Кезінде «аңшылықтағы жазатайым оқиға» санап, жылы жауып келген банкир Ержан ТӘТІШЕВТІҢ өлімі бойынша айыпталып жатқан Мұхтар ӘБІЛЯЗОВКЕ қатысты бүгін Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тараптардың жарыссөздері өтті. Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Ілияс ЕСҚАЛИЕВ айыпталушы Әбілязовты өмір бақиға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. 

«Адамның өмірі мен денсаулығына қастандық жасау аса ауыр қоғамдық қылмыс. Баяндалған айыптаулар негізінде, Мұхтар Қабылұлы Әбілязовты ҚР Қылмыстық Кодексінің 28 — бабының 3 -бөлімі, 96-бабының 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танып, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраймын», — деді прокурор І.Есқалиев.

Мемлекеттік айыптаушы іс материалдары негізінде Мұхтар Әбілязовтің бір топ адамның алдын ала сөз байласуымен Тәтішевті қасақана өлтіруді ұйымдастырғанын жеткізді. Оған «Тұран Әлем банкін бөлу және бақылау үшін туындаған дау бойынша Әбілязовтің теріс көзқарасы себеп болған» деген қорытындыға келген.

Бірақ, бұған Әбілязовтың адвокаты келіспей, дәлелдемелердің кейбірінің қисынсызын алға тартты. Қазан айының басында басталған бұл сотқа төрелік етіп жатқан судья Кенжеғали КЕНЖЕБЕКОВ шешімді 27-ші қарашада шығармақ.  Айыпталушының қатысуынсыз өтіп жатқан сот тыңдаулары бойынша ұзын-ырғасы 60-қа жуық куәгерден жауап алынған.

Оқырмандарға түсінікті болуы үшін айта кетсек, Ержан Тәтішевті өліміне байланысты биыл наурыз айында Мұратхан ТОҚМАДИ 10,5 жылға сотталған еді.Мұратхан Тоқмәди сотта Тәтішевті Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен өлтіргенін мойындап, ол үшін 4 миллион доллар алғанын айтқан болатын. Ал Мұхтар Әбілязов болса, өзіне тағылған «Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген» деген айыпқа «саяси күресінің кезекті шиеленісі» деп жауап берген еді.

Фото: sputniknews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.