Көрнекі сурет

ӨРЛІК

әңгіме

Бақыт БӘЙТІБАЕВА. Өрлік
Автор Б.БӘЙТІБАЕВА

Ықылас қария күзгі жапырақтарға күрсіне қарады. Мәуелі ағаштардан үзіліп түсіп, жерге қонып жатқан сары ала жапырақтар өз өмірінің соңғы белесіндей болып көрінді. Бұның көңілсіз жүзін көмкергісі келгендей, жапырақтар қалықтай ұшып, үсті-басына қонады. Иығына қонақтаған жапырақтарды алақанымен ысырып тастап, Ықылас қария тау жаққа ұзақ қарады. Өмірінің еш мәнсіз өткеніне налиды іштей. Бұрындары, Мәскеуде оқып жүргенде, кейінірек ғылым жолын қуып, ғылым кандидаттығын қорғағанда бұдан бақытты жан жоқ еді әлемде. Ғылым атаулының түбін қопарып тастамаса да, докторлықты қорғап алды. Енді, міне, білдей профессор. Қазіргі тілмен айтқанда зейнеткер. Ара-тұра ғылыми  журналдарға мақала жазып тұрады. Онысының ешкімге керек еместігін де сезеді. Әйтеуір, өзін керексіз сезінбеудің амалы ғой. Қаламақы сұрап та әуре болмайды. Зейнеткерлікке шыққалы, ғылым докторын қорғап шыққан жылы қол жеткізген, қаланың қақ ортасындағы даңғарадай төрт бөлмелі пәтері де бұрынғыдай қуантпайтын болған. Қаңырап тұратындай көрінеді. Әлде, балалары ғылымды қуамыз деп әр жаққа кеткесін бе, болмаса өмірінің ыстық-суығын бірге көрген жұбайы болмағасын ба, әйтеуір құлазиды да тұрады. Табан тоздырып, әр есікті бір қағып әрең қолы жеткен пәтерін сатуға қимайды-ау, қимайды. Опера театрына таяу тұстағы, терезелерінен көкке шапшып, бала-шағаны мәре-сәре етіп тұрған бұрқақтары көрінетін, кезінде қызыл кірпіштен салынған пәтері қартайғасын ба, жанына медеу болудан қалғандай, бұрынғыдай жылулық сезілмейді. Бір ойы сатқысы келіп, енді бір ойы сатуға қимай, екі-ойлы жүріп, өткен жазда Медеуге жетер жолда орналасқан шағын үй алған. Бір жағынан, қартайған шағында ағылған көліктен шығатын газдың  уытына бөгіп тұрған қаладан қашқан түрі. Қашқанда қайда барады, сол, өзі ғашық болған, бүкіл өмірі өткен Алматының өр жағы ғой. Мұнартып тұратын тау жаққа  ұзақты уақыт қарағанды ұнатады. Қараған сайын ойды ой қуалап, санасы жүйткіп, бұрындары мойны жар бермеген алуан түрлі ойлар түйдектеліп келіп жатқаны. Бұрындары маңызды болып көрінетін ойларына қазір қараса, қаншалықты мәнсіз өмір сүргенін көреді. Сондай кездерде кеуде тұсы қысылып, ауа жетпей қалады.

Иә. Мұнша жасқа келгенде өмірдің еш мәнсіз өткенін сезіну қаншылықты ауыр екенін бұрындары білсейші.

Бала болды. Ел қатарлы мектепке барды. Қызыл галстук тақты. Пионер болды. Көсемді мадақтап өлеңдер оқыды. Комсомолға өтті. Топтың комсомол  жетекшісі болды. Сенімі мол еді. Өзінің дүниені қопарып тастардай, қажетті іспен айналысып жүргеніне сенімді еді. Бақытты еді. Әлде… бақыттымын деп ойлаған кезі ме. Жас еді. Аңғал еді. Бақыттың не екенін қайдан білсін сол кезде. Шынайы бақыттың. Ғашық болды. Жүрегі өрекпіп, ғашығын қаладағы ең көрікті,  хан сарайындай жарқырап тұрған  неке сарайына апарғанда бұдан бақытты жан жоқ еді ғаламда. Ұл-қыз тәрбиеледі. Тәрбиеледі ме? Жақсы тәрбие бердім деп ойлайтын бұрын. Әкелерінің жолын қуып, қызы да, ұлы да ғылымға бет түзеген. Екеуі де ғылым докторлары. Мақтаныш ететін. Шынайы мақтанатын. Шынымен де мақтануға тұрарлық іспен айналысты ма?

Ықылас жасаураған көздерін көк ала орамалмен сүртіп, көзілдірігін қайта киді. Өмір нәрі суалып қалғандай сезіледі кезіндегі жайнап тұрған, от шашып тұрған көздерінен. Қабақтары да түксиіп тұрғандай көрінеді өзіне. Иә. Өміріне риза болмаған адамның түр-түсі қайдан сүйкімді бола қойсын.

 Қарттықтың ауылы алыс болып көрінгенімен, денесінің шау тартқанын да біледі. Бұл — табиғат заңдылығы емес. Жәй, көңілінің шау тартқаны. Өмірінің құр бекер, зая кеткені. Өзін-өзі қаужай бергендікі.

Жылағысы келді. Бала кезіндегідей. Айқайлап, бар дауысын шығарып. Бірақ… бірақ… мәнсіз өткен өмірі кейін қайтып келер ме. Жан-жүрегінің қиналғанын сезеді. Жанының жылап тұрғанын сезеді. Өмірінің осымен біткені ме. Шынайы бақыттың дәмін татпастан кете бермек пе.

Көп ойланғандықтан, жағы суалып қалғандай көрінеді өзіне. Шаштары да әппақ. Тау шыңында орнығып, ери қойғысы келмейтін мұздақтардай. Таңертең, кешке тау етегін бойлай жүгіргенді әдетке айналдырды. Сырт қараған жанға ширақ болып көрінері анық. Бірақ… жанының қаусап тұрғанын қайтпек. Бар ма оған амал.

Күндегі әдеті осы. Тау бөктерінде серуендеп, ұзақты күн ойға кетеді. Балалық шағын есіне алады, жастық оты алаулаған кезді сағынады. Өз өміріне риза еді. Тағдырына риза еді. Бұндай  жетім баланың осындай дәрежеге жетуі қай заманда мүмкін еді.  Қиратқанда, бір байдың жалшысы болып жүрер еді. Арқасынан қамшы  табы кетпей, көзінен сорасы құрғамай, тойып ішер асқа зар боп өмірі өтер еді-ау. Осындай бақты әперген өкіметке риза еді. Шынайы, бар жан-жүрегімен риза еді. Сол өкіметке ақтық қаны қалғанша қызмет етуге әзір-тін. Ғылым жолын таңдағаны да содан. Жақсылық жасағысы келді. Ризалығын білдіргісі келді. Қомақты көмек беріп, ғылым жолын алға жылжыттым деп сеніп келді. Ғылымның асқар тауын қопарып тастамаса да, соның бір тасын домалатқанына риза еді. Сенімді еді. Хат танытты өкімет. Нан ұстатты қолына. Қалам берді. Қағаз берді. Қызмет берді. Пәтер берді. Өмірге қажеттінің бәрі өз-өзінен шешіле қалды. Төрт құбыласы теңдей көрінетін. Білсе ғой… білсе ғой соның бәрі алдамшы дүние екенін. Білсе ғой… Өзі жақсы көретін өкіметтің не бергенін саралағысы келді. Және… нені алғанын. Нені ұрлатқанын білгісі келді. Иә, иә. Ұрлатты. Нені? Бір түйсік осып өткендей болды санасын. Қалай бұрын сезбеген. Қалай бұрын байқамаған. Қалай бұрын назар аудармаған. Мұншалықты сезімсіз болар ма еді. Мұншалықты аңғал болар ма еді. Мұншалықты жетесіз болар ма еді. Мұншалықты  ақымақ болар ма еді.

Ықылас қарияның әппақ шаштары жауып тұрған иықтары селкілдей жөнелді. Шыдай алмады. Ұстамды сияқты еді. Соңғы рет бала күнінде жылаған. Енді, міне, әбден қартайғанда. Ықылас қария шыдай алмады. Әлдене жан-жүрегін осқылап, қан жоса етіп тырнап жатқандай сезінді. Еш қысылмастан, жоқтаудан бетер дауыстап, тау бөктерін жаңғыртып, өкси жөнелді. Иә, бұл жоқтау еді. Жоғалтқанын, ұрлатқанын жоқтау еді. Нені?! Оны әзірше түсіне алмады. Әйтеуір, әлденені, жан-дүниесінің терең түкпірінде орналасқан өте қымбатты дүниесін жоғалтқанын біледі. Бұрын-соңды бұндай боркеміктенбеген еді. Не болған? Уақыттың таянғаны ма? Адамдар қартайғанда өткен өміріне баға береді дейтін еді бұрындары. Есеп беретін кездің келгені ме.

Жылы киім берген өкіметі, білім берген өкіметі, әдемі жастық шақты сыйлаған өкіметі, тамаша қызметті берген өкіметі, туысқандардың  айттыруымен емес, сүйген адамына қосылуға мүмкіндік берген өкіметі, бір басына жетерлік дәулет берген өкіметі, шет ел асып, тайраңдамаса да, балаларын ертіп, қыдыртып қайтуға жағдай жасаған өкіметі, балаларын қанатының астына алып, оқу-білім берген өкіметі, аста төк ас-су берген өкіметі, бұның қуанышын молынан берген өкіметі, бұның жас өмірін мән-мағынаға толтырған өкіметі, сүйікті өкіметі нені ұрлады екен? Жетім баланың арман етуі мұң болатынның бәрін оп-оңай қолына ұстата салып, даңғарадай жол салып беріп, шаң жуытпастан, жетектеп, бір сатыдан екіншісіне жетелеген өкіметі нені ұрлап кетті екен.  

Қолынан жетектеп жүріп жеткізген, соңынан ерген жалғыз қарындасының жүрегі қалаған адамына қосылуына мүмкіндік жасаған өкіметі  неден айырды екен бұны? Бұрнағы заман болса, қанша ақылды болса да, мықтағанда бір кедейдің күпісін жамап өткізер еді өмірін. Кедей-кепшіктер елінде тұрса, бұның әке-шешесі де, ата-бабалары да, бабасының бабалары да жарлы-жақыбайлар болғаны анық. Жарлының қызы ел көзіне түсердей көрікті болса, мықтағанда бір бай қотыр қозы құрлы құнын төлемей, атына өңгеріп кете берер еді ғой. Бір бидің қызы болса жәрайды, келесі бір бидің бәйбішесі болып, ысқырып, елге әмірін жүргізіп отырған. Кедейдің қызын кім адам қатарына санаған. Қыз дейді-ау, кедей баласының Мәскеу артып, оқу түгескені былай тұрсын, салпақтап, бір байдың малын бағып, соның қол шоқпары болып,  іргеде тұрған шағын қалаға жетуі де мұң болар еді ғой. Кімнің сойылынан мерт болары да белгісіз сол заманнан құтқарған өкіметі неден айырды екен? Ақы-пұлын даулай алмайтын, қара танымай өтуден құтқарған өкіметі нені ұрлады екен? Әсем арман силаған өкіметі…

Қалай ғана айырылып қалды? Айырылғаны ғой, ұрлатып алса. Тек, нені?! Бұрын өмірдің қым-қуат ағынымен жүремін деп байқамаған екен, әлдебір қымбатының жетіспейтінін.

Иә, қымбат дүниесі. Атадан балаға мұра болып қалатын қымбаты. Ұрпақтан ұрпаққа берілетін қымбаты. Сатып алуға болмайтын қымбаты. Айырбастауға болмайтын қымбаты. Және… ұрлатуға болмайтын қымбаты. Қалай аталады бұл қымбаты? Тым болмаса атауын білсе ғой. Түр-түсін танып-білмесе де, атауын дөп басып айта алса, шіркін…

Ықылас қария күзгі селдей тоқтаусыз ағып жатқан көз жасын  сүрткісі де келмеді. Осы жаспен айыбын жуғысы келгендей. Осы жаспен күнәсін жуғысы келгендей. Өзінің алдындағы күнәсін, қрпақтарының алдындағы күнәсін. Тек, қалай аталады сол күнә?! Ет-бауыры мың бөлікке бөлініп жатқандай, қиналатыны несі? Қиналуға тұратыны ғой. Қымбатты, тым қымбатты  дүние болғаны ғой.

Етжеңді дене тұрпаты бір-ақ сәтте бір уысқа айналып шыға келгендей. Қорынудан, өз-өзіңнен жиренуден өткен сұмдық жоқ шығар.

Ұрпағына не айтпақ, өзі де білмей тұрса. Ұрпағына қалай бермек, мұра етіп қалдырарын өзі де тап басып айта алмай тұрса. Ұрпағының жүзіне қалай қарамақ, ұрлатқанын қайтара алмай тұрса. Бір ұрланған дүние қайта айналып келе ме? Әй, қайдам…

Ықылас қария мұнартып тұрған тау шыңына қарады. Маңғаздана керілген тау сілемдері бұның көңіл-күйін сезгендей, жұбатқысы келгендей көрінеді. Жанына пана болғысы келгендей көрінеді. Құшағына алып, аялағысы келгендей көрінеді. Өзіне шақырып, жылаған жүрегін дем бергісі келгендей көрінеді.

Ықылас қария орнынан тұрды. Медеуге, одан әрі Шымбұлаққа  жеткісі келді. Таппай жүрген жауабын асау да кербез сол бір биіктік білетін сияқты.  Таудың саф ауасы да жан жарасын жазғысы келетіндей, әжімге тола бастаған жүзін ептеп сипалап өтеді. Маңдайынан сипағысы келетіндей, қобырап кеткен шаштарын кейін ысырады. Әл кете бастаған аяқтары бағынғысы келмегендей, сонау биікке шақырған шыңдарға жеткісі келмегендей дірілдеп-қалтырайды. Үнемі қызып жүретін алақандарын да салқын ауа шаншып-шаншып өтеді.

Ықылас қария кеудесін кере тыныстады. Бойына қан жүгіріп, жан кіре бастағандай. Бағанағы боркеміктік біртіндеп шегіншектеп бара жатқандай. Бағанағы торыққан көңіл-күйдің де  тоз-тозы шығып жатқандай.

Қылтиып өске, бұның тізесіне әрең жететін  балапан шыршаны сипады. Шыршаның қуанғанын сезгендей. Балапанын қорғағысы келгендей алып шырша да жақын тұстан бой көрсетіп қалды. Ықылас қария жақындап, шыршаның  қылқаншалы бұталарына мұрнын тақады. Иісін-ай. Анау жерде өскен қайың да бұны өзіне шақыратын секілді. Неткен сұлулық. Іздегеннің жауабын бір білсе, осы сұлулық білер.

Ықылас қария аяңдап, тау бойымен көтеріле берді. Шаршағанын сезіп, біраз дамылдап, тыныстады. Бағанадан, қаланың көк түтініндей шудаланған ойы айқындала бастағандай.  Қас қарайғанша жүрсе, сергіп қалары анық. Асығатын несі бар. Тек, жауабын тапса болғаны. Табары анық. Анық.

Сылаңданған қайыңның қасына барып, әдемі иілген бұталарын сипады. Иә, сұлулыққа не жетсін. Қазір де, мыңдаған жылдар бұрын да осы сұлулық болған. Бола бермек. Барлық құпиямызды да осы сұлулық білер. Түсіне білсек болғаны. Тани білсек болғаны. Ықылас қария күлімсіреді. Өзіне ме, мына сұлулыққа ма. Әлде… әлдебір ой қан тамырында асыға жүгіріп келе жатыр ма. Бұны оятпаққа, жауабын таппаққа. Жауабын табары анық. Таудың салқын желі де сыбырлап өткендей. Не айтқысы келеді бұлар? Білетіндері анық қой. Қалайша бұрын-соңды тыңдамаған бұларды?

Ықылас қария денесінің аздап дірілдеп тұрғанын сезді. Салқын тиіп қалмаса нетсін. Жауабын таппай, ауырып қалуға болмайды. Үйге қайтуға асықты. Күн аяз болмаса да, пеш жағып, жылынып алу керек. Ертең келеді. Міндетті түрде естиді не айтқысы келетінін бұл таудың. Аяңдай басып үйіне қарай кетті. Әндетіп келеді. Бала күнінде естіген ән. Сөздерін ұмытып та қалған. Тек, әуені қалыпты есінде. Көңілдене бастағаны ғой. Көңілдене бастағаны. Яғни, тапқаны жауабын. Біледі. Тек, соны дұрыс сөзбен жеткізе білсе болғаны.

 Қария үйіне көңілді кірді. Әндетіп жүрып пешке от тамызды. Шәй қойды. Төргі бөлмеге кіріп, қос қабырғада тіреліп тұрған, еденнен төбеге дейін жиналған кітап толы сөрелерге қарады. Шет елде өтетін семинар, конференцияларға барса да, жәй сапарлай барса да алдымен  кітап  дүкендеріне бас сұғып, құшақ толмаса да, сөмкесін сықита толтырып кітап алып келетін әдеті бар еді. Көбісі  шет тілдерінде жазылғандықтан, кейбірін тырысып өзі оқып, кейбірін аударма арқылы оқып, ғылыми жұмыстарында пайдасы тиіп-ақ жататын.  Зейнеткерлікке шыққанда іріктеп, салалап, бір қабырға толы кітапты өзі дәріс берген университтің кітапханасына өткізген. Жастық шағын еске салады-ау, заман ағымына ілесе қалмайды-ау дегендерін қалдырған өзіне. Сөйтіп, өмір бойы жинаған, өмірінің мақтанышы болған ғылыми кітаптар бұл жолы алғаш рет қуанта қоймады. Мән-мағынасы жоқ бірдеңелер болып көрінді. Өзіне ғана маңызды, өзіне ғана мәнді болып көрінген екен. Ғылыммен айналыстым деп шынымен мақтанатын еді. Менделеев, яки Эйнштейн болмағасын, бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашпаса да, әлемдік ғылым атаулыға анау айтарлықтай үлес қосып, өмір сарынын басқа бір арнаға бұрарлықтай, ғылым біткенді қаусатпай, берік ұстап тұрарлықтай төрт тағанның бірі болмағасын, құр бекер қағаз кемірудің қаншалықты қажеті бар еді. Жұбайы да ғылымның бір пұшпағын илеумен өткен еді өмірден. Ғылым болғанда да қандай, ер-азаматтардың өздері кей-кейде жүрексінетін нейрохимия саласы. Қайран жастық шақ, түкке тұрмайтын әлденеге қор болған. Қайран өмір, жан-дүниесіне үңілуге мұршасы болмай  өткен. Қайран арман. Қайтып келмес уақытын, күш-қуатын, өмірлік қайратын құр-бекер зая кетірген екен.  Іштей мақтанушы еді ғалыммын деп. Қандай ақымақшылық. Балаларының ғылым жолын қуғанын мақтан тұтатын. Ессіздік деген сол. Ұлы да, қызы да ғылым докторлығын қорғағанда, төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалған қайран көңіл құнсызданған.

Ықылас мұнда көп бөгелмей, жүрек тұсын ұстап, бөлмеден шықты. Сүт қатқан қою шәйді асықпай ішті. Жұбайы кәмпит қосып, печеньеден тістеп, шәй ішкенді ұнататын еді. Енді, сопайып жалғыз қалғасын, жұбайының әдетін жалғастыруда. Зейнетақысын алысымен кәмпитке, печенье-вафлиге толтырып қояды дастарханын. Соларды жеп қарық қылмаса да, әйтеуір, жалғыздығын сезінбеудің амалы. Дастарханы тәттіге толып тұрса, жас кезінде бір көргеннен өзіне  баурап алған, қос бұрымына қайшы тигізбей өткен жұбайы қасында жүргендей сезінеді.

Иә. Білетін сияқты жуабын. Әрине, біледі. Өз бойында ғой. Бір түйір бидайдай болып жинақталып, жарыққа шағыр сәтін күтіп жатқан болар бойында.

Шығады ертең жарыққа. Өзі қайтарып алуға шамасы жетпесе де, балалары қайтара алар. Иә, солай, ұрпағының алдындағы күнәсі жуылады сонымен.

Ықылас қария дастарханның үстін газетпен жауып, аулада біраз жүріп қайтты. Қас қарайған екен. Жұлдыздар шыға бастапты. Әнебір жұлдыздан жұбайы сығалап тұрған шығар. Көңілінің босағанын білдірмей, қашанда қатулы қабақпен жүретін еді. Әнебір жұлдыздар шоғырынан бұның жетістігін мақтан тұтқан ата-бабалары қарап тұрған шығар.

Ықылас қарияның көзіне тағы бір жас үйірілді. Күрсініп үйге кірді. Шаршаған екен. Үзіліп қалғандай болған ойын жалғастырғысы келді. Иә, біледі жауабын.

Көзі ілініп бара жатып, әлдебір сөздің тіліне орала бергенін сезді. Бұрын-соңды ғылыми жұмысында қолданбаған, өмірінде ешқандай іске жаратпаған  бір сөз.  Санасының бір түкпірінен қылаң беріп, нәзік сәуледей жарыққа ұмтылады. Иә, тапты жоғалтқанын. Яғни, ұрлатқанын. Яғни, айырылғандай болғанын. Өрлік! Бабаларынан мирас болып қалған өрлік. Аш-жалаңаш жүрсе де, жауына алдырмайтын өрлік. Қара танымаса да елін қорғата білетін өрлік. Ғылыми атақ бермесе де, намысына қамшы бастыратын өрлік. Алатауды сыйғызардай, алып сарайдай емес қараша ғана үйді паналаса да, түтіні түзу шығатын сол қараша үйі тұрған жерін қорғататын өрлік. Өмірін мәнді ететін өрлік. Тігерге тұяғы болмаса да, ұрпағына мирас етіп қалдыратын өрлік. Шын бақыттың не екенін ұқтыратын өрлік. Бойына күш-қуат беретін өрлік. Сайын даланың еркіндігін сыйлайтын өрлік. Еркін өмірдің еркін ауасын кеудеңді кере жұтқызатын өрлік. Кең даланың құдіретін сыйғызатын өрлік.  Өмірдің құдіретін ұқтыратын өрлік. Шынайы өмірдің қасиетін сездіретін өрлік. Өр кеудеде бұлқынып, жалын атып жататын өрлік.

Жоғалтқанын тапты-ау. Ықылас қария күлімсіреп жатыр. Терең ұйқыға еніп бара жатып, күлімсіреп жатыр. 

Фото: rosphoto.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.