Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың назарына!

Мен, Әшірбаева Айсұлу Амангелдіқызы Түркістан облысы, Cайрам ауданына қарасты №2 Т.Рүстемов атындағы мектеп-гимназияда жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және мектеп тренерімін.

03.11.2018 күні ұлттық тестілеуден өту үшін, Шымкент қаласы, Тоқаев көшесінде орналасқан 27-үйге бардым. Қолымдағы рұқсаттамада ұлттық тестілеу сағат сегізде басталады екен деп, елең-алаңда көрсетілген мекен-жайға сағат жеті болмай жетіп барғам. Мен сияқты кешігіп қалмауды көксеген әріптестерім есік алдында сеңдей соғылысып тұр екен.

Дала өте суық. Температура -3 градус С көрсетіп тұрды. Сағат тілі сегізді көрсеткенмен, бүрсеңдеген біздерге ешкім есік ашпады. Аяғымызды-аяққа соққылап, қолды-қолға ысқылап, аузымызға үрлеп, жан шақырып тұрдық.

Сағат тоғызда сыртқы есіктің ашылғаны сол, жаураған жұрт ішке лап қойысты. Опыр-топыр басталды. Біреулер құлап, біреулер жылап, енді бірі есікке кептелді. Айғай-сүрең… У-шу дүрмектің ішінде мен де кірдім. Сыймағаны сыртта қалды. Олар тіпті қиналды. Сағат он екіде әреең ішке кіріпті…

Кіре берісте біздерге тағы бөгелуге тура келді. Сөмкемізді өткіздік, телефонды тастадық, тексерілуден өттік… Не керек, мен №11 аудиторияға келгенде, сағат тілі тоғыз жарымды көрсетіп тұрды. Орнымызға жайғасқанымызша, сағат он болды.  Тест басталатын емес.

Аудитория сондай салқын. Біз отырған аудиториядан дала жылы. Жылыту жүйесіне қосылмаған. Денсаулықтары сыр берген мұғалімдер қызуы көтеріліп, күрк-күрк жөтеліп, мұрындарын тартқыштап, сырткиім, бас киімді шешпей, бүрсеңдеп отырды. Бірақ тесттің басталатын түрі көрінбеді.

Бақылаушылар дәлізде әрлі-берлі шапқылап жүрді. Тест тапсыруға келген мұғалімдер өз аудиторияларына кіріп жайғасқанмен, оларды қарсы алған ешкім болмағасын, олар да кіріп-шығып дәлізде жүріп алды.

Баяғыда біреу: «Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?» деген екен. Сол айтпақшы, тест тапсырам деп, көрмегенді көрдім. Есітпегенді есіттім. Далада қалтырағаным, қарнымның ашқаны, жүйкемнің шаршағаны, суық аудиторияның ызғары сай-сүйектен өткені түк болмай, қызықтың көкесі енді басталды.

Бақылаушыларды оңашалап, қаға беріс қалтарыста берсе құп, көзбе-көз, аудиторияда тізім жазылып, ақша саналып, кәдімгі базар басталды. Базардағы саудада сатушы мен алымсақ: «Бұл қанша? Нешеге бересің?» – деп қысқа жауаптаспай ма? Мұғалімдерді ұлттық тестілеу барысында да дәл солай болды. «Сізге – өтірік, маған – шын», отырған «педагог-модератор» 25.000 (жиырма бес мың теңге); «педагог-сарапшы» 40.000 (қырық мың теңге); «педагог-зерттеуші» 70.000 (жетпіс мың теңге), «педагог-шебер» 100-130.000 (жүз-жүз отыз мың) теңгеден беріп жатты.  Бұл көріністердің бәрін «шырт» еткізіп, түсіріп алуға әттең мүмкіндігім болмады. Бақылау – сіздердің құзырыңызда. Аудиторияға бір қарасаңыздар, мен куә болған оқиғаларды тамашалайтын едіңіздер.

Шала сауатты мұғалімдердің басым бөлігі көздері алақтап, қойын-қоныштарынан ақшаны суырып алып беріп жатты. Ал бақылаушылар ақша санап, тізімді толықтырумен әлектенді. Таза білімімізге сеніп, мен сияқты тізімге ілікпей отырғандар некен-саяқ болды. Монтиып отырғандардың дені тестке дейін алыс-берістерін реттеп, келісіп алғандар болып шықты. Олай деуіме себеп, бірқатар мектептердің оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен директорлары жағдайды реттеп қойғандығын айналамдағылар ашық айтты. Нанбасаңыздар, оқу орнының бейнебақылауын қараңыздар, ұлттық тестілеу бөлімшесіне бөгде адамдардың кіріп-шыққанын оп-оңай көруге мүмкіндіктеріңіз бар. Олардың не мақсатпен келгендіктері белгілі.

«Тест» базары у-шу. Мұғалімдер де, бақылаушылар да байыз табар емес. Дәлізге шықсам – дәлізде, аудиторияға кірсем – аудиторияда базар. Мұғалімдерді тәртіпке шақырып, немесе бақылаушылардың іс-әрекетін қадағалап тұрған ешкімді байқамадым. Тестілеу орталығының ішкі дайындығы болмады ма, әлде «тест базарын» созып, клиент жинағылары келді ме, біздер мұздай аудиторияда сарылып ұзақ отыруға мәжбүр болдық.

Қош, сағат он болғанда бақылаушымыз мұғалімдерді белгіленген тәртіп бойынша орналастырып, тест тапсыру ережесін түсіндірді. Сағат тілі он бірді көрсеткенде, сұрақ кітапшаларын тарата бастады.  Менің қолыма  3258 нұсқалы сұрақ кітапшасы түсті.

Манағы манағы ма? Дүрбелең енді басталды. Әрлі-берлі сабылған бақылаушылар аудиторияларға еніп, алыс-беріс жасасқан клиенттерінің алдына (реттік нөмірі бойынша) ақ қағазға тап-тұйнақтай оралған конверттерді тастап шықты. Сондай конверт ойда-жоқта менің алдыма түсе қалғаны сол, көзі алақтап, не қыларын білмей отырған көршім жып еткізіп ала қойды. Бірсыпырасы телефонға енгізілген фото арқылы дұрыс жауаптарын белгіледі. Айта кетейін, тест басталысымен-ақ, әжетханаға сұранушыларда есеп болмады. Олар ұзын дәліздің о шеті мен бұ шетінде, бұрыш-бұрышта ақша берген бақылаушыларымен кездесіп, ақпарат алмасып жатты.

Біреулері «Сәлем хат!» деп басталған қағазды ашып, біреулері телефонда түсірілген тест жауаптарының фотосына қарап, емін-еркін тест тапсырып шықты. Бұл заңсыздықтар өзім сияқты талай мұғалімнің жүйкесіне тигенмен, сабыр сақтап, әліптің артын бақтық. Әрине, мен айналамдағылардың іс-әрекетін толық бақылай алмадым. Тест сұрақтарына толық, дұрыс жауап беру де оңай болмады. Аудиториядағы бақылаушы мен жең ұшынан сыбайласқан мұғалімдердің пәреқорлық іс-әрекеттері талай мұғалімге моральдық-психологиялық тұрғыдан кері әсер етті.

Сұрақ кітапшасында берілген біраз сұраққа көңлім толмады және оларды дұрыс қабылдай алмай қиналдым. Қорапқа салынып, қаппен оралып, мөрмен бекітіліп, сонааау министрліктен жетті деген аты болмаса, ішінде быжынаған қателері өріп жүрді. Қателерді қоя беріңіз, министр мырза, сұрақ кітапшаларын алтынмен аптап, күміспен қаптап, астыңызға басып отырсаңыз да, құпиялылығы сақталмай, жауаптары кез келген бақылаушы мен тест тапсырушы мұғалімдердің қолына тиген, Түркістан облысындағы ұлттық тестілеудің көрігі қыза түскенін видеодан көрсеңіз! Әй, сол видеосы құрғыр қосылмай, бақылаушылар еркінсіп, сіздер ар жақта, біздер бер жақта пұшайман болдық па?!

Дайын жауапты қағаздан және телефоннан сыдыртып көшіріп  берген мұғалімдер әп-сәтте тестілеуді аяқтады. Бірлі жарым біз сияқтылар сағат үште әзер шықтық.

Тест тапсырып шыққан күні жауабымыз кешіктіріліп, сағат түнгі он екі жарымда, яғни 04.11.2018 күні берілді. Беймезгіл уақыт болса да көз ілмей, төзімділікпен күттік. Ғаламтордан ұлттық тестілеудің қорытындысын көріп, көңлім ойран-асыр болды. Себебі педагогикалық әдістемеден өтіп, ал арнайы пән бойынша 53 балл жинаппын. 3 балл жетпей қалыпты…

04.11.2018 күні таңертең апелляциялық алқаға шағымдануға бардым. Мен сияқты бір топ мұғалім келіпті. Мен жауап берген 3258 нұсқа кітаптың өзінен бірнеше қате таптым. Соның бір мысалы: 15-сұрақ. «Түбір етістіктер» кітапта А жауабын дұрыс деп қарастырады, мен В жауабын белгіледім, яғни ол «жамыра , секір». Қазақ тілінің терминологиясына сәйкес менің қолымдағы Мырзатай Серғалиевтің «Қазақ тілі» оқулығындағы 25-бетте «Сөздің ешқандай бөлшектеуге келмейтін түпкі түрін негізгі түбір деп атайды» деген. Осы ережеге сүйеніп, мен В яғни «жамыра, секір» жауабын белгіледім. Ал  А жауаптағы «тарай, кеңей»  етістіктері филология ғылымдарының докторы Мырзатай Серғалиевтің айтуынша, «көсемше тұлғалы етістік» болады.

Осы ой-пікірімді комиссия мүшелеріне ауызша жеткізгеніммен, олар маған мандымды жауап бере алмады. Бар айтқандары  – сұрақ кітапшамдағы сәйкессіздіктерді жазбаша түрде әкелуімді және ғылыми дәйектемелерге сүйеніп, сілтеме жасау керектігін ескертті. Ойымда ештеңе жоқ менің кері қайтуыма тура келді. Үйіме барып, есімде қалған және қағаз бетіне түсіріп қойған сұрақтарымды ғалымдар айтқан деректерге сүйеніп бақыладым. Жазбаша шағымымды әзірлеп, ертесіне яғни 05.11.2018 күні таңертең кешегі комиссия алқасына барып, жазбаша жауабымды ұсындым, әрі пікірімді дәлелдедім. Бірақ олар маған: «Кеше осылай келмедіңіз бе?» – деп менің апелляциялық алқаға жазған шағымымды қабылдамай тастады.

Жоғарыда айттым ғой, ойыңды он саққа жүгіртетін сұрақтарға күмәнданып, көп уақытымды ысырап еткенім жайлы.

 

  • Сонымен қатар ұлттық тест кітапшасында қателер өріп жүр. Оны қапылып тұрған мұғалімдер әртүрлі қабылдады. Мәселен, 62-сұрақтағы «осымша жалғанған кезде өзгеріске ұшыраған дыбыс» дейді. Мұны «осынша» деген сөзбен қате қабылдап, көп уақыт жоғалттым. Негізі «қосымша» мен «осыншаның» үлкен айырмашылығы бар ғой.
  • 22-сұрақтың А нұсқасында пунктуациялық қате жіберіліп, сөйлем соңына қойылатын (?) сұрау белгісі түсіп қалыпты. Бұл да мұғалімді шатастырады. Ғалым Фатима Мұсабекова мен Төлеубай Қордабаевтардың айтуынша,  сөйлемде түсіп қалған бір тыныс белгісі сөйлемнің мағынасын тұтастай өзгертіп жібереді. Мысалы: 55-сұрақтағы «Тыныс белгісін дұрыс орналастыру». Егер бұл жерде бір белгісін дұрыс орналастырмай, мүлт кетсем, бір ұпайымнан қағылды дей беріңіз.
  • 59-сұрақ тым шұбалаңқы;
  • 60-сұрақ бойынша «Абай жолы» эпопеясындағы «Әйел – аналар бейнесі туралы пікірлер  тұтастай бір бет». Оның дұрыс жауабын табу тұрмақ, суық аудиторияда қалтырап отырған маған, оқудың өзі қиынға соққаны рас.

Ең бастысы, тест тапсыруда ТӘРТІП болғанда, мерзімінде басталғанда,

көшеде тоңбағанымда, «тест базар» ашылмағанда және сұрақ кітапшасындағы қателіктер болмағанда, мен ұлттық тестілеуден өтер едім.

Ұлттық тестілеуді сәтті тапсырған мұғалімдердің көпшілігі деңгейлік және жаңартылған бағдарлама курстарынан өтпесе де, мүлде бейхабар бола тұра, көп ұпай жинақтауы «тест базарының» белсенді әрекетін дәлелдейді. «Тест базарынан» олжалы қайтқан мұғалімдеріңіз: «Біз қайда бара жатырмыз? Қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек? Одан әрі не істеу керек?» деген критерийлерді теріс қабылдап қайтты (МАН). Мұғалімдерді ұлттық тестілеу мен көрген үлгіде ұйымдастырылып отырса, мектептегі пәреқорлықпен күресу, шаласауатты мұғалімдерді жоюдың ауылы алыс.  Ұлттық тестілеуде – ЖЕМҚОРЛЫҚ жойылмаса, мұғалімдерді қияннан қалаға сүйреп, суықта дірдектетіп, есік алдында қойдай иіріп, білімді мұғалімнің намысын таптап, біліксіз, қалталы  мұғалімнің абыройын асқақтатудың қажеті қанша? «Ұлттық тестілеу» деп дабырайтып тұрғандай мән-маңызға ие болмағасын, «Ұлттық» деп айдар тағудың не керегі бар еді? Құзырыңыздағы және облысыңызға қарасты ұстаздар ұлттық тестілеуден «осылай» өтіп жатқанда, сіздер қайда қарап отырдыңыздар? Менің айтқандарыма оқырмандар құй сенер, құй сенбес, осы саланы жандандырамыз деп, жан күйдіріп жүрген мамансыздар ғой, келесі тестілеуге ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі әскер мен ішкі істер бөлімінің тартылуын, тәртіптің күшейтілуін, оңтайлы ұйымдастырылуын және жоғарыда айтылған мән-жайларды тесттен кейін де жіті зерттеулеріңізді сұранамын. Суықта тоңып, ыстықта қақталып қалмайық.

Биылғы тамыз кеңесінде: «Мұғалім – қасиетті ұғым, әрі киелі тұлға. Ұлағатты ұстаздардың алдында бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді,» – деп едіңіз, Жансейіт Қансейітұлы! Мен келесі ұлттық тестілеуден шынайы құрмет күтем, әрі «тест базарының» болмағанын қалаймын!

 Өздеріңізге деген құрметпен,

Айсұлу Амангелдіқызы Әшірбаева

Түркістан облысы

Сайрам ауданы

Фото: otyrar.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.