Халықты жылумен, жарықпен қамтамасыз етуді міндетіне алған монополистердің қанаушылыққа жол беріп жатқанын Бас прокуратура Президент алдында әшкерелеп, бірқатарының «маскасын» сыпырғаны мәлім. Кеше ғана Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің жиынынан Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ бастаған осы саланың тарифіне жауапты жоғары шенділер желкесін қасып, шекесі терлеп, тізесі дірілдеп шықты деуге әбден болады.

Бас прокурор Қайрат ҚОЖАМЖАРОВТЫҢ пәрменімен 2015-2017 жылдар аралығында жылумен қамтамасыз ету тарифін есептеу заңдылығына тексеру жүргізуі нәтижесінде Шығыс өңірдің Семей қаласы, Глубокое және Ұлан аудандарында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған екен. Тексеру жүргізілгеннен кейін Семейде жылуды өндіру, тапсыру, бөлу және қамту бойынша тұрғындар үшін тариф 2,76 пайызға, Глубокоеда 5,51, Ұлан ауданында 1,83 пайызға төмендетілген.

Осыған байланысты нақты ақпарат алу мақсатында алдымен Семейдің «Теплокоммунэнерго» МКК-нің сайтын ашқанымызда «меңіреу тыныштыққа» тап болдық. Кәсіпорынға, оның қызметіне қатысты «Немного о нас» деп орыс тілінде көрсетілген мәліметтен өзге дым таппай дағдарып қалдық. Тіптен, «Біз туралы», «Пресс-орталық» (оның ішінде БАҚ біз туралы деп көрсетіліп тұрса да) «Экологиялық саясат», тіпті «Жалпы ақпарат» деп атауын баттита көрсеткен айдарлардың бастырмасына өткенімізбен, «басын көтерген» ешқандай ақпарат назарымызға ілікпеді. Әйтеу, бір бұрышынан бір байланыс телефонын тауып қоңырау шалдық. Мекеме қызметкері аты-жөнін, қай бөлім екендігін айтпастан, тарифтің төмендеуіне қатысты мәлімет алуды бухгалтериясына сілтеді.

Айтып айтпай не керек, прокурорлық тексеру шараларына қатысты жайды анықтау өте қиынға түсті. Неге екенін қайдам, «Теплокоммунэнерго» мекемесінің басшысы Асылхан ЖОЛДАСОВ тікелей сұхбат беруден басын ала қашумен болды. Қабылдау бөлмесіндегі хатшысы біресе сыртта жүргенін айтып жалтарса, енді бір хабарласқанымызда жиналысқа кеткелі жатқанын, енді болмаса, ертең хабарласқанда басқа орынбасары немесе басқа да мамандары жауап беретінін айтып басшысымен тілдестірмеуге барын салды. Жай ғана тарифтің төмендетілуі мен прокурорлық тексеру шараларының қорытындысын айтудан соншалықты жүрексінгені қайран қалдырды. Қайта-қайта дігерлеуден соң барып, осы мекеменің бас бухгалтері, сонымен қатар жоспарлау бөлімінің басшысы міндетін атқаратын Индира Талғатқызы  А. Жолдасовтың тапсыруымен «тілге келді».

-Бізде шілде айының соңында прокурорлық тексеру жүргізілгені рас. Бірақ, ешқандай заң бұзушылықтар табылған жоқ. Бәрі де қалыпты жағдайда. Ал бұзушылықтар анықталды десе, ол Бас прокуратура тарапынан облыстық антимонополиялық комитетке жүргізілген тексеруден кейін шығарылған қорытынды болса керек. Сол тұрғыда бізге тарифті төмендету жайында антимонополиялық комитет нұсқау берді. Сонымен биылғы 1 тамыздан бері жылу берудің 1 Гкал тұрғындар үшін қосымша құн салығымен алғанда 4020 теңге, 50 тиын. 2017 жылдың қараша айынан бері 4134 теңге 76 тиын болатын. Қосымша құн салығынсыз 3691,75 теңге болса, ал биыл 3589,80 теңге. Заңды тұлғалар үшін ҚҚС –мен есептегенде 7280 теңге, 37 тиын. Онсыз 6500,33 теңге. Қазіргі күнде Семейде жылуды 60 мың абонент тұтынады,-дейді И. Талғатқызы.

Осынау қарапайым ғана жауапты беру жайын бір-біріне сілтеп, тіпті, басшысы «жасырынбақ ойнаған» «Теплокоммунэнергодан» қазақ тілінде сұхбат бере алатын адам табылмағаны да қынжылтты. «Жас алаш» тілшісінің қазақша сұрағына орыс тілінде жауап берген бас бухгалтердің айтуынша, сайт жұмысын жөнге келтірер маман табу да қиын болып тұрған түрі бар. «Әзірге сайтты жақында ғана құрып, жай ғана қойып қойдық. Тарифтерге қатысты ақпараттарды негізінде антимонополиялық комитеттің немесе Энергетика министрлігінің сайтынан ғана ала аласыз» дейді И. Талғатқызы.

Демек, «Теплокоммунэнергоның» «Цифрлы Қазақстан» жобасына көшуі де жақын арада жүзеге аса қоймайды деген сөз.

Фото автордікі.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.