Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата кесенесіне жыл сайын келетін туристердің саны артуда. Архитектуралық кескіні ерекше кесене келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз. Мұнда қасиетті мекеннің құдіреттілігін сезінуге асығатындарға да қажетті жағдайлар жасалған. Соның нәтижесінде өңірде ішкі туризмнің дамуына жол ашылып келеді.

Шетелдік туристер «Қорқытты» көруге келеді

Жалпы Қызылорда дегенде, кез-келген адамның ойына Қорқыт ата келеді. YIII ғасырда өмір сүрген атақты күйші әрі қобызшы өзінен кейін мол мұра қалдырған. Сыр бойындағы Жанкент қаласында дүниеге келген ойшыл тұлға желмаясына мініп, мәңгілік бақыт мекенін іздегені тарихтан да белгілі. Осындай аңыз адамның құрметіне салынған кесененің бүгінде келбеті де ерекше.

Жалпы, аталмыш кесененің құрылысы 1980 жылы басталған. Тарихи нысанның бой көтеруіне осы кезде аудан әкімі болған Елеу КӨШЕРБАЕВ мұрындық еткен. Бастапқыда кешен бірнеше ескерткіштерден құралған. 1997 жылы қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан амфитеатр мен қонақ үй ғимараттары салынды. Сондай –ақ, 2014 жылы мемориалды кешенге облыстық бюджет қаражат бөлініп, реконструкция жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде стела, амфитеатр, қылует, музей және қошқар мүсінінен тұратын тұтас архитектуралық ансамбль қайта жаңғырды.

Қорқыт ата кесенесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан. Мұнда алыс сапарға шыққан жолаушыларды жиі кездестіруге болады. «Мемориальды кешенге келген адам ерекше күйге бөленеді. Қорқыт атаның қасиеттілігі сезіледі. Желді күні кешендегі қобыздан шыққан әсем күй жүрегінді баурап алады. Айналада орнаған тыныштық бір сәт қарбалас тіршілікті ұмытуға мүмкіндік береді. Сол себептен болар, жыл сайын отбасымызбен осында келіп тұрамыз. Кешен жанындағы зиярат ету орталығында түнеп, дұға –тілектерімізді айтамыз. Құран бағыштауға әрі намаз оқуға барлық жағдайлар жасалған», — дейді кешенге келуші Арман САНБАЕВ.

2000 жылы кешен жанынан Қорқыт ата дәуірінің мәдениеті мен тарихы жайлы сыр шертетін музей ашылды. Мұнда атақты қобызшының күйлері сақталған. Сондай –ақ, ғұламаның дүниеге келген жері – Жанкент қаласынан табылған экспонаттарды тамашалауға болады.

Шетелдік туристер «Қорқытты» көруге келеді

«Өкінішке орай, Қорқыт атаның өзі тұтынған заттары сақталмаған. Біздің музейімізде ол кісінің күйлері бар. Сондай –ақ, Жанкент қаласында жүргізілген қазба-жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер жетерлік. Екі басты қошқар мүсіні, барыс бейнесінде сүйектен жасалған бұйымдарды көруге болады. Керамикалық ыдыстар да өткен күндерден сыр шертеді. Жалпы, жылына мемориальды кешенді тамашалауға 16 мыңнан астам турист келеді. Олардың барлығы музей ішін аралап шығады. Келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз», — дейді музей экскурсоводы Айгүл БЕРМАХАНОВА.

Қорқыт ата кешені өткен жылы елімізде өз деңгейінде аталып өткен «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесінің саяхаттық бағыты ретінде белгіленген болатын. Осыған орай, кешен жанынан этноауыл ашылып, маусым – қазан айлары аралығында табысты жұмыс жасаған болатын.

«Халықаралық көрме кезінде кешенге 13 мыңнан астам қонақ келді. Олардың үш мыңнан астама шетелдік туристер болды. Бұл өте қуантарлық жағдай. Еліміздің абыройын асқақтатқан шара кезінде, біз де өз өңірімізді әлемге таныстыруға мүмкіндік алдық. Ендігі кезекте, кешенді әрі қарай насихаттау жұмыстары көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз. Ірі жобалар қолға алынатын болады», — деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Бағдат АЛИЕВ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.