«Желтоқсан оқиғасы» деп басталып, «Желтоқсан толқуы» деп жазылып, «Желтоқсан көтерілісіне» айнала бастаған 1986 жылғы ұлт көтерілісіне биыл 32 жыл толады. 32 жыл… Былайша айтқанда, бір ұрпақ – бір буынның жасы. Қазақ желтоқсаншылары Одақ көлемінде ең бірінші рет орталықтың отаршыл саясаты мен озбырлығына қарсы мінез көрсетті, бой көтерді. Журналист К.Табеев бұл көтеріліске қатысушыларды 1825 жылы Сенат алаңына шыққан көтерілісшілермен  салыстырады.

Мен, Желтоқсан көтерілісінің куәгері ретінде, сол күндердің, қазақ жастарының ұлттық жігерін, сезімін қорлаған тоталитарлық жүйеге өз сана- сезімдерімен қарсы шыққанын, бар жан-жүрегімен күрескенін айта аламын. 17 желтоқсанның кешінен бастап халқына, оның көп жылдар бойы тепкі астында жаншылған рухына қалқан болғандарды көзіммен көрдім. Қыздардың ерліктері Тұмар әпкелерінің батырлығына пара-пар. Қол ұстасып қасқайып, қызыл жендетке қарсы тұруға жететін жігерді ұлттық рух қана бере алады. Ал олардың ұлттық рухы жоғары еді, ұзақ жылдар бұлықсып жатты да, бір күнде жарылды.

Жастарға қарсы адам аулауға, ұрып-соғуға орыс жұмысшыларын шығару ұлтшылдықтың барып тұрған шыңы еді. Бұл тәсілді келімсек Г.Колбин мықты ұстанды. Ұялмай-қызармай оларды «жасақшылар» отряды деп атады. Екі ұлттың ортасына өте үлкен әрі қуатты, көпке дейін шірімейтін сына қаққанын өзі де білген жоқ. Кешегі достармен бір сәтте «атажау» болып шыға келдік, қазақпен «ұрланып» сөйлестік. Осылай қалыптасқан жағдайдан кейін ұлтаралық дүрдараздық асқынып, онсыз да қазақты адам қатарына қосқысы келмейтін өктем ұлт мүлде есірді. 20 желтоқсан күні трамвай айдаған орыс әйелінің қазақ жігітін қағып, ұшырып түсіргенін көрдім (сигнал берсе қашып үлгеретін еді). Трамвай ішіндегі кезекті «көтеріліс» қантөгіске ұласуға сәл-ақ қалды. 18-19 желтоқсан күндері кешкі асты айдаладағы «Ақсай-II» мөлтекауданында үрейдің ортасында, шам жақпай, қорқынышпен іштік. Өйткені есік алдындағы жендеттер шамы жарқырап тұрған жастар тұратын пәтерге кіріп келе беретін-ді.

Сол күндердің басты батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің Тараз қаласындағы саябағының (бүгінгі күні Қазақстанда жалғыз) қайта жаңаруына құтты болсын айтушылар бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінен телефон шалуда. Қаһарманның қайта тұрғызылған, мағыналы, еңсесі биік ескерткіші бәрімізді ерекше қуанышқа бөледі. Өйткені осыған дейін екі рет қойылған мүсін Қайраттың батырлығын, ерлігін көрсете алмаған еді, әйтеуір, бір жері кемшін болып тұратын. Бүгінгі кескін-келбеті керемет. Нағыз батырдың мүсіні. Әне, ол елі, Отаны үшін еш нәрседен қаймықпай, алға, Тәуелсіздікке ұмтылып келеді. Бүкіл саябақтағы керемет нысандар желтоқсаншыларды асқақтатып тұр. Көрікті, кешенді нысандар кімнің болсын бойына қуаныш, мақтаныш сезімін құяды, адамды ерекше бір жақсы әсерге, шуақты нұрға бөлейді. «Тәуелсіздік ұшқыны», «Желтоқсан толқыны», «Ғибрат» болып толыққан. Аты затына сай. Оған желтоқсаншыларға арналған музейді қосыңыз. Енді желтоқсаншылардың бұл сүйікті орнына айналып, бас қосатын жері болатыны анық.

    Музей араласаң, есіңе сол бір қаһарлы шақ түседі. Ал кейінгі ұрпақ үшін өнеге, рух беретін киелі де қасиетті орын бұл. Нағыз батырлықтың кешенді көріністері айшықталған орталық болары хақ. Елінің ертеңі үшін қыршынынан қиылған, құрбандық болған Қайраттың мәңгі өлмейтін рухына жасалған тағзым – қазақтың өткеніне, келешегіне жасалған тағзым.  Ескерткішке қараған сайын ол мәңгі жас күйінде, бүгінгі, одан кейінгі ұрпақтың ортасында қасқайып тұрады, ерлікке, елдікке шақырады.

Мұрат БЕРДАЛИЕВ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.