Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Өз кәсібін дөңгелетін, маңдай терімен нәпақасын тауып отырған жандарға  мемлекет тарапынан да тиісті көмектер көрсетіліп келе жатыр. Үкімет басындағылар да бұл мәселені алғы қатарға қоятындығы рас. Алайда, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін шенеуніктер аз емес. Келеңсіз жағдайлар Қызылорда облысында тіркеліп отыр.

Сыр елінде инвесторлар құқығын қорғауға бағытталған «Рrotecting business and investments» жобасының таныстырылымы өтті. Көпшілікке жаңа бастаманың мақсаттары мен міндеттері түсіндірілді. Сондай –ақ, жиында бизнес иелерінің жұмысына кедергі келтірген бірқатар лауазымды тұлғалардың есімі аталды. Олардың ішінде Арал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай ТАСҚЫНБАЕВҚА қатысты шағым бар. Шенеуніктің неге ренжігені белгісіз, ол өзінінің заңсыз әрекетімен «Жолаушы А.Б. Сервис» серіктестігінің қызметін жүзеге асыруға кедергі келтірген. Яғни, бөлім басшысы серіктестікпен жасалған ауданішілік жолаушылар тасымалдау шартына қарамастан, автобекетке кәсіпкердің көліктерін кіргізбей қойған. Тіпті, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тиісінше тапсырма берген. 

«Шиелі аудандық ауылшарушылығы бөлімінің басшысы да кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекетке барғандығы анықталып отыр. Мұрат ӘШІРБЕКОВ өзінің әрекетімен басқа кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу құқығын шектеген. Аталған тұлға жерге орналастыру қызметін сатып алуды жалпы конкурс негізінде өткізбей, бір көзден сатып алу тәсілімен «Госспецзем» ЖШС-нен шартқа отырған. Нәтижесінде басқа кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу құқығы шектелген. Мұндай заңсыздықтардың алдын алып, жолын кесіп отыру басты міндет болып саналады», — ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Берікбол БАЙХОЖАЕВ.

Осылайша, аяғын қисық басып, жазықты болып қалған шенеуніктердің ісі Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралған. Оларға «атқарып отырған қызметіне сәйкес еместігі» туралы ескерту түріндегі жаза тағайындалды.

Фото автордікі. 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.