Көрнекі сурет

Сұлуға бауыр басқандар

Назым ДҮТБАЙ. Сұлуға бауыр басқандар
Автор Н.ДҮТБАЙ

— Маңғаз иә?..

— Тәкаппар…

— Сұлу болғасын  тәкаппар болмауға бола ма?..

— Кейде жаны жоқ сияқты.

— Қайдам?.. Мұныңа қосылу қиын, тереңірек үңілген адам табар.

— Үңілуге ниет болғанмен уақыт пен жағдай жетпей жүргендер қаншама…

— Жәй ғана жанарына қарасаң бір нүктеге тоқтамай қозғалады да тұрады.  Ағы мен қарасын айыру қиын. Тіпті оның жанарындағы толассыз қозғалыс сені өзінің қарқынына ілестіріп әкетеді. Бір уақыт байыз тауып жан-жағыңа байыптап қарауға мұршаң болмай, сол қарқынмен жүресің де қоясың. Кәдуілгі экранда операторлар күндізгі уақыт пен түнгі мезгілді қатар-қатар көрсетіп, біраз жылды еңсертіп тастайтыны секілді. Таң атса кеш батады.

— Сонда оның жанарынан жанын көре алмайсың ба?

— Көрсете қоймайды, ол. Оның бағасын білу үшін алыстан көз жүгірту керек

— Әрине, алыстағының бәрі қымбат. Нағыз сұлу оның жанында жүрсең де қымбат болуы тиіс емес пе?

— Сұлудың жанында жүргендер кейде оның сұлулығын көре алмай қалады. Көзі үйренеді яки басқа жаққа барса да осы сұлулықты көрем деп ойлайды.

— Маңғаздығы мен тәкаппарлығына да үйренеді деп ойлайсың ба?

— Әрине, тіпті дәл осындай маңғаздық барлық сұлуға тән деп ойлауы   мүмкін. 

— Маңғаздық, тәкаппарлық, сұлулық болған жерде мейірім мен қатігездік те бар шығар. Оны қайда қоясың?..

— Рас. Мейіріміне шомасың, қатігездігін кешесің. Етің үйренеді. Оның қатігездігі қанша адамның жолын кесіп, қанша адамды адастырса да кешесің. Өйткені сұлудың  өз талабы бар. Талабына көнсең көндің көнбесең, жолың ашық.

— Сонда осы сенің сұлуыңның қасындағы  миллиондаған адам оның талабынан шыққандар ма?

— Е, жоға! Оның қасында талабына көне алмаған, үдесінен шыға алмаған, өз өміріне көңілі толмайтын қаншама адам бар. Бірақ бәрібір бақытты.

— Өзіне өзі көңілі толмаған адам бақытты болушы ма еді?

— Болады. Тіпті сол сұлудың қасында жүргендердің көбі оның сұлулығын жыға танымай-ақ, анық көрмей-ақ, нарқы мен парқына бойламай-ақ  тамсана береді.

— О, несі-ей?

— Оның аты бауыр басу…  Егер сен біреуге бауыр бассаң оны жаны жоқ деп ешқашан айта алмайсың…

— Әрине! Қазақ қалаға бауыр басқалы қашан!..

Фото: baribar.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.