Түркістан облысында жеке тұрғын үйінде 20 келі есірткі сақтаған тұрғын ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.

Қаракөзованың айтуынша, қарашаның 8-і күні кешке облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жеке тұрғын үйінде 20 келі марихуана мен оқ-дәрілері бар аңшылық қаруды сақтаған тұрғынды ұстаған.

«Күдікті бұрын сотталған. Айғақ заттар күдіктінің жеке тұрғын үйін тінту кезінде табылды. Оның үстінен Қылмыстық Кодекстің 296-бабы («Есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау, сақтау және өткізу») және 287-бабы («Қару, оқ-дәрілерді заңсыз тасымалдау, сақтау және өткізу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптама тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына жеткізілді» дейді ол.

Департаменттің мәліметінше, биыл полицейлер есірткіге қатысты 333 қылмысты анықтап, 6,5 тонна есірткі құралын тәркілеп, 50-ден аса адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заңсыз қаруды сақтаудың ережесін бұзғаны үшін мыңнан аса адамға әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.