Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар АҚСАҚАЛОВ өңірде «7-20-25» бағдарламасының жүрмей жатқанын мойындады. Әкімнің айтуына қарағанда Петропавлда үй сатып алушылардың қатары мүлдем аз.

Осы жылдың қазан айында президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «7-20-25» бағдарламаның өңірлерде дұрыс іске аспай жатқанын айтып, әкімдерге ескерту жасаған болатын. 

Қазір қанша өтінім түсті? Кім біледі?… Тек екі мың ғана. Сонда үй алғысы келетіндер жоқ па, әлде шарттары қиын ба?… Үкімет жұмыс істемейді, Бақытжан (премьер-министр Сағынтаев). Әкімдер жұмыс істемейді. Сендерге басқа не керек? Адамдардың өмірін жақсарту үшін сендерге басқа не керек? Барлық әкімге ескертемін: 2019 жылы өз қызметтеріңде қаласыңдар ма, жоқ па, оны осы бағдарламаның қалай жүзеге асқанына қарай шешеміз,  деп ашуланған еді мемлекет басшысы. 

Әрине, президент ашуланғаннан кейін әкімдер тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға бар күш-жігерлерін салып жатқандары анық. Дегенменде, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша азаматтардан 6-ақ өтініш түсіп, оның 3-і ғана қабылданыпты. 

Жалпы бұл бағдарламаның басты мақсаты коммерциялық мақсатта салынып жатқан үйлердің бағасын түсіру болатын,дейді бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.Өкінішке орай, Петропавлда коммерциялық мақсатта салынып жатқан үйлер өте аз. Биыл бір ғана үй салынды. Оның өзіне сұраныс аз болған. Сондықтан тұрғындарға жер учаскелері бөлініп берілуде. «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны демеуқаржыландыруға жыл соңына дейін 200 млн. теңге бөлінеді. Жалпы алғанда несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша салынып жатқан үйлерді осы бағдарламаға ауыстыруға болады деп ойлаймын. Сөйтіп, жыл аяғына дейін 200 пәтерді пайдалануға берсек деген жоспарымыз бар.

Осылайша орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Өңірдің даму бюджеті бар-жоғы 9 млрд теңге ғана. Ол көп нәрсеге жетпейді» деп мұңын шаққан Құмар Ақсақалов алдағы жылы өз қызметін сақтап қалу үшін барынша жанталасып жатқан сияқты. Оның нәтижесін әрине, уақыт көрсетеді.

Фото: azattyq.org

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.