Көрнекі сурет

КЕШ СҰРАЛҒАН КЕШІРІМ

новелла

Әсем ЖҰМАҚАН. Кеш сұралған кешірім
Автор Ә.ЖҰМАҚАН

Мұнараның дәл шетіне жақындап, төмен қарадым. Тым биік екен. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Өлуге бекінгеніммен, өмір мен өлім арасын шекара етіп бөліп тұрған шатырдың жиегінде екі ойлы тұрмын. Биіктіктен өзімді тастап жіберуге бата алар емеспін. Өзгелер қалай ойланбастан секіріп кетеді екен? Мәнсіз-мағынасыз өмірді жалғастырғанмен, бірақ мен бейбақ не бақыт, не қуаныш таба аламын мына жалғаннан? Жанашырым жаңа ғана жан тапсырды. Онымен бірге менің де тәнім рухсыз қалғандай. Жан айқайымды естіртіп егіліп жылағым келді, айқайлап та жібердім… Лезде артымда бейтаныс адамның дауысы шықты.

– Қанша бекінсең де секіре алмайсың! – деген сөзін естіп, артыма бұрылып қарадым. Бір жас жігіт екен. Үндемедім. Ұшуға бекінген құстай екі қолымды жазып, көзімді жұмғаным сол еді жігіттің дауысы тағы да естілді. Осы жолы, ол тоқтаусыз күлді.  Ызаға булықтым.

– Өлгісі келіп тұрған адамға күлгенің не?

Ол лезде езуін жиып, жүзіме таңырқай қарады. Өз-өзіме қол жұмсауға шынымен бекінгенімді түсінсе керек.

– Қандай ақымақсың! Алла пендесінің жанын уақыты жеткенде ғана алады. Секіргенмен дәм-тұзың таусылмай, арбаға таңылып, мүгедек болып я төсек тартып жатып қалуың мүмкін ғой. Осы мұнарадан секіргенмен, жерге жеткенше  мың рет өкінесің. Сонда бар мәнін жоғалтты деп ойлаған өмірдің қаншалықты тәтті екенін түсінесің. Бірақ ол кезде бәрі кеш болады.

Жігіт «Түс» деп қолымнан өзіне қарай тартқаны сол еді, аяғым тайып құлап кеттім. Қателескенімді енді түсіндім. Өмірден қанша баз кешсе де, адам жаны тәтті екен. Жаңа ғана батыл кейіптен танбаған мен қолымнан ұстап тұрған жігітке құтқаруын сұрап: «Жіберме! Құдай үшін жібере көрмеші!» – деп жалындым.

Жігіт көп қиналмай-ақ көтеріп шығарып алды. Алайда, жүрегім дүрсілдеуін тоқтатпады. Өлім аузында тұрғанда өмірге өзгеше қарай бастайды екенсің. Өліп қайта тірілгендей күй кештім. Ал жігіт болса ащы мысқылмен қайта күлді.

– Сонымен райыңнан қайттың ба әлде қайта секіресің бе?

Сөзге келе алмай, «жоқ» деген ишара білдіріп, басымды шайқадым.

­- Жассың ғой. Өз-өзіңе қол жұмсайтындай не көрінді? Баяғы махаббат хикаясы шығар?! – деп, қыздың дауысына салып: – «Мен оны сүйген едім. Ол мені басқаға айырбастап кетті» десеңші?!

— Жоқ, мен ешкімді сүйген емеспін. Махаббат та мен үшін бейтаныс дүние. Жақынымның қазасы осы қадамға себеп болды. Кең дүниеде жалғызсырап қалдым. Жігіт үшін жан қияр қыздардың қатарынан емеспін. Ал анамның орнына мен өліп кетсем арманым болмас еді, – деп еңіреп қоя бердім. Көп ұзамай жасымды тыйып, өксігімді тез бастым. Көздің жасы таусылғанмен, жүрегім қан жылап тұрды.

— Иманды болсын! Анаң неден қайтыс болды? Әкең бар шығар? Оны қалай жалғыз қалдырмақсың?

— Сұм өмірдің осы күнге дейін көрсетпеген қайғы-қасіреті жоқ. Дүниенің бетіне жәй ғана түрлі-түсті бума қағаз жабыстырылғанын, оны алсаң, шынайы, бет-бейнесі көрінетінін мен 1 жыл бұрын ғана ұқтым. Әкем 7 жасымда қайтыс болды. 5 жылдан кейін анам басқа ер адамға тұрмысқа шықты. Өгей әкем де жаман емес еді. Алайда, ол да көп ұзамай о дүниеге аттанды. Оған бірақ өзім кінәлімін.

— Қалай?

— Менің бір жылдық өмірімді, бастан кешкен ауыртпашылығымды түгелдей тыңдамақсың ба?

— Неге тыңдамасқа? Сыр шертетін досың болайын. Айтсаң тыңдауға әзірмін.

Осылай мен өз өмірімнің бар сырын жаңа ғана танысқан, алайда өлімнен құтқарып, өмір сүруге деген құштарлығымды қайта оятқан жігітке бір жыл бұрыңғы болған жайтты баяндай бастадым.

Бір жыл бұрын

Әдеттегідей мектептен қайтып келе жатқанмын. Орта жолда сыныптас құрбыларым кездесіп, кешкі би кешіне шақырды, мен қуана келістім. Анамнан сұранып едім, ол да қарсы болмады. Тек өгей әкем жұмыстан оралғанша үйге келуімді өтінді. Алайда,  кешке барған соң оның бәрін ұмытып кеттім. Сағат  тілі кешкі 9-ға таяп қалған. Құрбыларыммен қоштасып, қайтпақ болып едім, «Кеш енді ғана басталды. Асықпа! Қазір клубқа барамыз», – деп қолымнан сүйрей жөнелді. Бұған енді, шынымен-ақ, келіспеуім керек еді. Өзімді жайсыз сезініп, достарымнан сытылып, қашып кетуге тырысқаным бір бөлек, бізбен барған сыныптас жігіт Айдар араққа сылқия тойып, біреумен жанжалдасты. Милиция қызметкерлері келіп, барлығымызды машинаға тиеп алып кетті. Көп ұзамай учаскіге өгей әкем де келді. Достарымның сиқын көріп әрі милиционердің «бұзақы», «шеккен», «түнгі клубта болған» деген сөздерін естіп ашуға мінді.

— Мен сенен үміт күтіп жүрсем. Ал сенің жүрісің мынау. Жалғызым деп жанымнан артық көруші едім. О, Алла, сабыр бере гөр! Отыр тез көлікке! Енді ісім сенімен болсын!

Мен ұяттан жірге кіріп кетердей болдым.  Қызарып, сұрланып мылқау адамдай үнсіз көлікке отырдым. Ақталарға бет жоқ. Арақты татып аузыма алмасам да, достарымның қателігі үшін мені тергеп, ұрсатынын сездім.

— Іңкәр, сен мені ұятқа қалтырдың. Не істеп жүргеніңді түсінесің бе? Бала емессің бе әлі. Қайдағы түнгі клуб? Жасың 18-ге толмаған. Ол жаққа қалай кіріп жүрсіңдер? Адамның өзі қандай болса, досы да сондай. Досты дұрыстап таңдай білу керек. Оларға қарап, адамдар саған баға береді.

– Әке, тыңдаңызшы…

– Сені тыңдаймыз, талап-тілектеріңді үнемі орындаймыз, еркелігіңді көтереміз. Бірақ соның бірін де бағалап жүрген жоқсың. Қалай ренжімеймін, айтшы? Өз дегеніңді ғана істеп келесің. Мектептегі үлгерімің төмен, достарыңның сиқы мынау, пианино үйірмесіне баруды қойдың, күні бойы телефонға тесілесің де отырасың. Қашан саған ақыл кіреді?

– Мен пианинода ойнағым келмейді. Ол анам екеулеріңіздің армандарыңыз. Мектептегі бағаларыма да ұрыса бермеңіз. Сіз менің туған әкем емессіз. Маған ұрысуға хақыңыз жоқ!

– Мен саған туған қызымнан кем қарап жатқан жоқпын, – деп ашуланып кетті.

–  Сіз менің әкем емессіз және ешқашан бола алмайсыз.

–  Іңкәр!

–  Мені де, анамды да жақсы көрмейсіз! Анама ақша үшін ғана үйлендіңіз!

–  Жетер!

–  Жоқ жетпейді. Білесіз бе, сіздей әке болғанынша болмағаны артық.

Осы сөзді айтуым мұң екен. Бағдаршамның түсіне қарамай, көше қиылсына келе жатқан жүк көлігіне соғылдық.

Ауруханада есімді бірақ жидым. Біраз уақыт ес-түссіз жатыппын. Ояна сала, қасымда жылап отырған анамды көрдім. Басым қатты ауырып шыдатпай барады. Бірақ бірер минут өтер өтпесте әкеммен жанжалдасып қалғаным, жол апаты болғаны есіме түсті. Жан ұшыра әкемді сұрай бастадым. Сұрауым мұң екен, анам одан бетер көз жасын көл қылып жылап жіберді. Әкем ауруханаға жетер жолда қайтыс болыпты. Өкініш өзегімді өртеді. Мен… мен бәріне кінәлі… Анашым, қайғы-мұңыңды сейілтіп, көңіліңе көктем әкелген бақытыңды көп көргенім бе, бұл?! Енді қайттім?!

Медбике тынышталуымды қанша сұраса да, ешкімге көнбей, айғайлап тоқтаусыз жыладым. Ақыры дәрі салып ұйықтатып тастады.

Келесі рет көзімді ашқанда қасымда ешкім жоқ еді. Мүлгіген тыныштық. Сағат түңгі 11. Анда-санда дәлізден адамдардың жүрген дыбысы естіледі. Кенет есік ашылып, дәрігер кірді.

– Жағдайың жақсы ма, Іңкәр? Ертең томография жасаймыз. Жол апатынан миға зақым келуі мүмкін. Анаңызды да тексерістен өткізу керек сияқты. Бойынан сырқат белгілерін байқадым. Егер күдігім рас болса… Бірақ сен қорықпа. Бәрі жақсы болады. Алайда анаңды қатты уайымдатсаң, денсаулығына әсер етуі мүмкін. Жаңа сонша байбалам салып, аурухананы басыңа көтергенін не? Анаңды одан бетер қинап жібердің. Соны ескертіп қояйын дегенмін. Тірі қалғаныңа шүкіршілік ет!

– Өлгенім артық еді. Әкем қайда? Оны соңғы рет көргім келеді.

– Ол қазір моргте.

– Мені сол жаққа апарыңызшы. Соңғы рет жүзін көріп, қоштасып кетейін.

Дәрігер біраз ойланып тұрды да, рұқсатын берді.

Өлі болса да, өгей әкемнен кешірім сұрау үшін моргке бара жатырмын. Дәрігер сүйемелдеуге талпынып еді, қолын сырып тастап өзім жүрмек болдым. Алайда әлсіз денемді алып жүру оңайға соқпады. Моргке жақындаған сайын бойым мұздап, аяқ-қолым дірілдей бастады. Ал әкемнің жүзін көргенде мүлде есімнен танып, жығылып жерге құладым. Бар күшімді жинап орнымнан қайта тұрдым да, әлдеқашан жансыз қалған өлі денесін құшақтап, көз жасым күнәмді жуып-шаярдай жылай бастадым.

– Кешіріңізші мені! Мен де сізді туғанымдай жақсы көріппін. Қадіріңізді енді ғана түсінгендеймін. Балалықпен, бойымды кернеген ашу-ызамен айта салған сөзім жүрегіңізге ауыр тиді білем. Және ең өкініштісі, менің аузымнан естіген ең соңғы сөз сол болды, әкешім.

         Сол сәтте жол апаты қайта көз алдымнан өтіп, өзімнің айтқан сөздерім жаңғырық болып құлағыма естілді. Екі қолыммен құлағымды жауып, «Жоқ… мен бұлай айтқан жоқпын. Анам мені кешірмейді. Мен адам өлтірдім. Кешірілмес күнә істедім», деп кеудемді соғып, өз-өзімді табалай бастадым. Бірақ бәрі кеш еді. Енді ол ешқашан қайтып келмейді. Әке орнына әке болуға тырысқан мейірімді жанның қадірін осы кезде ғана түсінгендеймін. Анам тұрмысқа шыққанда, оны өмір бойы жек көріп өтуге ант-су ішкенмін. Маған төккен мейіріміне ешқашан оңды жауап берген емеспін. Бірақ одан да үлкен күнәға бардым. Мен оның өліміне себепкер болдым.

         Ертеңінде анам екеуміз тексерістен өттік. Анамның өңі қашып, қатты сырқаттанып қалыпты. Жылай-жылай екі көзі домбығып, ісіп кеткен. Осының бәріне кінәлі екенімді қалай айтарымды білмеймін, тек кешірімі жоқ ауыр айыптан арыла алмаған кеудемді көтеріп, бір ауыз сөз айтуға дәрмен жоқ. Бар тілейтінім жанымды берсем де бұл ауыр азаптан құтылу. Сол тілегім қабыл болғандай. Түскі асымды ішіп, палатаға бара жатқан сәтте, саңылау болып ашылған есіктен анам мен дәрігердің сөйлесіп отырғанын көрдім.

– Қызыңыздың миында қатерлі ісік бар. Қайта, бастапқы кезеңі екен. Қолдан келген шараны жасаймыз. Дәрілер жазып беремін. Егер ісік қайтпаса, ота жасап, алып тастаймыз. Денсаулығыңыз онсыз да сыр беріп жүрген секілді. Қайта сау болып шыққаныңызға таңқалдым. Жүрегіңіз айнып, көзіңіз қарауытқанына әрі бұның жиі қатайланатындығын айтқанда, сізде ісік бар ма деп ойлағанмын.

– Күйеуімнің топырағы кеппей қызымды да қара жерге тапсырсам, жападан жалғыз кең дүниеге қалай сыймақпын? Орнына мен-ақ өлейін. Тек қызым ауруынан айықса екен.

Анам көз жасын тыя алмай, жанын қорға жер таппай отыр. Ал мен алғашында жүрегім селк етіп шошынғаныммен, жасаған күнәмнің жазасы деп қабылдап, өлімге мойынсұндым. Бұл жақсы шығар. Себебі өзіңді қылмыскер сезініп өмір бойы қиналып өмір сүргенше, өлгенім дұрыс.

Бастапқыда осылай жеңіл қабылдағанмен, барған сайын өмір тәтті көріне бастады. Анам ауру екенімді айтпай, дәрілерді «миың шайқалыпты» деп алдап ішкізіп жүрді. Тіпті, дәрінің қораптарындағы жазуларды көргенім де жоқ. Көрмесін, білмесін деп тығып тастапты. Менің сол кезде-ақ бәрін естіп алғанымды қайдан білсін.

Байқұс анашым! Қалай жалғыз тастап кетемін сізді? Өлімді еске алған сайын өмірге деген құштарлығым арта түсетіндей. Махаббатың балына қанып, үйленіп, ана болу бақытын иеленбедім, немеренің маңдайынан сүйіп, құшағыма алмадым, жүзіме әжім түсетін жасқа да жетпей кете бармақпын. Ойлап отырсам, осы күнге дейін ата-анама қуаныш пен бақыт сыйламаппын. Өз қара басының қамымен ғана өмір сүрген адам екенмін.

Далада көктем. Ал менің жан дүниемде суық ызғарлы қыс мәңгіге қалып қойды. Өкінішті-ақ, өзенді ағысқа қарсы ағыза алмағандай өткенге қайту да, оны түзеу де мүмкін емес. Егер адам әр арайлап атқан таңды өмірінің соңғы күніндей қабылдар болса, барын бағалап, қателікке жол бермей, бақытты да баянды ғұмыр кешеді. Осыны мен тым кеш түсіндім. Өмір сүргім келеді… Күн өткен сайын ажалға бір табан жақындап келемін. Бірақ жақындарымды соңғы рет көріп тұрғандай бойымды билеген қорқыныштан арыла алмадым.

***

Анам тағы да есінен танып қалды. Мен үшін алаңдап, қанша күннен бері дәм татпай, арып-азып кетті. Бұдан ары қарай науқас екенімді жасыру мүмкін емес еді. Содан бір ай өтер-өтпестен маған ота жасалатын күн белгіленді. Ертең мен мәңгілік ұйқыға кетпекпін. Айнаға қарап өз-өзіммен қоштастым да, бала күнде найзағайдан қорқып анамның қасына жатқанымдай бүгін соңғы рет құшағына кіріп ұйықтамақ болдым. Ананың құшағы қашан да ыстық. Ернім жыбырлап қана «Анашым, мен сені жақсы көремін» дедім. Анамның жанарынан аққан жас денемді жуып кетті. Одан бетер қысып құшақтай түсті де: «Ешкімге бермеймін сені. Әзрейілдің өзі келсе де құшағымнан босатпаймын, – деп бар күшімен қысып, бауырына тыға түсті. –  Алла, жалғыз құлынымды көп көрдің бе? Неге, Құдай-ау, неге… неге менің Іңкәрімді аласың? Менің-ақ жанымды алшы. Тек жалғызымды ала көрмеші», деп жалынды. Осы түнді екеуміз де ұйқысыз өткіздік. Тек таң ата көзім ілінгені сол еді, будильник шырылдап қоя берді. Өшірейін деп қолымды соза бергенімде анам ұйқылы ояу құшағына қатты қыса түсіп, жібермей қойды. «Құдай-ау, ана, бұл Әзрейіл емес жәй будильник қой», деп, құшағынан босандым. «Осы сәт ешқашан бітпесе екен, сағат тілі тоқтап қалса екен, мәңгілікке осылай анамның ыстық құшағынан босанбай жата берсем екен», деп тіледім.

         Терезеден күн шығып келе жатқаны көрінді. Шуақты күн қараңғылықпен күресе, аспанды қызыл арайға бояп, көкжиектен көтеріліп келеді. Шіркін, әлі де өмір сүрер болсам, осылай арайлап таң атар ма еді өмірімде?! Қайғыдан кейін бақыт қол бұлғап қарсы алар ме еді?! 

         Міне, операция бөлмесіне кіріп барамын. Қолымнан тас қып ұстап алған анам мені жібергісі жоқ. Егер дәл бұлай өлетінімді білгенде күн сайын, тіпті, сәт сайын өзіңді қалай қатты жақсы көретінімді айтар едім. Сіз дүниедегі ең жақсы анасыз.

Я, Алла, тағы бір күн … тағы бір күн өмір сүре тұрғанымда ғой. Қателіктерімді түзеп үлгермедім, анамның үмітін ақтай алмадым. Бар үлгергенім өзгелерге қуаныш орнына қайғы-мұңға батырып, өз жанымды аямай, уақытымды бағалаймай, құлшылық орнына күнә арқаладым. Әке, мен анамды тастап жаныңа бара жатырмын. Кеше гөр мені, ана, кеш!!!

         Жалпы жансыздандыру дәрісін егіп, дәрігер кері санай бастады. 10, 9, 8, 7, 6… ары қарай есімді білмеймін.

***

Кенет қайта ояндым. Айналам жасыл желекке оранған жазық дала. Алыста сағымдай болып анам елестеді. Бірақ қасыма жақын келмейді де үнсіз мұңайып әкемнің қолынан ұстап кете барады. Сол сәтте қара дауыл тұрып, жасыл желегімді сарғайған сары жапыраққа айналдырып жіберді. Қараңғы түнектен шығарға жарық сәуле таба алмай адасып жүріп оянып кеттім.

         Көзімді ашсам ауруханада жатыр екенмін. Басым да тілінбеген. Анам да қасым да жоқ. Еш нәрсені түсінбей палатадан шыға бере таныс дәрігер мен медбикенің ұрысып жатқанын байқадым. Дәрігер:

 – Қалай томография қорытындысын шатастырып алуға болады? Қайда қарап жүрсің? Жұмыс уақытында кім арақ ішеді? Жеткен жерің осы, адам өлтіріп тыңдың. Енді ота жасағанға да кеш. Ай, Жанар-ай! Не бүлдірдің сен? Іңкәр өзі емес анасы ауру екенін білген соң қайтпек?

Бұл сөзді ести сала қастарына жүгіріп бардым да дәрігерді жұлқылай бастадым.

– Не деп тұрсыз? Анам қайда? Не істедіңіздер оған?

– Сен емес анаңның басында қатерлі ісік бар екен. Мен кінәлімін, қайтадан тексеруім керек еді. Алғашқы томография қорытындысын Жанар ауыстырып алыпты.

         Ары қарай не айтқаны, медбикенін аяғыма жығылып, жалынып-жалбарына кешірім сұрап жатқаны әлсін-әлсін ғана есімде. Қайғылы хабарды көтере алмай көзім қарауытып, есімнен танып қалыппын. Кейін барып білдім. Мен жалпы жансыздандыру дәрісінен (наркоз) ұйықтап қалғанда, операция үстінде медбике Жанар кіріп келеді де томография қорытындыларын ауыстырып алғанын айтады. Есеп беру кезінде архивтерді ақтарғанда анықталыпты. Ал сыртта жатқан анам сол  кезде қатты қапаланғаннан әрі асқынған аурудың салдарынан талып қалады. Бірақ дәрігерлер оны қайтып оята алмайды. 1 апта ес-түссіз жатып, ақыры бақилық болды. Сол қоштасар күні қолыма бір құшақ гүл ұстап жанында отырғанмын. Оянған сәтінде ең бірінші болып мені көрсе екен, гүлдің жұпар иісін иіскеп, өмірдің де шуақты жақтарын барын білсе деп едім. Жоқ, олай болмады. Күзгі жаңбыр артынан қалың қар жауды да, жүрегімді ызғарлы қыс қарып кетті. Сол сәтте өлім тілеп, аурухананың шатырына шықтым.

– Енді міне, алдыңда тұрмын.

– Өкінішті! Тек әкеңнің өліміне өзіңді кінәләма. Ал жаңағы медбикені сотқа бер. Істеген ісін мойнымен көтерсін. Сонда, бәлкім, қайғың жеңілдеп қалар. Екеуміз дос болайық. Менің атым – Асқар. Әр кез қасыңнан табылып, сені қорғауға, жұбатуға, жәрдемдесуге уәде беремін. Түсінгенімше, атың – Іңкәр ғой? Ендеше атыңа сай өмірге деген іңкәрлігің оянсың. Есіңде сақта, сен жалғыз емессің. Енді сенің Асқар деген досың бар. 

Мен үнсіз бас изедім де бұрылып кете бардым. Асқар сол жерде қала берді. Дәл қазіргі сәтте жалғыздықты ғана дос етерімді ол сөзсіз ұқты. Күн артынан күндер сырғып өте берді. Жападан-жалғыз қалып, кең дүниеге сыймадым, қиналдым, жыладым, тағдырыма налыдым. Бір ай бойы үйден шықпадым.

***

Тағы да таңды көзбен атырдым. Терезені соққылаған жаңбыр тамшылары тыныштығымды ұрлап, жанымның берекесін қашырды. Жаңбыр – көзден аққан жасыңды жасыратын таптырмас мүмкіндік. Күртешемді іліп далаға шықтым. Айналамдағы адамдардың бәрі қолшатыр ұстап жүгіріп жүр. Ал мен өзіммен-өзім, өз мұңыммен, арылмас уайым-қайғымен көше кезіп келемін. Бірде өгей әкеме, бірде анама сөйлеймін. Жалғыз-ақ бір сұрақ көкейімде қатты да қалды. «Ары қарай қалай өмір сүремін?»

Кенет жолдың арғы жағынан «Іңкәр» деп айғайлаған адамның дауысын  естідім. Асқар екен. Жолдан өтіп, жаныма келді де бірден қолшатырын тосты.

– Қалың қалай, Іңкәр? – деп сұрады.

Бірақ менің жағдайым айтпаса да түсінікті еді. Мен де үнсіз, ол да үнсіз біраз жер жүрдік. Президент саябағында біз екеумізден басқа тірі жан жоқ. Мүлгіген тыныштық. Су бұрқақтың қасына жеткенде қатты қалтырап тоңа бастадым. Асқар үстіндегі күртешесін шешіп, арқама жапты.

– Ауырып қаласың ғой, Асқар!

– Жоқ, мен сырқаттанып қалсам түк емес. Бастысы сен ауырмасаң болғаны. Білесің бе, мен сені кездестірген күннен бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан  айырылдым. Көзімді жұмсам болғаны, сенің мұңлы жанарың елестейді. Түсімде де жиі көремін. Мұнарадан құлап бара жатқанда «құтқаршы» деп жалынған үнің әлі күнге дейін жаңғырық болып естіледі. Қанша іздесем де таппадым. Көшеде көрген әр қыздың жүзіне үңіліп қарай бердім сен емес пе деп. Үнсіз кете бардың, артыңа бұрылып қарамадың да сол кезде. Ал мен болсам, ізің суып кеткенше көз алмай қарап тұрдым. Бір көргеннен ғашық болу дегенге сенбеуші едім. Кеудемде алып-ұшып соққан жүректің лүпілінен анық түсіндім. Бұл аяныш та, аяушылық та емес. Бұл – махаббат. Мен сені сүйіп қалған сияқтымын, Іңкәр.

Бұны мен мүлде күтпеген едім. Айтуға сөз таппай, баяғы үнсіздігіме бастым. Бірақ, осы сәттен бастап дүние ерекше нұрға бөленгенді. Кеудемде әлдеқашан сөнген үміт оты қайта тұтанғандай болды. Өлімнен арашалап алып қалған жігіттің тұңғиық қара көздері жаңа өмірдің нұрын ала келді. Қайғының орнын белгісіз бір сезім басты.      

Жаңбыр бірте-бірте басылып, көп ұзамай аспанда бұлт тарқап, кемпірқосақ шықты. Бұл Асқар екеуміздің жүрегімізде тұтанған нәзік сезім іспетті еді. Мен сонда мынандай ой түйдім: нәзік, алуан түрлі түсті кемпірқосақты көру үшін құйын, дауылдарға, апталап, тіпті, айлап жауатын ақ жаңбырға шыдау керек. Әр бір қиындықтың артында жеңілдік бар. Бәлкім, жаңа өмірге аяқ басу үшін осыншама қиындықты бастан өткеруім керек болған шығар.

***

Мен Асқарға қатты бауыр басып кеттім. Күн сайын кездесіп тұрдық. Соның өзін де қоштасқанымызға бірер минут толар-толмастан қайта көруге ынтығып, сағынып, ертеңгі кездесуді асыға күтетін болдым. Өмір-ай, десеңші. Біреуді аласың, орнына басқа біреуді кездестіресің. Анамды алдың, бірақ жалғыздықтан жабықпасын деп Асқарды жолықтырдың. Енді менің сүйенішім де, тірегім де, әкедей асқар тауым да Асқар болды.

Ана, мәңгілік жазылмас жара болып қаласыз. Уақыт емдеп жаза алмайды жараны. Қайта сол жан жарасымен өмір сүруді үйретеді деп бекер айтылмаған екен. Осы қайғы-қасіретті бастан өткерген соң осыған көз жеткіздім. Асқарды көрген сайын жан дүниемде дендеп кеткен қара түнектен бірте-бірте арыла бастадым. Өмірге келген соң ащысына да, тұщысына қатар төзе білу керек екен. Жамандық жақсылықпен қатар жүргендей қуаныш пен қайғы да жұптасқан. Уақыт бір орнында тұрақтап қалмайды. Біз бала кезде ғана ата-анамызға арқа сүйеп, өмірдің ешбір қиындығын сезінбейміз. Ал олар болмаса… Ең ауыр сынақтың бірі де осы. Қорғанышың, қолдаушың болмаса, кең дүниеде тарығасың, сартап сағыныштан сарғаясың.

Сол түпсіз терең тұңғиықтан шығарып сүйеніш көрген жан мені қайта көтерген биігінен құлатып жіберді. Қуанышым ұзаққа созылмады. Бүгін Асқар кездесуге келмеді. Судың жағасында 2 сағат жападан жалғыз отырып күттім. Бірақ ол келмеді. Көңіліме күдік орнады. Ол ешқашан кешікпейтін. Телефоны да өшірулі. Осылайша 3 күн хабарсыз кетті.

Аспанға қара бұлт үйіріліп, найзағай жарқылдады. Төрт кереге жан дүниемді бұрыңғыдан бетер қысып, жүректегі жараны қайта қанатты. Терезенің алдына отырып, 5-ші қабаттан далаға көз тастадым. Кенет төменнен бір жігіттің маған көз алмай қарап тұрғанын байқадым. Ол Асқар еді. Телефон да шырылдап қоя бергені сол уақытта. Нөмірмен шатасып кеткен бейтаныс адам екен. Терезеге қайта жүгіріп барсам, ол кетіп қалыпты. Екі өкпемді қолыма ұстап төменге түстім. Ізім қайым жоқ. Жердің түбіне түсіп кеткендей ізі де жоқ. Баспалдақтарды ауырсына басып қайта пәтерге көтерілдім де ботадай боздап жылай бастадым. Сезімі де, сүйеніш болам дегені де өтірік болғаны ма? Бұны қалай түсінемін? Неге бір ауыз сөз айтпастан кетті? Басқа біреуге ғашық болып қалса, ең болмағанда ашып айтуы керек еді.

Кенет тағы да телефон шырылдады.  Тұтқаны көтердім. Бірақ тіл қатпады… үнсіздік.

 – Асқар, сен екеніңді білемін. Неге үндемейсің? Неге хабарсыз кеттің? Сөйлесеңші…

– Іңкәр, саған бір нәрсе айтуым керек. Үлкен Алматы өзенінің жағасына келші.

Уәделескен жерге бардым. Орындықта жабырқаулы күйде Асқар отыр. Жүрегім бір сұмдықты сезді.

– Іңкәр, біз бірге бола алмаймыз… Мен сені әлі сүйемін. Өле-өлгенше, ақтық демім қалғанша сүйіп өтемін. Кешір, бірақ айырылысуымыз керек.

– Не үшін? Сүйемін, бірақ айырылысу қажет дейсің? Айтсаңшы себебін.

– Себебін сұрама. Жақын арада өзің-ақ бәрін түсінесің. Жек көріп кетуің де ғажап емес. Бар айтарым: «Кешір мені».

– Сен мені сүймейсің, сүйген де емессің. Жақынынан айырылған қыздың жаралы жүрегін одан бетер жаралағың келді. Бар болғаны сол. Қорғаушым жоқ екенін білесің. Сезіммен ойнағаннан не таптың?Адам емессің сен! Жек көремін сені!!! Қайтып көргім келмейді сені! КЕТ!

– Мен сені сүйдім. Сезіміңмен ойнаған емеспін.

– Ендеше себеп неде?

– Айта алмаймын. Бұл шындықты есту сен үшін бұдан бетер ауыр болады.

– «Ешқандай да себеп жоқ. Бұдан жақсырақ сылтау ойлап таба алмадың ба?!», –  деп артыма бұрылып жүре бердім. Сонда ол :

– «Сенің анаңның өліміне себепкер әйел – менің анам», – деді.

Төбемнен біреу су құйып  жібергендей болды. Артыма бұрылып қарауға бата алмадым. Ілгері басып жүре бердім. Көңілім құлазып, қара түнекке ене бастадым.

Аурухананың төбесіне шығып, күнде кітап оқып отыруының себебі енді белгілі болды. Анасы сол жерде медбике болып жұмыс істейді. Бұл жәй ғана сәйкестік емес. Анасы сол күні біреуді өлтірсе, сен қайта бір адамның жанын құтқарып қалдың. Сен анаңа мүлде ұқсамайсың. Сенің ақ пейілің, ақ маңдай жарқын жүзің, тұңғиық қара көздерің мәңгілік жадымда сақталады. Жүрегімнен өшіруге талпынбаймын. Бірақ енді қайтып кездесе алмаймыз, қол ұстасып саябақта серуендей алмаймыз, қайғы-мұңсыз бір-бірімізді еске ала алмаймыз да. Өкінішті…

Дүние қайта түрлі әсем түстерін жоғалтып, қара түске боялды. Бақытты болуға жаралмаған екенмін. Мені торуылдаған қасірет пен сынақтар бір толастамақ емес. Бұл қуанышымды көп көрді ме деген сұм ойлар санаға еріксіз ұялады.

Бір аптадан соң сот болады. Жанымды жегідей жейтін де, ойымды сан-саққа жіберіп қинайтын да сол бір нәрсе – анасыз кешкен ауыр күндерді, қайғы-қасіретті сенің басыңа әкелемін бе… өз қолыммен?!

***

– Тұрыңыздар, сот алқасы келеді!

– Сотты ашық деп жариялаймын! Куәгерлер, айыпталушы – бәрі осында ма?

– Иә, құрметті сот төрешісі.

Осының бәрі қорқынышты түс сияқты. Бірақ оянуға қанша тырыссам да ояна алар емеспін. Отырғандардың ішінде Асқар да бар. Оны көріп одан бетер сай сүйегім сырқырап, демім тарылып барады. Жанары мұңға толы. Мен жаққа бұрылып қарамады да. Бәлкім, анасы үшін ұялған болар. Неге махаббатымыз баянды болмады? Неге сен… басқа біреу емес, неге сен, Асқар? Неге сен менің анамды өліміне себепкер болған әйелдің перзентісің? Енді өзім көрген қиындыққа қалай қиямын сені?

– Айыпталушы, Жанар Айтқалиқызы өзіңізге тағылған айыпты мойындайсыз ба?

– Менің айтар сөзім бар, құрметті сот алқасы, – деп орнымнан тұра бердім. Сол сәтте Асқар аса бір таңданыспен жүзіме қарады. Жанарымнан еріксіз бір тамшы жас ақты. – Мен кешірім беремін.

Осыны айттым да сот залынан жүгіріп шықтым. Басым ауған жаққа қарай жүгіре бердім. «Іңкәр» деген Асқардың дауысын естідім. Бірақ бұрылып қарамадым. Басым айналып жерге құлап кеттім. Ауруханада есімді бірақ жидым. Жедел жәрдем шақыртқан Асқар болуы керек. Алайда оянғанымда қасымда тірі жан болмады. Қайта сол жалғыздықтың тыншымас тыныштығы.

 Бір жыл өткен соң

Күндер зулап өтіп жатты. Адам неге болсын төзеді екен, көнеді екен. Мен де өлі тыныштыққа, жалғыздыққа үйреніп кеттім. Ептеп сағынамын сені, Асқар. Алғашқы да, өмірлік махаббатым да  сен болып қаласың-ау, сірә. Сен есіме түскенде жүрегім шымырлап қоя береді. Жанымды мұң сазынан арылтпай-ақ қойған сағыныш кеудемді сәт сайын өрттейді де тұрады. Бірақ оған да үйрендім. Бүгін анамның қайтыс болған күні. Және сенімен танысқан күн.

Бір жыл бұрын секіруге бекінген мұнараға қайта шықтым. Бәрі көз алдымнан өтті. Сол бір сәт…

 – Іңкәр!

Асқардың дауысы. Жоқ, мүмкін емес. Маған  елестеген болар. Бірақ артыма бұрылып қарауға батпадым. Шынымен, сол болса ғой, өткеннің бәрін ұмытайық дейтін едім. О, Алла, егер тағдырыма жазылған адам сол болса, бұдан ары қарай қинамашы. Мен оған ессіз ғашықпын.

– Тағы да секірейін деп тұрған жоқ шығарсың?

Жүрегім бір сәт тоқтап қалғандай болды. Артыма бұрылып қарадым, дәл өзі. Менің Асқарым – асқар тауым. Үнсіз ғана басымды шайқап жоқ деп ишара білдірдім.

– Іңкәр, сені қалай сағынғанымды білсең ғой…

Мен көзімнен аққан жасымды тыя алмай Асқардың мойнына асылдым. «Кешір мені, жаным» деп құлағыма сыбырлады ол.

Иә, мен бәрін кештім. Асқарды да, анасын да шын жүрегіммен кешірім еттім. Өйткені, жіберген қателігіне ақталарлық сөзі мен себебі де бар еді. Бір ай бұрын тұңғыш ұлы қатты соққыға жығылады. Содан жан сақтау бөлімінде бір күн жатып қайтыс болыпты. Ал анасы ұлының қазасына қайғырып, ащы сумен жан-жарасын жазбақ болған. Есін білмеген күйі құжаттарды толтырып отырып, қателесіп, анализ қорытындысын ауыстырып жіберген екен. Қалай болғанда да бұл  пешенеге жазылған тағдыр ғой.

Фото: ru.best-wallpaper.net

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.