Көрнекі сурет

ҚАШҚЫН ШАПАН

 әңгіме

   Қолым қалт етсе, үй ішінде құйрығым қонақ таппай сыртқа жүгіретін әдетім. Әлдебір нәрсе «мені көр, мені есті» деп шақырып тұрғандай елегізимін ылғи. Шыққан сайын кісі сенгісіз оғаш, тылсым бірдеңелер кесе-көлденеңдейді де тұрады алдымнан. Кеше «Ботаника» бағындағы қайың аллеясында арлы-берлі теңселіп жүрдім де қойдым кеш батқанша. Жай жүргем жоқ, шалқыған музыка теңізін кешіп жүрдім. Үлбірей ескен самалмен болар-болмас шайқалған сансыз жапырақ бірі сыбдырлап, бірі  сыңғыр қағып, жел өксіген келесі сәтте бәрі қосыла мың-миллион үнмен дабылдата шулап, қайта бәсең-бәсең тынши, сызыла сыңсып, бір ұлы сарынды құлағыма тынымсыз сыбырлайды. Шым-шым бойға сіңіп, жүрек шымырлатқан ойнақы да ойшыл ырғақтар. Әлдеқайдан естіген таныс әуен көкірегімде жаңғырып тұрғандай. Тоқта, тоқта, Бетховеннің бесінші симфониясы секілді. Жо-жоқ, секілді емес, дәл өзі! Үн бояуы, екпін толқынысы – бәрі соныкі. О, құдірет, сан-мың сиқырлы әуенді  желдің уілі, жапырақтың сыбыры, бұлақтың сыңғыры… өзі-ақ айтып тұр екен ғой. Тек ести біл! Жыр да, сыр да… бәрі-бәрі табиғатта. Ана қу шал, саңырау болса да, соның бәрін қалай ести қойған десеңші. Ақ қайыңның түбінде уілдеген жел мен сыңғырлаған жапырақтың тілін сауып, тәтті үнін көкірегіне тамызған ғой. Алқызыл шапаққа малынған жапырақтар сөйлеген сайын, сызылтып жырлаған сайын, көңілімде күмбір-күмбір күй тасып елжіредім, өксідім, мұңға баттым… Бір жылап, бір күліп, дөңгелене билеп шарқ ұрып жүргенімді өзім де білген жоқпын. Шіркін, нота білсем, осы күй, осы қуаныш пен өксіктің, мұң мен наздың сыбырын көшіріп алып, Бетховен сияқты болар едім-ау деп ойладым…

   Міне, бүгін де желдеп көшеге шыққам. Тағы да қандай тамашаға тап боларымды кім білсін. Абайды бойлай, ойқы-шойқы тротуардың бетін қолқылдаған ескі бәтіңкемнің ұлтанымен сарт-сұрт ұрып, бірдеңеден құр қалардай алқын-жұлқын дедектеп келемін. Фурмановты қиып өтпекші ем, светофордың қызыл көзі «әй, қайда барасың» деп ежірейген соң, амалсыз іркілгем. Оң қапталға мойын бұрсам, біреу құлдилап, ентелей басып келеді екен. Басында қоқырайған киіз қалпақ, көлбеңдеген ұзын шапанды. Әуелгіде әлгі көрінген жерге «Жаса, қажы аға! Аттан!» деп өз атын өзі алабажақ шимайлап жүретін айқайшыл «қажы» екен деп қалғанмын. Жоқ, ол емес, мынаның шапаны оныкі сияқты ақ емес, шымқай жасыл, асатаяғы да жоқ. Әлде фольклорлық ансамбльдің ұлттық шапан киген артисі ме екен? Кім болса да, еңгезердей біреу, әй, қатар тұра қалса Айхановпен иықтасып қалар-ау, шамасы. Етегі делеңдеп қасыма тақай бергенде, түймедей көзім бақырая-бақырая тостағандай боп шатынап шекеме шығып кетті. О, тәубе, артист деп тұрғаным – құр шапан. Кәдімгі қазекемнің жасыл шапаны. Өңірі мен етегі алтын зермен оюланған. Жағадан қарыстай жоғары әр жеріне көкшіл зер төгіп, шашағына шытыра басқан киіз қалпақ қоқыраяды. Белінде бір шалып,     ұштарын кең орай салған дүрия белбеу. Етектің астынан шоңқима, былғары көк сауыр кебістің қайқиған тұмсығы қылтияды. Мына таңғалғаным аздай, енді сөйлей жөнелгенде, шалқамнан түсуге аз-ақ қалдым.

   – Әй, қазақ көрмеп пе ең, неге бақыраясың? Сен өзі кімсің?

Сөйлеген сайын төбесіндегі қалпағы изең-изең етеді.

   – А-а-адаммын! – дедім шегіншектеп.

   – Адам екеніңді көріп тұрмын. Қай нәсілсің?

   – Қазақпын.

   – Қазақ болсаң, аман-сәлемің қайда?

   – Сәлеметсіз бе, шапеке… тойсты, а-а-ағаеке… – дедім кекештеніп.

   – Оу, сен немене, шалбар киген қатынбысың өзі?!

Шынымен сондай боп қалдым ба деп қорқып кетіп, жалма-жан шалбарымның қалтасына қолымды жүгіртіп жібердім де, іздеген асылым орнында болған соң:

   – Жоқ, еркекпін! – дедім қоқилана ышқырымды бір көтеріп.

   – Онда сәләмәтің не, неге еркекше амандаспайсың?

   – Ас-салаумағалейкум!

   – Уа-ғалейкумассалам! – деп, қол берер-бермесімді білмей аңтарылған маған қос жеңінің ұшын қатар созды. – Міне, қазақшылық жөнге енді келдің, шырағым!

   Шапанның жүрісі асығыс. Қызыл шамға аялдап ошарылған топты адамды «Қағыл! Тұр былай!» деп киіп-жара алға ұмтылды. Маған қызық керек, соңынан қалмай өкшелеп келемін. Жанаса бере жөн сұраймын, тағы да қитығына тиіп алмайын деп, малма тымақ қазақтың ескі мақамына салған боламын:

   – Уа, жол болсын, Шапеке!

   – Әлей болсын! Өзің жә деген қазақтың өзі екенсің ғой. Міне, дұрыс сөз!

   – Жүрісіңіз суыт қой?

   – Абақтыдан қашып келем! – деп қалпағын тау жақтағы көк күмбезді сарайға қарай изеді.

   – Ол абақты емес, музей ғой?

   – Мәйлі, қамап қойған соң, абақты емей немене. Жетпіс жыл қапаста болдым. Жылтыраған шынының ішіне салып іліп қойды. Кең дүниені бір көрсем деп құсаланушы едім, жаңа күзетшінің көзін тайдыра бере қашып шыққан бетім осы.

   – А-а, экспонат екенсіз ғой!

   – Ол не нәсте?

   – Ескінің көзі, қымбат бұйым деген сөз.

   – Сөзіңнің сұрқы жаман екен, қымбат деп қызығып, мені ұстап берейін деп тұрғаннан саумысың? Онда апарып қайта қамағанша өртеп жібер!

   – Жо-ға, о не дегеніңіз…

   – Ендеше, мені шәрден құтқарып, жолға салып жібер. Кең далама кетейін. Ой-хой, көк шалғынды сапырған самалды төске алып, ат үстінде желе жортып келе жатсаң ғой!

   Тротуардың қос жиегін күрегейлеген көлеңкені қуалай біраз құлдилағаннан кейін із жасырдық деп ойлады ма, шапан жүрісін баяулатты.

   – Па, неткен қапырық!

Маңдайын сүрткендей, қалпағының астын жең ұшымен бір сүйкеп қойды. Арлы-берлі өтіп жатқан жұртқа енді назары түскендей, едірейген киіз қалпағы оңды-солды ырғалып біраз тұрды:

   – Әкем-ау, бұл қазақтың жері ме?

   – Иә, Алматы ғой, бұрынғы астанамыз.

   – Қазақ ауып кеткен бе?

   – Осының бәрі қазақтар ғой…

   – Ендеше, неге қазақша сөйлемейді? Бағанадан бері ләм деген қазақтың сөзін естісем, құлағым керең болсын!

   – Ой, шапеке-ай, бір ғасыр музейде тұрып, бәрінен мақұрым қалыпсыз. Қазағың қазір шырқап өркендеп кетті ғой. Тек орысша, ағылшынша, одан қалды, қытайша ұрады. Түкке жарамайтын қазақшаны қайтсін…

   – Өзің сайрап тұрсың ғой?

   – Е, мені қойшы, мен жындымын ғой. Мен сияқты жұмыссыз қаңғып жүргендер, ауылдағы малшы-егінші, көшедегі шекілдеуік сатқандар, базардағы арба итергендер ғана қазақша сөйлейді.

   – Япыр-ай, ә! – деп шапекең басын шайқағанда, киіз қалпақ балалардың су иірген қағаз желкеніндей шыр айналды.

   «Аңқам кеуіп тұр» деген соң, Қабанбаймен бұрылып, «Кооператор» дүкеніне соқтық. Бір бұрышында ұлттық тағамдар кафесі бар. Саркідір тартқан жуантық қымызшы әйелден басқа ешкім жоқ екен. Шеткі үстелге жайғаса беріп едік, Шапекем:

   – Малдас құрып отыратын сырмағы қайда? Ағашқа мінген тауықтай шоқайып қайтіп отырамыз? – деп бір бұрқылдап алды да, орындыққа әзер тізе бүкті. Денесі жуан болғанымен, жүрісі әбжіл әйел лыпыл қағып лезде бір графин қымыз бен өрнекті екі ағаш тостағанды әкеп алдымызға қойды. Менің ішіме қымыз, шұбат дегендер жақпайды, шіркін, бір саптаяқ сыра болар ма еді деп отырмын. Шапан тағы да күңк ете түсті:

   – Шараға құйып, сапырмайтын ба қымыз дегенді!

«Басыма пәле болдың ғой, қақпас. Оттамай ішші атауыңды!» деп ішімнен бір боқтадым да, тостағанды алдына қарай итердім шайқалта төге. Көпіршіп шүпілдеген тостағаннан бір ұрттап:

   – Ойбай, таздың басына құйғандай ақырып тұр ғой! – деп тостағанды торс еткізіп қайтадан қоя салды. – Қымыз емес, ій ғой мынау!

   Былш еткізіп жерге бір түкірді. Жуан қатын баж етіп атып тұрды:

   – Әй, көргенсіз, түкіргені несі… қой қорада отырсың ба? – деп тебітіп жетіп келді де, қайта жүгіріп барып есіктің көзінде жатқан су шүберекті аяғының ұшымен сүйреп әкеп алдымызға тастады. – Кәне, жинаңдар!

   Шапекең қайдан жинасын, амал жоқ, жиіркенсем де сүртіп, шүберекті қоқысқа лақтырдым. Шапекең екі жеңін мықынына таянып, сыздап тұр:

   – Омай, шікін, түкірсе не бопты? Сырмақтың шетін көтеріп, түкіре салатын қазақ емеспіз бе?

   – Құры, өйткен қазақтығың бар болсын! Аспаннан түстің бе, қайдан шыққан пәлесің өзі?

   – Бұл – Шапекең деген экспонат! – дедім араға түсіп. – Жүз жыл музейде тұрып, жаңа шықты. Біздің дәстүр-мәдениетімізді біліңкіремейді, кешіріңіз!

   – Экспонат болса сонда тұра бермей ме… Мұнда неғып жүр? Мәдениеттен мақұрым. Бұл өмір мұның не теңі?

     Шапан екі иығы көтеріліп-басылып қалшылдап кетті:

   – Қатын деген еркектің алдын кесіп өтпеуші еді, беттен алып шапылдаған бұл неғылған қаншық? Менен қызғанғаның мына өмір болса, өзің-ақ қызығын көре бер. Арқаңа қамшы тимей битің семірген екен, зәнталақ!..

   Дірілдеп-қалшылдап сабайтындай тебіткен Шапекеңді жеңінен қолтықтап, есікке қарай сүйрелеп әлекпін. Сыртқа шыққаннан кейін де бұрқылдап біразға шейін ашуы басылмады:

   – Атаңның аузы… байы жоқ неме ме… қамшының астына алса ғой!..

   – Ойбай, шапеке, қатын сабағаның не… сабамақ түгілі, шекесінен шертіп қалсаңыз, полиция шақыртып, қаматып тастайды!

   – Полисаңның миы жоқ неме ме, өз қатыныңды сабады деп қамай ма?!.

   – Әй, қазекем-ай, тойысты, Шапекем-ай! – деп ішімнен мырс-мырс күлдім.

   Қаңғалақтап көше бойлап келеміз.

   – Қосшы бала, шөлдеп өлдік қой, – деп жан-жағына құрағыта қарағыштап қояды. Өзі кірпияз. Газды су, лимонад, сыра әперейін десем, киіз қалпағы шайқалып кетеді. – Ата-бабам татпаған нәрсені тарт ары!.. Шай келтір!

   Шай болғанда, шәугім, тостердің шайын ішпейді. «Ток ұрған суға ауыздың дәмі келмейді» дейді. Тұрған бойы бап. «Бұл шапан – шалға шайды        қайдан таптым» деп мен келемін басым қатып. Панфиловтың бойындағы гүлзарда әр аудан апта сайын кезектесіп жәрмеңке өткізіп тұратын. Солай қарай төңкерілдім ойланбастан. Үмітім алдамапты. Бір шеттегі будақтаған түтінді аңдып барып едік, төрт бұрышынан төрт ағашқа керіп байлаған брезент қалқайманың астындағы шартық қарын жез самауыр көзіме оттай басылды. Кернейі жыбыр-жыбыр түтіндеп, мұрын астынан әндетіп тұр. Шапекең көрген бойда таңдайын тақылдатып жіберді:

   – Па, шіркін, толыскейдің өзі ғой Мекалайдың заманындағы! Қосшы бала, осы жерден тамақ жібітейік.

    Үстел басында шоқиып отырмаймын деген соң, екеуміз көлеңкесі молынан күрегейлей төгілген акацияның түбіндегі көгалға барып малдас құрдық. Бап білетін жирен шаш, мүсінді келіншек құдасы келгендей елпек қағып жүр. Дастархан жасап, үлкен аққұманды алдымызға әкеп қойды. Кілегей қатқан қою шайдың қызылы кәсенің жиегіне жұққандай. «Сен іш, мен ішпенен» бой-бойымыз шығып отырмыз. Бірақ келіншектің шайы жаққанмен, өзі жақпай қалды Шапекеңе. Қызыл кофтаның кең ойығынан талпынған тоқ анарының бар тәттілігі төгіліп, қарасанына дейін жалаңаш сұлу аяқтарының жігін жымдастыра бұраңдай иіліп, әдемі жымиыспен: «Ас болсын!» – деп шегіне бергенде, естілер-естілмес күңк етті:

   – Мына пәтшағар бар жерін жарқыратып ашып тастапты, байына несін көрсетеді екен?

   – Байына жүрегі де жетеді.

   – Бұл – шайтан… аздырады!

Деуін дегенмен, келіншекті сыртынан ішіп-жеп тесірейіп отыр.

   – Онда неге қарайсыз?

   – Көзім бар, қалай қарамаймын? Осындайлар көрініп, күнәға батырады.

   – Күнәға батпаудың бір жолы бар.

   – Қандай?

   – Көзіңізді жұмып алыңыз.

    Бір еркек дауыс оркестрге қосылып микрофонмен ән шырқай жөнелген. Шапекең тағы да тыржың ете түсті:

   – Мынау неғып айқайлап кетті?

   – Ән айтып жатыр. «Сүйгенім» деген тамаша ән.

   – Тамаша болмай қалсын. Айқай ғой мынау. Естігім келмейді.

   – Ендеше, құлағыңызды жауып алыңыз!

   – Әй! – деді Шапекең ақ қалпағы ұшып түсердей кегжең етіп. – Сен сонда қазақ екі көзін жұмып, екі құлағын тығындап ап жүрсін демексің бе?!

«Амал который?» дедім ішімнен күліп.

   Ақ құманды сарқып болған соң, Шапекең бір кекіріп алды да, екі жеңін жайып: «Иә, Алла, бергеніңе шүкір… Аллаһу акпар!» деп бетін сипаған болды. Мен шөптің түбімен тісімді шұқып, бір шынтақтай жантайып жатқам. Бет сипауға еріндім.

   – Әй, қазақпын дегенің қайда? – деді шапан шұқшия үстіме төніп.

   – Десе не бопты?

   – Неге ас қайырмайсың?

   – Е, Құдай-ай!

   – Сен өзі намаз да оқымайтын шығарсың мына түріңмен?

   – Жоқ.

   – Ораза тұтасың ба?

   – Ой, ақсақал, «ораза-намаз тоқтықта» деген. Онсыз да күнде оразамыз емес пе?!

   – Қазы-қарта жейсің бе?

   – Оны кім беріпті?

   – Намаз оқымасаң, ораза тұтпасаң, қарбытып қазы-қарта асамасаң – қай жерің қазақ?

   – Паспортта қазақ деп жазылған!

    Масаттанған даусым қатты шығып кетті. Мына жарты әлемді бауырына басқан кең жазираның қожасы менмін дегендей кеудем қайқайып тұр. Шапан қыбырсыз мүлгіп бір дем үнсіз қалды да, қалпағын шайқап, терең күрсінді:

   – Қайран бұрынғының адамдары-ай десеңші! Сөзі қандай, өзі қандай!.. Мен Қазақбай деген кісінің шапаны едім. Ондай бағлан енді тууы қайда… Өзі палуан, өзі әнші. Тойлы ауылдың онсыз сәні жоқ. Үкілі домбырасын бебеулете аңыратып әнге басқанда, ащы даусы алты қырдың астындағы елді «пай-пай!» дегізетін. Қара шекпендер лек-легімен төгіліп жатқан кез. Ертістің теріскейіндегі ну орман, көгалды кең жазықтарға шегірткедей қаптады. Егін егіп, селендер салып бекіп алды. Қазақтың малы мен жаны енді өзеннен өтуге зар. Қырбай болған екі жақ жанаса кетсе, бірін-бірі қапы жібермей қақтығысып қап жүретін. Әдетте пәленің басы – Яшка атаман. Өзеннен өткен малды барымталап, ізін қуған иесін қанқақсатып, қара шекпендерге балта-шоқпар ұстатып жел беретін сол. Өзі де үйген боқтай зор неме. Бұқа көзденген сыз қабақ. Ширатылған мұртының шалғысы құлағына жететін. Қыр қазағының мұң-арзасын шағып, аузына қарайтыны – Қазақбай палуан. Ызасы еттен өтіп, сүйекке жеткен соң, батыр неден тайынсын. «Бізді де ұл таптым деп шешеміз қалжа жеген шығар» деп, тақымына сойылын қыстырып, едірейген жігіттерді ертіп, бұлар да қара шекпендерді ат бауырына алып жайратып салатын. Бірі – озбыр, бірі – тәкаппар. Егескен екі баһадүр ұстасарға сылтау іздеп, бірін-бірі ұзақ аңдысқан. Бірде атаман мен Қазақбай өзен жағасында оңаша ұшырасып қалды. Сап-сарала киініп, қайқы қылышын беліне асқан Яшка анадайдан Қазақбайды көрген бойда тоқпақ жал қара айғырының басын тартты. Қазақбайдың астында – әйгілі ақбақай бәйге күрең. Тізгін сүзе басын шұлғып қойып, төрт аяғын сәнімен топ-топ басқан сәйгүлікке қадалған сайын Яшканың ақ кірпік, бітік көзі шарасынан шыға шоқтай жайнап барады. Палуан үзеңгі қағыстыра тоқтаған. Жартастың ұшарында оқшырайған құлжадай тәкаппар басын кекжитіп асқақтай қарайды.

   – Әй, Қазақбай, екеуміз жауласатындай осы бізге не жетпейді? – деді Яшка жүрек жібітер жып-жылы дауыспен күлімсірей. – Кәне, тамыр болайық!

   – Болсақ болайық! – Палуан бірден құлап түсті. – Мынауың ақылды сөз. Екеуміз тату болсақ – ел тату.

   – Шынымен тамыр болғың келсе, қалауым бар.

   – Айт!

   – Бәйге күреңіңе құда түскім келеді.

Қазақбай іш жиып қалды:

   – Е, сенің тамырлығың сатулы екен ғой!

   – Енді былай… тамыр болған соң қалауы болады емес пе?..

Екеуі аттан түсті. Палуан атаманның арсыздана сығырайған көзіне жиіркене бір қарап:

   – Жарайды, берейін, – деді. – Бірақ бір шартымды орындайсың.

   – Қандай?

   – Менің бір қолыммен күрес. Жықсаң – аласың!

    Бұрқ еткен ызадан атаманның түк басқан бет-аузы қисайып кетті. Шабатын аюдай гүрілдеп қорбаң-қорбаң жақындай берді:

   – Ей, жабайы киргиз, не оттап тұрсың? Мен сенің бір қолың түгіл, өзіңді қазір екі бүктеймін!

    Екеуі сол жерде ұстаса кеткен. Бірін-бірі ырғап оңды-солды дөңгелеткенде, сырғанаған табандар тепсеңнің бетін түрендей тілді. Қазақбай көпке созбай қарсыласын дедектете иіріп, жамбасқа ала екі аяғын серең еткізіп жерге бір-ақ соққан. Есеңгіреп барып есін жиған атаман басынан аттап, «күш алып» талтаң-талтаң ұзай берген палуанды маузерін жұлып алып, жауырыннан  көздей атып жіберді. Батыр басы кекжең етіп, «не болды?» дегендей артына бұрылып қараған күйі шайқалақтап тұрды да, бар салмағымен қара жерді солқ еткізіп құлап түсті. Бәйге күрең шыңғыра кісінеп көкке шапшыды. Шылбырын сүйрете иесін шыр айналып оқыранып жүр. Атаман шапанды, иәки мені, шешіп ап былай қойды. Міне, сол жақ жауырынымда оқтың орны бар шығар, қарашы? – деп, шапекең бұрылып арқасын көрсетті. Ешқандай тесік жоқ. Екі жауырын тұсына алтын зермен оюлап оймақтай ғып сарғалдақтың суретін төгіпті. – Содан соң, –  деді шапан әңгімесін жалғап, – атаман Қазақбайды сүйреп суға апарды да, мойнына, аяқ-қолына тас байлап, тереңге батырып жіберді. Бәйге күрең кісінеп, жер тарпып, өз-өзінен қара терге түсті. Екі құлағын жымырып, үркектеп, көп әуреге салып әзер мінгізген. Атаманның шаужайлап, ақырғанына қараған жоқ, бас бермей ала қашып арқыраған күйі биік құздың ұшарынан тұңғиыққа бір-ақ қарғыды. Мен бес күн далада жаттым. Жел ұшыра-ұшыра ауылдың шетіне жеткенде, бір қойшы тауып алды. Кейін заманның дауылы ұйытқып, «бай мен қожаны қамшымен қойдай қуған» кезде қойшы байғұсты мынандай шапан киген кісі қайдан кедей болсын, құлақсың деп, үстінен шешіп алды да, өзін «итжеккенге» асырып жіберді. Е, біз не көрмеді дейсің, қарағым! Байдың көзі деп тәркіленгеннен соң, жиырма жылдай «үндеместің» зынданында жатып, содан әлгі мөзей дедің бе, соған шығарған…

   Мына әңгімеден кейін шапанға құрметім артты. Миығымдағы жоғары-төмен көшіп жүрген мысқылды өшіріп, оған аянышпен қарадым. Өзінің алтын бесік – азат даласына барсын деймін ішімнен. Ойым – «Саяхатқа» жеткізіп, жолға салып жіберу. Таласа-тармаса №32 автобусқа міндік. Іштегінің дені – жастар. Едірейген қалпақ пен етегі сүйретілген шапанды көргенде, үдірейе қарасып бәрі «уау!» деп бір гуілдеп басылды. Тақау тұрған екі орыс жігіті: «Хозяйн страны пришел!» деп бір-біріне сыбырлай қарап, мырс-мырс күлді. Айналасындағы өңшең қазақ дарақылана қосылып, олар да       мәз.

   – Мыналар неменеге маңырап кетті? – деді Шапекең жақтырмай.

   – Мал боған соң маңырамай қайтсін!..

   Аялдамадан түсіп қалдық. Жолдың арғы бетіне өту керек. Қайшыласқан ала-тасқын машина. Сәл өрлеп барып сары жолақ «зебрадан» өтпекші едім, шапан мырза тәртібіңді ұрдым дегендей, төте тарта жөнелгені. Мен «тоқта, ойбай!» деп жан дәрмен қолтығынан ұстай берем дегенше, қызыл-ала шарлар төбесінде діріл қағып, думандатып, шулап, «Ой, чинурилатып» зулап келе жатқан ұзын, ақ сылаң лимузин құйындатқан күйі бір-ақ қағып, жалпасынан түсірді. Не істерімді білмей селтиіп жол жиегінде мен тұрмын. Әлдебір алып қазақ етпетінен сұлап асфальтта жатқандай жүрегім оқыс суып, дір ете түсті. Екпіндей өткен дөңгелектің желінен етек-жеңі бір желп етіп қояды. Сылаң қағып толассыз зымыраған әдемі ақ, қара, көк, сары… машиналар алтын зерлі жасыл шапанды табанымен таптай берді, таптай берді…   

Фото: syr-media.kz    

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.