Қырғызстанның «Ата Мекен» партиясы президент Сооронбай Жээнбековке партия жетекшісі Омурбек Текебаевтың ісін қайта қарауды сұрап, ашық хат жолдады.

Партия мүшелерінің пікірінше, сот процесі кезінде басты куәгер Леонид Маевский «сөзінен қайта-қайта жаңылып, мәліметтерді шатастыра берген».

«Ата Мекен» Маевскийдің Мәскеуде 16 қарашада «бопсалау» ісі бойынша ұсталғанына назар аударады. Тергеу ісі мәліметі бойынша, Маевский жәбірленушіден 37,5 миллион доллар талап еткен. Ол жәбірленуші егер ақша бермесе, жаман атқа қалдыратын істерін әшкерелейтінін айтып бопсалаған. «Ата Мекен» партиясы өкілдері Маевский дәл осы айла-шарғысын Текебаевқа қарсы қолданды деп есептейді.

«Біз сізден сот ісіне араласуыңызды сұрамаймыз. Бірақ алаяқ Леонид Маевский Текебаев ісінде айыптау жағынан жалғыз куәгер болды. Қазіргі жағдайға байланысты оның ісі қайта қаралуы тиіс» делінген ашық хатта.

2017 жылдың ақпан айында «Ата Мекен» партиясының жетекшісі, парламент депутаты Омурбек Текебаев пен Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елші Дуйшенкул Чотонов қамауға алынған.

«Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотонов 2017 жылдың ақпан айында Ресей кәсіпкері Леонид Маевскийден миллион доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған.

Былтыр 21 қарашада Жоғарғы сот екі саясаткерді күшейтілген режимде 8 жылға соттау туралы аудандық сот шешімін күшінде қалдырған. Сотталушылар өздеріне қарсы істің саяси астары бар деп біледі.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.