2010 жылы көршілерімен дауласып жатып, Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізді деген айыппен өлім жазасына кесілген Әсия Бибі есімді христиан әйелді бірнеше күн бұрын Пәкістан соты ақтаған. Бүгін Еуропарламент пен сотталушының адвокаты Әсияның қамаудан шығып, «қауіпсіз жерге» көшірілгенін айтты.

Адвокат Сайфуф Мулуктың сөзінше, Әсия Пенджаб провинциясындағы Мултан қаласының түрмесінен босап шыққан. Бірақ қауіпсіздігі үшін оның қазір қайда екені айтылмады. Алайда билік оның елден кеткенін жоққа шығарды.

Сегіз жылдан бері өлім жазасы кесілгендерге арналған жалғыз адамдық камерада отырған Әсия Бибіні ақтау туралы сот үкімі консерватив мұсылмандар наразылығын туғызған. Карачи, Лахор, Пешавар мен Мултан қалаларында кейбірінде — жүздеген, бірінде мыңдаған адам жиналған ереуілдер өтті. 

TLP ислам партиясының лидері Мұхаммед Афзал «мұндай үкім шығарған Жоғарғы соттың үш судьясы да енді өлім жазасына лайық» деген.

Агрессивті сипатта өткен наразылық біраз уақыт басылмаған соң Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан «Бұл істен саяси ұпай жинап, көбірек дауыс алғысы келетіндердің сөзіне ермеңіздер. Олар исламды қорғап жатқан жоқ. Әрекеттеріңіз шектен шықса, мемлекет өз азаматтарын қорғайтын шара қабылдауға мәжбүр болады» деп ескерткен.   

5 баласы бар Асия – пайғамбарға тіл тигізгені үшін сотталған бірінші христиан. Пәкістан халқының 1,5 пайызы – христиандар. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.