Көрнекі сурет

КӨНБІС 

әңгіме

Ырысбек ДӘБЕЙ. Көнбіс
Автор Р.ДӘБЕЙ

Гүлназдың өн бойын қара тер басты. Іші төменге тартып, қатты бұрап ауырды. Әрі-бері аунады. Дөңбекшіген сайын төсек шиқылдап, тып-тыныш бөлменің берекесін қашырды. Төсектен түсіп, кішкентай кілемшенің үстіне жантайды. Мұрат пен екіге келіп қалған кішкентай ұлы шырт ұйқыда, ештеңе сезер емес. Ол ақыры ауру азабына шыдамады. Орнынан тұрып, ішін ұстаған күйі Мұратты түртті.

— Мұрат, Мұрат! Тұршы!

Қалжырап кеп қатты ұйықтап жатқан күйеуі селк етіп оянып, басын жастықтан жұлып алды.

— Не болды, Гүлназ?

— Ішім бүріп ауырып әкетіп барады. Толғақ секілді.

— Толғағы несі?! Әлі бір ай бар емес пе?

— Білмеймін, Мұрат. Тура толғақ секілді.

— Қазір, скорыйға звондайын.

Мұрат апыл-ғұпыл киініп, бөлмеден шықты. Гүлназ шашылған киімдерді жинап, терезені жартылай ашты. Күздің салқын ауасы қалтыратып жіберді. Ол терезені жаба салды да, ішін ұстап, бүк түсіп отыра кетті.

— Скорый қазір келеді, шақырдым. Жинала берейік, – деп Мұрат бөлмеге кірді.

Гүлназ ашық тұрған есіктің арғы жағында жаулығын түзеп байлап жатқан енесін көрді.

— Үйдегілер оянып кетті ме?

— Мамамды ояттым. Ішің қалай?

— Ауруы жиілеп барады. Шифоньердің үстіңгі жағында үлкен пакет тұр, алып берші. Жаңа халатымды алып алайын, – деп Гүлназ қинала сөйледі.

— Қызым-ау, не боп қалды?

Бөлмеге кірген Мұраттың шешесі жерде бүк түсіп, ішін ұстап отырған Гүлназдың маңдайын ұстады.

— Білмеймін, мама. Кешке аздап ауырып бастаған. Дәрігердің өткенде берген «Дюфастонын» да іштім. Басылатын түрі жоқ, – деп Гүлназ көзінің жасын сүртті.

— Қой, жеті түнде жаман ырым бастап жылама, қызым. Адам болған соң ауырады да. Оның үстіне аяғың ауыр, ондай-ондай болады. Қорықпа, қызым.

Сыртқы темір есік қағылды. Мұрат жүгіріп барып есік ашты.

— Осы үй ғой?

Көк киім киген, қырықтар шамасындағы ұзын бойлы, арық әйел мен толықша, орта бойлы жас қыз аттап-бұттап үйге кірді. Жас қыз жасыл қобдишасын жерге қойып, аяқ киімін шешуге ыңғайланды.

— Аяқ киім шешіп отыратын уақыт жоқ, сендерге бір түсіндіре алмадық қой осыны. Науқас қайда? – деді арық әйел.

— Мына жаққа жүріңіз, – деп Мұрат оларды жатын бөлмеге ертіп кірді.

 Ұзын бойлы, арық әйел Гүлназдың қан қысымын тексерді де, қағаз толтыруға кірісті.

— 5-микрорайон, 8-дом, нешінші пәтер еді?

— 18-пәтер.

— Нешінші апта?

— Сегіз айға енді толды, – деп Гүлназ қинала жауап берді.

— Нешінші жүктілік?

— Үшінші баламыз ғой,– деді Мұрат.

— Алып кетеміз, дайындала беріңдер!

Ол әйел қағазын толтырып болғанша Гүлназ да жиналып үлгерді. Мұрат ұйықтап жатқан ұлын төсектен алып, шешесінің қолына берді. Қыңқылдап жылаған баланы шешесі бөлмесіне алып кетті. Ұйқысы бұзылған кішкентай ұл үйді басына көтеріп, бақырып жылады.

— Кеттік.

Жедел жәрдем қызметкерлері есіктен шыға жөнелді. Гүлназ ішін басып, бір қолымен Мұраттың саусақтарын қысып ұстады.

— Киімдерімді алдың ба? – деді ол.

— Иә.

Мұрат оң қолындағы пакетін қозғап қалды да, табалдырықтан аттады.

— Шыда, қазір жетеміз.

Ескі жедел жәрдем көлігі қаланың солтүстігіндегі перзентхананың алдына келіп тоқтады. Машинаның сасық иісі қолқасын қапқан Гүлназ көліктен түсе бере лақылдатып құсты. Арық әйел Мұратқа тыжырына қарады.

— Сені бәрібір ішке кіргізбейді. Мына жерді тазалап таста!

Үнсіз басын изеген күйеуіне Гүлназ:

— Қайта бер, звондаймын, – деп қинала сөйледі.

Ескі үш қабат перзентхананың кірер есігіне жете бере Гүлназ артына бұрылды. Күңгірт жарық сұры көлікті онан бетер сұрлантып көрсетті. Күйеуі көрінбейді. Ол ішке кіре бере ашқылтым иіске тұншығып, тынысы тарылып кетті. Оңға созылған дәліздің маңдайшалығына «патология» деп жазылыпты. Арық әйел кабинеттің біріне кірді де, көп айналмай қайта шықты.

— Күте тұр, дәрігер қазір қабылдайды, – деді де, жөніне кетті.

Гүлназдың іші төмен тартып, бүктеле түсті. Таңдайы кеуіп, әл-дәрмені құрыған ол еденге жүрелеп отыра кетті.

— Шыдаңыз, шыдаңыз. Мұнда отырмаңыз, – деп дәліздің босағасында отырған кезекші медбике жүгіріп барып, төсек-арбаны дырылдатып сүйреп әкелді. – Мұнда жатыңыз.

Төсек-арбаның үстіне жантайған Гүлназ кезекші медбикенің үстеліне сүйей салған пакетіне қарады да, қолын ербеңдетті. Медбике басын изеді. Ішін түйнеген ауруы бәсейген Гүлназ сәл тынышталды. Ол да ұзаққа бармады. Белі ауырып, денесі қалшылдап, дір-дір етті. Тістері сақылдап, бойын билеуден қалды.

— Бәрі дұрыс па? – деді медбике Гүлназдың маңдайын ұстап. – Қазір дәрігер босасын. Бүкіл қаланың әйелдері осы қуықтай жерге келеді, қайта бүгін адам аз.

Медбике қан-сөлсіз, қатты қиналып жатқан Гүлназдың жүзіне қарап тұрды да, көзі бақырая:

— Сіз… не, толғатып жатырсыз ба? – деді де, жүгіріп барып, гигиеналық пакет алып жетті.

Гүлназ ащы толғаққа шыдай алмай, арбадан түсіп, бүкшиіп отыра кетті. Ышқына қозғалып, басын жоғары көтергенде төмен жағы бүлк ете қалды. Шыр еткен дауыс шықты. Медбике сасқалақтап, есігі ашық тұрған кабинетке жүгіріп кіріп кетті. Лезде дәрігер мен тағы бір медбикені ертіп қайта шықты.

— Баланы ал! – деді дәрігер медбикеге. – Екеуің мына әйелді ішке алып кіріңдер.

Толғағы сап тыйылып, Гүлназдың жаны жай тапты. Төсек-арбаға жатты. Екі медбике бірі бастан, бірі аяқ жағынан ұстап, төсек-арбаны дырылдатып сүйрей жөнелді. Ол дәрігердің кабинетіне кіргенде терезе алдында тұрған ораулы сәбиін көрді. Қыбырсыз.

— Ол неге жыламайды?

— Неше ай болып еді? – деді дәрігер.

Дәрігерге қанша қадалып қараса да, Гүлназ оны қайдан көргенін есіне түсіре алмады.

— Сегіз ай болды.

— Ай-күні жетіп тумаған соң сәбидің тыныс алуы қиын боп жатыр.

— Тірі ме?

Гүлназ жылап жіберді.

— Тірі. Бірақ адам боп кетуі екіталай. Ваккумға салу керек, бізде ол жоқ. Түсіндіңіз бе?

— Енді өстіп көз алдымда өлтіресіздер ме?! Бір амалын тапсаңыздаршы, дәрігер, – деді де, Гүлназ ішін ұстап, қайта қиналды.

— Не болды?

— Толғағым қайта келді.

— Баланың «жолдасы» түспеген, біраз күтеміз, – деді дәрігер.

Гүлназдың жан дауысы шығып, дір-дір етті. Көзі алды қарауытып, талықсып кеткендей болды. Бар қайратын жинап, көзін әзер ашты да:

— Дәрігер, дәрігер, – деді тілі күрмеліп.

— Операция жасап, тазалау керек. Алып жүріңдер, – деп дәрігер медбикелерге бұйыра сөйледі.

Екі медбике төсек-арбаны операциялық залға қарай сүйреді.

— Бала, баламды ше?

Гүлназдың дауысын медбикелер естіген де жоқ. Ішін басып, бүкшие берді. Сұп-суық операциялық залдың іші оны аяздай қарыды. Бойы мұздап, тісі-тісіне тимей қалтырап кетті. Толғағы үдеп, қабырғасы қайысып жаны көзіне көрінді. Медбикелер операциялық үстелге Гүлназдың қол-аяғын тас қып байлап тастады. Ол сонда да бұлқына берді.

— Тыныш жат-ей!

Медбикенің бірі аяғының сыртынан салып қалды.

— Су беріңдерші, су!

Суға малған дәкемен ерінін сүрткен медбике Гүлназға құтқарушы періштедей көрінді. Толғағы да сәл басылғандай болды. Төбесіндегі операция шамдары маска киген дәрігердің көзін ап-анық көрсетті.

— Сіз… Сіз кімсіз?

— Не?!

— Сізді танитын сияқтымын.

— Мынау не деп жатыр? Наркоз салсын, анестезиологті шақырыңдар, – деді дәрігер медбикелерге.

Тез жеткен анестезиолог Гүлназдың білегіне ине сұқты. Оның әрі қарай сөйлеуге шамасы келмеді, талып түсті.

Ол көзін аша алмай жатты да қойды. Басы айналып, еріні кеберсіп, кеуіп кетіпті. Жұтынды. Тамағына тас тығылғандай түкірігі әрі жүрмей қойды. Анестезиологтің наркоз салғанын, дәрігердің операцияға дайындалғанын есіне алды. Бойы жып-жылы, үстіне көрпе жауыпты. Гүлназ сырпылдап қасында біреудің жүргенін сезді. Көзін жартылай зорға ашып қарап қойды. Медбике екен. Білегіне салған системаны шығарғандай болды.

— Мен қайдамын?

— Осында. Қазір екінші этажға палатаға апарамыз,  – деді медбике.

— Балам қайда?

— Бала?

— Иә.

— Ана жақта. Тынысы давно тоқтап қалған.

Гүлназдың жүзін жас жуды. Іші өртеніп, төсі сыздап кетті. Ол:

— Таң атты ма? – деді булығып.

— Таң атқалы қашан?! Сағат жеті болды.

— Күйеуіме звондайын, – деп Гүлназ жан-жағын сипалап, телефонын іздеді.

Екі медбике Гүлназды сүйеп, екінші этажға көтерілді. Ол палатадағы бос тұрған бесінші төсекке барып жайғасты. Мұрнына ашыған қамырдың иісі келді. Терезе түбіндегі төсекте бала емізіп отырған әйелден өзгесі ұйықтап жатыр.

— Сәлем бердік!

Бала емізіп отырған жас келіншектің амандасқан дауысы Гүлназға күңгірлеп естілді. Ерінін жыбырлатқан ол төсекке жантайған күйі бетін басып, үнсіз егілді.

— Сізді де тазалап тастады ма? – деді жас келіншек.

— Жоқ, босандым.

— Сәбиіңіз… өлі туды ма?

— Тірі, сегіз ай енді боп еді. Ваккумға салу керек екен, ол жоқ болды мұнда, – деп Гүлназ көзін сүртті.

— Жаңаарнада болушы ма еді ондай нәрсе?! Ана әйелдің баласы өлі туыпты, – деп жас келіншек қарсысындағы төсекті иегімен нұсқады. – Балаларың бар шығар?

— Бар.

— Солар аман болсын, уайымдай берме.

Жас келіншектің қарсысындағы төсектегі әйел сандырақтап сөйлеп, аунап түсті. Есік жақтағы төсектен іңгәлап жылаған сәби үні естілді. Гүлназ жас келіншектің сөзіне үнсіз басын изеді. Тілі аузына сыймай, өңеші кепкен ол:

— Су бар ма? – деді.

— Мұнда тұр, ішіңіз.

Жас келіншек бас жағындағы тумбочканы нұсқады. Гүлназ бір стақан суды екі бөліп жұтты. Тас тығылғандай боп тұрған тамағы ашылып, ернін жалап-жалап қойды.

— Рақмет.

Гүлназ төсегіне барып жантайды. Басы айналып, көзіне ұйқы тығылды. Операция қалжыратып, өң мен түстің арасында жүргендей болды. Медбикенің бірі Гүлназдың киім салған пакетін жанына әкеліп қойды. Ол оны да сезген жоқ. Екі сағат дым сызбай ұйықтаған Гүлназды медбике оятты.

— Тұр, система саламыз!

Ол көзін ашып, төбеге тесіліп қарап, жатты да қойды. Әйелдердің күбір-күбір сөйлескен дауысы естіледі. Медбике оның білегін көрпеден шығарып, көгерген тамырларының біріне ине тықты. Демін ішіне тартқан Гүлназ медбикеге:

— Телефонымды алып беріңізші, – деп өтіне сөйледі.

— Жолдасыңа сөйлеспекшісің бе? Ол келіп кетті.

— Қашан?

— Бір сағат бұрын. Алаңдама, баланы беріп жібердік.

Гүлназдың көз жасы екі жағына жосыла ағып, жастығына құйылды.

— Бере салыңыз, күйеуіммен сөйлесейін, – деді ол сол қолының саусақтарын қимылдатып.

Медбике оған пакет бетінде тұрған көк телефонды алып берді. Қуат көзі отыра бастаған «Nokiaның» экраны Мұраттың сансыз шалған қоңырауын көрсетіп тұр.

— Алло, Мұрат.

— Ау, Гүлназ!

Оның әрі қарай сөйлеуге аузының икемі келмей, қыстыға жылады.

— Гүлназ, жыламашы! Денсаулығыңды құртып аласың, мықты бол. Өзіңді күт.

— Мақұл, – деді ол өксігін баса алмай.

— Мен қорымда жүрмін. Мамам сорпа апарып береді, дұрыстап тамақтан. Жарай ма?

— Жарайды.

Телефонның үні өшті. Ол қуат көзі отырған «Nokiaға» үңілді де, жанына тастай салды. Тамшылап үзілген системаға қарап, қалғи бастаған оны әйелдің қатқыл дауысы селк еткізді.

— Жағдайың жақсы ма?

Дөңгелек жүзді, қара торы, толық келіншек басына келіп, бастырмалатып сөйлеп жатыр. Тілі күрмеліңкіреп, ұғынықсыз сөйлейді. Бір айтқанын неше қайталады.

— Жақсы, өзіңіз қалайсыз? – деді Гүлназ.

— Жақсымын. Мұнда жатқалы бір апта, жоқ, он бес күн болды, – деді де, қара торы әйел бұрылып, есікке қарай кетті.

Оның соңынан қарап тұрып қалған Гүлназдың бүйірі шаншып әкетті. Екі аяғын бауырына жиды.

— Ол әйел айта береді, сөзіне мән берме. Амнезияға шалдыққан. Не айтып, не қойғанын білмейді. Мұнда жатқалы бес күн болды. Баласы өлі туыпты, іште жүрегі тоқтап қалған. Осындағы бес қатынның баласы аман туғаны екеу ғана екенбіз. Не деген масқара бұл?! Перзентхана емес, мәйітхана ма дейсің! – деді босанған әйелдің бірі.

Гүлназ жосыла аққан жасын сүртті. Денесі мұздап, көрпені бүркене жапты. Қатты шуылдың ортасында қалғандай құлағы шыңылдай берді. Түскі асқа да тұрмады. Бесінші күні түс ауа есік алдында күтіп алған Мұраттың иығына асылып, бордай егілді.

— Құлайын деп тұрсың ғой, Гүлназ. Уайымдай берме, денсаулығыңды құртасың, – деді Мұрат. – Қазір үйге барамыз, балалар күтіп отыр.

— Мақұл.

Ол Мұраттың қолынан ұстап, перзентхананың ауласынан шықты. Бедірейіп қарап, жанынан асығыс өте шыққан арық қара жігітке Мұрат бұрылып қарап, көзімен ұзатып салды.

— Осы жігітті бір жерден көрген сияқтымын, бірақ есіме түсіре алмадым, – деді Гүлназ.

— Ана жылы қолымды сындырып, осының алдына барып едік қой. Құдай атқан хирург – бұл бір! Осының кесірінен қолдан айырыла жаздадым. Дер кезінде сынықшыға бармағанда жағдайым қиын болар еді.

Гүлназдың көзі бақырайып, орнында тұрып қалды.

— Не болды? – деді Мұрат.

— Маған операцияны осы жасады ғой.

— Не?!

— Маған операция жасаған дәрігер – осы, – деп Гүлназ айтқанын қайталады. – Бәсе, түрі таныс, қайдан көрдім деймін.

Мұраттың ақ сары жүзі бозарып кетті. Екі қолын артық еті жоқ бойына шап-шақ қоңыр түсті былғары күртешесінің қалтасына бір салып, бір алды.

— Басқа дәрігерлер де болған шығар?

— Жоқ, одан басқа медбикелерді ғана көрдім.

— Мен ішке кіріп шығайын, сен машинада күте тұр. Не масқара бұл?!

— Кетейікші, Мұрат. Бойым мұздап барады.

Ол қалың курткасының ұзын етегіне жұққан шаңды қақты. Мұрат оның қуарып кеткен қан-сөлсіз, сынық жүзіне қарады.

— Не болса да, осында бірнеше күн жатып, емделуің керек еді. Неге шығарды екен?

— Бәрі дұрыс, бір-екі системаны үйден-ақ салдыра бер деді.

Мұрат әйелін қолынан жетектеп, тесік-тесік тар жолдан кесіп өтті. Қысқа көшеде бірен-саран жаяу жүргіншілер көзге түседі. Аспан мұнартып, төңірек тұнжыраңқы көрінеді. Шағын ауданның көп қабатты сұр үйлерінің ауласынан балалардың шулаған дауысы естіледі. Көше бойындағы шағын дүкеннен тәлтіректеп шыққан жас жігіт езуіне қысқан темекісін тұтатпақшы болып, пальтосының қалтасынан сіріңке алып шықты. Суық жел ашық-шашық ескі пальтосының екі етегін екі жаққа жұлқиды. Темекісін тұтата алмай әуреге түскен жас жігіт теңселе басып, дүкенге қайта кіріп кетті. Мұрат жол шетіне тоқтаған жасыл түсті «Mazda» автокөлігінің есігін ашып, Гүлназды отырғызды. Көлік қаланың оңтүстігіне қарай жылжи жөнелді.

 

***

— Областной больницаға барып қаралсаң қайтеді? Тағы да бір-екі күн жұмыстан сұранып, сені апарып қаратайын, – деп Мұрат төсектен тұра алмай, қиналып жатқан әйелінің қасына келіп отырды.

— Иә, сөйтем ғой деймін. Үйге келген үш күннен бері жағдайым тіптен қиындап барады. Қайта-қайта скорый шақырсаң да, пайда жоқ. Апаратын жері белгілі, еститінің – бір сөз.

Гүлназ қинала басын көтеріп, көсіліп отырды. Көрпесін беліне қарай тартып жапты.

— Кеше түнде бүйрегім қатты ауырып, ұйықтай алмадым.

— Ертең жұмыстан сұранып, арғы күні областнойға апарам. Бүгін сұрануым керек еді, «Жақсы боп кетеді» деген ана врачтардың сөзіне сеніп те қалдым. Бірдеңе ішесің бе?

— Жоқ, кешкісін сен жұмыстан келерден бұрын мамам жарты кесе сорпа берген. Соған жүрегім айнып, мазам болмай отыр. Сен жатып ұйықтай бер, жұмысқа барасың. Мен осылай біраз отыра тұрайын.

— Үй де суып кетті, жылу берсе болушы еді. Кері кеткен қала болды ғой бұл бір. Былтыр жылуды он күн кешігіп беріп еді, биыл жиырма күн кешіктірмекші ме екен бұлар? Біздің төлеп жатқан ақшамыз қайда? Анығын айтар ешкім жоқ. Сұрасаң, алға тарта беретін, бітпейтін бір қарызы бар, – деп Мұрат қынжыла сөйледі.

— Не қылған қарыз екен ол?

— Кім білсін онысын?! Өткенде әкім есеп бергенде «Неше жылдан бері төленбеген комуслуга бар» деді. Көп жұрт төлеп жатырмыз дейді. Төлемегендері бар да шығар, бірақ неге олар үшін біз зардап шегуіміз керек?! Біреу үшін біреудің күйетінін түсінбей-ақ қойдым.

— Бір реті болар, Мұрат. Ерте тұрасың, жатып деміңді ал.

— Дәрілеріңді іштің бе?

— Иә, ішкем. Соңғы біреуін сәлден кейін ішем.

Мұрат терезе алдына барып, сыртқа көз салды. Үйден сәл қашықтағы асфальт жолдан анда-санда өрлеп-құлдап машиналар өтіп жатыр. Төменде темекілерінің шоғы жылт-жылт етіп, топтасып тұрған бес-алты жігіт әлденені айтып, даурыға күледі. Жолдың қарсы бетіндегі азық-түлік дүкенінің шырағы жанып тұр. Үлкен терезесі шар айнадай жарқырап көрінеді. Ол терезе пердесін ысырып, қабырғаға ілінген сағатқа қарады.

 

***

Облыстық аурухана дәрігері алдында ыбырсып жатқан қағаздарды реттестіріп, қоңыр үстелдің шетіне жайғастырды. Білегіндегі сағатын быртиған саусақтарымен қозғап-қозғап қойды. Кабинет босағасына қойылған ұзын орындықта отырған Гүлназға көзінің астымен қараған ол:

— Босанған кезде дұрыс тазаламаған, ол қан денеге жайылған. Содан бүйректің қызметі нашарлаған. Бүйрек отказ беруі мүмкін. Қолдан келгенше ем-домын жасап көреміз. Қанды тазалау керек – ең бастысы, – деді.

Оның бастырмалата сөйлеген жіңішке дауысы Гүлназға ұғынықсыз естілді.

— Бүйрегім отказ берген бе?!

— Жоқ, солай болуы мүмкін. Мына жерден катетер қойып, қанды тазалаймыз, – деп дәрігер сол қолын тамағына апарып, күре тамырының төмен жағын ұстады.

— Катетер?!

Гүлназ дәрігерге бажырая қарады. Қызыл сары, дөңгелек жүзді, анда-санда беті тыржың ете қалатын дәрігер білегіндегі сағатын тағы бір қозғап қойды.

— Иә, аппарат арқылы қанды тазалау керек. Кем дегенде бір ай, бір жарым ай  катетер қойып, қанды әбден тазаламасақ, бүйрек құриды.

— Бір ай жатам ба мұнда?

— Жоқ, операциядан кейін аптасына үш рет келіп тұрасың.

— Операцияны қашан жасайсыздар?

— Қашан жасағаны несі?! Қазір жасаймыз. Бір-екі күн бұрын келгеніңде дәрі-уколмен-ақ емдеуге болар еді, енді кеш.

— Жолдасыммен ақылдасайын, сыртта күтіп отыр еді, – деп Гүлназ орнынан тұрды.

 

***

Жіңішке қызыл құрттай болып мойнынан шығып, төсек жанындағы аппаратқа жалғанған қос шлангіге Гүлназ көз алмай қарап жатыр. Көрпе үстінде ирелеңдеп жатқан шлангі қып-қызыл, кейде қара күрең тартады. Экраны теріс қараған үлкен аппарат қанды сүзіп, тазалап, айналдырып кішкентай бүйректің қызметін адал атқарып тұр. Аппараттың төсек жақ шетіндегі қып-қызыл қан толы, пішіні цилиндр тәрізді бөлшектің асты-үстіне шлангі жалғаныпты. Ол да қып-қызыл. Аппараттың төмен жағында жартылай суы бар пластикалық ыдыстың шеті көрінеді. Шумақ-шумақ қызыл жіппен біреу өзін тасқа таңып байлап кеткендей Гүлназ қыбыр етпей жатыр.

Бөлмеге медбике кірді. Аппаратың үстіңгі бөлігіндегі мониторға қарап, бір-екі тетікті басты.

— Уақытыңыз болды.

— Бүгін төрт сағаттан көп болды ма?

— Жоға, сол төрт сағат қой, – деді медбике.

— Білмеймін, бүгінгі уақыт ұзақ болған сияқты сезілді.

— Соңғы күніңіз болған соң солай болған шығар.

— Мүмкін. Бір жарым айды әзер өткіздім. Бала-шаға қалды жайына. Әрі-бері жүре алмайсың. Жол ұзақ.

— Бұ қаладан емессіз бе?

— Жоқ, Жаңаарнаданмын. Екі ара –  екі-үш сағат. Күнделікті барып-келу қиын. Ара-тұра ғана барам. «Қыстың көзі қырауда», әрі-бері жүру де оңай емес.

— Пәтер жалдадыңыз ба қаладан?

— Жолдасымның інісінің отбасы осында, сол жақтан барып-келіп жүрмін.

— Енді жазылдыңыз, отбасыңызға ораласыз.

Ұзын бойлы, ақ сары, арықтау келген медбике сөйлеп жүріп аппарат тетіктерінің тағы бірін басты. Жіңішке қастарын қозғап-қозғап қойып, мониторға үңілді.

— Бұйырса, рақмет! – деді Гүлназ.

— Қайта бұл аппараттар шығып, көп науқастың беті бері қарады. Әйтпесе, сіздің де бүйрегіңіз құритын еді. Білесіз бе, қазір бүйрегі дұрыс жұмыс істемейтіндердің өмірін ұзартып тұрған осы аппараттар. Гемодиализ орталықтары да ашылып жатыр қазір. Бүйрек ауыстыру операциясына кететін шығынды екінің бірінің қалтасы көтермейді, көп қаржы керек. Сол үшін жұрттың көбі осы аппараттарға тәуелді.

— Қиын екен.

— Әрине, – деп медбике Гүлназдың мойнының төмен жағынан шығып тұрған түтікшеден шлангіні шығарды. – Қазір врач катетерді алады, сосын қайтасыз.

— Операция жасай ма тағы?

— Кішігірім операция ғой, көп уақыт кетпейді.

— Бүгін үлгереді екенмін онда.

— Қайда?

— Үйге қайтам ба дегем, – деп Гүлназ қол телефонына үңілді.

— Қазір, – деді де, медбике шыға жөнелді.

 

***

Жатын бөлмедегі үлкен айна алдына келген Гүлназ күп болып іскен бетін қос қолымен ұстап, мойнын әрі-бері бұрды. Сәл шалқайып, мойнына жапсырылған пластырьдың сыртынан ақырын сипап қойды. Мұрат әйелінің ту сыртынан қарап, екі қолын желкесіне қойып, төсекте шалқасынан жатыр. Терезе пердесі жартылай ашық. Әйнектен аяздың салған аздаған өрнегі білінеді. Гүлназ төсек шетіне келіп отырды да, Мұратқа бетін бұрды.

— Ертең сен бармай-ақ қой. Үйреніп қалдым ғой, мен өзім бара берейін. Қайта-қайта жұмыстан қалып қайтесің?

— Жалғыз қиналып қалмайсың ба? Олардың тағы не дейтінін бір Құдай білсін. Бұларға сенуден қалдық. Өткенде «жазылдың» деп больницадан шығарды, он күн болмай ісіп-кеуіп отырған түрің – мынау!

— Бара берейін, такси жеткізіп тастайды ғой. Кешке болса да, балаларға қарас, мамаға қиын болды, – деп Гүлназ мойнын есік жаққа бұрып, көзіне тұнған жасты күйеуіне көрсетпеуге тырысты.

— Онда ұйықтап демалсаңшы, таңертең ерте кетуің керек. Екі орта да алыс. Уақыт та біразға барыпты.

— Сен жата бер, менің мазам болмай тұр. Дәрі ішейін, – деп Гүлназ орнынан тұрды.

Сәске түс. Әрі-бері зулаған машиналардың анда-санда созылып барып үзілген сигнал дауысы естіледі. Көше қиылысында машиналар қозғалысын басқарып тұрған полицей мұртына қонған қырауды қолғабының сыртымен сүртіп, бас киімін төбесінен басып-басып қойды. Жан-жағын жіті қадағалап тұрған оның келесі бір ишарасында Гүлназ топтасқан төрт-бес адаммен бірге көшені кесіп өтті. Ол даңғылды өрлеп он бес минут жүрді. Облыстық аурухана табалдырығын аттағанда сумаңдап соңынан ерген ызғар бір құшақ бу болып, есік босағасында шашылып қалды.

— Өткенде осында бір жарым ай жатып емделгем. Дәрігерге жолығуым керек, – деп Гүлназ кішкентай терезенің арғы жағындағы әйелге төлқұжатын ұсынды.

— Қазір.

Орта жастағы семіз сары әйел артқы жағындағы сөрені ақтарып, жарты сағат күйбеңдеді. Әзер кезегі келіп терезе тұсына жеткен Гүлназдың соңындағы адамдар тізбегі ұзара түсті.

— Екінші этаж, 205-кабинетке барыңыз, – деп орта жастағы әйел Гүлназдың төлқұжатын өзіне қайтарды.

Дәрігер кіреберістегі ұзын орындыққа келіп жайғасқан Гүлназға көзінің астымен қарап, быртиған саусақтарын, білегіндегі сағатын қозғап-қозғап қойды.

— Қай жерің ауырды? – деп ол шіңк ете қалды.

— Өткендегідей басым қатты ауырып, давлением көтерілді. Құстым.

— Басқа?

— Кеше түнде демігіп, дұрыс тыныс ала алмадым. Соңғы екі күнде көзім дұрыс көрмей қалды.

— Басқа?

— Білмеймін ғой, ауруым көбейіп кетті. «Жақсы боп кетесің» деп едіңіз, неге бұлай боп кетті, дәрігер?

— Соған мен де таңғалып отырмын, бұлай болмауы керек еді. Бүйректің қызметі қатты нашарлап кеткен болуы керек. Су жиналып, шлак көтерілсе, дененің ісетіні де содан. Тезірек қан тапсыр, не болғаны ертең белгілі болады енді.

— Не болуы мүмкін? Айтыңызшы, дәрігер!

— Анализден кейін белгілі болады. Диализге тәуелді болып қалуың да әбден мүмкін.

Гүлназ ернін жымқырып, үнсіз қалды. Сүйкектетіп жазу жазуға кіріскен дәрігерге қарап аз отырды да:

— Дәрігер! – деді күрсініп. – Диализ қиын ба?

— Қиын болғанда… Былай ғой… Қалай түсіндірсем екен? Өткендегідей аппарат арқылы қан тазартылады. Операция жасап, мына жерді тіліп, тамырға фистула қойылады, – деп дәрігер сұқ саусағымен білегінің бұлшық етін жеңінің сыртынан сызып көрсетті. – Одан шығып тұратын екі түтікше шлангі арқылы аппаратқа жалғанады. Уақыты болғанда фистуланы ауыстыру керек. Пациенттер, әдетте, аптасына үш процедурадан алып тұрады. Әрбір процедураға үш-төрт сағат уақыт кетеді. Білекті қайта-қайта тіліп, фистула қою оңай ма? Тіпті екі білектен қоятын жер қалмағанда кеуденің жоғары жағын тіліп, «туннельный катетер» қою керек болады. Ол  енді – диализге тәуелді пациент кешетін ұзақ барыс. Кейбір жағдайы келген пациенттер бүйрек ауыстырып жатады. Мүмкін сен диализге тәуелді болмай жазылып кетерсің. Нақты диагноз ертеңгі анализ нәтижесіне қарай белгілі болады.

— Түсіндім, – деп Гүлназ басы салбырап, екі алақанымен бетін басты.

***

Екеуі төбесі жабық жаңа базардың қай қатарында келе жатқанын аңдамай да қалды. Екі жағындағы бір-бірінен аумайтын контейнерлерге кезек қарап, баяу ілбіп келеді. Жеңіл машина еркін сыятындай аралық жолда ерсілі-қарсылы сабылған адам қарасы да көп. Әлдеқайдан саксофонның үні талып жетеді. Олардың қасынан арбаға таңылған жас жігітті итеріп жасамыс әйел өтті.

— Садақа берейінші, – деп Гүлназ тоқтай қалып, қол сөмкесін ақтара жөнелді.

— Менде ұсақ ақшалар бар, – деп Мұрат шалбарының қалтасына қолын салып, мыжылған екі жүз теңге мен темір тиындарды алып, әйелінің алақанына салды.

Ол жүгіріп барып қолындағы ақшасын мүгедек жігіттің алдындағы қорапқа салды. Жасамыс әйел басын изеп, разылығын білдірді де, арбасын итеріп, кете барды. Гүлназ сәл алға озған Мұратқа жетіп алды да, футболкасының шолақ жеңінен тартты.

— Мына жерге кірейік, әйелдер киімі екен, – деп ол солға бұрылды.

Контейнер алдында орындықта отырған жас қыз орнынан ұшып тұрды. Шұқылап отырған қолтелефонын шолақ джинсы шалбарының артқы қалтасына салды да, ішке кірген Гүлназдың соңынан жүрді. Ішке кірмей, контейнер алдында тұрған Мұраттың көзі сатушы қыздың сырықтай жұп-жұмыр санына, тоқ балтырына түсті. Өзінің кербез аяқ алысын сырттай біреудің бақылап, бағып тұрғанын сезгендей сатушы қыз артына бұрылды.

— Кірсеңізші, аға! Жолдасыңыз асықпай киімдер қарап алсын. Мұндағының бәрі – жаңа тауарлар.

— А-а… иә, – деп Мұрат сатушы қызға қарап жымиып күліп қойды да ішке кірді.

— Мына кофтаның жеңі ұзыны бар ма? – деді Гүлназ.

— Фиолетовыйды айтасыз ба?

— Иә.

— Жоқ. Мына ыстықта ұзын жең киіп қайтесіз? Мынау сізге жарасады. Киіп көрсеңізші, – деп сатушы қыз күлгін түсті футболканы ілгіштен шығара бастады.

— Жоқ, әуре болмаңыз, – деді Гүлназ.

— Онда мынаны көріңіз, – деп сатушы қыз жасыл түсті футболканы көрсетті.

— Оның ұзын жеңдісі бар ма?

— Ой, тәте, қызықсыз! Өзіңіз жап-жассыз, «ұзын жең, ұзын жең» дей бергеніңіз не! Міне, көріңізші. Сіздің өңіңізді ашады, – деп сатушы қыз жасыл футболканы алды да, Гүлназдың кеудесіне жапсыра екі жеңін екі жаққа тартты. – Қолыңызды сәл екі жаққа жайыңыз.

Гүлназ күлімсірей екі қолын екі жаққа жайды.

— Айтыңызшы, аға! Тәтенің өңін ашады ғой, ә?! Мынау тура сіздің размеріңіз, киіп көрсеңіз. Ойбай, білегіңізде бірдеңе дыз-дыз етеді ғой. Не нәрсе? Сағат па? – деп сатушы қыз кофтаны ұстаған күйі тұрып қалды.

— Иә, алтын сағаты бар. Алтын болғанда саф алтын. Сол жұрт көзіне түспесін деп ұзын жең іздеп жүрген жоқпыз ба?!

Мұратқа, оған қосыла күлген Гүлназға кезек-кезек қараған сатушы қыз шарт кетті.

— Мені мазақ қылып тұрсыздар ма?! Адамды ақымақ қылмай, алмасаңыздар босатыңыздар бұ жерді! Ерігіп жүрген ешкім жоқ!

— Ой, қарындасым, ренжи көрме! Тәтең гемодиализбен емделетін еді, жеті жылдан бері екі қолында тыртық болмаған жері жоқ. Білектің қалың етінің ішіне кішкентай аппарат қояды, сол ғой дыз-дыз етіп тұрған. Тыртық болмаса, ұзын жең кофта іздеп сандалар ма едік?! – деді Мұрат. 

— Ол не гемодиализ деген?

— Бүйрек ауруы, аппаратпен емделеді.

— Ой, кешіріңіздер! Мені мазақ қылып тұр екен деп қалыппын. Бізде негізінен осындай шолақ жеңді киімдер. Базар үлкен ғой, іздесеңіздер табылады, – деп сатушы қыз Гүлназға жапақ-жапақ қарады.

— Табылуы табылады екен, бірақ әйелдерге ұнайтын дүниені табу – қияметтің қияметі. Ұнаған кофтасының жеңі шолақ, ұнатпағанының жеңі ұзын, – деп Мұрат сатушы қызға қарап, жымиып қойды. – Жақсы, саудаңыз жүрсін!

— Жақсы, сау болыңыздар!

— Енді «алтын сағат» туралы айтып елдің шамына тимеші, – деп Гүлназ контейнерден шыға бере Мұратқа күлімсірей қарады.

— Ендігілер сұраса, бриллиант сағат деймін.

— Ой, сен де…

— Қалжың ғой, бұйырса ақша-пақшаның басын құрап бүйрегіңді ауыстыратын боламыз. Бұ бәледен де құтыларсың.

— Бұйырса…

 Фото: the9inchplate.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.