«Фароз» компаниясы Тәжікстанның Соғды облысында алтын кен орындары мен сүрме кеніштерін зерттеуге және өндіруге лицензия алды. Жергілікті Озади Радиосына сілтеме жасап kaktakto.com сайтының хабарлауынша бұл лицензия 2022-жылға дейін жарамды.

«Фароздың» негізгі міндеті – Тәжікстанда мұнай өнімдері мен сұйылтылған газ өндіру және импорттау. Сонымен қатар бұл компания ауған нарығына ЖММ (жанғыш-майлағыш материалдар) жеткізумен де айналысады.

Компания 2015 жылы Мемлекеттік комитеттің жариялаған «Сафед-Дара» тау шаңғысы кешенін сату бойынша тендер ұтып алған және сол жылдың жазында «Сафед-Дара» ЖШС құрылған болатын. Жекешелендіру басталғалы бері бұрынғы «Сафедорак» шаңғы базасы 2015 жылы «Сафед-Дара» болып өзгертіліп, жетілдіру жұмыстарына 80 млн. сомани (8,49 млн.$) инвестиция салынған. Өткен жылы тау-шаңғы кешенінде ұзындығы 2 шақырымға жететін канатты жол орнатылды. Аспалы жолдың әрқайсысы 8 адамға дейін көтере алатын 32 жабық кабинасы бар. Австриялық компания жасап шығарған «Допелмайер» сағатына 1000 адамды 2600 метр биіктікке алып шыға алады.

Аталмыш компания соңғы жылдары жер қойнауын зерттеумен һәм пайдаланумен айналысып жүр. Өткен жылы ғана «Фароз» Ашт ауданындағы Шайдон мен Пискокат деген жерлердегі гранит кен орындарын және Бувактағы гипс, Харангон қышлағындағы әк, Варзоб ауданына қарасты Токаб ауылында шығатын гранитті пайдалану құқығын иеленген.

Жергілікті басылымның мәліметінше, билік бұл компания иесінің атын атамайды. Дегенмен, үкіметке жақын сенімді ақпарат көздері компанияның Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның күйеу балаларының біріне тиесілі екенін растап отыр.  

Президенттің күйеу баласы алтын өндірумен айналысады
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен оның үшінші қызы Рухшонның күйеуі Шамсулло Сохибов. Фото: compromat.ru

2018 жылы OCCRP Эмомали Рахмонның күйеу баласы Шамсулло Сахибовтың бизнесі мен «Фароз» компаниясы туралы «Тәжікстан: неке қоржынындағы миллиондар» атты зерттеу материалын жариялады.

Сосын, «Стамбулдағы өлім» атты материалда Тәжікстан президентінің үшінші қызының күйеуі Шамсулло Сохибовтың 2002 жылы серіктесі Умарали Кувватовтан екеуі бірігіп құрған «Фарозды» тартып алғаны да айтылады.

Кувватов басында Сохибовтың Рахмон әулетімен туыстығын пайдаланып қарсы шығып көрді, сосын оппозиционер ретінде қудалауға ұшырады, ақыры 2015 жылы Стамбулдың орталығында өлтірілді. «Фароз» барлық саламен айналысатын – көлік жүргізуді үйрететін мектептен бастап металлургия зауыттарына дейін – қырық құрау бағытта дамыды. Ал, Кувватов есімі оның компанияға ешқандай қатысы жоқ делініп, компания тарихынан мүлде өшірілді.

Фото: time.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.