Көрнекі сурет

Ауыл  мен қала  қазағы

әңгіме

Ақылбек  ШАЯХМЕТ. Ауыл  мен қала  қазағы
Автор А.ШАЯХМЕТ

         Ауылда атасы мен әжесінің қолында еркелеп өскен Айдос  жоғары білім алса да, қалада көп тұрақтаған жоқ. Есіл-дерті ауыл болды. Туып-өскен ауылында шағын қожалық ашып, төрт түлік мал өсіруді қолға алды. Үйінің жанынан шағын бау-бақша салды. Табысы да жаман болған жоқ. Қаладағы достары қыс жақындағанда одан соғым сұрайтын болды. Бірақ анда-санда қалаға келіп, көңіл көтеріп кетуді де шет көрмейтін. Жас кезінде өлең жазатын қабілеті бар еді. Жазған өлеңіне қаладағы композиторлардың бірі ән де шығарыпты. Жақында сол әнді көк жәшіктен естіп, қайран қалған.

          Ауылда қызығы бір басылмаған,

             Білмеймін, не жетпейді осы маған?

             Жүрсем де аунап-қунап, күліп-ойнап,

             Түсіме сен кіресің, жасыл қалам.

             Далада – көгілдір көл, жасыл белім,

             Қалада – жайнаған бақ, асыл жерім.

             Дос-жаран ортасында, қайда жүрсем,

             Өрге де домалап тұр тасым менің.

             Кеңдік пен биіктікке асқаралы,

             Арналған жүрегімнің дастан-әні.

             Тұрамын мұнда келсем даланы аңсап,

             Сағынып онда  барсам астананы.

         Айдостың  Алматыға келгелі есіл-дерті қаланы жақсылап аралау еді, сондықтан қалада көптен тұрып жатқан досына телефон шалған. Ол оны автовокзалдан күтіп алды. Қала көшелері ығы-жығы, қарбалас. Екеуі әуелі такси ұстап еді, автокөлік екі көшенің қиылысқан жеріне келгенде кептеліске тап болып, тұрды да қалды.

         Жанынан өтіп жатқан автобустарды көрген Айдос: «Досым! Одан да автобусқа мінейік, ол таксиден гөрі жылдам жүретін секілді», – деп еді, досы оның сөзін жерге тастамай, көшенің арғы бетіне өтіп, автобусқа мінді. Автобус қала орталығына жақындағанда кондуктор  көлік тоқтамай жатып ашылған есіктен сыртқа айқай салды:

–Кімге базар керек, кімге сауда орталығы керек, мініңдер!

      Автобус іші жолаушыға толып кетті. Біраздан кейін олар сеңдей соғылысып, көлік күрт тежелгенде опалаң-топалаң болды. Кейбірінің жан даусы шықты.

–Әй, шопыр! Біз саған тезек емеспіз ғой! – деп қысылған жолаушының бірі аттан салды.

–Қой, әбден қара терге түстік. Ендігі баратын жеріміз онша алыс емес, жаяу баралық, – деді қала қазағы. Ауыл қазағы бұған қуана келісті.

         Алайда жаяу жүріс те оңайға соқпады. Қалада көп көшеде тротуар деген жоқтың қасы екен. Біресе асфальт жолға түсіп, біресе жаяулар жүретін жолға шығып, әупірімдеп көздеген жерге жетті-ау, әйтеуір.

         Қызықтың көкесі осында екен. Әуелі шағын дәмханаға кіріп, түрлі дәмнен ауыз тиген. Самса дейсің бе, кәуап дейсің бе, не ішем, не жеймін десең – барлығы самсап тұр. Одан шығып, тастаяқ ойнайтын жерге келген. Піл сүйегінен жасалған шарларды қуыс тесікке тоғыту оңай емес екен. «Өнерді үйрен де, жирен» деген ғой. Біраздан кейін оның сырын да біліп алды. Дәлдеп ұрса нысанаға тигізуге болады екен. Досы болса: «Сен өзіңдікін соғудың орнына, өзгені соғуды жақсы көреді екенсің», – деп қарқылдап күледі. Өзіңдікін  ұра бергенше, өзгені соғу рақат емес пе?!

         Сөйтіп жүріп қалай күн батқанын да байқамай қалыпты. Досы енді оны өзінің үйіне алып келді. Есікті  қараторы келіншек ашты. Көп ұзамай ортаға буы бұрқыраған ет келді. Қалада тұрады деген аты болмаса, ауылда өскен қыз ғой, етті бабына келтіріп пісірген екен.  Айдос ауыл дастарханындағы  етті сағынып қалса керек, қомағайлана жеді. Досы ұтымды әзіл айтқысы келіп:

 – Иә, бауырым, ауылдың қазағы етті қасқыр сияқты жейді екенсіңдер, – деп еді, анау да қарап қалмады:

  • Мен де байқап отырмын, сендер де шөпті ешкі сияқты жейді екенсіңдер, – деді.

         Досының келіншегі сылқ-сылқ күлді.

–Айдос-ау! Сіздердің жейтін астарың халал.  Дастарханға қоятын дәмнің бәрі де өз қолдарыңыздан шыққан.  Сүт пен қаймақ, айран мен ірімшік дейсің бе, құрт пен жент дейсің бе – рақат сіздерде ғой,  – деді.

–Сол дәмнің бәрін біз де базардан сатып алып отырмыз ғой, – деді күйеуі.

–Жоқ, – деді келіншегі дау айтып, – малды базардағы сатушылар қолынан алғанмен, «бісмілләсін» айтып бауыздады ма, анығын білмейміз. Жеп отырған көкөнісіміз де көбісі химиялық дәрі-дәрмек арқылы өсірілген, құрамы өзгерген. Оның несін жасырамыз. Өзің баптап, өзің суарып, тер төгіп алған өнімге не жетеді?! Рас, саяжайымыз бар. Бірақ оған да анда-санда, көбінесе демалуға  барамыз. Күнде барып тұруға қол тимейді.

–Оның рас, – деп күйеуі де әйелінің сөзіне қосылды. – Саған бір қызық айтайын. Мына шайға қатып отырған сүт бір ай тұрса да бұзылмайды. Өткенде ауылдан туысымыз сүт алып келіпті. Тоңазытқышқа салып қойсақ та, үш күннен кейін ашып кетті. Қазіргі технология керемет қой. Сүтті порошок түрінде де береді.

–Бәрібір ауылдың жаңа сауған сүтіне жетпейді ғой, – деді Айдос.

–Әрине. Бірақ ауылдың свежий сүтін күнде бізге кім әкеліп береді?! – деп досы қарсы сауал қойды. Айдос не айтарын білмей қалды.

     Досының келіншегі терезені ашып, аулада ойнап жүрген баласын шақырды.

–Жандос! Үйге кел! Тамағыңды іш! – десе, ар жақтан баланың даусы естілді.

–Хочумеймін!

–Естіген шығарсыз, – деді анасы, – қазақ және орыс сөздерін құрап, жаңа сөз шығарып алыпты. Аулада еститіні орыс тілі, үйде де сайрап тұрған теледидар көбінесе орысша.

–Біздің ауылға бір айға жіберсең, ана тілін тез-ақ үйреніп алады, – деді Айдос.

–Қой, одан да ауылдың қазіргі жағдайы қалай? Балалар қалай оқып жатыр? Соны айтсайшы! – деді досы.

         Айдос сөздің турасына көшті.

–Ет те, сүт те табылады. Ауылда жарық та бар, теледидардан барлық арнаны көреміз. Тек бір қиын жері – жастардың көбі қалаға көшіп кетті. Зейнет жасындағы қариялар  ғана қалды. Ауыл мектебі ортадан негізгі мектепке айналғалы бірер жыл болып еді, енді оқушы саны толмай, бастауыш мектептің өзі жабылу алдында тұр. Балалар әлі жас. Оң-солын танымаған баланы енді қалада оқыту үшін интернатқа береміз бе деп отырмыз.

–Оған несіне қиналасың? – деді досы. Қаржың болса, қаладан үй сатып ал. Ауылың онша алыста емес қой. Малыңды бағатын адам тауып ал да, өзің қалада сайраныңды салып жүре бер.

–Табылған ақыл, – деді келіншегі.

Айдос ойланып қалды.

–Ауыл далада жер астынан қайнап шығып жатқан бұлақ емес пе?! – деді ол сәл бөгеліп барып. – Бұлақтар тартылса, бастаудың суы сарқылса, өзендер мен көлдер де болмайды. Түптеп келгенде тұрғындар сорлайды. Сөздің турасына келсек, мына қалаларың толған көлік, газдың иісі ме, басқа ма, дем алуға ауа тар. Құбыр арқылы ішіп отырған суларыңның да дәмі біртүрлі. Ең бастысы, ауылдағы жұтатын ауа қымбат маған. Әлі есімде, жасырақ кезімде Мәскеуге барғанмын. Сонда троллейбусқа мінгенде көргенім мен түйгенімді айтып, өлең жазып едім.

         –Оқып бермейсіз бе? – деп қиыла сұрады досының келіншегі. Айдос та бөгелмеді:

         Дем алуға ауа тар…

         Шеңгеліне бүркіттің

         Түскендей-ақ сығылады қос өкпем,

         Бойым дел-сал –

         Ұзақ ұйықтап, жаңа ғана

                  тұрған жандай төсектен.

         Әзер тұрмын иіскелеп

         Біреудің май желкесін,

         Нән түйедей сары қарын бәйбіше

         Жон арқама тіреп қойды «өркешін».

         Бір жоғары, бір төмен

         Ауытқиды менің көңіл–безбенім,

         Бас айналып, қарауытты көздерім.

         Шулы қала ызыңдайды құлаққа

         Бетке бүркіп өз демін.

         Қолаңса иісі қапқан сәтте қолқаны,

         Сағынасың ұлан-байтақ Арқаны.

         Шақырайған күннің көзін аңсайсың,

         Дала желін аңсайсың,

         Сағынасың туып-өскен ортаны…

–Пай-пай-пай! Мына жырың қала ақындарының өлеңсымақтарын жарты жолда қалдырады ғой, – деді досы көпшік қойып.

–Біздікі жай ермек қой, – деді Айдос.

Досының келіншегі сөз танитын кісі екен.

–Абай: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген жоқ па?! Осылай шындықты шыңғыртып жазатын ақындар некен-саяқ. Ауыл туралы жазыңыз.  Жазғандарыңызды көпшілікке таратыңыз. Міржақып та кезінде «Оян, қазақ!» деп қазақты оята алмай кетті ғой. Мүмкін, сіз оятарсыз, – деді.

         Енді досы сөзге кірісті.

–Айналайын, Айдос-ау! – деді ол. Бұл екеуміз бас қатыратын шаруа емес. Үкіметтің  арнайы бағдарламасы арқылы жүзеге асатын, «халықтың құлымыз» деп жүрген халық қалаулылары – депутаттар мен министрлердің, шенеуніктердің бас ауруы болатын үлкен мәселе ғой. Қала – өркениеттің тоғысқан жері. Жақсы жағы да аз емес. Білім алам десең – мектебің дайын. Театрға, киноға барамын десең – қол созым жерде. Спортпен айналысам десең – стадион мен спорт сарайлары бар. Сырқаттанып қалсаң да, дәрігердің көмегін тез аласың. Қанша қазақ болсақ та, қаланың тұрмысына ауылдың тәртібін енгізе алмаймыз ғой.

–Иә, – деді Айдос, – Алматыда Желтоқсан көтерілісі болмаса, тәуелсіздікке қол жеткізер ме едік? Қала бізге білім берді, өнер мен ғылымға үйретті. Надандықты күйретті. Өзге елдермен тереземізді теңестірді. Бірақ жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жиренудің орнына теріс қылықтарды да бойымызға тез жұқтырып алдық. Мына сендер бар ғой, көршілеріңді танисыңдар ма? Тіпті үйдің есігін іштен жауып алып, біреу қоңырау соқса, «кім?» деп сұрап алып, есіктегі көзден тесіле қарап, тексеріп барып есік ашасыздар.

–Енді  ауыл секілді көршімізді түгел тану қалада мүмкін емес, – деп ақталды досы. Бәріміз де ауылда тудық, ауылда өстік. Одан да сол ауылымыз туралы ән айтайық.

     Үшеуі бұл ұсынысқа қосыла кетті.

         Жайлап отыр менің ауылым

         Алатаудың сол бір бауырын.

         Туып-өстім сенде, есейдім,

         Алаулатып жастық жалынын.

         Жайлауы жасыл, жайқалып жатыр

         Әйгілі Алатауымның,

         Гүліңдей жайнап, асыр сап ойнап,

          Еркелеп өскен ауылым.

       Ауылды аңсаған үшеудің даусы ашық терезеден сыртқа да естіліп жатты…

         Түнгі қала болса өзінің у-шуымен ол дауысты көп кісіге естіртпеді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.