Кейбір елде тыйым салынған “Талибан” радикалды қозғалысы Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөнінде Мәскеудегі келіссөзге бірінші рет қатысты.

«Талибан” Ауғанстандағы билікті заңсыз деп санайды. Мәскеудегі бейбітшілік кеңесіне талибтер делегациясын бастап келген Мохаммед Аббас Станакзай бейбітшілік жайлы келісімді тек АҚШ-пен ғана талқылауға дайын екенін мәлімдеді. “Біз шетел әскерінің елден шығарылғанын қалаймыз. Негізгі талап осы” деді Станакзай.

Кездесудің қаншалықты өнімді болатынын сарапшылар әрқилы жориды. Кейбір сарапшылар мәскеулік формат мәселені шешуге қауқарсыз десе, кейбірі Ресейдің қатысуымен талибтердің келіссөз үстеліне отыруының өзі жетістік дейді. 

1996-2001 жылдар аралығында Ауғанстанда билік “Талибан” радикалды қозғалысының қолында болды. Халықаралық коалиция қозғалысқа толық тойтарыс бере алмады. Ауғанстандағы жағдай соңғы жылдары ушығып кетті. 2017 жылы АҚШ-тың әуе әскери күштері ел аумағындағы талибтер нысандарын бомбалады. Бірақ республикада терактілер, атыстар әлі күнге дейін жиі болып тұрады.

Оқи отырыңыз: Ауғанстандағы сайлаудың машақаты

BBC зерттеуінше, Ауғанстанның 70 пайызында “Талибан” қозғалысының ошақтары бар. Талибтер елден АҚШ пен НАТО әскерін алып кетсе, Кабулдағы билікті өздеріне қайтара аламыз деп ойлайды. Сондықтан қозғалыс өкілдерін бейбітшілік процесіне араластыруға АҚШ та, Ауғанстан билігі де сөз жүзінде дайын.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.