаш танысқанда не дегені, не деп сөз салғаны есінде жоқ. Оның нені жақсы көретіні, қандай асқа тәбетінің тартатыны да бұған беймәлім. Өйткені көзді арбаған құрғыр дүниенің шектен тыс молдығы мұны айырып жатуға еш мұрса бермеді. Әуелі әйелінің өзін сүйетін, сүймейтінін де бұл нақты ажыратып білмейді. Тек жаратылыс заңдылығы бойынша өзіне әйел боп бұйырған ұрғашы ретінде мойындайды. Себебі, дәурендеп тұрғанда адам біткен мұның алдынан құрша жорғалайтын. Әуелі әкесі де күлімсіреп қойып «барлығын ұл біледі, ұлдан сұраңдар» дейтін. Ал әйелі болса қашан көрсең бұраңдап, еркелеп «отағасы айтқасын» деп сызылып отыратын. Бастан дәурен тайғалы әлгі құрша жорғалайтындар, сыртын беріп суып кетті де, әйелі одан бетер уын шашып, жолына тұрып алып, қақшаң-қақшаң ететінді шығарды. Сондықтан кімнің кім екенін есіне алғанда миы қатып жүр. Әдетте дастарқан үстінде ұлардай шулап отыратын қыздары осыны сезгендей бұйығып, жасқанып дыбыстарын шығармай отыр. Қарақұмықтан олар ауыз тиген де жоқ. Тек сары май жаққан нанды обырлана асауда. «Қатын деген ақша тапсаң балағыңа оратылатын күшік, ақша таппасаң ысылдап кеп шағатын жылан екен-ау» деген ойға келді.

*****

Түнімен әр нені ойлаған Дәулеттің ұйқысы шала болды. Ешқандай мақсатсыз, ешқандай ойсыз тысқа беттеді. Сұрықсыздау бұлт бүркеген сұп-сұр аспан түтігіп, қаралтқымданып, себезгі жаңбыр бүркіп тұр екен. «Не бүлдірдім? Қай жерден қателік жіберіп қойдым?» деген орны толмас ауыр сұраққа «Енді не істемекпін? Қай жерден қалай бастаймын? Кімге барам?» деген күңгіріт те жұмбақ ой қосылғанда миының мыңғы-дыңғысы шықты. «Дәке, Дәке» деп алды артын орап елпеңдеп, күлдіруге тырысып анекдот айтып, қытай саудагері құсап шиқылдап, қасынан кетпейтін достарының  бүгін біреуі де көлеңкесін көрсеткісі келмейді. Бірдеңе істеу керек екенін ол әрине біледі. Әлі де талай тауды қопарып, талай бауды ақтарғысы келеді. Оған сенімі де мол. Қажыды, шаршады. Бәріне төзді. Ту сыртынан келген кедейліктің, аяғын аспаннан келтірген қырсықтың қыспағына езілді. Өткен өміріндегі өзі түскі ас ішетін ресторондар, кім болса соны күте салатын салтанат сарайлар, ірі әңгімелердің иінін қандырып терлеп-тепшіп шүйіркелесетін қымбат сауналар, іші пысқанда достарымен қарқ-қарқ күліп, құрыс-тырысын жазып жадырап қайтатын кальян барлар енді келмеске кеткендей. Осыны ойлап ол күрсінді. Мұрнына пар бөлмедегі будың, бу сіңген ағаштың, арқа сабалайтын қайыӊ жапырағының, көк шай иісі араласқан калян түтінінің иісі келгендей болды. Дәл «қазір 20 000 теңге тауып алсам болды. Қалғанын көре жатармын» деген бекімге келді. Өйткені 20 000 теңге шынымен де оның біраз жыртығын жамайтын еді. 20 000 теңгесіз жұтарға ауа, басарға жер қасқалдақтың қанындай ұстатпай тұрған. Дәл қазіргі хәлі өте мүшкіл тұғын.

** ** **

— Жомартқа барайын, Жомарттан алайын, – деп шешті ақыры.

Жомарт көрші ауылда өскен бала. Оның кенже інісі Болатпен сыныптас. Жеті жас кішілігі тағы бар. Кейін барлығы қалаға беттеп бір мектептен оқыған. Сондықтан араларында аға-інідей силастықтары болушы еді. Тек соңғы кезде ғана сирек кездесетін болып жүр. Ол кәсіпкер дейтіндей ірі кәсіпкер де емес. Қарапайым ғана малшының баласы-тұғын. Дегенмен еті тірі, елпектігінің, тәуекелшілдігінің, көпшілдігінің, кішіпейілдігінің арқасында өмірде жолы болған, өз тұстастарында алда жүрген жігіт. Мұның көз алдында жақсы көтерілді. Осыдан тоғыз жыл бұрын студент кезінде-ақ саудаға әуестенді. Бір кезіккенінде Алматыдағы ең үлкен жабайы базардың сыртында қашып-пісіп ұсақ тауар сатып жүрді.

— Мұның болмайды, – деді Дәулет, – Мына түріңмен ұзаққа бармай діңкелеп бітесің. Бұл деген складқа басып қойып, жүздеп-мыңдап көтерме сататын тауар. Онда да сырт облыстан кемінде үш-төрт дөкей клиентің болуы керек. Соларға тонналап сатпасаң да дағарлап сат, болмаса таста. Бұл сенің күнделік кеңірдегіңді жібітетін ғана нәпақа. – Қолымен базарды нұсқап: – Жігіт емессің бе? Қорықпай ішке кір. Кір-дағы төрге бірақ қарғы. Сауда тәуекелшілдікті қажет етеді, – деген. Бір көргенінде тағы да осы жабайы базардың ішінде бір қолында сақал қырғыш, бір қолында әтірі бар, айғайлап жүр екен.

— Сен әлі жүрсің бе? – деген Дәулет. – Бұлай мандымайсың.

— Ішіне кірдім ғой, аға!

— Мен саған «төрге шық» дегем.

— Жер бауырлап шығамыз ғой, аға. Бар жоғы қоржынымда 40 000 теңгем ғана бар. Ініңізді бір демеп жіберсеңіз екен.

Осыны айтқанда, қолын ысқылап, мұрнын сипалап, құнысып, бүкірейіңкіреп ыржалақтай берген. Мұнысы сіздің алдыңызда біз кімбіз дегендегісі еді.

— Алдымен төрге шық! Сосын көреміз, – деген Дәулет. Сені демемей, кімді демейміз? Жаман ағаң аман тұрса, сенің басыңа да құс саңғырар.

      Сөйткен Жомарт ерледі. Көп өтпей төрге шықты. Төр болғанда да, базардың төрге бергісіз босаға жағынан тура кіре берістегі адамдар көп жүретін орыннан бір суық контейнерді жалға алды. Әуелі Дәулетті іздеп келді. Қасына Дәулеттің кенже інісі Болатты ерте келді. Есіктен имене кірді. «Сен отыр, сен отыр» деп бір-біріне орындық ұсынып жік-жаппар болды. Алдымен Жомарт отырды. Жалтақтап көзі жыпылықтап кабинетті тінте, таңдана қарады. Сосын отырды. Күркілдеп жөтеліп қойды. Бұған ілесіп Болат та жөтеліп қойды. Шай, кофе құйып жүрген хатшы қызға әлденеше рет көз сүзгендей болды. Ептеп бойын үйретті. Сосын орындықты алға сүйрелеп Дәулетке жақындады. Іші бауырына кіріп кететіндей елжіреп, одан сайын таяп сөйледі.

— Аға, базардан орын алдым. Іс бастадым. Уақыт бөліп ініңіздің тірлігін көрсеңізші. Сіздің ақылыңыз керек. Көмек қолыңызды аямаңыз. Болмаса мына боқмұрын ініңіздің халы мүшкіл, – деді. Қолын бір-біріне ысқылап сөйлейді екен. Мұнысы өзін төменшіктетіп көрсеткендегісі еді. Осыны айтты да, Болаттың аяғынан теуіп қалды.

— Иә, сөйтіңіз. Көмектесіңіз. Мен кепіл болам, – деп Болат құрақ ұшты.

— Менде не ақыл қалды ғой дейсің? Ақыл жаста емес пе? Көрмей-ақ қояйын, – деді, – саған сенем. Көзіңнен сенім мен тәуекелдің отын көрдім. Сәті келгенде арнайы барып орныңды өз көзіммен көрем. Бірақ бүгін емес. Тоқ етерін айтшы. Қанша керек? – деді.

— Өзімде бары сол баяғы 40 000 теңге. 250 000 теңге берсеңіз жетеді. Ары қарай басқа да ойлағандарым бар. Үш айда қайтарам.

— Шатақ жоқ, – деді Дәулет. Осыны айтты да сейфін ашып, ішінен бір бума ақша алып шығып, санап, біразын бөлектеп Жомарттың алдына тастады да:

— 250 000 теңгені үнемдеп жүресің бе? 300 000 теңге берейін. Сен де бір атаның баласысың ғой! Кеңінен жұмса. Мықты жұмыс істеу үшін мықтылармен кезігуің керек. Ал мықтылармен кезігу үшін мықты жүруің керек. Қазірше қайтармай-ақ қой. Кезі келгенде мына Болатқа бере сал! – деді.

** ** **

Өмір осылай өз арнасымен жөңкіліп ағып жатты. Әлгі ақша қайда деп Дәулет те сұраған жоқ. Бердім деп Жомарт та тіс жармады. Алдым деп Болат та үндемеді. Сөйтіп 300 мың теңге жұмбақ күйінде қала берді.

      Артынша Дәулет айтқан уәдесінде тұрып, Жомарттың саудасын көрді. Көрді де көңілі толды. Контейнерді базарға адам аттап кіретін үлкен есіктің көзінен алған екен де, ішін адам өміріне ауадай қажет ұсақ-түйек тұрмыстық заттармен аузы-мұрнынан шығара сықап толтырыпты. Айталық, айна-тарақ, тіс шөткі, аяқ шөткі, ине-тебен, тырнақалғыш, түбек, шүмек, сібірткі, кәкпір, ыдыс жуғыш, қазан жуғыш, құлақ және мұрын шұқығыш дейсің бе, қойшы әйтеу қасынан өткен адам сатып алмай өтпейтіндей керектінің бәрі бар екен.

— Мынауың жүреді, – деген Дәулет. Мықты-ақ бастапсың. Тек қажыр-қайратың жетсе болды. Бес жыл шыда, сосын жылы жерге көш. Жылы жер болғанда да, көтерме саудаға шық. Қашанғы бір талдан сатып жүресің? – деген.

      Арада біраз жылдар өтті. Жомарттың ісі шынымен де өрге басты. Бұл кезде ол жоны күжірейіп, денесі толысып, жүрісі баяулап, баяулағанымен қоймай сүрініп-қабынып жүретінді шығарды. Шалбары тыртысып, тыртысқан жерінің тігісі сөгіліп, аяғы туфлиын керіп, керілген жерінің езуі бұлтиып, ырсылдап, алшаң басып, көзі күлімдеп, ерні майлана жылтырап, қасына біреулерді шұбыртып ертіп жүретін болды. Оларға қатты-қатты сөйлеп, отыра қалып жерді сызғылап жоспарын айтып, олар қоралана отырып, бұл болса ортасында шоқиып алып «мені тыңдаңдар» деп бастап, ұзын-сонар ақыл айтатынды шығарды.

— Әй, надансыңдар ғой! Надансыңдар! Сендер түкті білмейсіңдер ғой! – деп аналарға бой бермей елеуреп жатқан кездері де жиі ұшырап қалып жүрді. Дәулет оны тек қана салтанатты дастарқандарда ғана көретін болды: айталық, ұлт мәселесі, ұлт мәселесіне байланысты құрылған қор немесе ұйым, белгілі бір адамның (ақын не жазушы) елу жылдық мерейтойы, бір ғалымның диссертация қорғауына байланысты жайылған қонағасы, элитаның өліміне жайылған ас, тағы осы сияқтылар. Онда да оның тып-тыныш отырып алмай, зыр жүгіріп даяшыларды қойша шықпыртып жүргенін көреді. Ана жер, мына жерден «мені тыңдаңдар» деп шәңк-шәңк етіп тұншығып шыққан даусын естіді. Ол бұрынғы ақша сұрап алдына келетін алба-жұлба Жомарт емес. Әдемілеп сақал-мұрт қойған, оны сәндеп күзеген, парламентегідей су жаңа кәстөм киіп, беті толыса жылтыраған, жүрісі салмақты көңілі көтеріңкі Жомарт еді. Дәулеттің алдында бұрынғыдай қолын ысқылап, мұрнын сипалап, өтірік жөтеліп, алақ-жұлақ етіп, бүкірейіп ыржалақтаған жоқ. Жасқаншақтай жақындап, іші бауырына кіре елжіреген де жоқ. Ашық, жездесімен  сөйлескендей тік тұрып сөйлесіп жүрді. Ақыл сұраудың орнына «ініңізді тыңдаңызшы» деп бастап, ұзақ сонар әңгіме айтып, арасында «әкеліңізші, сіздікі қымбат шығар? Сіздікінен біреу шегіп жіберейік» деп темекі сұрап, онысымен қоймай тырсиған жалпақ бетінен, қып-қызыл көзінен мысқылдың ізі байқалып қап жүрді. Бұл жайтты көріп Дәулет кейде қуанса, кейде іштей «осы жастар қалай өзгеріп барады ?» деп налыған кезі болды.

** ** **

      Осындай кездесулерден, сондай-ақ елден естігені арқылы ол Жомарт жайлы толық хабардар еді. Сонда есінде қалғаны, Жомарт әлгі саудасын жақсы дөңгелетіпті. Бес жыл қызығын көріпті. Көлік мініп, үй салыпты. Дәулеттің айтқаны айдай келіп, бес жылдан кейін бұл сауданың қызығы қалмапты. Кім көрінген істейтін болыпты. Бұл кезде ол едәуір қорланып алған екен. Әрі жалығып та жүрсе керек, бірден киім саудасына көшіпті. Онда да Дәулеттің көрегендігінен аса алмапты. Көтерме сауда істеп, одан да жолы болыпты.

— Астанаға көштім, аға, – деді бір кезіккенде жуан қарнын сипап қойып.

— Ал ендеше, не боп қалды?

— Сөйттім. Аяқ киім саудасын істеймін. Онда да көтерме сатам. Бір-бірден сату дегеніңіз бар ғой нағыз ит әурешілік екен. Жәй кеңірдек жібіту ғана. Оның үстіне, ұсақтап сатқаннан жалықтым. Сонда орнығып қалдым. Котедж салдырдым. Өндіріске көшу ойымда бар.

— Алматыға қайта көшіп келдім, – деді бір кезіккенінде.

— Жол болсын! Суық қысты ма?

— Суығы түк емес-ау! Табыс Алматыдай болмады. Астана сауданың жері емес екен. Алматы дегеніңіз ақшаның ортасы ғой!

— Үй, күйді не істедің?

— Үй тұр. Сауда нүктем де тұр. Тек сатушы қойдым. Былайша айтқанда бір бұтым Астанада демекшімін. Келдім де Алматыдан қайта бір үй сатып алдым. Жаңа үй. Ішін безендіріп жатырмын. Бітуге жақын. Өзім орталық базардамын. Баяғы аяқ киім саудасы. Келіп тұрыңыз. Бізге де мойын бұрыңыз, – деген болатын.

      Бұл биылғы болған әңгіме еді. Бас аяғы тоғыз жылдың ішінде Жомарт осылай жонданып шыға келді. Дәулеттің оған ісі түседі деп кім ойлаған. Жер дөңгелек деген рас екен. Жомартқа қарай құстай зымырап барады. 20 000 теңге Дәулеттің іздейтін ақшасы ма еді? 20 000 теңге үшін ол бір кездері орындығын да қозғалтпайтын.

** ** **

Дәулет «жасыл базардың» артқы есігіне жеткенде қапалақтап жауған сансыз ұсақ қар ұшқындары тынбай қалықтап, жылбысқаланып жердің беті жүйкеңе тиетіндей былшыдап езіліп жатқан. Басқан жерің бақайыңа сіңіп, балағыңа шашырап, мың құбылған екі жүзді әрі мінезсіз жігіттерді есіңе түсіретін. Басқан жерің сықырлап, күртілдеп, туфлиің шылқылдағанның орнына қайыстай қайқиып, жүрген сайын жүргің келіп адымың ашыла түсетін қара суықты, қасат қарды аңсағанда көңілі тіптен құлазыды. Ол енді іші сәл қараңғылау, иісі күлімсілеу, әредік кірген адам миы ашып тайып тұрғысы келетін, дуалдарына құшағың әрең жететін ебедейсіз, едені сүрепетсіз, төбесі жұқа көне базарға кіріп бара жатты. Ойламаған жерден Құмар кезіге кетті.

      ** ** **

      Құмар денесінде артық ет жоқ, бірақ сұңқиған сүйектілеу жігіт. Зағипа кемпірдің жалғыз баласы. Зағипа кемпір Дәулеттің тек қонақ күтуге арналған (ол кезде Дәулеттің зәулім жер үйі болған) жеке аспазы болатын. Аспаз болғанда да бармағынан бал тамған, қолы тиген асқа дәм кіргізетін ықыласы мықты кісі еді. Былайша айтқанда ол кісі Дәулеттің ас үйінде қызмет етпейді. Дербес жүреді. Тек қана үйіне келетін қонақтың санын айтып шақыра қояды бітті, азық-түлігін әкеледі де, адам ойына кіріп шықпаған сан-түрлі тағамдарды мөлдірете қояды. Ондай асты жеген де, жемеген де арманда. Келген қонақ кеткенше, астың дәмділігін сөз етіп, Зағипа кемпірге алғысын айтып ағынан жарылады. Мынау сол Құмар. Сәл жұпыны. Ептеп толысқан. Жастығына қарамай маңдайына жолақтар пайда болған Құмар. 7-8 жас кіші болса да сырттай қараған адам, Дәулетпен құрдас деп ойлап қалуы да кәдік емес. Азық-түлік көтерісіп, шешесін ары бері тасып Дәулеттің үйіне келіп-кетіп, шешесіне көмектесіп қонақ күтісіп, дәйек боп шай құйысатын сары бала осылай шау тартыпты. Дәулетті көрген сайын елпеңдеп, бәйек боп ағалап тұратын. Әңгімелескісі келіп, бірдеңе айтқысы келетіндей, көкейінде жасырған бірдеңе бардай сезілетін. Дәулет сонда уақыты болмады ма, әлде сөйлескісі келмеді ме әйтеу мән бермепті. Өңкей қасқалар тамақтарын қалай сіңірерін білмей қинала кекіріп, тістерін шұқылап, біреуі аң атқанын, біреуі шетелден кіргізген қымбат көлігін айтып гәукілдеп тұрғанда Құмар сырттарынан қызыға ыржиып, тамсанып тұратын. Сонда сол қасқалар мұны Кока-колаға немесе тіс шұқитын шырпыға жұмсай қоятын. Құмар сонда бар пейілімен лыпылдап жүгіретін. Жүгіріп бара жатып ыржиып, ыржиған езуінен сарғайған қасқа тістері сулана жылтырап, оны жалап қойып аса көңілді кейіпте кетіп бара жататын. Оның қасиеті сол, біреуді тыңдағанды ұнататын. Елдің әңгімесін ыржиып тұрып, күлетін жеріне келгенде ешбір жасандылық қоспай тырқылдап тұрып күліп тыңдайтын еді. Және сол әдеті өзіне жарасатын. Мұнымен әңгімелескен адам да марқайып жеңілдеп қалатын. Қазір де сол әдетімен аузы аңқиып, егер Дәулет шынымен де бір күлкілі әңгіме айтса күлуге дайындалып, ағалап, хал сұрап бәйек боп жатыр. Шешесінің жағдайын айтып жатыр. Қазір сәл кәртең тартып, денсаулығы нашарлап үйде отырғанын, үйленгенін, әйелі осы базарда қымыз-шұбат, құрт-ірімшік, сары май мен сүт сататынын, өзі қарап отырмай соларды елдің үйіне тапсырыспен жеткізіп беріп жүргенін айтты.

— Жомартқа келдіңіз бе? — деді.

— Иә.

— Көрсетіп жіберейін бе?

— Сөйтші.

— Аман болыңыз, аға, — деді. Қоштасарда Дәулетке өзінің визиткасын беріп ыржың-ыржың етті.    

** ** **

Базардың төбесі жұқа қаңылтырмен тұтас жабылғандықтан күңгірт тартып, қарауытып тұрды. Оның мұрнына бірде балықтың, бірде иістенген көкөністің, бірде резіңкенің, енді бірде жемістің иісі келді. Ағашпен дөрекі қиюластырған жаймалардың арасынан капуста жапырағына, банан қабығына тайып жығылмайын дегендей абайлап өтіп бара жатты. Өтіп бара жатып, «алыңыз, алыңыз, не аласыз? Бізде бәрі бабында», — деп, бірде бананын, бірде картобын, енді бірде алмасын нұсқап жалынышты көзбен жаутаңдаған  жұпыны адамдарға, олардың «мынау адам бірдеңе сатып ала қояды-ау» деп дәмете қараған мұңлы көздеріне, суықтан бозарып қызғыш тартқан жүздеріне, сулана домбығып діріл қаққан еріндеріне қарады. Бір кездерде осылар секілді жұпыны адам болуды, бас ауыртатын артық әрекет, артық ойсыз, артық арман мақсатсыз тыныш өмірді аңсаған кездері де болған. Сонда осылар мұңсыз, қайғысыз жандар секілді сезілуші еді. Жарлы атаулының барлығы бақытты адамдар болып елестейтін, өйткені олар ештеңеге бас қатырмайтын, ештеңені ойламайтын, қарны тоқ, киімі көк, үйқысы тыныш пенделер болып сезілетін. Құдай оған сондай өмірді силап еді. Сөйтсе бәрі бекер екен. Тіптен қорқынышты екен.

** ** **

Бұрын бір рет келгендіктен Дәулет оның дүкенін адаспай тапты. Сол кезде Жомарт қоярда қоймай мұны базар ішіндегі дәретхананың иісі мүңкіп тұратын асханаға ертіп кіріп, қытайдың жалпақ тәрелкеге салған ащы ішекше шұбатылған тамағымен күтіп жіберген. Сонда бұлар саталақ-саталақ киім киген жынды сүрей даяшының, ту сыртыңнан келіп «баж» етіп айғайды салатын «қожайын әйелдің», езуіне қыстырған темекісі бар кассадағы секпіл бет қара қыз ақшамды жеп қоя ма деп қытымырлана, сумаңдап, аяғынан дыбыс шығармай зыр жүгірген опырық ауыз, кетік тіс, түрі күлкілі кәрі қожайынның көз алдында кетік ыдыстан, мойны май-май қасықпен, су тиіп мұзға айналған тастай қатты қантты сықырлата ұсатып отырып тамақтанған. Сонда Дәулет «бұл асхананың сірә аз ғана ғұмыры қалыпты-ау» деп ойлаған еді. Енді қараса сол асхананың орнында мүлде басқа асхана тұр. Іші толған ығы-жығы адам. Есік жақ керегесін түгел әйнекпен қаптапты. Сол әйнектен іші түгел көрінеді. Жылтыр еден, тып-тинақтай үстел-орындықтар, сол үстелдің бетінде жылтыраған фарфор ыдыстар, шүмегі қаздың мойнына ұқсайтын ғажайып шәйнек, сол шәйнектерді көтеріп зыр жүгірген әдемі қыздар көзге шалынады. Сол қыздарға команда беріп, самайына ақ кіріп, мұрты едірейген ұзын тұмсық түрік жігіті табиғаты тәкаппар болса да төменшіктеп, кірген-шыққандарға «барынша жақсы көрінуге тырысып» күлімсірей қарайды.

 Ол терең ой құшағында еді. Аузына темекі қыстырған опырық ауыз қожайын шалды, бажылдақ бәйбішені, киімі саталақ, жынды сүрей даяшыны есіне алды. «Олар қазір қайда жүр екен, ә?» — деп ойлады. Жорамалының тура шыққанына біресе қуанса, біресе көңілсіз кейіпте өкінгендей, оларға жаны ашығандай болды. Су тиіп мұзға айналған қантты ойлап еді таңдайы суланып, тамсанғандай болды. «Қай жерден қателік жібердім екен, ә?» — деп ойлады тағы. Кенет төргі орындықтан Жомартты көзі шалды. Ол жуан қарнымен үстелді тірей түсіп, ұрты бұлтыңдап әлде бір түсініксіз тамақты асап жатыр екен. Алдында шала байыған біреу болса керек, өзін тәкаппар ұстап, шіреніп, жан-жағына менмен кейіппен қарап біреу отыр. Егер Дәулеттің қалтасында ақша болғанда, ол алшаңдай кіріп, «ой, баурым не қылып отырсың, не жеп жатсың, мен не жейін?» деп, мәзірді қолына ап даяшыны шақырары даусыз еді. Бірақ ол өйтпеді. Өйткені қалтасында темір теңгенің сынығы да жоқ еді. Қалтасында ақшасы жоқ адамның осыншалық бұйығы, осыншалық әлсіз, ынжық болатынын бұрын ойламапты. Енді соны мойындады. Сосын бұрышты айналып Жомарттың дүкенінің алдына келді. Тым көңілсіз болғандықтан, түрі жыламсыраған адамға көбірек ұқсап тұрған. Алдынан киімі тозыңқы, өңі түтіккен бойы тапал, шидиген арық біреу шыға келді. Ол Жомарттың үйлене алмай қалғандықтан ауылдан алып келген ағасы еді. Оның шәңкілдеген дауысы, қайыршыдан сәл ғана ұсқынды бейнесі осыдан тоғыз жылдың алдындағы, өзінен ақша сұрап келетін Жомартты есіне салды.

— Аяқ киіміңіздің размері қанша? — деді. Және мұның кім екенін, қайдан көргенін есіне түсіре алмай басы қатып тұрған.

— Мен Жомартқа келіп едім, – деді Дәулет діріл аралас қоңыр үнмен. Жігіт үрке қарап, оның бетіне анықтап үңілді де, орындық ұсынды. Дәулет отырды. Бірақ тіс жарып дәнеңе деген жоқ. «Сен кімсің?» деп те сұрамады. Сұрағысы да келмеді. Көзін жерге қадап отыра берді. Анау болса мұның басынан аяғына дейін әлденеше рет тінте қарап ойланып отырды да, бір кезде:

— Мен сізді танимын. Сіз Дәулет ағасыз ғой! Сізді біздің бүкіл ауыл әңгіме қып жүр, — деп ентелей жақындады.

** ** **

Осы аралықта бағанағы жігітті ертіп Жомарт кіріп келді. Дәулетті көріп қауғалақтап, құрақ ұшып амандасып жатты. Бірақ жүзінен онша қуанбағандай, жасанды бейне байқалып тұрды. Дәулетті бейтаныс жігітке де, ағасына да таныстырған жоқ.

— Жұмыстарыңыз қалай? — деді бірден. Осыны айтқанда көзінен мысқыл шашырап тұрған. Қызыл бетіндегі өрмекшінің торындай ұсақ тамырлары көгеріп, білеуленіп шыға келген. Сосын Дәулеттің жауабын күтпестен ағасына бұрылып, түсініксіздеу тілмен бірдеңе дегендей болды. Сосын арқалық орындыққа шалқая түсіп, төбеге қарап күрсініп қойып, терең ойланған адамның кейпіне кіріп, екі жаққа кезек ырғалып отырды. Сөйтті де көзін төбеден алмаған күйі «республикаға қан керек!» деп айғайлап қойды. Бұл кезде орындық оның ырғалған салмағын көтере алмай шиқылдаған дыбыс шығарып тұрды. Ағасы орындыққа атып шығып, сөренің үстіндегі аузы-мұрнынан шыға сірескен өзінен екі есе үлкен дорбаны жерге құлатып түсіріп, төгіп жіберді. Ішінен ақ, сары, қызылды, жасылды әр түрлі реңдегі әр түрлі жастағы адамдардың аяқ киімдері сау етіп төгілген еді. Мұның ішінде ер-әйел, үлкен-кіші, тіпті кішкентай балалардың аяқ киімдеріне шейін бар болатын. Енді ағайынды екеуі тоңқаңдап соны реттестіре бастады. Бұл үрдіс көпке созылды. Дәулет көзінің қырымен әлгі бейтаныс жігітке анықтап қарады. Бойы ұзын, тыртиған, бұйра бас, шегір көз сары жігіт екен. Жүзінен «еңкейгеннің құйрығын жұлып алатын» орайшыл, пысықайлығын аңғарды.

— Паһ, жаңағы кафенің тамағының жаманы-ай, — деді. Асқазанды ауыртты-ей, ит жегірдің тамағы… Жомарт, сенің де таппайтының жоқ, — деді. Сөйтті де Дәулетке қарап кекіріп қойды. Дәулеттің бетін бір жылы леп желп еткізгендей болды да, артынша жұмыртқа сарысының иісі мүңк етті. Сосын денесін бұрмастан тек ұзын мойнын ғана Дәулетке бұрып:

— Сен қайдан шыға келдің? Не істейсің? — деді. «Не істейсің?» деген осы бір ауыз сөз Дәулеттің өзі елге қоймайтын, сондай-ақ ел қойса жүйкесіне тиетін, өміріндегі ең жек көретін сұрағы еді. Оқыс қойылған осы бір сұраққа не дерін білмей біраз тұтығып қалды. Сөйтті де, «Мен жұмыс істемеймін, мен тек жұмыс істетем» деп жауап бергісі келіп, енді оқтала берген еді бейтаныс Жомартқа қарап:

— Ей, мен кеттім. Сен де бір көжеқырт екенсің. Барып ұйықтайын, – деді де, сыртқа атып шығып, көптің арасына сіңіп жоқ болды.

** ** **

      Дүкеннің ішіне мағынасыз тыныштық орнады. Дәулет енді байқаса дүкен недәуір кең, тынысты екен. «Дүкендерің кең екен» дегісі келді де, өзін тежеп қалды. Кенет ішке бір адам, сәлден соң екі адам кірді. Одан кейін шұбырып бірқанша адам кірді. Көбі әйелдер болатын. Бір кезде топырлап кетті. Ағайынды екеуі олардың алдында іші ауырған адамдай зыр жүгіріп жүр. Інісі: «Жоқ, біздікі Турецкий» десе, ағасы: «Барлығы бізден алып сатады», — деп өтірікті сылқитып бәйек боп жатты. Бұл кезде дүкеннің іші бүк болып, қапырықтанып жәйсіздік орнады. Дәулет тысқа шықты. Есіктің көзінде, босағадан ұзай алмай құлазып тұрған. Көзі сырттағы жаймаларға, ондағы сатушыларға түсті. Қаз-қатар жаймалар дізіліпті де, оған сан түрлі көкөністер ретті қойылыпты. Еден лас екен. Еденнің әр жерінде банан мен шекілдеуіктің қабығы, жәшіктің қағазы, ішіне жел тола қобыраған пакеттер. Әр жерде шашыраған түкірік, және түкірік сіңіп жап-жасыл болып езіле былжыраған насыбай көзге шалынады. Жайманың арғы жағында бір емес, бірнеше дәретхананың иісі мүңкіп тұратын асхана бой көтеріпті. Оның алдында темекісін бұрқыратып, былш-былш түкіріп бір екі адам қарқылдай күліп кеңес құрып тұр. Дәулеттің көзі базардың қараңғылау, күңгірттеу жарығына әбден үйренгендей болды. Оның көзі тағы да жаймаға түсті. Көбісі өзбектер екен. Көзі өрік-мейізді, жаңғақты, басқа да дәндерді жағалай бастады. Жомарттан 20 000 алам деп ойлады. Сол 20 мыңды ойша есептеді. 10 мыңына әйеліне, қыздарына азық-түлік алмақшы, алғанда да оларды қуантатын тәтті-дәмділерді алмақшы. Өйткені өзінің ойынша олар әбден қиналды.  Ашықты. Тарықты. 5 мыңына көлігіне бензин құймақшы. Қалған 5 мыңының 1500 теңгесіне телефонынна ақша салмақшы. Қалған 3500 теңгесін қалтаға баспақшы. Осының бәрін іштей елестетіп еді, көңілі марқайып, еңсесі недәуір көтеріліп қалды. Әрине қалтасында 3500 теңгесі бар адам еңсесін тік ұстайды деп ойлады. «Осы өрік-мейіз, жаңғақ, дәндерің Сәбет өкіметінің кезінде еттен қымбат болатын» деп әкесі жиы айтатын. Әлі де еттен қымбат. Қой, бұлардан азырақ қана алармын. Жүз-жүз грамнан ғана алармын. Қыздарым арехты қатты ұнататын. Содан 100 грам ғана алсам жетер. «Бұл өте майлы, өттерің толады» деп ұрсып тастармын». Оның көзі өзбектерді, өзбектер сатып тұрған өрік-мейіз, жаңғақ және басқа да дәндерді жағалап келе жатты. Осы кезде: «Шіркін, қалтамда 500 теңгем болса ғой, 300 теңгесіне темекі, 200 теңгесіне арехтен бір стақан сатып алар ем. Сөйтіп бұрышқа барып алып құшырлана темекі шегіп, артынан арехты қытырлата жер едім. Сонда қарным тоймаса да, ашқаны білінбей қалар еді. Өйткені ол майлы ғой», деп ойлады. Сосын тағы, «осындайларды тек өзбектер сататыны несі, қазақтар жұмыс істемей ме?», деп ойлады. Сөйтіп көзі енді жемістерге түсті. Мұнда ептеп қазақтар бар екен. Көзі ең алдымен түйе бүлдіргенге түсті. «Қой, бұда дәм жоқ. Қазір қыс қой. Бұл дәмсіз», деп ойлады. Жүзімді, ананасты, құрманы аттап өтті. Анарға қарап «әйелім қаным аз деп жүруші еді, апарсам ба екен», деп бір ойлады да, бағасын көрді. Дереу «бір екі жегенге қаны қанша толар дейсің» деп өз-өзін жұбатты да, бұдан да бас тартты. Көздің жауын ала жып-жылтыр болып тұрған алмаларға қарады. Алманың неше атасы бар екен. Ақ-қызыл екі түрлі алмадан біраз алсам деп ойлады. «Бұған біраз алмұрт қосып алсам». Бұл кезде езуі көпіршігендей болып жұтынып қойды. Жемісті қыдырып өткен көзі енді балықтарға түсті. «Тұздаған балықтардың керегі жоқ. Шортан мен сазанның да анша керегі жоқ, олар қымбат. Силетканың да керегі жоқ. Кішкентай балықтардан алайын. Ол арзан. Егер әйелім бірдеңе деп шәңк етер болса, кішкентай балық тәтті болады. Өзім осыны қатты ұнатам дермін. Қыздарым үлкейіп қалды ғой! Қылтанағы нетер дейсің».

Көзі базарды түгел тінтіп шықты. Соңында бұлдырап-шаршап, үлгере алмай қалды. «Адамның құлқыны мұнша кең болар ма? Өмір мағынасыз екен-ау! Мен сонда бір өмір, өле өлгенше тер төккенде құлқынымды да бітей алмағаным ба? Сонда біз адамдар тамақ табу үшін ғана өмір сүреміз бе? Неткен азап, неткен қайғылы?» деп ойлады. 10 000 теңгенің бұйым құрлы болмайтынын ойлап, өрекпіген көңілі су сепкендей басылды. Сосын қолдың майынан, сүтінен, айранынан, құртынан біраз алғысы келіп есеп соғып көріп еді, миы шатасып, шекесі шыңылдап кетті. Өйткені өз өмірінде ас үйдің шаруасына мүлде араласып көрмеген екен. Ылғи да әйеліне қосып шоферін жібере салатын. Содан оларды өзін жұбатқаны болар, біраз арзандау есептей салды. Одан соң қиялында біраз картоп, сәбіз, күріш сатып алды. Сұйық майға келгенде қиялы біраз кідірді. Өйткені оның қымбат екенін жобалап білетін. Тек елден жарты литрлігі бар дегенді бірнеше рет естіген, сосын оны бір қапшық темекінің бағасына шаға салды. Бұл кезде көзі әлі де өзбектер сатқан өрік-мейіздер мен жеміс-жидектерде қыдырғыштап шыға алмай жүрген. Шәй, тұз, иіс сабын есіне түсті де біраз тыпырлады. Әйеліне қоңырау шалып бар-жоғын сұрағысы келіп еді, ол ойынан дереу бас тартты. Өйткені телефонында көп ақша қалмаған болатын. «Мұны әйелім түсінер деймісің, көп былшылдап тұрып алуы кәдік емес». Сосын ұнды ойлады. Сөйтті де, ақырын жақындап дүкеннің әйнек қабырғасынан қағаз қалтадағы ұнның бар екенін көзі шалып, көңілі орнықты. Есіктен сығалап бағасын білді. Одан кейін ойына ет түсті. Еттің оңайға түспейтінін есіне алды да, көңілі құлазыды. Қанша ойламайын-ақ десе де, бір кездегі жеген тамақтары көз алдында дізіліп тұрып алды. Ол кезде не жемеді дейсің. Ірімшік, шұбат-қымыз, айран, қазы-қарта, жал-жая бұлардың үстелінен қуаласаңда кетпейтін, сатып алмай қойсаң, біреулер әкеліп тастайтын меншікті тамақтары еді. 10 000 теңгесін қиялында ары-тартты, бері тартты, жеткізе алмады. Сосын миы шыңылдап, екі шекесі солқылдап, көзі қарауытып кетті. Әлгі дәретхананың иісі мүңкитін асхананың біреуіне барып Жомартпен бірге ащы шай ішкісі, бірдеңе жегісі келді. Шынтуайтында үйіне қайтқысы келді.

** ** **

      Құжынаған базар оның ызасын келтірді. Бұрын да ұнатпайтын. Табанынан шым-шым сыз өтіп бара жатты. Бойы қалтырап, жоны мұздай бастады. Базарға күмбез етіп жапқан қаңылтыр шатыр жаңбырға қамсау болды дегені болмаса, әсіресе көктемде пайдасынан зияны көп сыңайлы. Көктемнің жылмыш шуағын  тосып, базар ішіне ызғарын шашып тұр. Оның үстіне сол күмбез кішкене реңдірек, түсі сәл де болса көрімірек болса бір сәрі. Тоттанып, кей тұсы қарайып, болмаса май төгілгендей айғызданып кеткен. Дәулет бұрыштан екі аттап айналды да, Жомарттың дүкенінің алдына қайтып оралды. Жомарт туфлидің ішіне қолын тығып, кергілеп, табанын майыстырып, шақпағымен астарының жүнін азырақ тұтатып, сол тұтанған жүнді иіскеп қойып бір сарыбас әйелге бірдеңесін түсіндіріп жатыр. Сарыбас әйел болса тұтанған жүнді өзі де иіскеп жіберіп, басын шұлғып қойып, әмиянінен ақша алып шығып Жомартқа ұсынды. Сосын туфлиін салған пакетін көтеріп, кеудесін тік ұстап тысқа беттеді. Жомарт «Сау болыңыз! Келіп тұрыңыз!» дегені болар оның артынан аузын жыбырлатты. Дәулетті көріп туфлиін керген талқы аяғын сүйрете басып тысқа шықты.

      Дәулет әрі таңданып, әрі қиналып, бойын кернеген намыстың отына өртеніп тұрып, оны азаптана күтіп тұр. Бойын бақайынан басына дейін ғаламат бір ағыс билеп, денесі сәл қозғалса құлайтындай  ауырлап, ерні тыртысып, көз алды қарауытып, оның алдында ірі адам емес, соншалықты бір кішкентай күйге, кішкентай бейнеге енген, былайша айтқанда қожайынының қас қабағына қараған малай сияқты, оны жабырқай, күйзеле күтіп тұр. Өйткені көзі қарауытады. Денесі дірілдейді. Тамағы құрғайды. Ерні сөзге келмейтіндей кеберси тыртысады. Ол болса сүйретіліп, ышқынып, кердеңдеп, еркелеп ұзақ бір марафоннан ең алдымен келіп шаршап қалған адамдай жыбырлап келе жатыр. Бір кездегі «Ініңізді бір демеп жіберсеңіз екен!» дейтін, Дәулетті көрсе өтірік ыржалақтап, өтірік жөтелетін, қолын бір-біріне ысқылайтын, іші-бауырына кіріп елжірейтін, «Сіздің ақылыңыз керек. Көмек қолыңызды аямаңыз. Болмаса мына боқмұрын ініңіздің халы мүшкіл» дейтін Жомартқа ұқсамайды. Бейне ірі адам. Бейне алдындағының бәрін жәйпайтын алып піл іспетті.

      Ол Дәулеттің қасына бетпе-бет таяп келді, бетіне бетін тақап тоқтады. Дәл бір сүйісе кеткісі келген адамдай қойдың құйрық майы аралас жып-жылы дем бүріккен ерні Дәулеттің бетіне екі елі жетпей тұрды.

— Не істеп жүрсіз, келмей кеттіңіз?! – деді. Дәулет бейне осында қайта-қайта келіп тұруы керектей, осында келіп тұру оның мызғымас міндетіндей-ақ осылай былш еткізді. Дәулет дәнеңе деген жоқ. Бірдеңе деу қажет емес деп түйді. Өйткені көкейін тесіп бара жатқан тек 20 000 теңге ғана еді. «Дүние күйіп кетсе де ол маған 20 000 теңге береді», — деп ойлап тұрған.

— Әкелші, сенікі қымбат шығар? Сенікінен біреу шегіп жіберейік, – деді Жомартқа. Бір кездегі Жомарт айтатын сөзді осылай өзіне қайталады. Қалай аузына түскенін білмей де қалды. Қалай айтса да өзімсініп айтты.

— Менде темекі жоқ. Мен қойғам, аға.

— Мықты екенсің. Мен де қойғам. Бірақ әлі ұрланып, сұранып дегендей шегіп жүрмін. Қапшығымен сатып алсам, көп шегіп қоям. Сондықтан таныстардан сұрап шегем. Дегенмен қойып қалдым. Тым аз, бұрынғыдан аз. Шекпегеніме бүгін үшінші күн. Сені көрдім де шеккім келді. Несі бар? Інісін көрген көңіл елжірейді де. Оның үстіне дәл қазір қолым бос. Қолым бос болса осылай темекі құмарлығым ұстап кетеді, – деді Дәулет өп-өтірік. – Бір тал темекі тапшы. Тек бір тал ғана, екі тал тапсаң шекпей қоямын. Сені көрген соң шеккім кеп тұрғаны. Қапшығымен алсам тағы да шегіп алам ба деп қорқып тұрғаным. Біреуден сұрай сал! Әнеу көрші әйелден сұрай сал, – деді.

Бұл қалтасында көк тиыны жоқ, тамақтың орнына көк түтінді ермек еткісі келген, анығында іштегі шерін көк түтінмен басқысы келген, бұрын темекіге онша зауқы жоқ, ендігі жерде темекімен достасуға бел байлаған адамның мақсатсыз айтылған сандырағы болатын.

      Жомарт сылбыр қимылдап, аюша борбаңдап желкесі күжірейіп бұрышта, қоқыс шелегінің қасында, түрін өтірік быржитып, өтірік кәйіп болғансып, көк түтінді мағынасыз сорғыштап тұрған, жас қыздарша киініп, жас қыздарша боянса да кәрілігін жасыра алмаған кексе әйелден темекі сұрады. Именгенде, жасанды қылық көрсеткен де жоқ.

— Ей, қатын, бір тал берші, – деді. Анау болса:

— Ей, жүгірмек, бұзылайын дегенсің бе? Мә, бір тал, – деді.

— Аға, келіңіз, – деді Жомарт, – мұнда шегіңіз.

Дәулет барды. Темекіні алды. Әлгі әйелге тұтатқызды. Сосын лезде шегіп тауысты. Асқазанына шөкімдей майлы ас барғандай әсерде болды. Алайда Жомартпен ашылып сөйлесіп кете алмады. Ендігі жерде де, бұдан кейін де онымен көңілді әңгімелесе алмайтынына көзі анық жетті. «Тек қана 20 000 теңгені алып, тезірек тайып тұруым керек» деп түйді. Тұқылы қалғанша сорғылап тұрған жалғыз тал темекіні соңғы рет, өңі бұзыла лоқсығандай бір сорды да шелекке селқос лақтырды.

— Жомарт, – деді. Осыны айтқанда өңі құбылып, бетінен қып-қызыл рең жүгіріп өтті. Дауысында да діріл бар тұғын. Өңінен ұзақ сонар әңгіме айтатын, көже қырт адамның бейнесі шығып тұрған. Қолы да бөтен адамның, бөтен қимылын көрсетіп ербеңдеп кетті.

— Менде біраз ақша барын білесің, – деді. – Мүлік күйінде де недәуір ақша бар. – Осыны айтып Жомарттың бетіне үңіліп қойды. Оның жүзі күлімсіреп, мұқият тыңдап тұрған адамның бейнесі байқалып тұр екен. – Елдің қолында жүрген қаншама ақша бар. Олар алады да созады. Тек алғанды біледі. Бергісі келмейді, – деді. – Саған жолай соға салып едім. Шотыма қомақты ақша түспекші бүгін. Соны күтіп жүргенім. Өте қомақты ақша еді… – Осыны айтып жүзіне тағы бір қарап еді, күлімсіреуден көрі ол мысқылдап тұрғандай, сайқымазақ қылып тұрғандай бейне байқалды. Иегі алға шығып, тісі ақсиып, беті құбылып сақылдап күліп тұр. Бірақ дыбыс шықпайды. Тек беті ғана күледі. Мұның бұйымтайын алдын ала біліп, алдын ала дайындалып алған адам сияқты. Осыны аңғарды да, Дәулет сөзден тосылып, сәл кібіртіктеп тұрып сөзін жалғады.

— 20 000 теңге берші, бір жаққа жол жүріп барам. Бір апта ішінде өз қолыммен әкеп тастаймын, – деді. Сөйтті де бетін бояуға малып алған адамдай мойнына дейін қызыл күрең болып шыға келді. Анау болса еш дыбыссыз, тек сойған түлкідей ыржиып тұрған жүзін еш өзгертпестен сақылдап қоя берді. Тұп-тура жарты минут сақылдап күлді. Жарты минуттан кейін күлкіден кілт тиылды да, Дәулеттің жауырынынан сипай қағып қалды.

— Ағам-ай, ә!.. менің алтын Ағам-ай, ә!.. Сіздер менде ақша бар деп ойлайсыздар ғой! Шынында менде дым жоқ. Ештеңе жоқ. Осы бүгін таңертең ғана базардың, орынның ақысын төледім. Әрең төлеп тұрған бетім. Көтерме аяқ және сумка сататын нүктемді білмейсіз ғой! Ол жақта сауда бұрынғыдай болмай қалды. Өз-өзін әрең бағып тұр. Оның үстіне қанша адамға айлық төлеймін. Ренжімеңізші, түсініңізші мені, үйімнің алдына бұршаткы жатқызып жатыр ем, – деді. Дәулеттің жүрегі атқақтап, денесі дірілдеп кетті.

— Мына бәлеге қайдан келдім, – деп ойлады. Өмірінде қаншама қиындыққа төзсе де, дәл мынадай күйзеліп, мынадай торығып, мынадай қорланып, мынадай өкініп көрмеген екен. Шыңылдаған басының ішінде бір жіңішке жіп тырс етіп үзілгендей болды да теңселіп кетті. Сосын есін жиып алды.

«Сенен 20 000 теңге шықпаса, теңізден тұз шықпай қалар» дегісі келді. Айтты ма, айтпады ма ол жағын өзі де анық білмеді. Ес-ақылы кіресілі-шығасылы болатын. Көзінің алдында белбеуін омыраудың астынан байлап, сол белбеуіне телефонын таққан, иегін сақал басқан, бірақ мұрты жоқ, төбесі шошақ, түте-түте тоқыма бөркін бір жақ шекесіне миқита киген, ашық қалған өңірінен бу бұрқыраған, қызыл шырай жүзінің әр жерінен өрмекшінің торындай көк тамырлар шыпырлаған, беті торсықтай біреуді көрді. «Ышқырына телефон тағатын адамдар мына заманда әлі бар екен-ау» деп ойлады. Оны таныды. Оның осыдан тоғыз жыл бұрын: «Өзімде бары баяғы 40 000 теңге», 250 000 теңге берсеңіз жетеді», «Үш айда қайтарам», «Ініңізді бір демеп жіберсеңіз екен», «Мына боқмұрын ініңіздің халы мүшкіл» деп, мүсеурей ыржиған бейнесі – бәрі-бәрі көз алдынан елестеп өтті. Намыстан өртеніп, қалжырап тұрған денесін, бар күшін жинап тік ұстады да:

— Жақсы, аман бол! Мен кетейін, – деді. Өзінің ренжігенін еш білдірмеуге тырысып, еңсесін тік ұстады. «Жаңа байығаннан ақша сұрама» дегенді есіне алып еді бойын ыза кернеп кетті.

— Аға, кеп тұрыңыз, – деді ол добалдай қолын ұсынып, сілкілеп.

— Жарайды, тырысам, – деді. Бірақ «осы қараңғы қапасқа енді бас сұқсам мұрнымды кесіп берейін» деп іштей ант ішті. Маңғаз басып тысқа беттеді. Жуанды-жіңішкелі ағайынды екеудің арт жағынан ұзақ қарап, сөз қылып тұрғанын сезіп, еңсесін түсірмеуге тырысты.

** ** **

      Басы зеңгіп, көзі қарауытып, денесі бір жағына алып қашардай қисайып, әлсіреп келе жатты. Таңқурай қосқан бір шыны ыстық қызыл шай ішкісі келді. Сөйтсе барлық қайғысы, барлық мұңы, іштегі шері бәрі-бәрі тарқап, сергитіндей сезілді. Еті үйреніп қалғаннан соң ба, әлгі бөтен иістерді сезбеді. Алма-алмұрт, банан, қияр-қызанақ, өрік-мейіздерге көзінің қырымен, кектене қарап өтіп бара жатты. Бір кезде аяғы бәйшешек реңдес, қызғалдақ реңдес қызыл, сары, жасыл жеміс қалдықтарын былшылдатып басып келе жатты. Бұл адам баласы тазалап көрмеген, бұдан кейін де ешкім тазаламайтын таңғы жеміс базардың ойсырап қалған орны болатын. Банан қабықтары, шіріген, шала желінген алма-өрік, бүйірі тесіліп, тесілген жері босап көкпеңбек мүк басып, суы аққан қауын қалдықтарын армансыз басып келе жатты. Бірде аяғының асты қызанақ, құлпынай қалдықтарына боялып, жылқының қанындай қып-қызыл болып езілсе, бірде жүзім қалдықтарын былшылдата таптап, мөп-мөлдір болып сулана жылтырайды. Сақтана басады. Тез өтіп кетуге тырысып, жығыла жаздап асыға адымдайды. Кенет көзі  бір арбакешке түсе кетті. Жыртық-жыртық, жұпыны киім киген, денесі күс-күс, жағы сорайған арбакеш еш жиіркенбестен арбасының үстіне отырып алып, сүйсіне аяғының тырнағын алып отыр. «Шырт» еткен дыбыс шығып, тұяқтың қиқымы секірген сәтте ірі іс тындырған адамдай, әлгі дыбысқа құлақ түре, ернін тістеп, бір рақаттанғандай сыңай танытады. Дәулет құлазып кетті. «Шырт-шырт» еткен дыбысты естіген сайын денесі түршігіп өңі бозарып кетті. Базардың шыға беріс есігіне жеткенде:

— Қайттың ба? – деген дауыс ойын бөліп жіберді. Қараса бағанағы Жомарттың қасынан көрген бейтаныс екен. – Темекіге қалайсыз? – деді. Қараса шегір көзінен жылу шашырап күлімсіреп тұр. Дәулет үн қатпастан оның қасына барып сол қолымен мықынын таянып терең тыныс ала, оң қолын оған созды. Ол бұған бір тал темекі ұсынды. Дәулет әлгі темекіні аузына қыстырған кезде анау тұтатып үлгірді. Бағана өзі ұнатпаған шегір көз шикіл сары Дәулетке ұнап қалды.

— Ақша бермеді ме? – деді төбеден ұрғандай етіп. Дәулет селк етіп оның жүзіне таңдана қарады.

— Сыпсыңдап кім жеткізе қойды?

— О, не дегенің, түрің айтып тұр.

— «Білмейтінім биттің ішінде» десеңші!

— Одан телефон шалып ақша сұрамаған шығарсың? Өйтуге әсте болмайды.

— Оны маған несіне айтып тұрсың! Маған мұның қатысы қанша?

— Егерде телефон шалып ақша сұрамаған болсаң, онда өте жақсы болған.

— Мен үшін несіне қиналып тұрсың?

— О немеге қарадай ашуым келіп тұрғаны. Телефон шалсаң әйеліне тыңдататын жаман әдеті бар. Мұны ит біліп пе? Бір жолы телефонда сөйлесіп отырып, «Ей, сен қатыныңның етегіне тығылып алмай жарық дүниеге қарай шықсаңшы. Мұнда қыз деген өріп жүр» демесім бар ма? Ар жағынан «Ей, сен өйтіп байымды азғырма!» – деп шәңк еткен әйелінің даусы шықты. Қорқып кетіп телефонды жаба қойдым. Содан бері бұл маубасқа өкпем қара қазандай. Бәсе, әйелі менің бүкіл құпиялығымды қайдан біледі деп ойлаушы ем. Мені көрсе болды қай-қайдағы бірдеңелерді қоқсытып жүруші еді. Сөйтсем телефонының дауысын сыртына шығарып қояды екен бұл жындың. Дәулеттің шекесі солқылдап миы шыңылдап кетті.

** ** **

      Мезгіл түс еді. Күн ұяң тартып, селдір бұлттардың арасынан өлімсірей жылтырайды. Дәулеттің мұздаған жауырыны сәл жіпсігендей, денесіне болымсыз қан жүгіргендей болды. Дегенмен, әлі де қалтырап тұрған. Аяғы мұздап, ерні кеберсіп, ауадағы дымқыл сыз жанын қарып өзін жайсыз сезінген. Қадамын әр басқан сайын асфальттың беті шылп-шылп етіп денесін түршіктіреді. Ғұмырының қысқа екенін сезгендей әуеден баяу төгілген қар ұшқыны бетіне инедей қадалады. Ол көлігіне отырды. Соңғы кезде бойында болымсыз іске қатты ойланып, қатты қамығатын әдет пайда болған. Сол әдетіне басып аса күрделі есептің шешуін таба алмай қиналған студент құсап басын тұқыртып, түнеріп отырды.

— О, Берікке барайын, – деген ой келді. Сөйтті де, сәл жеңілдегендей болып, тынысы кеңейіп, ауыр күрсінді. Берік мұның университеттегі курстасы. Екеуі бес жыл бірге оқып, біте қайнасқан. Бір бөлмеде тұрып, бір қазаннан болса ас ішіп, болмаса қара су ішкен қанды көйлек досы-тұғын. Қазір де аралары жаман емес. Арасында кездесіп, қауқылдасып сөйлесіп тұрады. Екеуі оқуын бітірген соң институтта бес жылдай бірге сабақ берді. Айлықтың аздығынан ауыздары асқа жарымады. Базардағы бір таныстарынан көтерме бағада екі-екіден костюм сатып алып, әлденеше жыл бойы тізелері ағарғанша алмастырып киіп, жаны қап жүрді. Өйткені костюм киген адамды ешкім жұтап жүр деп ойламайды екен. Мұны ойлап тапқан да сол Берік болатын. «Бір костюмді бір джинсидың ақшасына алдық, ә?» деп масайрайтын да, «әй, сенің шалбарыңның дізесі ағарып кетіпті, қой басқасын алайық», деп қарқ-қарқ күлетін де сол Берік болатын. Екеуі іркес-тіркес үйленді де, үй жалдап тұрды. Бір-бірінен «мың теңге» сұраумен өмірлері өтіп бара жатты. Балалы-шағалы болып, ыңыршақтары шығып, сол балаларына енді-енді битін сығып беруге сәл-ақ қалғанда Дәулет «атаңа нәләт қу өмір» деді де саудаға шықты. Берік болса біраз ғылым қуып, кітап жазып, тіл үйреніп әлектенді. Қатарынан екі жыл докторантураға тапсырды да түсе алмады. Алдын қайта-қайта кес-кестеген пысықтар адымын аштырмады. Ары бұлқынды, бері бұлқынды, еш қиюы келмеді. Сосын Дәулеттің қымбат көлік мініп, шытырлата ақша санағанын көріп, содан рухтанды ма, әлде еліктеді ме, ол да базарға кеп топ етті. Тыныш кетпеді. «Көр де тұрыңдар, мол ақша тауып келем де, докторантураңды сатып алам», деп тістеніп кетті. Базар болғанда да, «ақша тапсам болды» деді ме, елеусіздеу кәсіпке ұрынды. Темір-терсек саудасымен айналысты. Ол да жаман болмады. Дәулетті көрген сайын: «Алла-ай, кезінде 19 000 теңге айлықпен қалай өмір сүргенбіз. Қазір бар ғой 19 000 теңгеңе мен шындасам түскі ас іше салам» деп тырқ-тырқ күлетінді шығарды. Темір-терсектің арасында жүріп ғылымнан қарайып қалды ма, әлде қарабайыр өмірге еті үйреніп кетті ме, жүре келе докторантура туралы мүлде ауыз ашпайтын болды. Берікті ойлап еді, жүзіне күлкі үйірілді. Онымен бірге «кептер» жегені есіне түсті.

** ** **

Студент кезі болатын. Бір жылы қыста екеуі «оқудың ақшасын шығарамыз» деп ауылдарына қайтпай, жатақханада қалып қойды. Аса жолдары бола қоймады. Көлік тұрағына қарауыл болып істеді. Кейде аш жүрді, кейде тоқ жүрді. Бір күні Дәулет шақылдаған аязда жатақханаға үзілейін деп бүрсеңдеп әрең жетсе, Берік буын бұрқыратып сорпа ішіп сүйек мұжып отыр.

— Әй, қайдан алдың?

— Кел, өзек жалғап ал, сосын айтам. Ненің еті екенімен, мұнша дәмді екенімен шаруасы жоқ Дәулет шырпыдай жіліктерді мұжып, балдай сорпаны қорқ-қорқ жұтып алсын да, кеудесін жалтыратып ашып тастап ал кеп масайрасын.

— Ал, айта ғой әңгімеңді, қайдан келген ет?

Сөйтсе, Берік қыстың аязында терезенің алдына аяздан паналап нанның қоқымын іздеп келген кептерлерге тұзақ құрыпты, оған топырлап екі-үшеуі түссе керек. Оны ұстап, бастарын қағып алып, жүнін жұлып, ішін тазалап, көптен бері қайнақ судан басқа дәнеңе көрмей майсыраған қара қазанға атып ұрып, тұз қосып дәмдеп қайнатып, Дәулет келгенше сабыры жетпей жартысын бөлек алып қойып, терлеп-тепшіп жеп отырғаны екен. Екеуі ал кеп тойсын. Артынан кейде картоп қосып, кейде қоспай майға қуырып жеп, ай бойы бір рақаттанды-ау. «Бай баласы мен жарлы баласы» деген әңгімені естеріне алып, көпке дейін бір-бірін «Асан, Үсен» деп шақырып жүрді.

      Дәулет Берікке қоңырау шалып алдымен азды-кем қауқылдасып алды. Сосын әңгімені ары созбастан бірден ақша сұрады.

— Сөздің төркіні мынау, досым, маған 20 000 теңге бере тұр.

— Берем, берем, тыныштық па?

— Бүгінге тыныш емес, бересің бе, бермейсің бе? Менде көп уақыт жоқ.

— Саған бермей көрейін.

— Уәде бер, берсең қазір-ақ ұшып жетем.

— Иә, кел, сөйлесеміз.

— Сөйлескенді қой да, ақша бер маған.

— Берем.

** ** **

Ол машинаның тұмсығын «Құт жауғыр» деп аталатын базарға бұрды да, солай қарай зымырады. Базардың алдына келгенде әйелі қоңырау шалды. Бірінші қоңырауды көтермеді, іле-шала безектеген екінші қоңырауды көңілі ала бұртып көтерді.

— Келе жатсың ба?

— Қайда?

— Қайда болушы еді, үйге.

— Келе жатқам жоқ, керісінше кетіп барамын.

— Қайда кетіп барасың?

— Ақша іздеп… қу құлқын үшін кетіп барам.

— Үйде бір түйір де азық қалған жоқ.

— Білем, шыда, сабыр ет. Сабыр еткен, күте білген адам мұратына жетеді.

— Бізге ақыл айтпа, қып-қызыл ашпыз. Аш адамға ақыл керек емес. Маған қуатты тамақтар жеу керек білесің бе, тек қана дәрумені мол тамақтар жеу керек, талықсып барам.

— Ақша іздеп барам дедім… бітті. Несіне қадаласың?

— Не жейміз деймін?.. Не жейміз?

— Менің боғымды же! – деді ашуын тежей алмай қалш-қалш етіп.

— Өйтіп қылжақтайтының бар, кезінде мені неге аласың? Неге бала таптырасың? – деп, ар жағынан әйелінің жылаған, тұтыға өксіген дауысы талықсып естілді.

— Онда баланы жұт! Қайтадан же! – деді де, Дәулет телефонды жаба салды. Артынша опық жеп, әйеліне жаны ашыды. Көз алдына оның жиырма жастағы тып-тығыз балғын денесі, ұяң да мүләйім дала гүлін елестетін аппақ жүзі, сосын қазіргі шашы ағарып, алжа-алжасы шығып жалбыраған қайыршы бейнесі, тілініп, қабыршықтана жарылған ерні, беті майдың астынан теңбілдене көгерген қара дақтары, болбырап босаған денесі, өзіне жараспай әр жері қалталана салбыраған киімдері елестеп өтті де, жылағысы келді.

— Байқұста нем бар еді? – деп ойлады. – Төрт бала тауып беріп, түтінімді өшірмей, үйімді күзетіп отырған жоқ па? Сол төрт баланың қайсысын құлатып, қайсысының дізесін тасқа тілдіріп, маңдайын бетонға жардырып еді. Менің еріккен опасыз достарым мен мейірімсіз туыс-сымақтарымды күтем деп, түн баласы қатарынан әлденеше күн ұйқы көрмей содан ауру тапқан жоқ па? Әй, осы қатын ауру білем. Әйтпесе қаны неге азаяды, неге талықсиды, жасына жетпей жүзін неге әжім басады. Көзінің нұры неге таяды. Неге баладан тиылады. Ауру мына қатын. Жүзінде көз тоятын тек мұрны ғана қалған. Бәріне мен кінәлімін. Бекер-ақ тиістім өзіне. Нем бар еді, – деп ойлады. Сосын желге ұшқан ақшасы, тектен-текке шашылған дүние-мүлкі, тағы да қай-қайдағы бірдеңелер есіне түсіп, қояншық болған адамдай қалш-қалш етті.

Көз алдына қолына дипломат ұстап, өзінен басқаны місе тұтпайтын, бетінің ұшы шиқандай, сап-сары мысқылшыл жездесі, үйіне барса қонақпен бірге дастарқанға отырмайтын, көзіне линза тағып, ауы салбыраған бұл шалбар киіп, төргі үйдің босағасына тұрып алып, аузын жыбырлатып қана амандасып, адамға кекірейе қарайтын үй жануарларын асырағыш, кешкі тоғызда бір кесе айран ішіп, басына томар жастанып ұйықтап (денсаулыққа жақсы деп ойлайды), тәңертең алтыда орнынан тұрып, жылы суға бал қосып ішіп, аяғын одеялға орап газет оқитын ақсақ бажасы, жақын туыс боп келетін, қонаққа барсаң аузынан бір ауыз сөз шықпайтын, шашылған дәрілердің арасында отырып алып дізесін құшақтап күрсіне беретін, бетінде әжімнен басқа сау тамтық жоқ томардай кемпірді, сол томардай кемпірге қорс-қорс етіп ұрыса беретін оның тіркіс ұлын, аузы бір минут сөзден босамайтын дарылдақ келінін, адамға ит пе, кісі ме деп қарамай, бөлмесінде омалып алып, күні-түні компьютер ойнайтын сол үйдің ұлы мен қызы есіне түсіп еді тіпті қамығып кетті. Сосын көлігінен екі тал «Персен» алып құрғақтай ішті де, ептеп ашуын басып, базарға кіріп бара жатты.

** ** **

Аты «Құт жауғыр» болғанымен бұл базар кілең құты кеткендердің мекеніне ұқсайды екен. Қақпадан кіргеннен іші шылқылдаған су, ми батпақ, секірсең де, жүгірсең де, қашсаң да құтылмайтын қаптаған шұқанақ екен. Кілең аяғына пакет киіп, етегін көтеріп алған адамдар шалшықты шалпылдатып ор қоянша орғып жүр. Үсік шалғандай қымтанып, аяғына добалдай бәтіңке киген адамдардың ішінен бұл Берікті тапты.

Киімі жүні шала жұлынған тауықтай өрім-өрім, бет-аузы күйе-күйе, қарақожалақ біреу өзіне жақындап келе жатқанда алғашында танымай қалды. Тек дөп-дөңгелек, қап-қара шүңірейген екі көзімен, сәл-пәл сарғыш, сәл-пәл қисықтау ақсиған күрек тістерді көрген кезде барып ол Берікті әзер таныды. Алғашында сәл тосырқап тұрды да, қасына келгенде қара күйе жасырған қушиған, жүдеу, ат жақты бет пішін бірден өзіне тартып әкетті.

Олар бірден шүйіркелесіп кете алмады. Берік бір қауырт шаруалармен қарбалас боп кетті де, Дәулетке күте тұруға тура келді. Адам жүрер ми батпақ жолдың кей жеріне тақтай, кей жеріне шіріген қара қаңылтыр төселіпті. Дәулет асты лай-батпақтан былқылдаған қаңылтыр мен тақтайдың үстін сүрініп кетпейін дегендей абайлап басып Берікті күтіп тұрды. Ол болса төбесіне сауысқанның ұясы тәріздес шапкы киіп алып, «Жақсы болсаң келерсің судан өтіп сәулем-ай» деп ыңылдап ән айтып қойып, шұқыланып жүрді. Аяғындағы түйенің табанына ұқсайтын бәтіңкеден, үстіндегі қырық шоқпыт мақталы киімнен, оның үстіне қап-қара болып май сіңіп, тіптен зіл-батпан болған киімінен адымы ашылмай, Алтайдың қоңыр аюуына ұқсап балпаңдап жүрді. Контейнерінің іші лақы-лұқы темір терсекке сықай толтырылыпты да, сыртына үйдің, моншаның түрлі пештері тізіліпті. Маңайында толған темірдің қиқымдары мен қаңылтырлар, трубалар шашылып жатыр. Берік өзі сияқты жұлым-жұлым киінген екі-үш жігітке бірдеңе деп бұйрық беріп, олар зыр жүгіріп біреуі қаңылтырларды өлшеп, біреуі әлде бір түсініксіз темірлерді дәнекерлеп, енді біреуі трубаларды кесіп жатыр. Аузына толтырып насыбай салып ап:

— Менің жігіттедім ғой, бәдін осылал істейт, – деді бірде Берік Дәулеттің қасына келіп. Енді бірде қасына жақындап келіп,

— Мен мыналалға ақша төлеймін, пайыз, – деді. Сосын шұқыланып жүрді де біраздан кейін қайта айналып келіп, – Мен пешникпін, мыналалды көдің ғой, сатамыз, – деді тізілген пештерді нұсқап, одан қалдық темірлерді нұсқап, – Мыналалды қазіл сатам, килогламы 20 теңге, сен қоқтық деп ойлап қалма! Қатын-баланың біл айлық тамағына молынан жетеді, – деді. Сөйтті де аузындағы насыбайын Дәулеттің аяғының астына былш еткізіп түкіріп тастап, – Жүр, кафеге барамыз, – деді. Сосын өзі алға түсіп, ойлы-шұңқыр батпақ жолдарды шылпылдата басып, дыздақтап жол бастап отырды. Дәулет оның аузынан жерге бүркіттің саңғырығынша былш-былш етіп жабысқан «іртік-іртік» жап-жасыл насыбайға жиіркене қарап қойып артынан ерді.

** ** **

      Кафе дегені тозығы жеткен темір дүңгіршекті әкеп қоя салған, іші сиыр қораға көбірек ұқсайтын, сыртынан қарасаң «мына үйдің ішінде адамдар тіршілік етеді» дегенге мүлде сенгісіз, алайда формасы жалмауыз кемпірдің үйіне ұқсап қалатын қараңғы қапас екен. Дәулет кірген жерден көзі бұлдырап, сәл тосырқап тұрып қалды. Мұрнына бір күлімсі иіс келді. Және таныс иіс. Ненің иісі екенін есіне түсіре алмады. Еден сықырлап, аяқ басқан жерің солқылдайды екен. Сол жақ босағаға, бүйірі тесіліп шоғы шашыраған, суырмасы салбырап күлі астына түскен бойы самаурыннан сәл ғана көтеріңкі, есесіне мұржасы ұзын пеш қойылыпты. Берік есіктен кіре бере сол пешке осқырына қарап қойды, жүзінен «сен бейшара әлі бар екенсің ғой» дегендей мысқыл байқалды. Пештен өте бере түкпір жаққа сөре қойылыпты да, сөренің артында жалпақ бет сары әйел орналасыпты. Оң жаққа бетіне қарыстай шегемен ұзын тақтай шегеленіп, қолдан добалдап жасалған алты орындығы бар үш үстел орналасыпты. Төргі үстелдің үстінде салпеткелер, көкөністер мен иленген қамыр және бір қызыл термос көзге шалынады. Ол жерге толық қара әйел жайғасыпты. Салпеткелерді бүктеп, көкөністерді аршып, енді бір жағынан ұн илеуге жауапты екен. Жемпірін беліне байлап алған шегірткедей ғана қатпа қара келіншек басына шүперек ораған шуабрамен еденді ысқылап, әлек боп жүр. Еденді әр ысқылаған сайын тоқылдаған, кейде дүрсілдеген дыбыстар шығады екен. Еденге қара майға малып алғандай күс-күс панер төселіпті, қанша жуса да кірі кетпейтін бос әурешілік екенін бірден аңғартып тұр. Мынау келіншектің ішке біреу бас сұға қалғанда «бізде бәрі тамаша» дегендей еден жуа қалатын әдеті сыңайлы. Олар ортаңғы үстелге жайғасты. Дәулет еріксіз төбеге қарады. Төбеге тұтасымен тауық жұмыртқасын тізетін латок шегеленіпті. Шұңқыр-шұңқыр болып адамның назарын өзіне тартып тұр. Берік «мен тоңдым» дегендей тісін сақылдатып, бүрісе түсіп, сол жақ босаға жақты иегімен нұсқай сыбырлап:

— Әнеу Құдай атқыр пешті мен жасап берейін дегелі үш жыл болды. Мыналардың құлағына кірмейді, – деді. Сөйтті де, төр жаққа мойнын бұрып, бас бармағы мен ортаңғы саусағын сүйкей шырт еткізіп:

— Бізге не бар? – деді.

— Бізде манты, пирожки, жұмыртқа және шай мен нан бар. Мұнда келсеңдерші, – деді әлгі сөренің артындағы толық қара әйел. Екеуі сөренің үстіне үңілді. Пирожкиі кепкен балықтай құрысып, бүйірі қабысып, мантысының сырты езіліп, кей жері аппақ болып мөлдірей қолдырап тұр екен. Дәулеттің қарны шұрқырап ашып тұрса да, бір жағынан сескеніп, енді бір жағынан намысы бойын кернеп:

      – Мен тоқпын, саған серік боп бір кесе шай ішейін, – деді. Берік төрт пирожки және екі кесе шайға тапсырыс берді.

Толық қара әйел термос көтеріп келіп шай демдеп жатты. Берік екі пирожкиді әп-сәтте қағып салды да, жұтқынып қойып саусақтарының басын шылп-шылп еткізіп сорып-сорып жіберді. Дәулет кербезденіп бір пирожкидің ішін үңгіп жеді де, қабығының жартысын жеп, жартысын қалдырып қойды. Өйткені сырты тастай қатты екен.

** ** **

Мұндағы иіс бір кездегі Жомарт ертіп баратын, дәретхананың иісі аңқып тұратын асхананың иісіне мүлде ұқсамайды екен. Бір түрлі кеңсірігіңді қабатын күлімсі, ащы, тұтқыр иіс. Бұл иісті алғаш қай жерден иіскегені кенет есіне түсті. Мұрнына мәйітхананың, ондағы бұзылған, сойылып қан-жыны шыққан өліктің иісі келді.

      Бұл мәйітхананың ішін көзімен көрген. Бір рет аурухана екен деп шатастырып, мәйітхананың ішіне кіріп кеткені бар. Сонда тура өліктің үстінен түскен. Бір орыс жігіті өлікті мұздай суық бетонға шалқасынан жатқызып қойып, үстіне шелекпен қайта-қайта, іркілместен мұздай суды құйып жатыр екен. Осылай етсе тіріліп кетердей-ақ шапшаң қимылдап және қимылын еш тоқтатпастан су шашып жатыр. Арасында бұған қарап қояды. Өлік үстіне әр рет шашылған судың екпінімен дір ете түскені болмаса, кірпігін де қимылдатпастан көкпенбек тұздай көзін аспанға үрейлене қадап, аузы жартылай ашылып қимылсыз жатыр. Денесінен аққан су қызылкүреңденіп, беті бұйраланып, бетонның бетімен баяу сырғыйды. Дәл сол сәт мұрнына осы бір иіс келген. Ол иіс бұдан көрі қоюлау болатын.

** ** **

      Берік тынымсыз қимылдап, қалдық темірлерді үлкен бір темір бөшкеге толтырып, оған симағандарын бөлек жинап жатты. Қарап тұрмай Дәулет те оған көмектесіп жүрді. Берік зілдей шойын темірді көтерсе, Дәулет те елпеңдей жүгіріп бір жағынан демейді. Берік ұсақ трубаларды бір жерге үйіп құшақтай көтерсе, Дәулет те сөйтіп, бірақ киімім былғанып қала ма дегендей сақтанып, құшағын кең алып бүкшеңдей жүгіреді. Берік жерге сіңіп кеткен бармақтай темірлерді, сұқ саусағымен тырналап қазып шығарса, Дәулет те солай тырналап қазып алып бөшкеге лақтырады. Сөйтіп жатып Берік бұған «еңбекпен келген мал» тәтті деп күбірлеп қояды. Бұл болса «иә, иә» деп басын шұлғиды. Бір кезде мұның көлеңкесін көрсе құрақ ұшатын, мұның дауысын естісе тыпыршып отыра алмайтын Берік енді не десе де, бұл басын шұлғымауға дәрменсіз еді. Осы кез үлкен бір бітеу жүк көлігі шегініп келді де артқы сандығын ашып, жерге таразысын түсірді. Бұлар әлгі бөшкені сол таразыға қойып өлшеп, сосын өлшенген темірлерді көліктің артына төгіп, қайта толтырып, қайта өлшеп жатты. Сатып алушы темірдің әр өлшенген салмағын дәптеріне жазып, Берік болса ұмытып қалмайын дегендей жаңбырда тұрып сыртын әбден тот басқан пештің үстіне темірдің сынығынымен шиқылдатып жазып жатты. Осылайша жарты сағаттан астам уақыттың ішінде іс тынды да, аналар Берікке 30 000  теңгені санап беріп, қол алысып тайып тұрды. Бұл кезде ақша әлі де Беріктің қолында жүр еді. Дәулет «оны маған береді-ау» деп түйді. Бірақ Берік олай істемеді. Дәулетке қарап күлімсіреп: «Адал еңбегіңмен тапқан ақша сондай ыстық. Адал еңбегіңмен сатып алған ақшаға жеген тамақ бар ғой, айтсам сенбейсің, сондай тәтті»6 деді. Сөйтті де бір-екі рет сіңбірініп алды. Сосын ақшаны ішкі төс қалтасына салып, сыртын бірнеше рет басып-басып қойды. Одан қайтып «ләм» деп ауыз ашқан жоқ. Бірде алай, бірде бұлай желпілдеп жүгіріп жүрді. Бірде әлде біреулерге барып амандасып, қауқылдасып әңгімелесіп, енді бірде дөңгелегі түсіп қала жаздап, қиралаңдаған ескі арбасы бар шай сатып жүрген әйелдермен қалжыңдасып, шайдың ақшасын бермей «бүгінге саудам болған жоқ», деп қарызға жаздырып, оларды құйрыққа шарт еткізіп салып қап, енді бірде қол астындағы жігіттерге Дәулет түсінбейтін тілде бұйрық беріп жүрген еді.

Дәулет болса оқшауланып, адамдар жүретін тар батпақ жолда өткен-кеткендерге ығыса жол беріп, жылағалы тұрған адамдай бет әлпеті күреңітіп, құлазып тұрған. Өзін жер бетінде артық адамдай, айналасындағылардың барлығы бұған қарап қарғыс жаудырып тұрғандай жасқана жапақтап тұрды. Бір сәт Берікке қарады. Оған қарап өкпелегісі келді. Бір сәт ойланып тұрды да, оны қатты аяды. Бір кезде туфлиі жылтырап, костюм киіп, қылқына галстук тағып, шырт түкіретін, қолына папка ұстап, шашынан хош иіс бұрқырап, бетінің ұшы жылтырап, шалбарының қыры пышақтай болып, аудиторияға кіріп келгенде 200 студент бір жолда тау теңселгендей дыбыс шығарып орнынан тік тұрып құрмет білдіретін, тоқ балтыр студент қыздар «ағай, ағайлап» соңынан жүгіріп жүретін болашақ академиктің, енді келіп «қараңғы базарда» бетін темірдің оты жеп, қып-қызыл болып жұлмаланып, әр жерін күйік шалған қалың шалбарының бөксесінен мақтасы салбырап, түйенің табанындай май сіңген аяқ киім киіп, қолы мен ерні тілім-тілім, суық қарыған денесі дірілдеп, жасына жетпей кәртең тартқан, аузына не болса соны көмейлете тыққыштап, ұртын толтыра шайнаңдап, жылынғысы келіп қара шай сатып ап, ыстық болған соң іше алмай екі қолына кезек ауыстырып, өткен-кеткендерге дәмелене, мүсеурей қарап «пеш алыңыз! Бізде жақсы пеш бар», деп мұрнын пыс-пыс тартып қойып тұрған, ал жүргіншілер болса «жоқ, бізге пеш керек емес», деп, қолында бір стақан қара шайы бар, көзінен дүниеге деген «шексіз махаббат» оянған, тым жұпыны осы бір адамға мүсіркей қарап өтіп бара жатқан Берікке қарап тұрды да, жаны тіптен азаптанып, жүрегі тордағы торғайдай шырқырап кетті. Сосын оған дауыстап:

— Берік, мен кеттім, – деді. Анау осыны күтіп тұрғандай-ақ, бір секунд ойланбастан:

— Жақсы. Жоқ боп кетпей келіп тұр, – деді. Дәулет кетіп бара жатып «Енді сені көрмеспін» деп ойлады. Бұл кезде бағанағы жеген пирожкидің ашыған картошкасы асқазанын қарып бара жатқан еді. Содан болар қарнының ашқаны есінен шығып кетті. Десе де миы сыртына ағып кетердей солқ ете түскен болатын.

** ** **

      Дәулет қатты қамықты. Ол шошқа түрткендей қорыс-қопасы шыққан қараңғы базарларды бұрыннан жек көретін. Енді тіпті жек көрді. Тіптен көңілі қалды. Көлігіне отырды да алақанымен бетін басып еш мақсатсыз, еш үмітсіз ұзақ ойланды. Сосын селк етіп есін жиды да, сипаланып телефонын іздей бастады. Есіне Құмар түскен еді. Ол Құмардың визиткасын қолына алып, телефон нөмірін тере бастады.

— Алло, інім, жаман ағаң қарбалас болып кетіп жеңгеңді есінен шығарып қойған жайы бар. Ренжімей үйге айраныңнан, құрт-ірімшігіңнен жеткізіп берші. Иә, осы қазір жеткізіп берші. Сенде не бар, соны түгел жеткізіп бер. Қымыз ба, шұбат па, барлығын жеткізіп берші. Оның ақшасын жеңгеңнен алмай-ақ қой! Берсе де алмай-ақ қой! Өзім берем. Осы бір-екі күн қатты қарбаласпын. Сосын өз қолыммен апарып берем. Екеуміз терлеп отырып бір шай ішерміз.

— Иә, мақұл, осы дәл қазір апарайын. Міне кетіп барам, – деген дауыс естілді телефонның ар жағынан.

      Ол өзін сәл жеңілдегендей, тынысы кеңігендей сезінді. Ешқайда, әуелі үйіне де барғысы келмей көліктің ішінде омалып, сүт пісірімдей ойланып отырды. Кенет Ғалымға барам деген бекімге келді. Оған қоңырау шалды. Әуелі қайда екенін сұрап білді, көңіл-күйінің жақсы екенін де ептеп аңғарды. Сосын көлігімен өрлей жөңкіліп, құйын боп заулады.

** ** **

      Долдана төпелеп тұрған көктемнің құтырық жаңбырына малшына, киімі етіне жабысып сауда ғимаратының артқы қабырғасындағы есіктен жертөлеге түсіп бара жатты. Жертөленің кіре беріс дәлізіндегі оймақтай бөлмедегі кішкентай төсектен, тыртысқан шолақ қара шалбар киген тығыршықтай қара қатын басын көтеріп оған күдіктене, тіксіне қарады. Бұл жертөле монша еді де, анау моншашы әйел-тұғын. Дәулеттің кімге келгенін білген соң барып жүзі жібіп, иегімен түпкі бөлмені нұсқады.

Ол ішке кіргенде кішкентай үстелді қоралай диванға жайғасқан жалаңбұт төрт жігіт отыр екен. Төртеуі де дамбалшаң, төртеуі де жайдары, төртеуі де масаңдау екен. Мұны көріп олар даурығып, езулері жиылмай құрақ ұшып ығысып, Дәулетті төрге сүйреледі. Біреуі оның бала кезден бірге оқып, біте қайнасқан досы Ғалым. Ол әрі-сері, әрі асқан жомарт жігіт. Өңді, қалталы, шешендігінің арқасында ол жүрген жер думансыз, ол жүрген жер сауықсыз болмайтын. Әйел құмарлығы, қыз көрсе сілекейі шұбыратыны болмаса, өмірінде ешбір әйелге шынайы ғашық боп көрген емес. Өткен жылы ғана жасы қырыққа ілініп әрең үйленді дегенін елден естігені болмаса, Дәулет оның «үйім бар, күйім бар» дегенін өз аузынан естіген емес. Екіншісі Жандос. Ол Дәулетке тіптен жақын. Өздерін былай қойғанда әке-шешелері бірге өсіп, бір сыныпта оқыған. Тіптен арғы аталары жорықта бірге жүрген десетін. Ерні дүрдиген, маңдайы кере қарыс, ешкімге не пайдасы, не зияны тиіп көрмеген. Ешкімді алдамайтын, ешкімге құйрық ұстатпайтын, ақша тауып қатын-бала баққаннан арыға бара алмайтын бұл ақ құба жігіт аяқ астынан қалай байып шыға келгені күңгірт. Техника сататын білдей компанияның директоры-тұғын. Дәулетті көрсе ырсың-ырсың етіп, қутыңдап қағытып тиісе беретін әдеті бар болатын. Үшінші жігіт таңертең Жомарттың қасынан көрген бейтаныс еді. Мыналардың Дәулетке құрақ ұшқанын көрген соң ол да төменшіктеп Дәулетке «сіз» деп көпшік қоя сөйлеуге көшкен. Ал адамға жылмиып, күлімсіреп, тесірейе қарайтын төбе шашы селдіреп, кеудесін жүн басқан, бет терісі сары сиырдың желіні реңдес төртінші жігітті дәулет мүлдем танымады.

— Дубайдан келген досым (аты Дәулеттің есінде қалмады), – деп таныстырды оны Ғалым.

— Жақсы келдің. Бұл қонағымыздың арқасында басымыз бір қосылатын болды. Оның құрметіне алып қой!

— Мм… қуаныштымын. Өздерің ала беріңдер, – деп қойды Дәулет. Қонақ бұлардың қасында көп отырған жоқ. Бір бокал сыраны сіміріп тастап, жылыстап жуыну бөлмесіне қарай тайқып кетті. Дәулет енді оның құрғақ орамалмен арқасын ысқылап жүргенін тамашалап отырды. Олар бір ауық даурыға әңгімелескен соң, дау-дамай басталды. Ол дау-дамайды Жандос бастап Дәулетті шарпып өтіп Ғалымға шүйлікті. Терең тақырыптарды қаузап, адамзаттың мәселесін сөз етісті. Дәулет тым көңілсіз еді. Олардың неге мұнша қырық пышақ болып отырғанымен жұмысы болмады. Тәрелкедегі чипсиден, дәннен әлсін-әлі іліп ап, «Коладан» жұтып қойып отыра берді.

— Қыз шақырамыз, – деді Ғалым. Сөйтті де әлдебіреулерге қоңырау шалды да, дауысын сыртына шығарып қойды. Ар жағынан қыздың дауысы естілді. Дәулет жезөкшенің даусы кинодағыдай сайқал шығады деп ойлаушы еді. Алайда қыз дауысы сондай қоңыр сазды, салмақты естілді.

— Алло, бізге қыз керек! Иә, жас қыз керек.

— Иә, қателеспедіңіз.

— Қаншадасың?

— Он тоғыздамын.

— Сұлусың ба?

— Түсінбедім.

— Сұлусың ба деймін?

— Енді … мен… өзімді қалай мақтай алам.

— Десе де… адам өзін біледі ғой! Әдемісің бе?

— Әдемі..мін…

— Бізге өте әдемі қыз керек! Ақшаға көмеміз. Өте әдемісің бе?

— Өте әдемімін деп айта алмаймын.

— Айта алмағаны қалай?

— Орташамын. Жандос Ғалымның қолындағы телефонды жұлып алды да баса салды.

— Бұлай қыртуға болмайды. Менде де бір нөмірлер бар. Қазір көресің. Ол телефонымен бейтаныс бір номерлерді тере бастады. Дауысын сыртына шығарды.

— Алло! Қарындас, сіз секілді қас сұлу қыздардан екеу керек.

— Қас сұлу екенімді қайдан білдіңіз?

— Дауысыңыз айтып тұр, хи, хи, хи…

— Дауысымды естімей жатып қас сұлу дедіңіз ғой, хи, хи, хи!

— Мынау қалай? – деді Жандос Ғалымға, – Күлкісі тәуір екен. Пысық сияқты. Осыны алсақ қалай? Кейде сұлуынан пысығы жақсы, хи, хи, хи…

— Болды, алдық. — Ғалым көзі күлімдеп сыраны арт-артынан сімірді. Жандос қызға мекен-жайды түсіндіріп әлектеніп жатты. Сыраны сіміріп болған Ғалым тың жаңалық ашқан адамдай көзі тіпті де күлімдей түсіп.

— Бері қара! Қонақтан ұят болмасын. Қонаққа сұлу қыз салып беру ата дәстүріміз ғой! Қыздар келсін! Егер түрлері ұнамай қалса, бес-бес мыңнан қолдарына ұстатамыз да жолға саламыз. Сосын тағы шақырамыз. Күн әлі ерте, – деді. Сөйітті де Дәулетке енді көрген адамдай шақшия қарап:

— Мынаны қара. Мынаның томсаруын қара. Ей, сен түсін. Анауың мықты жігіт. Менің Дубайдағы ошағымды сол қыздырып жүр. Қыздың біреуі соған, енді біреуі саған. Көңілді отыр, – деп жауырынынан қағып-қағып қойды. Оның демінен Дәулеттің бетіне сыра мен картоп иісі сіңген жып-жылы леп келді.

** ** **

      Ақ жауын себелеп тұр. Дала қара қошқылданып, түтіге тұманданып, демін ішіне тартуда. Дәулет мағынасыз ойға шомып, жауыннан тасаланып жалғыз тұрған. Ол ішіп алған болатын (соңғы кезде ішпей жүрген). Аналардың қоярда қоймай қолқалауымен біраз сілтеп жіберіп, өкініп тұрған жайы еді. Екі қыз шұқанақты өкшесімен шалпылдатып, абайлап басып, бүрісе түсіп жақындап келе жатты. Үсті басы малмандай су. Біреуі бойшаң әрі семіз, енді біреуі қырып алар еті жоқ тарамыс. Семізі, үстіне кең етек көйлек киіпті де, иық жағы мүлдем жалаңаш. Аяғында бақайына ғана әрең ілініп тұрған өкшесі биік тәпішке киіпті. Желкеден қырқып, бос жіберген шашы жабағыша ұйпаланып, бетін жауып қалған. Өзі жауында қалған ешкідей селк-селк етеді. Жұпыны ғана киінген тыриған арығын Дәулет ұрғашы бөденеге ұқсатты.

— Сауна астыда ма? – деді Дәулетке жабырқай қараған екеу. Дәулет тіс жармастан тұра берді. Олар сәл тосаңсып тұрды да, астыға түсіп кетті. Сәл тұрып Дәулет те астыға беттеді. Жалаңбұт төртеуі қыздарды қоршай отырыпты. Үшеуі жайнаңдай түсіп сөзге тартып отыр да, қонақ болса оларға меншіктенген көзбен мөлие қарайды. Шет жақтағы орындықтан (қашан кеп алғаны белгісіз шешініп үлгірген) саны жүн-жүн Жомарт пен қан-сөлсіз денесі сазандай аппақ боп, мойны қылқиған Құмарды көрді. Олар да мұны көрді. Жомарт иегін қозғалта басын изеп, қолын кеудесіне апара ыммен құрмет білдірді. Құмар жүгіре жетіп ыржың-ыржың етті. Кірдің, қолаңсаның, пар бөлмеден шыққан будың иісіне спирт иісі қосылып Дәулеттің құсқысы келді. Басы зеңгіп, қарақұсы солқылдап ауырды.

— Үлесімді беріңдер, – деді Ғалымға қарап. – Ей, сенде миыңа құйып ал, – деді Жандосқа қарап көзін шақырайтып.

— Қойсаңшы, – деді Жандос салмақты кейіпке көшіп, нығыздала қозғалып, – ханымдардан ұят болмасын. 

— Мына жезөкшелерден бе? – деді Дәулет үстелді періп қалып. Үстел теңселді де «Кока-коланың» бос ыдысы жерге құлап түсіп, дыңғырлай домалап бара жатты. Оны қыздың біреуі жерден іліп ап, екі алақанымен аялай қысты. Ғалым күлімсіреген кейіппен сықсия қарап:

— Тағы бастадың ба? Бұл монша ғой! Моншада моншаның, клубта клубтың, дәретханада дәретхананың, ал кітапханада кітапхананың әңгімесі айтылуы керек қой! Ал сен базардың әңгімесін көкіп, біздің көңіл-күйімізді түсіріп отырсың. Білесің бе, базардың әңгімесін… Қыздардың көңіл-күйін түсірмейік, – деп Дәулеттің санынан асау аттың сауырынан абайлап қаққандай қағып-қағып қойды. Сөйтті де, үлкен тәуекелге барған адамдай салмақты қимылдап, барсеткасынан шытырлаған бір бума ақша шығарып алып (Дәулет ақшаға көзінің қырымен қарап іштей күрсініп қойды), ішінен бес мыңдықтан екеуді суырып алды да, қыздардың санына бес-бес мыңнан қоя салды. 

— Тәк, сұлу бикештер, сендер қайта беріңдер, бүгін жолдарың болмайтын сыңайлы, – деді. Арығы семізіне өкінген түрмен жапақтай қарады да, семізі сұп-сұр боп кетті. Екеуі орындарынан көңілсіз көтеріліп арттарына бұрылмастан, бір ауыз тіл қатпастан, көзден тез-ақ таса болайықшы дегендей сыртқа асығыс шығып бара жатты. Дәулет есіктен шығып бара жатып арық қыздың құныса бүрісіп, сүлкіні түсіп, жауырыны шодырая бүкірейіп, семіздің иығына басын сүйей қолтықтап алғанын көріп қалды. 

— Тәк, мыналар жүрегімді айнытты, – деді Ғалым Жандосқа қарап. – Сенің тапқаның. Тым көріксіз. Өңшең апалар. Бұлай болмайды. Қазір өзім табам, – деп телефонына үңіле түсіп, әбігерленіп жатты. Дәулетке қарамастан сөйлей жөнелді. Айтылған әр сөздің Дәулетке бағытталғаны бәріне түсінікті еді.

— Бәрі бос әурешілік. Босқа арам тер жұмсау. Адам деген қай-қайдағыны шатып-бұтымай ірі жұмыс істеу керек. Ұсақ түйекті айту кімге керек осы… Қазір, Жәке, мен саған сұлу қыздардың номерін тауып берем.

Дәулет орнынан тұрды да, пар бөлменің кіреберісіндегі сырты кафелмен қапталған сөреге шалқалай жатты. Сөре ып-ыстық болатын. Белінен өткен жылу денесін жіпсітіп, буын-буынын идіріп, көзін жұмып ойға шомды.

— Сүйсініп жатсың ба? – деді қонақ жігіт қасына келіп ыржия күлімсіреп. – Жата бер. Жата түс. Бүйрекке пайдалы, – деді. Сөйтті де анадай жерге барып арқасын ысқылай бастады.

      ** ** **

      Арада бес минут өткенде Дәулет кетіп қалуға оқталып тысқа шыққан. Екінті ауып, қараңғылық қоюлай түскен. Ақ жауын әлі де сіркіреп тұр. Ол бұрышта жаңбырдан тасаланып, мүсәпірсіген бейнеде бүрісіп тұрған әлгі қыздарды көрді. «Неге кетпей жүр» деп ойлады іштей. Кенет қап-қара көлік кеп тоқтады да, ішінен қаракөк костюм, ақ кофта киген, сырт бейнесі математика пәнінің мұғаліміне ұқсайтын он тоғыз жастар шамасындағы сүп-сүйкімді аққұба қыз түсті де, қол шатырын қалқалай ұстап екеуінің қасына жеңіл басып жүгіріп жетті. Екеуі сөйлеп, бұл тыңдап тұр. Аналар  болған жайтты айтып сарнап жатқан сыңайлы. Арасында сумкаларынан умаждалған бір-бір қағаз алып шығып бұған ұсынып жатты. Көзіне оттай басылған сары қағаздың бағанағы бес мың теңгеліктер екенін Дәулет жазбай таныды. Аққұба қыз екі бес мың теңгелікті көз ілестірмес жылдамдықпен іліп алып жанқалтасына сүңгіте қойды. Сөйтті де ана екеуіне «сендер бара беріңдер» дегендей ымдап, өзі бері жылжыды. Нілі кете қоймаған аппақ, жып-жылтыр өңінен жастықтың табы ұшқындап келе жатты. Дәулетке жымиған жүзбен ұсақ ақ тістерін көрсетіп бас изей амандасып, әдемі иіс бұрқыратып өте шықты. Екі қыз бұл кезде жауыннан тасалана, көлікке жанталаса жүгіріп отырып болған. Дәулеттің құлағына астыға түсіп бара жатқан қыздың лақтың тұяғынан шыққан дыбысқа ұқсас бір қалыпты тықылдаған аяқ дыбысы естіліп тұрды.

      Дәулет ішке қайта кіргенде мұрнына кальянның иісі келді. Олар қоралана отырып кальян шегіп отыр екен. Жомарт бұған «Айналсоқтап ақыры кете алмаған екенсіз-ау» дегендей мысқыл аралас жымиыңқы жүзбен қарады. Ғалым елеген жоқ. Қайта жақтырмағандай бет-жүзі күреңіте түсті. Жандос сіріңке шырпысымен құлағын шұқып отыр екен, бұған бір, құлағынан суырып алған шырпынының басына жұққан ақ үгіндіге бір қарады да, әлгі ақ үгінді жұққан шырпынының басын санына үйкеп жіберіп құлағына қайта сұқты да, қыз тартып болып кальян ұсынғандықтан жалғасты шұқуға үлгере алмай кальянды аузына сап бұрқылдата тартып жатып бұған қарап: «Кел, кел отыл, отыл» деді.  Бейтаныс орнынан атып тұрып «туысқан төрлетші, әңгіме қызып жатыр» деді. Оның қасында отырған Құмар сиырыла орын берді. Қонақ ештеңе деген жоқ, бетінің ұшы жып-жылтыр болып бу сорған жүзі, бүкіл денесі сазандай ағарып қыздан көзін алмай ұзақ телмірді.

— Банкте істейсіз бе?

— Қойыңызшы! Қайдағы банк. — Қыз күле түсіп ішіп отырған сыра толы бокалын (бұл кезде орталап қалған) аузынан ала бере иегін сипап қойды.

— Шын айтам, тура банктың қыздарындай әдемі киініпсіз. 

— Солай ма? Рақмет!

— Өзіңізде банктің қыздарындай әдемі қызмет етерсіз? — Қыз бокалдағы сыраны сыздықтата ішіп жатып күлді. Күлсе көзінің астынан әдемі томпақ бұлтияды екен. Ерні де етті, қою күрең. Денесі шымыр, өзі биязы екен. Дәулет жез өкше атаулы жартылай жалаңаш, денесі тыртық яки инемен салынған суретке толы, шыңғырып күлетін дарақы, сасық, оның үстіне алқаш және дөрекі келеді деп ойлаушы еді. Сондықтан қазір ол: «Мына жезөкшені кез-келген еркек байқамай сүйіп қалуы, әуелі десең әйелдікке алуым мүмкін ғой! Бойдақ болсам бір жерде кезігіп қап мен де сөз салар ма едім. Көне қалса мәңгілікке жар етіп, бауырыма басар ма едім. Құдай сақтапты. Өмір неткен қатігез. Өмір сірә жезөкшеден де сайқал екен-ау!» деп ойлады. Осы кезде денесі тітіркеніп, жаны түршігіп, өз-өзінен жиіркенді.

      Олар мағынасыз әңгімеге көшкен. Жігіттер қызға аш қасқырдай төне түсіп даурыға мәз болуда. Ғалым бұл жолы барсеткасының аузын кере қып ашып, ішінен он мың теңгелік екі қағаз шығарды да қыздың қаракөк костюмының өңірінен қарлығаштың төсінше өзіне құп жарасып ағара көрініп тұрған ақ жейдесінің жоғарғы түймесін ағытып жіберіп, ішіне қолын тығып әлгі ақшаны сүңгітіп жіберді. Сөйтті де тәлтіреңдей қимылдап қонақты білегінен қыса ұстап сүйрелеп, қыздың қасына отырғызып, өзі төмен қарай ығысты. Қыз жымиды. Қонақ болса ұялғансып күлімсіреп, басын қасып қойып, бетінің ұшы сәл қызарғандай боп, тырқылдап күле берді. 

— Мынаны ауыздандыр! Азсынсаң тағы берем, – деп Ғалым қызға қарап барсеткасын ұрып-ұрып қойды. Сосын:

— Егер де қолымнан мына барсетканы көрсеңдер бар ғой, мұның аузы майлы екен деп ойлаңдар, – деді жағалай көз тастап. – Ал қолымда барсеткам жоқта «байғұс күйреген екен» де де қой, – деді Дәулетке көз қиығын тастап қойып. – Басқаларың қоя тұрыңдар. Біз қонақты Құдайындай силаған текті елміз, – деді. – Мәдениетіміз Европаға жетпейтін шығар, бірақ тектілігіміз асып түседі. Мәдениетті үйреніп сіңіруге болады. Ал тектілік қанмен келеді. Оны үйрене алмайсың, – деді.

Қонақ қыздың белінен қапсыра құшақтап, танауын оның мойнына тыға көзін жұмды. Қыз «мұның бұрыс та, дұрыс та» деген жоқ. Еш сезімсіз, денесін бит жыбырлатқандай да мазасызданбады. Тек чипсиден бір талды аузына салып қытырлата шайнап, үстелге қарап мұңайып отыра берді.

— Басқаң тыныш отыр, – деді Ғалым. Сосын өте маңызды бірнәрсе оқыс есіне түскен адамдай Дәулетке қарап, – Сен асықпа. Саған да бар, – деді.

— Сен көп былшылдай бермей, менің үлесімді бер, – деді Дәулет.

— Әлі айтып жүрсің бе? Қойсаңшы, – деді аса түңілісті бейнеде іштен тынған адамдай сыбырлай сөйлеп.

— Албастының текесі құсаған сұмырай, ақшамды қайтар, – деді Дәулет алдыға ентелеп.

— Сен бейшара ақша-ақша деп қақсамай, онан да неге ірі-ірі жұмыстар туралы ойламайсың, а?! Энергияңды босқа тауысып отырсың, білесің бе? Жігіт деген ірі жұмыс істеу керек!

— Ей, сүмелек, сен маған ірі жұмыс туралы айтып тұрсың ба? Біле білсең сол ірі жұмыс менен қалып саған қонған. Ірі жұмыстың не екенін сендерге мен үйреткем. Сенің бүгінгі күнге жетуіңе менің де бір кісілік еңбегім бар. Енді келіп көзіңе шел бітіп, жанды қуыршақты құшағыңа қысқан соң осқырына қалыпсың.

— Тіліңді тартып сөйле! Арамызда қыз отыр. Қыздарды силау керек!

— Мына жезөкшені айтып тұрсың ба? – деп айта жаздап барып Дәулет тоқтап қалды. Көзі қыдырып өтіп қызға қадалған еді, ол өзіне қарап отыр екен, тұтығып қалды.

— Үлесімді бер, мен кетейін. — Осыны айтқанда іштей: «мейлі алмағаным сол ақша болсын, тек екі жүз мың теңге берсе жетер еді. Бергенін алам да, жоғалам. Мәңгі көрмеспін. Бермесе де мейлі» деп ойлаған еді. Ғалым өйтпеді. Қызға қарады да:

— Ішке барып ағаңның арқасының кірін езіп бер, – деді. Олар орнынан тұрып, пар бөлмеге қарай кетіп бара жатты. Оларды көзімен ұзатып салған Ғалым Дәулетке қарап:

— Әлі айтып жүрсің бе? Енді қанша уақыт айтар екенсің? – деді.

— Бұл мәңгі айтады, – деді Жандос киіп кетіп. Дәулет оған мойнын бұрып қараса, Жандостың ерні дүрдиіп, сықсия күлімсіреп «маған не қыла аласың» дегендей өз-өзінен мәз болып отыр екен. Оның әдемі біткен кең маңдайы, аппақ тістері Дәулетке ұнамай қалды. Оның жалпақ бетін көздеп, құлаштап тұрып аямай ұрды. Алақанын қуыстап ұрса керек ішіне жел толғандай күңгірт естіліп, зал жаңғырып кетті. Өзін шапалақтайды деп күтпеген екен, Жандос омақаса құлады. Сұлап жатқан оның бетінен Дәулет шапалақтың қып-қызыл табын көріп айызы қанды. Кері бұрылып еді Ғалым көзі алақтап қорғанғаны әлде сабағалы жатқаны белгісіз бұған қарап қолын ербеңдетіп келе жатыр екен. Дәулет оның мұрнын көздеп ұрып еді қиыс кетті. Тура оның дүйім елді аузына қаратқан шешен біткен аузына оңбай тиіп, қан бұрқ етті.

— Алла-ай, Алла-ай, тісім-ай, – деп бір ауық аузын басып тұрды да, тісін ұстап көріп, жерді тіміскілей сипаланып:

— Тісім жоқ. Бір тісімнен айырылдым, – деп зар қақсады. Осы сөзі бейне денесінің маңызды бір мүшесінен айырылған адамдай «аһ» ұра, аянышты естілді. Дауысында құмыға шәңкілдеген өкініш бар еді. Үстіңгі бір тал қасқа тістің опырайған орнын көріп Дәулет сабасына келді. Осы кезде оның көк желкесінен ауыр бір соққы тиіп теңселіп кетті. Қараса бейтаныс екен. Мұның құлақ шекесінен тиген тағы бір соққы есеңгіретіп барып жерге гүрс етіп құлады. Бұл да бейтаныстың соққысы еді. Ол ауыр соққыдан ес ақылы кіреселі-шығасылы боп бірнеше секунттай сұлап жатты. Беті пар бөлмесіне қарап қалған екен, қонақ пен қыздың жан алысып жан беріскен қимылын, жалаңаш денесін көріп қалды. Бәрі анық көрінді. Қыздың аппақ тамағы, аппақ тамаққа сүліктей жабысқан қонақтың ерніне шейін айпарадай көрінді. Орнынан тұра бергені сол еді бейтаныстың қатты тиген бір тепкісі бүйірін солқ еткізді. Ғалым мен Жандос келіп олар да тепкілеп жатқанын білді. Бірде Құмар келіп теуіп өте шыққандай болған еді, енді ол арашалап жүргендей болды. Еш қауқары, еш амалы қалмай денесі зілдей болып, орнынан қозғалса-ақ, жер жұтқандай бір жақ шекесімен құлай берді. Тек жерде шыр көбелек айналып «Не үшін?! Не үшін?! Мұның бәрі не үшін?!» деп зар қақсады. Бір заманда қыздың шыңғырған үні құлағына келді. Тыржалаңаш күйі, сазандай жарқырап киімімен омырауын баса, басынан аттап өтіп қашып бара жатқанын сезді.

— Далаға шығарып тастаңдар! Кәпірдің қолы неткен қатты еді, тісімді сындырды, – деп жатты Ғалым.

— Дала жаңбыр ғой, өліп қалмай ма? – деді Құмар.

— Өлсе өрем қапсын, сөйтіңдер, – деген Жандостың даусы келді құлағына.

      Қолдар білегінен, шашынан, белбеуінен ұстап, бүркітше бүріп сүйрелегендей, көтергендей болды. Салбыраған басындағы сығырайған көзін әзер ашып, пар бөлмесінің алдында ештеңені түсінбеген адамдай тыржалаңаш қалпы мелшиіп тұрған қонақты көрді. Талықсып кетті. Тізесі табалдырыққа, басы бұрышқа соғылып, есін сәл жиғандай болып бар күшін жинап, басын сәл көтеріп, дәлізде кетіп бара жатқандарын аңғарды. Дәліздегі қирай опырылған былғары креслода Жомарт бағанағы семіз қызды өзіне қаратып екі санына мінгізіп алып, белінен құшақтап, танауын оның омырауына баса құшырлана иіскеп, гүбірлеп бірдеңесін айтып отыр екен. Тұншыға естілген үнінен:

— Маған жар болуға қалайсың? Әлпештеп өтер ем, – деп тебірене күбірлеген дауысын естіп қалды. Басының ішінде бір жіңішке жіп әуелгіден қаттырақ тырс етіп үзілгендей болды. Денесі жансызданғандай, әсіресе оң аяғы сіресе ұйығандай сезілді. Беті бір жағына қарай тартып жыбырлағандай болды. Балтыры, жауырыны, желкесі жаңбырдың әлсіз тамшыларын сезіп тітіркенді. Етпетінен сүйретіліп келе жатқан еді, мұрны бірнеше рет жер сызып удай ашыды. «Не үшін?» дегісі келіп еді үні шықпады. Сосын мүлдем талықсып кетті. Бұл кезде даланы іңір қараңғылығы қымтай бастаған мезгіл-тұғын. 

** ** **

Есін жиғанда ол өз көлігінің артқы орындығында шалқадан жатқан болатын. Миы шулап, көкірегі гүрілдегендей болды. Көлік жүйткітіп келеді. Біразға дейін қайда жатқанын есіне түсіре алмады. Домбыға ісініп, қанталаған көзін көлік салонындағы шырақтан ұялғандықтан сығырайта ашты. Аяқ жағына жайғасып өзіне селт етпестен мұңая үңілген костюмды қызды көзі шалды. Мұның есін жиғанын байқап, ол күлімсіреп қызара жасаураған көзін алақанымен сипалап қойды.

— Аяғымды, қолымды уқалашы, – дегісі келіп еді, кеудесі сырылдап үні шықпады. Бетін, тамағын бір аялы алақан сипағандай болды. Қараса өзі ұрғашы бөденеге ұқсатқан арық қыз оның басын санына қойып алып, оң жақ бетін, одан төмен тамағын сипалап жылап отыр екен. Оның ыстық жасы мұның бетіне әлденеше рет тамып та кетті. Қыздың ажарсыз біткен жүзі тым солғын екен. Ерні де қағаздай жұқа, беті құрысқан. Көзінің айналасында жасына жетпей өрмекшінің торындай ұсақ әжімдер шыпырлай бастапты. Бірақ нұры тая бастаған сарғыш көзі мейірім шашып тұр.

 Жиырма жасында алыс ауылға ұзатылған әпкесінің үйіне қыдыра барып, сол үйде тұрып 9-сыныпта оқып жатқан бір кішкентай қыздың обалына қалғаны бар. Өлердей ғашық екенін айтып, ол қыз да бұған тиетін болып келіскен. Қыздың арын таптады да, Дәулет тайып тұрды. Оны іздеген де жоқ. Хат жазған да емес. Сол беті ұмытып кетті. Түрі де есінде қалмапты. Тек оңаша қалғанда еміс-еміс елестеткен кездері болған. Енді осы арық қызды соған ұқсатты. Сол емес пе екен деп ойлады. Мұны, іздеп келіп тұрған сол бір кішкентай қыз болар деп түйіп, жұбаныш тапты. Бірде әжесін ойлады. Бала кезінде ересек балалар тиіскенде әжесі оны осылай аялайтын. Оның да көзінде мейірім бар болатын. Оның да жүзі солғын, беті әжімге толы еді. Оның да ерні осындай жұқа, беті қушиған-тұғын. Қыз өкси жылап, оның жасы бетіне тағы бір мәрте тамып кетті. Оның әлсіз деміккен жіңішке үні мұның құлағына сырнай боп жетті. Оның көз жасы қуат берді ме, бойына жан кіріп сәл әлденгендей денесінен ыстық қан жүгіргендей болды. Тағы жылай түссе екен деп ойлады іштей. Оны ұрғашы бөденеге ұқсатқанына қатты өкініп, көкірегі удай ашыды. Есесіне алғыс ретінде қолынан қысып қойғысы келіп еді, қолы ырқына көнбеді.

— Мұндай көліктің тізгініне отырам деп еш ойламаппын. Супер… сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Қалай, есін жиды ма? Өлмеп пе? – деген дауыс естілді. Сәл жеңілдеп, көзінің қырын салып еді, Жомарттың санында отыратын семіз қыз көлікті аңырата жүйткітіп келеді екен. Көзін костюмді қыздың бетіне қадап еді, ол әлі де жыламсыраған түрмен мұрнын пыс-пыс тартып, бұған жапақтай қарап мұңайып отыр екен. Ол бар күшін бойына жинап, дір-дір еткен мұздай суық сол қолымен қыздың қаракөк костюмінің өңірінен қарлығаштың төсіне ұқсап аппақ болған жейдесін тырмалай бастады. Сосын қолын оның төсіне жүгіртті. Іздеген дүниесін таба алмай, көзі шарасынан шыға «аһ» ұрып, тілінген еріндерін тістегенін, бет терісі бырысып, сырылдап, үні шықпай қайғырғанын, оң жақ шекесінен түйенің құмалағындай боп шодырайып ісінген жарасын көріп аяды ма, дірілдеген мұздай суық қолын алақанымен қысты. Сөйтті де жан қалтасынан 20 000 теңгелікті суырып алып, оның әлсіз дірілдеген алақанына салды. Дәулеттің нұры қайтып, ажарсыздана сығырайып сөне бастаған көзі іздеген нәрсесін тапқанына қуанды ма, жанған шырақтай жылт етті де біреу алып қояды деп қорықса керек, ақшаны сығымдай ұстап жамбасының астына басып алды.

** ** **

      Даланы қараңғылық торлап алған. Тек зәулім үйлердің терезесінен көрінген жарықтармен, көшенің, қарсы көліктің шырақтарынан түскен мағынасыз жарықтар ғана көлік ішін анда-санда жарқ еткізіп қалады. Адасқан жаңбырдың саяқ тамшылары ғана көлікке тырс етіп тиіп, тіршілік белгісін аңдатуда.

      Бірде үш қыздың керілдесіп, өз-өзінен әлде бірдеңеге келісе алмай жаға жыртысып жатқан дауыстары естілді. Ары қарай құлағы бітті де, ештеңені сезіп естуден қалды. Сосын көліктің бір қараңғы қуысқа тоқтағанын, салон шырағының жанғанын сезді. Ішке жүздері суық, көздері тұздай, тыртық-тыртық бастар, бірінен кейін бірі үңілді. Өзара айғайласқан еркектің, жылаған қыздың дауысы естілді. Сосын әлгі бастар ішке қайта үңілді де арбиған ірі-ірі денелерін сүйретіп көлікке кептеліп кіре бастады. Мұны аяқ қолынан бүре ұстап сыз жерге шалқалата жатқызды да тайып тұрды. Бір минуттан кейін қайтып оралып, екі адым жердегі қоқыс сандығынан жәшіктің жыртылған қағазын әкелді де аяқ қолынан көтеріп тұрып қағазды астына салып, қайтадан соған шалқалата жатқызып, көзден ғайып болды да, қайтып оралмады. Ол ессіз болса да жәшіктің қағазының жылуын сезіп жатты.

Жаңбыр басылып, дала үнсіз күңіреніп тұрған. Далада желдің ызғарлы әлсіз гуілі ғана естіледі. Сағатқа жуық уақыттан кейін мүлде бөгде көлік келіп тоқтағандай болды. Ішінен екі-үш адам топырлап түсті. Қасына кілең ақ киім киген жүздеген ергежейлі адамдар топырлады. Мұны жабыла көтеріп, реңі бір түрлілеу көлікке салып жатты. Біреуі кеудесіне темір басып, енді біреуі аяқ қолына жармасып жатты. Денесі қызып, жаны қысылып, қиналып, демі бітіп жатқан байғұс олардан қорқып зәресі қалмады. Тек ақшамды алып қоя ма деп сол қолын бар күшімен сығымдай қысты.

Бұл ақ киімді ергежейлілер болса бұл ұрғашы бөденеге ұқсатқан қыздың ары мазалап, үйіне жеткен соң басқаларға білдірмей құпиялап жедел жәрдемге қоңырау шалғаннан кейін келіп тұрған жедел жәрдем қызметкерлері еді. Олар мұны ауруханаға апарып жатқызып, астын жылылап, әдемілеп қарап, білген емдерін жасады. Науқас екі күн бойы ессіз жатты да, үшінші күні жан үзді. Оның қымбат көлігі, әдемі белдігі мен сау тамтығы қалмаған көнетоз қымбат киімі (телефонының қайда кеткенін ешкім білмейді) түгел ақы иелеріне табыс етілді. Тек сол қолына сығымдап ұстаған жиырма мың теңгелік қағазды ақ киімділердің сумақылау біреуі көріп қалып, саусағын қасықтың сабымен жазып ашып алып қойған болатын.  

Ел арасында «байғұс арақтан өліпті» деген қауесет қалды. Оның боршаланып ішкі құрылысы түгел тілініп алынған бір уыс денесін көмуге көп адам жиналды. Бізге таныс адамдардың ішінен оның өліміне тек Құмардың науқас анасы ғана қатысып, бетін тырнап ұзақ жылады. Сосын Берік қатысты. Онда да ол жаназа аяқталып, жігіттер түгел мәйітті көмуге қабір басына кеткен кезде ғана келіп, әйелдердің арасында оны-мұны ұсақ шаруаларға көмектескен боп жүрді. Оларға Дәулет екеуінің достығы жайлы, жатақханада кептер ұстап жеген әңгімесін тұздық қосып әдемілеп жыламсырай күбірлеп айтып жүрді. Ошақ басында отырып, қазандықтың астындағы пешке қарап «мынаны кім жасады екен, ә? Кім болса да, мендей жасай алмапты», деп ойлады. Ғалым мен Жандос өлімге келген жоқ. Олар Дәулет өлді деген күні кальянбарда оңаша кездесіп, қитұрқы жоспар құрып, қасақана біреуі Дубайға, енді біреуі АҚШ-қа кетіп қалған-тұғын. Ал Құмар келуге марқұмның мүрдесінен жасқанып, бата алмады. Өйткені марқұмды, жын ұрды ма, бұл да еш себепсіз, бірнеше рет тепкінің астынан алған-тұғын. Тек бірнеше рет келді де, алыста тұрып, қара құрым адамдарға, жас жуған көзімен қарап тұрды да қайтып кетті. Алыста тұрып іштей «айран-сүттің, қымыз-ірімшіктің ақшасын кештім», деп ниет етті. Ал Жомарт Астанадағы шаруасымен қарбалас болып жүрген болатын.

Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ

Фото: yaplakal.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.