Көрнекі сурет

АЙМАН-ШОЛПАН

әңгіме

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ. Айман-Шолпан
Автор Н.САМАТҰЛЫ

«Шұғыла» кинотеатрының тұсына жарығын жарқыратып кеп тоқтай қалған машинаның көк жолағын көзі шалып қалып, жүрегі тас төбесіне шыққаны. Жалт бұрылып қаша жөнеліпті. Екі өкпесін қолына алып, қараңғылық бүркеген тал-теректің арасымен ышқына безді. Күнде шиырлап көзтаныс боп қалған жықпыл емес пе, бірер мәрте сүрініп құлай жаздаса да, кинотеатрдың сырт жағында сыңсып өскен қалың ағашқа қарай сұлаған жалғыз аяқ соқпақты жазбай танып келеді. Қалың ағашқа аяқ іліктірген бойда діңіне құшақ жетпес кәрі қараталдың түбіне тізерлеп отыра кетті. Алқынып қалыпты. Келген жағына алақ-жұлақ көз салып қойды. Соңына ешкім түспеген тәрізді. Тым-тырыс. Қол-аяғы дірілдеп бара жатқанын сонда ғана аңғарған. Осы ше… полициядан жа-м-а-ан қорқады. Зәресі зәр түбіне кетеді. Олар адам емес сияқты бұған. Құйрығымен жер сабалап тап беретін жалмауыз крокодил сияқты. Сояудай тісін ақситып, жерді дүсірлетіп жетіп келетін… Қазақша сөйлейтін крокодилдер өңшең. Өздері болса олардың аузына лақтырылған қауқарсыз қорқақ көжектен аумайды. Крокодил шіркін көжекті тістеп ойнай ма, аунатып ойнай ма, керек десе парша-паршасын шығарып шайнап-шайнап жеп қоя ма, өздері біледі.

Осы жазда, жоқ жаз енді шыққан кез екен ғой… соны ойласа тұла бойы қалшылдап қоя береді.

Жанында екі қыз бар, кинотеатрдың қарсы бетіндегі абажадай шамы жарқыраған әйдік бағанның түбінде әрнені айтып, жырқ-жырқ күліп тұрған. Қапелімде құйғытып кеп тоқтай қалғанын машинаның көк жолағын кеш аңғарыпты. Көліктен секіріп-секіріп түскен полиция сержанттары бұларды тырп еткізбей ұстады да алды. Қашуға да үлгертпеді. Тырыстырып киген мини-юбка адымын аштыра ма? Содан бері мини-юбканы шабадан түбіне тастаған. Бүгін де бұтына кигені шалбар.

Аудандық полиция бөлімшесінде шұбар бет капитан бұлардың бас-аяғына тінти көз салып қарсы алған. Капитанның крокодил боп көрінгені сонда. Өзін тажалға арбалған үркек көжек сезінгені де со кез. Іші мұп-мұздай боп, қолқа-жүрегі қалтырап кеткен-тұғын.

Капитан-крокодил міз бақпады. Тұқшиып тұрған қыздарды алақандай аларған көзімен ішіп-жеп бірауық отырды да:

– Дәкүментіңді әкел, – деп барқ етті шетте тұрған бұған шүйлігіп.

– Жоғалтып алғам. – Дауысы жердің астынан шыққандай өлімсіреп естілді.

– Өтірік айтасың! Кім атың?

– Шо… Шолпан, – деді тұтығып.

– Шын атыңды айт!

– Шын атым… сол.

– Өтірік айтасың! Көшеде неғып жүрсің?

– …

– Айт, неғып жүрсің?

– Жәй… қыдырып…

– Жәй, қыдырып! – Бұның сөзін кекесінмен қайталады. – Өңкей өтірікші. Түнде адам жәй қыдырып жүре ме? Мен не, түк білмейтін мақаумын ба саған? Сенің кім екеніңді айтайын ендеше. Сен жезөкшесің!

Бұл сонда «жезөкше емеспін» дей алмады. Қалай дейді? Бәрін біліп тұр.

– Дәл таптым, ә? – Өз сөзіне өзі мәз боп қарқ-қарқ күлді. – Сен қызды он бес күнге бичприемникке қамаймын. Қара да тұр.

– Ағатай, – деді де көзінің жасын көлдетіп жылап жіберді,– қамамаңызшы… ағатай… аяңызшы… жалынам…

– Не дейсің?! Аяңызшы дейсің бе? Жалынам дейсің бе? Ха-ха-ха! Күлкімді келтірмеш.

Бичприемникте жатып шыққан қыздың әңгімесі есінде. Қорқып, зәресі ұшқаны содан. Капитанның… жо-жоқ, крокодилдің шұбар беті көзіне бұлдырап әрең шалынған.

– Бұрын не жұмыс істедің?

– …

– Айт!

– Мектепте… – деді өксігін әрең басып.

– Соқ өтірікті! – Капитан алақанымен үстелді бір салды.

– Әннен сабақ бердім, ағатай…

– Әннен сабақ беретін апайсың, ә!? – Таңдайын қағып, басын шайқады. – Әй, сендер, – деп сержанттарға айқай салды, – сендер әннен сабақ беретін апайды әкелгендерің не? – деді мысқылдап. – Әнші болсаң, онда ән саласың! –  деді енді бұған бөкпен бетін бұрып. – Босатам сосын. Шын сөзім. Капитан өтірік айтпайды. Кәне, баста!

Бұл шұбар беттің қай мазағы екенін ұқпай, қатты дағдарған.

– Ал баста! Босатым. «Аспанға қараймынды» айт. Бір қызық болсын. Әй, лейтенант, кел кәнсерт көр!

Қайтерін білмей, булыға бөгелді.

– Айта салшы, Шолпан, – деді жанында тұрған Райхан сыбырлай сөйлеп. – Қоя берем деп тұр ғой.

– Ас-ас-пан-ға-а қа-қа-рай-мын… – Дір-дір еткен ерні ерніне жуыспады.

– Көңілді айт! – деп айқай салды капитан. – Міне, былай! – Барқырап өзі шырқап кетті. – Аспанға қараймын…

– Жұлдызды санаймын, – деп қосылды Шолпан дауысы қалтырап. Іші удай ашып бара жатты.

Шұбар бет тас еденге өкшесін қадап, тарсыл-тұрсыл биге кірісті. Сүзбеқаптай шайқатылған қарны игеруге келмей іркілдеген түрі жаман.

– Сен жоқсың, арайлым, – деді бөлмені басына көтеріп. – Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын! А-а-а!

Жанына билеп басып келіп, кеудесін мытып өтті. Төсі ауырып, жаны шығып кете жаздаған. Көзінен ытқып-ытқып жас парлады.

– Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын! А-а-а!

Арқыраған қалпы өзін лақ құрлы көрмей өңгеріп әкеткенде жүрегі тоқтап қала жаздаған. Ырс-ырс етіп дәліздің түкпір жағына апара жатыр. Крокодилге жемтігінің әлсіз бұлқынғаны қызық сірә, бірден қылғыта салмай, ағаш тапшанның үстіне ауната салған.

Түннің бір уағында мылжа-мылжа болған бөксесін әрең игеріп, жалдамалы пәтеріне қарай сүйретіліп кетіп бара жатты.

Таң бозарып атқанша көзінен жас тыйылмады сосын.

 

***

 

Ұйысып өскен қалың ағаштың қараңғы түкпірінен біреудің бері беттеген аяқ дыбысы құлағына шалынғанда жүрегі атқақтап, қорқыныштан ұшып кете жаздады. Құлағы тарс бітеліп, басы айналғандай түсініксіз хал кешкен. Лықсып кеп жанарына толып шыға келген жастан төңірек толқып ала жөнелді. Ойына бірден түскені Мәрияш айта беретін әлгілер… наша шегетін қояншықтар… Мәрияш көрген олардан көресіні. «Қолына бір түспе, түссең тындым дей бер. Өлгеніңе қарамайды екен… көздері көрмей кетеді екен» деп, бір күні олардың тұзағынан әрең босап, үйге көзінің жасы мөлтілдеп жеткен.

Жылыстап кетпек болып еді, әлі құрып, отырған орнынан қозғала алмады. Кәрі қараталдың қожыр-қожыр діңіне жабысудан өзге амалы түгесіліп, қайтерін білмеді.

Анау болса аткөпір жапырақты сылп-сылп кешіп жақындап қалды. Енді не болатынын ойлауға дәті бармай, іші жидіп бүкшие берген.

Бір сәт аяқ дыбысы сап тиылып, төңірек тынши қалсын. Қараса – тайыншадай төбет. Дорбадай тұмсығын көкке көтеріп, қарсы алдында маңқиып тұр. Жырым-жырым құлағы, тілім-тілім езуі талай қанды шайқасты бастан өткергенін әйгілейді. Шолпанның төбе шашы тік тұрып, төбеттен көзін айыра алмады. Арс етіп бас салар сәтін зәресі қалмай күткен-ді… О тоба, төбет шіркін бір кезде бұрылып алып, жөніне кетті. Артқы ақсақ аяғын шойнаң-шойнаң басады.

Тамағына кептеліп, тұрып қалған түйін ілезде тарқатылып, солқылдап жылап жіберді. Төбеттің өзіне тиіспей, жөнін тапқанына қуанғаны шығар, әлде көшенің қорлығы мен зорлығынан құтқарып, бір-ақ шайнап, жарып кетудің орнына, бұл саған аз әлі дегендей тірі тастап кеткеніне ызаланғаны ма, білмейді.

Сүйретіліп орнынан тұрды. Үсті-басына жабысқан шөп-шаламды керенау қағып, кинотеатрды айналып өтер жалғыз аяқ бетон соқпақты тапқан.

Көше жақта машина сирепті. Адам қарасы да азайған. «Сәлималар қайда жүр екен? – телефон шалмақ боп бір оқталды да, қолына алған тұтқаны қалтасына қайта салды. – Жатқан шығар, бір-бір клиентпен!»  

Көңілі жабырқау. Ылғи осы. Сонда да мүдәғасы жоқ жандай, жайраң қағып жүруге дағдыланған. Қабағыңнан қар жауып, түнеріп тұрсаң, саған жігіт жолай ма? Еркек атаулының есін алып, қапелімде шабынтып қоятын қай ұрғашының да күлімдеген көзі емес пе? Әйтпесе ұрғашыдан ұрғашының қай жері артық? Шыны бәңкінің көлемі әртүрлі болғанымен қақпақ жабар аузы бірдей дегендей…

Лап етіп өше қалар нәпсіні ауыздықтауға құдіреті жетпейтін еркектер өзімшілдікке келгенде өлермен-ақ. Олар үшін сен адам емессің, ақшаға сатып алған тірі ойыншықсың. Күйті келген бурадай ойындағысын орындап, олжасын рақаттана таптап тастамайынша тағат таппайды-ау. Әр ретте қирап қайтатыны содан. Бір қайран қалатыны – өңге дүниені ұмытып өліп-өшкен немелер, үстіңнен аунап түскен бойда, жаңағы бұзып-жарған арынынан айырылып, жалпылдаған жалынынан жұрдай болып шыға келетіні. Жынынан айырылып, мола боп омалып қалатын олардың бозарған көздерінен сол кезде өкінішті ғана көресің.

Соңғы кезде кинотеатрдың қарсы бетіндегі жаздық кафеден арзан арақ алып ішетін әдет тауыпты. Жер боп тапталған көңілін солай аулайды. Осы жаңа ғана бес бересі, алты аласы жоқ бұрын-соңды танымайтын адаммен, жаны қаламай тұрса да, тақым түйістірген жиіренішті сәтін аз уақытқа болса да ұмыттыратын осы кафе.

– Не ішесің? Шай әкелейін бе? – деді жанына жетіп келген даяшы қыз алжапқышының кең қалтасынан суырған қағаз-қаламын оңтайлап.

– Арақ әкелші, екі жүз грамм.

– Сосын тағы не әкелейін?

– Сосын болды. А-а-а, бір бәліш қоса салшы.

Арақ құйып әкелуге кеткен даяшы қызды күтіп отырып, көше жағалай өскен тал-теректің күз деміне тоналып, азып-тозған кейпіне назары ауды. Жырым-жырым боп сарғайып тозған дертті жапырақтар желге ұшып, бейберекет шашылып жатыр. Осында алғаш келгенде ағаш атаулы енді ғана бүршік ата бастаған-тұғын. Дақ түспеген балғын жапырақтары жап-жасыл еді-ау! Оңаша жалғыз қалғанда ойлап кетсе, не қилы оқиғаларға толы жаз да таусылыпты. Жаздан соң түскен мына күз тағы қандай теперішін тосады екен? Ойлағысы келмейді. Ойлап қайтеді? Бәрібір ештеңе өзгермек емес. Бүгін қалай болса, ертең де солай. Өзі де талай рет таланды. Өзгені де қан қақсатқан кезі көп. Ондайға бойы үйренген. Еті өліп кеткен. Жалғыз-жарым жаяулатып жететін жуас жігіттер бұларға жем. Мас болса тіпті жақсы. Ақшасын алдын ала төлетіп, пәтеріңе бастайсың. Қайдағы бір Құдай атқан қалтарысы көп қараңғы көшеге апарып, өзің түспей, әуелі әлгі сорлыны түсіріп, өзің сол келген таксимен қайқайып бір бересің. Нәпсісін тежей алмай ақыл-есінен айырылып келген әлгі албасты, солайша қараңғыны қармалап қала береді. Не болмаған бұл жерде, бәрі болған.

Даяшы қыз үстел үстіне мойнын қылқитып графин әкеп қойды. Шолпан оның қылқиған мойнынан қылғындыра ұстап, ыстақанға толтыра арақ құйды. Түбінен әлдене іздегендей үңіліп сәл отырды да, мөлдіреген бір жұтым сұйықтықтан өзге ештеңе жоғына көзі жетіп, екі саусағына қысып ұстаған ыстақанды аузына апарды. Танауын тыржитып, басын шайқап-шайқаған қойды. Сонан соң ғана біреу зорлап қоймағандай сыздықтатып іше бастады.

Кенет көкірегі кеңейіп, колледж бітірген кезін ойлағысы кеп кетсін…

«Ту-у, қандай күшті сол кез!»

Ал қазіргі өмірі… күндіз теміржол маңындағы індегеш-індегеш үйлердің бірінде тығылып жатып, түн баласы өріп шығатын жын-шайтанға ілескен қазіргі өмірі… Тіршілігі қас қарая басталып, қараңғыда көп жортқасын ба, жарықты да жатырқай бастайды екенсің. Күллі дүниенің тек қара бояудан ғана тұратын сияқтанатыны содан-ау! Қазіргі өмірінің сүгіретін салу қажет болса, аппақ парақты қазанның қап-қара күйесімен баттастырып бояй сал, сол жетіп жатар. Ақты қарамен бояу қандай тез. Түк қиын емес. Ең қиыны алуан-алуан бояуға малынған өмірді қағазға көшіру ғой. Алуан бояулы шаттыққа толы өмірге күйе түсіріп алмай, сол әдемі күйінде сүре білу одан да қиын.

Екінші ыстақанды бұл жолы үстел үстінен асығыс жұлып алып, шімірікпестен сіміріп салды…

 

***

 

Кафеден шыққанда байқағаны, көшенің қап-қараңғы екені. Шам атаулы түгел өшірілген. Өшсе, өшсін. Дүниенің жарығы неге тегіс өшіп қалмайды, маған десе.

Аялдама жанында қарауытып такси тұр. Таныс такси. Анада өзін орыс клиент сатып алғанда қонақ үйге жеткізіп салған. Тағы қашан мініп еді? Ұмытыпты. Әйтеуір бірер мәрте отырған. Былай жаман кісі емес. Әнебір жылмақай таксист сияқты аузына келгенін оттап мазаңды алмайды.

– Ағай! – деді терезеге жүзін тақап.

– Қайда барасың?

– Ешқайда. Танымай қалдыңыз ба? Такси таныс. Қарасам – сіз.

– Қайдан көргенімді ұмытып тұрғаным.

– Шынымен танымадыңыз ба? – Еркінси сөйлеп, ішке басын сұқты.

– Есіме түспей…

– Онда да осы арада тұр едіңіз. «Кәпірмен жатқанша, асылып өлгенің жақсы» деп ұрсып едіңіз ғой, – деп машинаға баса-көктеп отырып жатыр. – Ту-у, тізем талып кетті ғой. Сәл демалып алайыншы. Темекі шексе бола ма?

– Болмайт! – деп тыйып тастады таксист. – Өртейсің! Адал ақша тауып жүрген жалғыз көлігім.

– Қойыңызшы, а! Сонда біз ғой арам ақша тауып жүрген? Сіз білмейсіз менің жағдайымды.

– Қалай білмеймін? Білем. Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Сылтау – сол. Басқа не?

Шолпан өзінің колледж бітірген соң ұнатқан адамына тұрмысқа шығып, бақытты өмір бастай бастағанда қырсыққа қалай тап болғанын айтпақ боп бір оқталды да, онысынан тез айныды.

– Бәрібір түсінбейсіз, – деді терезеден әлдеқайда тесіле қарап отырып. – Жазықсыз сотталды. Күйеуімді айтам. Он жеті жылға. Тойдан қайтқан жындылар жақ-жақ боп төбелескен. Біреуі мертігіп өліпті. Соны Мараттың… күйеуім ғой… мойнына ілді де жіберді. Сосын түрме… мені жұмыстан қысқартты. Атам деректірге өгізше әбешайт етіп мектепке тұрғызған ғой. Деректірге бермек болған өгізше сотқа бұйырды. Бір тиын пайдасы жоқ адамды деректір қайтсын, сылтау тауып лақтыра салды. Не күйеу жоқ, не жұмыс жоқ, қалдық солай.

– Белгілі история, – деді таксист мырс етіп.

Шолпан оның бұл сөзіне ренжіп, үнсіз отырып қалды: «бұларға айт не, айтпа не, бәрі бір сорт» деп.

*****

…Аудандық білім бөлімінен беті қайтып, жабығып шыққан еді, станса басында Мәрияш ұшыраса кеткені. Оқуға бірге барып, түсе алмай қалған қыз. Бірінші емтиханнан-ақ тоңқалаң асқан. Алматы жаққа кеткенін біледі, кейінгі тіршілігінен хабарсыз. Жағдайы жақсы көрінеді, табысты сияқты.

– Алматыда жұмыс бар ма? – деді үміттеніп.

– Табылады, – деп жамың-жымың күлді Мәрияш. – Барасың ба?

Алматы көрмеген қаласы. Келді. Көрді.

– Ал енді не істейміз? – деп сұрады құрбы қызға үміттене қарап. Сенері де, сүйенері де жалғыз Марияш.

– Қайдан білейін. Іздеп көр.

Қайдан іздейді? Қалай іздейді? Білмейді. Мәрияш болса кеш түсе аттанып бара жатады, түн ауа сүлелеп шаршап оралады. Ақша әкеледі.

– Не жұмыс істеп жүрсің? – деп қызыға сұрайды бұл. Түнгі жұмыс табылса, тайынбақ емес.

– Соны сен білмей-ақ қойш.

– Айтсай.

– Кейін… кейін, – деп тайсақтайды Мәрияш.

Келесі бір түннен әндетіп көңілді оралды. Аузынан арақ иісі мүңкиді.

– Менің не істеп жүргенімді білгің келе ме, Шолпан? – дейді орындық арқалығынан қармап ұстап тұрып. – Айтайын. Шай әкелші әуелі.

– Ал айт, – дейді бұл шәйнекті үстел үстіне қойып жатып.

– Жұмыс вокзалда. Ал айттым. Қандай жұмыс деп сұрамайсың ба?

– Иә, қандай?

– Сауда істеймін!

– Не сатасың сонда?

– Мына өзімді сатам, – деп көкірегін сұқ саусағымен нығырлап нұқып-нұқып қояды. – Басқа не бар менде сататын?

Сенер сенбесін білмей Мәрияшқа аңтарыла қараған. Сенейін десе санасына сыймайды, сенбейін десе…

– Ақша тапқың келе ме? Ақша тапқың келсе, ер соңымнан. Апарам. Маған қарағанда жастаусың. Әдемілеусің. Өтімділеусің. Фигураң қандай!

Мәрияшты жаңа танығандай көзі бақырайып, басын шайқай беріпті.

– Ақыры қыз емессің. Марат келем дегенше қырықтағы қатын боласың. Соны ойла.

– Аштан өлсем де бара алмаймын, – деп Шолпан орнынан қарғып тұрды. – Сен не? Сонда мені сондайға алып келдің бе? Сондай қыз деп ойладың ба мені? Жо-жоқ. Одан да жолыма ақша бере тұр. Қарызға. Ауылға қайтам.

– Қайтсаң, қайт. Еркің білсін. Бір тиын ақшам жоқ саған беретін, – деді Мәрияш жайбарақат сөйлеп. – Бір түн шық, бы-лай ақша табасың. Сосын қайта бер. Әй, қатын-ай, бірақ мені айтып қойма ауылға.

Шолпан таң атысымен киім-кешегін сөмкесіне асығыс-үсігіс салып, үйден шығып жөнелді. Алдап әкелген Мәрияшқа да, алданып келген өзіне де реніші қатты. Көздегені теміржол бекеті. Ерсілі-қарсылы жосылған пойызда есеп жоқ. Соның біреуінен тізе бүгіп қана отырып баратын қуыс табылатын шығар деген дәмесі зор. Табанынан тозып жолсеріктен жолсерік қалдырмай жалынып-жалбарынғаны зая кеткенде, отыра қап еңіреп қоя бере жаздаған. Кешқұрым ұнжырғасы түсіп, қайда барарын білмей бекет басында ілмиіп тұр еді, Мәрияш тап болды.

– Мә-ә, әлі жүрсің бе, қайта алмай? Сен қыз ауыш болма, тілімді ал… мен қазір… – деп әлдеқайда асықты. Жөнеле беріп саусағын безеп қойды. –Тұр осы арада, тырп етпе.

Зымып жоғалған ол көп ұзамай ентігіп жеткен.

– Жүр, жүр тез, – деп асықтырды. – Крупный клиент. Қорықпа, өзім қатырам.

Ес жидырмай жетелеп ала жөнелген. «Барсам, барайын, – деген де ойға кетті Шолпан, – жолға жететін ақша берсе… тек бір мәрте… жалғыз мәрте ғана!»

Таксимен ызғытып отырып сән-салтанаты келіскен зәулім қонақ үйге тұмсық тіреді.

Сақалын дөңгеленте сәндеп қиған ұлты бөлек шал адам асықпай шешініп, үркіп тұрған бұны бауырына тартты. Шашынан сипап, құлақ түбіне қоңқақ тұмсығын тақағанда құлағына шаян кіріп кетердей тітіркенген. Үрей мен ұят екі жақтан қамап, өртеніп барады. У жалағандай қуырылған іші ыза мен шарасыздыққа толы.

– Не бойся, голубка. Сегодня мой день рождения. Семьдесят лет исполнилось. Мой младшие братья в качестве подарка привели ко мне тебя. А традиция не позволяет отказываться от подарков, – деді ол шегір көзін қадап.

Таңертең қонақ үйдің ұзына шұбақ дәлізінің арғы басынан Мәрияштың басы қылтиды. Жалға берген мүлкін алып кетуге келген түрі. «Қалай?» деп сұрап қояды жолда. Сұрағына жауап күтпейді. Бұның тілі кесіліп, естен тана жаншылып келе жатқанын жақсы біледі.

– Ақшамды бер! – деді бұл әлден уақытта ұйқысынан оянып кеткендей бас салып. – Пойызға билет алам.

– Бұл ақша жоқ саған. Неше күн тегін асырадым. Тағы бір түн шығасың. Сол ақша сенікі.

Мәрияшты жек көріп кетті. Ауылда болса ғой, жақсылап тұрып бетіне бір түкірер еді. Енді түкіру қайда, күні түсіп тұр. Сүйек дәметкен күшіктей соңынан салпақтап еріп келе жатқаны мынау. Көнбеске шарасы қайсы.

Екінші түн бұйырғаны жап-жас сүйкімді жігіт. Әйтеуір дөрекі емес. Бұған сүйген қызын аялағандай еркелете өпкені ұнаған. Бір мезет жігіт құшағына көмілген қалпы қалғып бара жатыр екен, жалаңаш анарын аялай ұйпап, алпыс екі тамырына от тамызып, тұла бойын қорғасындай балқытып жатқан өзінің Мараты боп сезілгені. Тасқын-селдей ақтарылған от-жалынның шарпуы тәніне ұнап, жанына жағып барады. Осы аңсардан айырылып қалғысы келмейді-ақ, жігітін тас қып құшақтап алған. Екі көзінен тамшылаған ыстық жаста тоқтау болсашы. Сағынышын, өкпесін, мұңын… бәрін-бәрін осынысымен білдіріп жатыр. «Кетесің бе тағы? – дейді ұйқысыраған күйі былдырлап сөйлеп. – Кетпеш! Тастамаш мені, ала кетші! Бірге барам. Қалмаймын сенен! Сүйем сені! Сен де сүйесің ғой, а-а! Айтшы? Сүйем деші!» Марат жауап қатпайды. Үнсіз. Неге үндемейді? Түрме ме тілін буып тастаған?

Селт етіп есін жиып алса, ләззаттың тәтті уын таттырып жатқан өзінің Мараты емес, атын да, затын да білмейтін мүлдем бөтен біреу. Лапылдап өртенген тәні ілезде суынып, итке таланған мысықтай бүрісті. Ол болса үріккен асау тайдай үстінен ырғып тұрып, апыл-ғұпыл киіне сала, бұны жалғыз тастап, алды-артына қарамай безіп жоғалды. Безіп жоғалса да сағынышын оятып кеткен бейтаныс жігітті жек көре алмады.

– Мынау түндегі жұмысыңа, – деп Мәрияш алдына тұтас он мыңдықты тастай салғанда да сол сезімге шөліркеп, әрі-сәрі жұмбақ күй кешіп отыр еді, ақшаға қолын созар-созбасын білмей сәтке аңтарылды. Мәрияштың сезім-пезіммен шаруасы қанша: – Әй, қатын-ай, маған серік боп әлде де жүре тұрсаң болатын еді ғой, – деп үгіттей бастаған. – Немене, ауылда жүрсең бір түнде осынша ақша табар ме ең?

Шолпан тұтас он мыңдықты жоғалтып алмайын дегендей алақанына қысып ұстаған қалпы заттарын жинастырып жатыр.

– Айтқан тілді алмадың-ау! Кел, онда айырылысар алдында «Шампанский» ішейік, – деді кереует астынан нән бөтелке алып жатып, – мен немене, жетіскеннен жүр ме екем вокзалда.

Осы жолы Мәрияшты шын аяды. Ұсынған бокалын кері қайтара алмағаны содан. Пойызға билет ататынын ойлап қуанғаны да бар, бокалды басына бір-ақ көтерді. Шарап уыты тұла бойына жайылған сайын кеше түн сезінген сағыныш ойына орала берді. Тағы бір мәрте татқысы кеп, ынтыға қалған өзінің осы қылығына өзі қайран. Шырын аңсаған көңілі өрекпіп, омырауы көтеріліп-басылады.

– Атаңның басына күліп отсың ба, сен қыз? – деген Мәрияштың кейіген сөзін елеген де жоқ. Нәпсісін қытықтап еліткен сезімді, бірақ  айта алмады. Сол жігіт тағы ұшырасардай дәмеленгені қызық.

Үшінші түн кездескені, алайда, ол болмай шықты.

Төртінші… бесінші… одан кейін де аспанға ұшып кеткендей ұшты-күйлі жоғалған.

 

***

 

– Бірінші Алматы жақ осы, – деп ренжіген таксист ойын бөліп жіберді. – Центрге қарай клиент шығуы қиын.

Шолпан тіл қатпады. Рұқсат сұрамай-ақ бықсытып шылым тұтытып жатыр.

– Қырсық шалған күн болды, – деді сосын күбірлеп. Таксист оған көзін көлденең тастап, иек қақты.

– Тағы не?

– Полисайдан қорқып, тығылдым да жүрдім.

– Значит басқа жұмыс табу керек.

– Не жұмыс бар мен істейін?

– Базарға бар. Сауда қыл.

– Сауда? Қорқам саудадан.

– Жұрт істеп жүр ғой.

– Қанша ақша керек екен оған?

– Екі жүз мыңдай жетіп қалар, бастауға.

– Банкрот болып қалсам қайтем?

– Онда қайтып келетін жерің бар ғой.

– Әлі біраз жүре тұратын шығармын.

– Жас өміріңді қор қып па?

– Өмір!? Қатырасыз! Мен баяғы мұғалім Шолпан емеспін. Мен басқа… жезөкше Шолпанмын. Өмірден өз орнын таба алмаған…

– Қой, айтпа өйдеп.

– Әй, енді маған бәрібір! – Торығып, қолын сілтеді.

Оң жақ беттегі жыпырлаған жер үйлер арасынан қараңдаған біреудің сұлбасы көрінді. Көше жағалап бері жүре түсіп, күткен біреуі бардай сексиіп тұрып қалды. Жүргінші ме деп үміттенген таксистің жағып-сөндірген жарығына шағылған жүзінен көше бикештерінің бірі екені аңғарылды.

– Өл-ә, – Шолпанның дауысы оқыс шықты. – Айман ғой мынау!

– Кім ол, Айман деген?

– Әпкем! Шелек жаққа тұрмысқа шыққан тетелес әпкем. Масқара! О да келген бе?

– Әпкең болса, шақыр бері.

– Қалай шақырам?! Ұят қой.

– Ұятың кеп қалды, ә? Шақыр. Әне, ол да жалғызсырап қорқып тұр.

Таксиске бір, көше бойлап теңселген әпкесіне бір қарап есі шыққан Шолпанда өң жоқ.

Теміржол бекеті жақтан орталықты бетке алып жылжыған көліктер көше бойлаған бикешке бір-бір тоқтап, көп аялдамай жөндеріне кетіп жатыр. Келісе алмаған, әлде ұнамаған. Тағы біреуі тізгін тартты. Көліктен түскен жігіт пен Айманның сөйлескен дауыстары құлаққа еміс-еміс естіледі.

– …бір сағатқа!

– Бес мың.

– Давай…

– Жоқ, бес…

Бір сәт шарт та шұрт ұстаса кетті. Айманды көлікке қарай күштеп сүйреп, әкетіп барады.  

– Тиісіп атыр, – деді Шолпан үрейленіп. Шыдамай тысқа атып шықты. – Әй!– деп айқайлап қалды. – Тиіспе оған! – Дауысы жарықшақтанып естілді. – Тиіспе! Полиса шақырам!

Анау қалт тұра қап, қолын босата сала шегіншектеп кетті.

– Айман! Бері кел! – деп дауыстады Шолпан олар қарасын батырар-батырмастан.

Бикеш өзін құтқарып қалғандарға қарай емпеңдей жүгірді.

– Шолпан! Шолпанбысың?!

– Мен ғой… мен ғой! Отыр таксиге.

Артқы есіктен ентігіп еніп жатыр.

– Нағып жүрсің жеті қараңғы түнде?

– Өзің нағып жүрсің?

Екеуі де сұраққа жауап таппағандай мұрындарын пыш-пыш тарта берді.

– Мына кісің кім? – деді Айман сәлден соң есін жиып.

– Таныс таксист, – Шолпанның қыстыққан дауысы әрең естілді. – Жаңа кафеден шықтым. Жұмыстан.

– Мен де кафедемін. Ыдыс жуам.

– Қай кафе?

– Ана жақта, – дей салды Айман иегімен сырт жағын меңзеп. – Алматыға қашан келдің?

– Бір апта болды.

– Ауыл аман ба?

– Аман ғой.

Осыдан соң екеуінің де сөзі таусылып, тым-тырыс бола қалды.

Көшені қиғаштай кесіп өтіп, тыста тұрған таксиске екі жігіт жақын келіп:

– Такси ма? – деді.

– Иә, такси. Не керек жандарыңа?

– Қыз керек еді…

– Әні, отыр екеуі. Бар да сөйлес.

– Қыздар халдерің қалай? – деді біреуі терезеден үңіліп.

«Халдің несін сұрайсың?» дегендей екі қыз жорықшы жігіттерді жақтырмай,  жаутаң-жаутаң қарасты.

– Саунаға заказ беріп қойып ек. Жүріңдер. Қанша керек, алдын ала төлейміз, – деді екіншісі сөзге араласып. Қыздар үрпиісіп бір-біріне жабыса түсті. Үн қатпады. – Неге үндемейсіңдер? Қорқып тұрсыңдар ма? Қорықпаңдар. Біз екеуміз ғанамыз. Басқа ешкім жоқ.

Шолпан оны дауысынан таныды. Өзін жезөкше деп қарамай, сүйген қызындай аялап өпкен, бір мезет өзінің Мараты боп сезіліп, сағыныш шырынын таңдайына тамызып кеткен баяғы жігіт. Содан бері бес ай, жоқ, алты ай уақыт өтіпті. Ұшты-күйлі жоғалып кетіп еді… Іші алай-түлей боп, жүрегі дүрсілдеп барады. Өзінің әркімге бір сатылатын мүлік емес, сүюуге жаралған әйел затынан екенін сезінгені – осы. Аузына сөз түспеді. Көзінен көзін ала алмай, телміріп қарап қалыпты.

Есесіне оларға өшіге қараған Айман:

– Құрыңдар әрі! – деп долдана бақырып қалды.

Содан соң сіңлісін бауырына басып, солқылдап жылап жіберді. Ботадай боздаған дауысы көшенің келесі қиырындағы Үкімет үйіне жетіп жығылып жатты.  

Фото: qamshy.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.