Көрнекі сурет

БӘРІ ДЕ ОҚУ ҮШІН

әңгіме

                                  «Нью-Йоркте бір ай газет-журналдар

шықпаған екен…»

«Ия, жұрт бір түрлі болып теңселіп

 кетіпті ғой…»

Ғаламтор туралы екеудің әңгімесінен.

Перронда қалған қазына

Бірінші Алматының перронының іші ығы-жығы: жол-сапарға аттанушылар мен күтушілерге толы. Сол қалың нөпірдің ішінде әкелі-балалы екеу де болатын. Әрі бұлар былайғы жұрттың назарына еш іліге қоятындай емес: өйткені – жәй бір қарапайым жандарша шеткі бір орындыққа келіп жайғасқандарына да біраз болған.

Сосын тағы…

Бала жан-жағына көп зер сала қараған. Өйткені әр адам, әрқалай: ойда, қозғалыста, тіпті сөздері де әртүрлі бағытта; балаға бәрі таңсық. Жә, оның оларда шаруасы қанша, тек…

Тек, жанындағы осы бір…   

Бірақ онысын әзір ешкімге сездірер емес. Өйткені бұлардың «күтіп отырған поездарына» әлі ерте: келуіне бір сағатқа жуық уақыттай бар. Сонда да бала жанындағы…

Алматыдан батыстағы бір қалаға қатынайтын, сол бағыттың поезының кеткеніне де көп болған жоқ. Күту залының күтушілері сәл ортаяды да ұзамай қайта толады. Міне, тағы…

Бала жанындағы…

Тағы қарады. Қарады да: «Бұ кімдікі болды екен…?» деп бір қойды, іштей. Әйтсе де ешкімге әлі тіс жарар емес. Кім біліпті… Бірауық таблодағы сағатқа қарайды.

Кенет бұлар «күткен поездың» уақытынан жарты сағатқа кешіктірілетіні туралы хабарланды. Ал керек болса… Бірақ бала оған еш өкінген жоқ. Қайта… Бірауық әкесіне қарайды. Ал ол болса, ештеңеден хабарсыздай: қолындағы әлдеқандай – үлкен-н-н «Жас Алаш» газетінің қызығына беріліп кеткен: оқудан бас алар емес.

Бала жанындағы…

Барып ұстап көргісі келген. Әйтсе де өзін тежеді. «Мүмкін, біреу келер. Сөйтіп мүлкін алар…» деп және бір түйді ойын.

Бірақ…

Әне, тағы бір поездың келіп тоқтайтыны хабарланды. Толы жұрттың біразы лықсып сыртқа қарай беттеді. Ал… Ол поезд та келді. Күту, кету… Кілең…

Ал жанындағы…

Тірі жан жолар емес. Кәдімгі томпайған қытайы сөмкесі. Ішінде не бар екенін… Бала қанша оқталса да барып ұстай қоймады. Қызығушылығы қанша артса да, бөтен біреудің дүниесіне қол тигізуді артық көрді. «Ұят қой» деді.

Баланың аты Шәши еді.

Әкесі болса қолындағы газетте бірдеңесі қалып бара жатқандай: бас алар емес. Рас, анда-санда жан-жағына да қарайды. Оқуға беріліп кеткендіктен бе; поездар келіп жатыр ма; кетіп жатыр ма; жолаушылар келіп жатыр ма; кетіп жатыр ма; тіпті де мән берер емес. Соған қарағанда өзінің «күтіп отырған поезының» тағы жарты сағатқа кешіккенінен хабардар болды; соны місе тұтты-ау шамасы, оқуына қайта кірісті.

Ал Шәши болса әр-сәрі.

Жанындағы дүниеге ауыт-ауытты қарап қояды. Қараған сайын мазасы кетіп барады. Кетпегенде ше. Нешеме поезд келмеді. Нешеме поезд кетпеді. Тіпті осыншама нөпір адамның ішінде бір жан: «Мынау менің затым еді, алып кете қояйыншы» деп жоласа кәні. Адам-ау, сонда мұны қалай түсінуге болады? Әлде…

Төбе құйқасы шы-м-м ете қалды. Бомба! Оны кімдер қойып кетуі мүмкін. Дереу орнынан тұрды. Тұрды да: олай, бұлай әрі-бері жүріп, тіпті жанамалай қарап та қойды. Бірақ ондайға ұқсамайтын сияқты. «Көп болса кардондарға салынған киім-кешек». Ойы осы. Әкесі болса бұдан «хабарсыз» сияқты. Өйткені оны қолындағы газет әбден арбап алған; айырылар емес. Тіпті жанындағы баласына да: «Әй, күшік, сен не істеп жүрсің? Аманшылық па?» деп тіл қату да еш ойында жоқ. Қалбалақтап, қасында ма, болды. Көз алдында көрініп отырса, жүрсе, соның өзі жетіп жатқандай оған. Бала әкесінен еш қайран күтпесін білді. Білді де:

— Әке – деді шыдамы әбден таусылған сыңайда. Сонда да ләм-мим.

Газетін асықпай тақталай бүктеді. Бүктеген күйі біреу ұрлап кететіндей былғары қара күртешесінің ішкі қалтасына салды. Баланың әкесіне деген көзқарасы өте таң қаларлықтай еді. Оның кішкентай бала-жүрегі қастарындағы әлдеқандай затқа соншалықты алаңдаулы екенін… Иә, иә мына деген… дәп-дәу-ересектердің сезбейтіні айран-асыр етті.

Сөйткенше болмады, күтушілерге перронға Алматы-Астана жолаушылар поезының жақындап келе жатқаны хабарланды. Шәшиге бұл кезде келе жатқан поезд емес, қапталындағы жұмбақ қытайы қызыл-ала сөмке маңыздырақ көрінді. Сондықтан да жұрт арасында, анадайдан бой көрсеткен полицейды шақырып: мән-жайдың ақ-қарасын ашып алуға бекінген.

Қарап қапты. Сосын:

— Әке, – деді енді, екеулеп, полицейді шақырмақ ниетте, таңданысқа толы қос жанарын анадайдағы қызыл жағалы ағаға, одан соңынан елі қалмай: «Барайыншы да барайыншы деп» еріп келген адамы – әкесіне  қадап. Әйтсе де әкесінің мына түрінен түк шықпасын білді. Білді де райынан тез қайтып:

— Әке, сіз бара беріңіз. Сосын осы жерге келесіздер ғой, – деді ересектерше салмақтылау қалыпта маңғаздана.

«Мен поезд емес, сырттағы келіп тоқтаған автокөлікке барып келейін…» Ол ұлына қарады. Қарады да: «Мейлі, далаға шықпай-ақ қойсын…» Ойы осыған тірелді. Бірақ неге шыққысы келмейтінін ежіктеп сұрай қоймады. Бірақ… Қала беруін оң көрді.

— Жарайды онда, мен кеттім. Сен осы жерде отыр. Бірақ ешқайда кетіп қалма. Мен сені таба алмай қалып жүрмейін. Жарай ма? – деді. Сосын нөпір-жұрттың арасына еніп, сыртқа қарай кете-е барды.

Шәши-бала жалғыз қалды. Әйтсе де ол жалғыз қалғанына еш өкінген жоқ. Қайта орайы келсе сол ел тыныштығын ойлаушы ағаларына өзі барып айта салғандай бола ма; кім біліпті. Бір-екі рет жүгіріп жандарына баруды ойлады. Ойлады да: «Қой, мен мына жерден кетсем танымайтын өзге біреулер қолдарына алып жүре берер…» деп райынан қайтты. Не де болса, ақырын күтпек.

Астапырал-л-л-а, жыланға арбалған торғайдай бола қалады деп кім ойлаған. Бала орнынан қозғалған жоқ. Сопай-ы-ы-п әлгі қытайы қызыл-ала сөмкеменен екеуі қалды. Айналасындағы кетуші, күтуші бұл танымайтын жұрттың бәрі кетіп қалғандай; тек, ауыт-ауыты біреуі болса бір сәрі-ау; бірнеше дүңгіршіктердегі сатушы-тәтелерінің бастары ғана анда-санда қылт-қылт етіп көрініп қалады. Бала мырс ете қалды: «Ол тәтелер де мына затты тастап кете алмай тұрған мен сияқты дүңгіршіктерін тастап кете алмай тұр-ау…». Бала өз ойына өзі сондай риза. Мейлі, ел тыныштығын ойлайтын полицей ағаның бірі болмаса бірі келмес дейсің бе…

Бекер-ақ далбасаланыпты. Анау-ана тұрған қызыл жағалы, полицей ағасы сол емес пе? Сол, өл-л-ә-ә, өздері екеу емес үшеу сияқты. «Барып айтып келсем, иә…» деп ойлап оқтала берген.

«Міне, біздің бала да тұр» деген дауысты құлағы шалғандай болды. Әкесі, қасында бір аға, сосын екеуінің жанында өзі құралпы бала.

…Ә, дегенше болмады, олар да келді.

Бала қарап тұрмай әлгі  қытайы қызыл-ала сөмкеге қарап қозғала берген.

— Жолама, бомба! – деді Шәши.

Тұрғандар селк ете қалды. «Бомба!» Үшеуінің де отты-жанары осы бір жалғыз ауыз сөзге таңдана да үрейлене қарап қалған еді.

Сәл ғана үнсіздікті әкесінің:

— Қорықпа, балам… – деген сөзі бөлді.

— Мұнда бомба емес, көркем-әдеби кітаптар болуы тиіс, – деген қасындағы аға мен әкесінің сөзі Шәшиді сабасына түсіре бастағандай еді.

— Сен Бекенді білмейсің, – деді әлгі бала жұлып алғандай.

— Неге білмеймін. Ол біздің ауылдың баласы. Былтыр жазда, апам екеуміз ауылға барғанда бірге ойнағанбыз.

— Шәши деген осы бала ма? Ой, әйбат бала екен ғой, – деді әлгі аға.

— Ой, ол… – деді бала Бекенді білетіндігін айтқысы келгендей.

— Балам, бұл сол  Бекен  деген баланың досы, аты Секен… – деді әкесі бұл жолы Шәшиге бағамдай қарап. Сөйтіп…

                                            * * * * *

Кейін білді… Сол Бекеннің әкесі Алматыға келген бір сапарынан қайтарында, Орбита ықшам ауданынан, шығарып салушылары бар: бірі таксимен, бірі автобуспен бірінші Алматының перронына дейін асығыс-үсігіс поезд жүруге тақалғанда жеткен ғой.

…Әйтеуір мініп үлгеріпті.

Алдын-ала біреуден беріп жіберген  мол-қазына – кітабы…

Алас-қапаста…

Сөйтіп қытайы қызыл-ала сөмкесімен перронда…

Ал керек болса…

Қала барыпты. Оны Шымкентте қонақ болып, одан кейін автокөлік арқылы жолда, баласымен Алматыға қыдырып келе жатқан құрдасы Секеннің және бұның әкесіне поезда Кәдірбек аға ұялы телефонмен хабарласа керек.

Әкелі-балалы, құрдас-достар сөйтіп перронда қалған қазынаны иесіне жеткізуге күш салды.

Шәши соған қуанды.

Қалтадан түскен жарнама

…Ойыннан әбден шаршап-қалжыраған бала сүлесоқ күйде, үйіне қарай жалғыз өзі ілбіп аяңдап-п келеді. Санап басқан аяғы дегеніне көнер емес…

Ойыннан басқа күнұзағына: не істеді, не қойды? Бәрі де көз алдына тізбектеліп келе берген.

Күз.

Кең шарбақтың ішінде екеу отыр. Екеуі де шуаққа: күн көзіне қараған. Зілмәңке жанындағы ағаштардан үзіліп түскен сары-қызыл, жасыл-ала жапырақтар айналып-айналып келіп жерге түсіп жатыр. Бір кезде ілбіп-п  келіп көше жақ беттегі қақпа жанына жапсарлана тұрғызылған зілмәуір есіктен енді.

Кенет шуақтанған екеудің көзі бұған түсті. Екеуіне бірдей сәлем берді. Сабағын оқып болған. Оның үстіне киімін де қалай болса солай: жеңіл-желпі үстіне іле салған. Жолшыбай бір тілім нанды қолына қыстыра салуды да ұмытпаған… Сөйтіп шығып кеткен.

Енді міне…

Ойнау үшін…

Досының үйіне келіп, тұрғандағы тұрысының түрі мынау. Қос танауы пыш-пыш етеді.

— Қайдан білейін… – дейді орта бойлы жасы кішілеуі, қасындағы келісті келген, қара торы ағаға.

— Білмейтіндей ештеңесі жоқ… – деді қара торы аға.

— Сонда да…

— Тек, жарнамаң күшті болсын, – деді қара торы аға. Сөз мәнісін ұға қойды. Ұға қойды да: «Секен ойнай ма?»деп айтпақ болған сөзін ұмытып кетті. Со күйі сөйлесіп отырған екеудің әңгімесіне қызыға түсті: қастарына жақын келді. Нанының шетінен тістеп… Шайнаңдап тұрған бұған назар аударған екеу:

— Сонда ғана…

— Ия, ия сонда ғана аудандық газетке жазылу көбейе түседі, – деген бойы бірі – басшы, бірі – қосшы екеуі бірін-бірі қостап қойды.

Бекен, Секен екеуі бір сыныпта оқиды. Екі ағаның әңгімесіне қызыққаны сондай, бұл енді, ойынды екінші орынға ысырып қойып, қалайда өз ойын айтып қалуды қалады. Сөйткенше болмады ауызғы үйдің есігі ашылып, іштен Секен де шықты. Қос қолымен ышқырын көтеріп, танауын мезгіл-мезгіл тартып қояды. Ол да… Жақындай түсті. Бұрынғы шуаққа қараған үлкенді-кішілі екеу екеу ме; ал керек болса; ол екеуіне тағы сондай… төртеу болып отырды…

— Аға бізге де көмектесесіздер ме? – деді Бекен бұдан әрі кешігудің орынсыз екенін біліп сөзді тура Секеннің әкесіне қарата бастап.

— Сендердікі қандай еді?

— Біздердікі…

— Біздердікі… – деп екеуі де өз басылымдарын айта бастаған. Со кезде батыстағы «Ш» аудандық газетінің редакторы ағайының жанындағы сол газеттің тілшісі:

— Секен онда сен бар да үйден қағазбен қаламсап әкеле ғой, – деді.

Сөйтіп…

Екеуі біраз ойнады…

— О, жабысқыр қайда жүр десем… Мына бұтыңдағы шалбарды жуып тастай қояйын деп іздемеген жерім жоқ… – деген үннен кенет ойының быт-шыты шықты. Қараса, анасы екен. Алдында тұр.

— Бағана ойнауға кетерде киіп кеткем, – деді Бекен төмен қараған күйі міңгірлеп.

…Со, күйі екеуі үйге енді.

        Үйге кіргеннен кейін Бекеннің бойын буы бұрқыраған тамақ иісі мен бір жағынан шаршағаны бар екеулеп билеп бара жатты. Шалбарын да бір

жерге… Әйтеуір… Оның орнына, анасының Алматыдағы, өткен жаз, Барахолкадан сатып әкелген Түркияның «байковый бұтқабын» киген. Міне, сөйтіп ала-құла түстегі киімде, тамақ басына келіп отырды. Ал бұл кезде

бөлмеден өтіп бара жатқан әкесі жуылатын басқа киімдерге қоспақ ойда гардеробтың жанына ысыра шешіп, томпайтып қана тастап кеткен Бекеннің шаң-шаң шалбарын жерден тік көтерген. Көтеріп қойса кәні; екі балағынан жоғары ұсатап, жайлап қалтасында не бар, түссін дегендей сілкіген. Сонда ғой: умаж-умаж тор көзді дәптер беті жұлмаланып жерге түскен. «Шығарып жүген есебі-ау.» Ойы осыған кетті.

…Тамағын да ішіп алды. Ойын сосын одан әрі сабақтай түсті.

 Шалбар да жуылды…

Әкесі бір кезде:

— Балам-ау, есеп жазған дәптер-парағыңды апарып қойдым… – деді

оңашада жанына келіп.

— Есеп…

— Ия, ия

— Әке…

— Ау…

— Ол есеп емес

— Не дейді? Әкесі аң-таң. Бекен жүгіріп барып сөмке жанындағы парағын әкеліп әкесіне көрсетті. Онда:

«Балақай!

— Тәп-тәуір әңгіме оқығың келе ме?

— Өлең ше?

— Тіпті балалар салған суретті қаларсың.

— Мақал – мәтел ше…

— Жұмбақтардың түр-түрі…

— Мүмкін сөзжұмбақ шешкің келер…» деп жазылыпты.

— Бұл не? – деді әкесі.

— Жарнама! – деді Бекен. Сонан кейін бұны жазуға кімдердің көмек бергенін, әрі аудандық газетте жарияланатынын, бәрі-бәрін айтып берді.

Әкесі жарнаманың астына Бекен мен Секеннің аты-жөндерін, мектептерін, нешінші сыныпта оқитындарын түгел жазды. Сөйтті де ертеңгісін ұлы сабаққа кеткенде, балалардың сүйіп оқып келе жатқан «Балдырған» журналының редакциясына, поштамен, салып жіберетінін айтып уәде берді.

Міне, осы оймен бала қисая кетті…

Ертеңгісін сабақ…

Баланың бойынан үлкен бір жүк түскендей болды. Кім біліпті: енді

бүгін тыныш ұйықтап, сабағымен бірге «Балдырған» журналы туралы

тәп-тәуір түстер көрер…

Олай болуы да әбден мүмкін-ау.                

«Кітап оқымай өскен…»

Кең даңғылдардың бірі. Әрі-бері ағылған жұрттың арасында екеу келеді. Оның біреуі үлкен – қарт кісі де, екіншісі – бала. Баланың анау-мынау шағын қала болса бір сәрі-ау, үлкен қалаға келгеніне де көп болмаған. Оның үстіне атасы жанында болғасын тіпті қысылмады. Ол атасын асқар тауға теңеді. Ал алып – асқар – Алатау алыста мұнартып тұр.

Екеуі троллейбус күтуге келе жатқан. Оныменен біріншісіне үлгере алмады. Сосын екішісіне мінген. Бұл қасындағы келе жатқан тек, атасы ғана деген. Сөйтсе троллейбуста түр-түріне кездесті. Кенет бұлар мінген троллейбус әлдебір көпірге жақындап келді. Үстіменен поезд өтіп бара жатыр. Ал бұлар бір айналманы айналды. Бұл да ештеңе емес. Келесі көпірді одан да гөрі қызықтау ма деп қалды. Бұлар мінген көлік астымен өтсе, көпір үстінде зуылдап әрі-бері автокөліктер өтіп барады. «Әйбәт, мықты қала ғой, мынау»

деп ойлап көлік ішінде, бәрін көріп келеді.

 Баратын жерлеріне әп-сәтте жетеміз ғой деген. Өйткені өздері тұратын аудан орталығында баратын жерлері он, әрі кеткенде жиырма минут. Ал бұл жақта жететін түрлері көрінер емес. Ауыт-ауыты қасындағы асқар тауы – атасына қарап қояды.

— Асықпа, балам. – Асқар тауы – атасының айтар сөзі бұдан әріге бармайды. Жә, бұл да бер жағы екен. Ел жақта көлік аз ғой. Ал бұлар мінген көлік жүріп болмайды. Ауық-ауық тұра береді. «Не болды?» Ойының тірелген жері осы-ақ:

— Мына кептелісі де бітер емес, – деген үнге қараса, тағы бір орыс ата

мұның атасына мұңын шағып қарап отыр.  Оны асқар тауы – атасы да құптап қояды.

      «Әп-сәтте жете қою қиын екен…» Баланың троллейбустан түсіп жатып ойының тірелген жері осы. Астапыралла, мынау, неткен керемет…! Анау – ана басына орап алғаны бар, адамның мүсін-ескерткішінің өзі біраз жәйтті аңғартқандай-ау. Болашақта оқимын деп келетін жері, осындай болса…

Кенет баланың ойын атасының:

— Амандық болса екі-үш жылдан кейін оқимын деп армандап жүрген жерің осы, – деген сөзі бөліп жіберді.

Екеуі келген жеріндегі жоғары оқу орнының түрлі-түрлі ғимараттары

ішімен, аулаларымен, біраз жүріп танысты. Бірен-саран студенттерді, ұстаздарды көрді.

… Енді қайтпақ.

Аталы-немерелі екеуі келіп-келіп автобус аялдамасының біріне тоқтады. Бұл жерде де әлдебіреулердің сұлбасы байқалады. Барлығы да өздеріне қажетті көліктерін күтулі.

Бір кезде баланың көзі күтушілерден өзге анадай жердегі тізе бүккен екеуді шалды. Олар да… Былай қарағанда мектеп оқушысына да ұқсамайды. Олардан үлкендеу… Соған қарағанда…

Екеуі…

Түнгі ойын-сауық орнындарындағы кейбір әуендерді, тіпті кейбіреулердің түр-сипатын әңгіме етеді. Бірі бастайды. Екіншісі қостайды. Онысымен тұрмай қарқылдап тұрып ауыт-ауыты күліп қояды. Бейне…

Екеуі отырған жерлерінің….

Нақтырағы шемішкі шағып отыр. Ар-арасында түкіріп қояды. Баланың екеуіне қарап бір түрлі кеуілі құлазыды. Айнала жасыл желекке бөленген. Тас жол үсті тап-таза. Тек… Екеуінің алды ғана…

Бір кезде Бекен:

— Ата, — деді.

— О не балам-ау? – Атасы балаға сұраулы жүзбен қарады. Бала екеуді ымдап көрсетті. Әрі қарай ештеңе айтпады.

Автобустар бірінен кейін бірі келіп, кетіп жатыр. Күтушілер де қалағанына мініп аттануда. «Енді аялдама бос қалатын шығар». Баланың ойы осыған тірелді. Сөйтсе қателесіпті. Жаңадан тағы біреу, ұзамай екі-үшеуі және келді…

Бұл жақта аялдама босамайды екен ғой… Кенет баланың көзі тағы әлгі екеуге түсті. Бұл жолы екеу шемішкіге сөмкелерінен сыра алып қосыпты. Ауыздарын ашып алған: екеуінде екі бөтелке. Мезгіл-мезгіл аузынан ішіп қояды.

Құдды демалуға келгендей.

Баланың бұдан әрі шыдамы да таусыла бастағандай еді. Бір кезде:

— Ата, — деді.

— О не балам-ау?

— Ана екі аға, айналасын әбден бүлдірді!

— Тыныш, қайтесің оларды? — деді атасы.

— Ана жерді енді кім тазалайды? Атасы бұл жолы немересіне… Бәрі-бәрін айтқысы келген. Бірақ айтқан жоқ. Өйткені…

Ұзамай Алматы қалабезендіру мен көгалдандыру мекемесінің жұмысшылары келіп әлгі екі жігітті орындарынан тұрғызып жіберді. Сөйтті де шемішкі қалдықтарын сыпырып, бөтелкелерін алып, орындарын тазалап қойды. Іле-шала жол бойына су(шашатын) себетін автокөлік келіп ауаны тазартып өтті. Бәрін көрген Бекен әлгі екі студентке қарап басын шайқады.

Сөйткенше болмады бұлардың күткен автобусары да келіп тоқтаған еді. Бұл жолы атасы көкейіне келіп қалған сөзді іркіп қалуды орынсыз көрді. Қозала беріп: 

«Балам-ау, бұлар кітап оқымай өскен, кейбір ұрпақтың өкілдері ғой» деді.

Немересі атасына қарады.

Шынында да…

                                                 *     *     * 

Алматының кең көшелерінің бірі. Кешкі мезгіл. Жанға сондай жайлы. Жазғы кафенің іші. Отырғандар да онша көп емес. Жағалай, түрлі-түсті светтер. Анадай жерде әуен ырғағы баяу орындалып тұр.

Анығында отырғандардың біреуі үлкен, қарт кісі. Бұл – Бекеннің атасы еді. Ал оған стол басында қарама-қарсы отырған Шәшидің әкесі. Олардың екі жақ қапталында екі бала да бір-бірлеріне қарама-қарсы отыр.

— Солай, Мәжит мырза. Сен де баламсың ғой… Марқұм әкең екеуміз бала кезден бірге өстік. Әкең мықты адам еді – деді әңгімені әріден бастап. – Құдайға шүкір, ер жетіп, есейдің. Алматыға әбден орнықтың.

Ана біздің бала да: «Балалар да өсіп келеді.Елде біраз болдық қой. Осы Алматыға қарай жылжысақ қалай болар екен?» деген соң алдын-ала біліп қайтайын, оның үстіне мына жаман-немеремді де, үлкен қала ғой, көрсін, білсін деп ерте келгенім ғой.

Қала жайын бажайлап көрдім. Әл Фараби атындағы ұлттық университетті көрсеттім…

— Әрине, ақсақал,қалада тұру оңай емес. Оның үстіне, баспана жағы да үлкен проблема. Пәтер жалдап тұру да тиімсіз. Байқаған шығарсыз. Бұл жаққа тек, адамның адамы ғана тұрады. Оның үстіне, ертеректеу келіп орныққандар болмаса, тосыннан келгендер бірден жерсініп кете алмайды, – деп барып тоқтады.

Ара-арасында, ақсақалдың көзі даяшыларға түсіп қояды. «Тап-тұйнақтай. Қандай көргенді жердің балалары еді десеңші. Жүрген іздері білінбейді. Әрі, сұраған тамағыңды да дер кезінде жеткізеді. Қалай дегенмен қаланың аты қала-ау. Адамдарына дейін мәдениетті» деп, даяшы екі қызды біраз жерге дейін ойша көтеріп тастады.

Ең әуелі: бірінші, одан кейін екінші. Не керек әйтеуір, салат, малат дей ме-ау, бәрі рет-ретімен келіп жатыр. Ойын жинақтай бере, қарт:

— Дегенмен көптің арасында кейбір әттеген-ай дейтіндер де кездеседі екен, бұ қалада – деп тоқтады.

— Әрине, мегаполист-қалада бәрі болады – деді Шәшидің әкесі, – Миллионнан астам тұрғыны бар дегенді, қазіргінің тіліне салып.  – Оны қай жерде байқадыңыз?

— Қай жер дерің бар ма? Бағана, тал түсте, аялдамада көрдік. Шамасы дипломдарын алғалы жүрген студент болар-ау, деп топшыладық. Екі бала. Отырған жерлерін әбден ластады: шемішкі шақты. Сыра ішті ма-ау. Әйтеуір ойларына келгендерін істеді. Үлкен отыр-ау, кіші отыр-ау демеді. Дарақыланып, әулігіп кетті. Қайта әбірей болғанда, қаланы көгалдандыру мекемесінің адамдары келіп, орындарынан тұғызып жіберді. Сөйтіп әлгілер отырған жерді тап – таза қылды.

  — Студент дегеннен шығады-ау, айтпақшы, өткендегі перронда қалған қазыналар қалай? Аман-есен жеткен болар – деді Мәжит мырза, алдына келген, астан ауыз тие отырып.

Нұраш қарт, немересіне қарады. Қарады да:

— Отыр ғой, міне, иесі, – деп көзіменен Бекенді нұсқады. Бала қып-қызыл болып кетті. Бірақ тіл қатқан жоқ. Ал Шәшидің аузы  аңқиып ашылып қапты. Ол да қарады. Бұдан кейін Бекеннің тіл қатпауға тіпті де мүмкіндігі қалмады. Тек:

— Енді, енді…– дей берді, кітап керек қой дегенді там – тұмдап жеткізген күйі.

— Е… Мәжитжан қарағым. Өзің де құдайға шүкір, ана біздің үйдегі баланың кластасысың, екеуің бірге өстіңдер.Ол аудандағы мәдениет үйінің басшысы. Өзің мықты мамансың. «Тәрбие. Тәртіп. Бірлік» атты Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігін басқарасың… Құдайға шүкір…

Ал, ол кітаптарды, мына жаман неме, үйдегі кітапханасына қосты. Анабір «Балдырған» дейтін республикалық балаларға арналған журнал да бар екен. Оны да жинап, тігіндісін жасап, үйдегі сол кітапханасының бұрышына қойды.

Сіздердегі ана  С. Сейфуллин атындағы даңғылда бірнеше сәнді көпірлер бар екен. Соны көрдік. Біз енді Алматыға келіп тұра алмаймыз. Үлкейдік.

— Біздікі де сол осыларға бас-көз болып, бәрі де сол оқу үшін деп тыраштанып, осыларға көмекші болу ғой. Менің қорқатыным: қазір қоғамда, кейбір кітап оқымай өсіп келе жатқан өкілдердің кездесіп қалатыны бар. Құдай сондайлардан сақтасын… Әрі қарай өздері білер…– деп екі балаға кезек- кезек қарай беріп – барып  тоқтады.

— Әрине, келешек осы секілді кейінгі ұрпақтардікі ғой. Біз тек, тілекші болудан басқа не айтамыз.

— Кейінгі ұрпақтар үшін де… – деп қартты ол да қоштап қойды.

…Бұлар кафеден шыққан. Көшенің электр жарықтары да жана бастаған ба, қалай?! Әйтсе де, екі мың оныншы жылғы жаз маусымының соңғы күнінің түні, түнге ұқсамайтындай: өйткені, самаладай жарық баяу жылжыған төрт сұлбаны бойына сіңіріп бара жатқандай еді.   

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.