Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Түркия еліне гастрольдік сапармен барып қайтты. Сапар барысында театр ұжымы түріктерге түркі жұртының ортақ тұлғасы Қорқыт баба жайындағы Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын ұсынды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған сапарды ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен М.Әуезов театры әкімшілігі. Театр актері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың айтуынша бұл сапар екі елдің, жалпы түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында жасалған. Аталмыш халықаралық фестивальде қазақ театры әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алғанын айтады актер.

«Жалпы, мәдениетіміздің озық түрлерін әлемдік деңгейге көтерілуі, бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейде қызмет ету біздің театр үшін де, ұлт үшін де өте маңызды. Мәдениет ұлттың ар-намысы, жүрегі, болмысы болғандықтан, бір жылдың ішінде біздің театр халықаралық екі-үш сапарларға шығып өнер көрсетті. Міне, түбіміз бір Түрік елінің оңтүстігінде орналасқан Адана қаласында өнерімізді көрсетіп үлкен бір қошеметке бөленіп қайттық. Жалпы екі елдің, түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайту барысында осы шараға біздің театр әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алды деп ойлаймын!» — дейді Бекжан Тұрыс.

Түркия десе, түрік бауырлар десе Қазақстанның Тәуелсіздік алған сәті еске түседі. Иә, ең алғаш болып мойындаған ел осы Түркия еді. Демек, қазақ мемлекеттігінде де, руханиятында да Түркияның орны ерекше болып қала бермек. Өнеріне риза болысып, тік тұрып қол соққан көрерменнің алдында Қорқыттың рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда осыны айтты. Актер қазақ пен түрік мемлекеттері арасындағы достық, мәдени байланыс әлі күнге жалғасын тауып, күн өткен сайын өсіп-өркендеп келе жатқанын, театр ұжымы Түркия елінде осыменен төртінші рет гастрольдік сапармен келіп жатқанын және осындай үлкен мүмкіншілік туғызған екі елдің елшіліктеріне, мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтты.

Түбі бір түркі халықтарын рухани тұрғыда жақындата түсу үшін Адана қаласында театр фестивалінен бөлек, кино фестивальдер де ұйымдастырылған.

«Елден сыртқа шыққан кезде міндетті түрде театр ұжымының алдында үлкен жауапкершілік болады. Себебі мұндай халықаралық фестивальдерге келгенде ерекше серпілесің. Спектакль бөтен жерде қалай өтеді екен деп ойлайсың… Құдайға шүкір қойылымды сәтті қойдық. Қол шапалақтағандарынан, жылы лебіздерінен, қойылымды тамашалаған адамдардың жүздеріндегі көтеріңкі көңіл күйлерінен шындығында да қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екендігін дәлелдедік деп ойлаймын. Театрдың әртістері бар күштерін салды. Сыншылар, театр директорлары нағыз театрды көрдік деп айтып жатты. Елімізге үлкен мақтанышпен қайттық», — дейді театр актері Бауыржан Қаптағай.

Өнер осындай байланыс арқылы дамиды. Өзіңде не бар екенін көрсетесің, өзгенің артықшылығын көресің. Және өзіңнің қай деңгейде екеніңді танисың. Әлем қайда барады, сен қай деңгейде тұрсың?.. Осының барлығын бағамдау үшін осындай сапарлар керек-ақ. Қазақтың театр өнерінің атынан барып қайтқан Әуезов атындағы театр өздеріне артылған міндетті орындап қана қоймай, үлкен тәжірибе жинап келді деп айтуға толықтай негіз бар. Ал, театр басшылығы бұл гастрольдің мұндай сапарлардың басы да, соңы да емес екенін айтады.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.