«Қағаз жүзінде бар, шынайы өмірде жоқ»

Жауғаштыдағы әйелдер колониясынан хабарласқан азаматша осылай дейді

«Жас алаштың» тілшісіне Алматы облысы Іле ауданындағы Жауғашты ауылында орналасқан ЛА-155/4 колониясынан жаза өтеуші азаматша телефон арқылы хабарласып, мекемедегі жөнсіздіктер мен соттардың әділетсіздігі туралы айтты. Иә, хабарласушы нәзік жанды. 1986 жылы туған. «Жазықсыз сотталдым» деген Дина ЫСҚАҚОВА өзінің өткен-кеткен өміріне көп тоқталған жоқ. Түрмедегі қазіргі ахуалды айтты.

-Қазақстанда ең төменгі жалақы 28 мың теңге. Ал колониядағы тігін цехында жұмыс істейтіндердің арасында  айына 2 мың теңге алатындар кездеседі. Мәселен менің өзіме айына 14 мың теңге жалақы жазылады. Оның 5 мың теңгесін баж салығына ұстайды, 5 мың теңгесі материалдық шығынды өтеуге кетеді. Сонда өзіме қалатыны 4 мың теңге. Түрме әкімшілігі прокуратура органдарына колониядағы  500 әйелдің 75 пайызын жұмыспен қамтыдық деп есеп береді. Шын мәнінде мұндағы жаза өтеушілердің 100-і де жұмыспен қамтылмаған. Қағаз жүзінде бар,  шынайы өмірде жоқ. Заң бойынша жазасының жартысын өтегендер бостандыққа мерзімінен бұрын шыға алады. Алайда бізге түрме әкімшілігі «қоңырауға дейін», яғни  аяғына дейін отырасыңдар дейді. Мен Іле аудандық сотының судьясына «қазір ізгілендіру шарасы жүріп жатыр, мені мерзімінен бұрын босатыңыз, жұмыс істеп, келтірген материалдық шығынымды өтейін. Түрмедегі 14 мың теңге жалақымен шығынды қалай өтеймін?» дегенімде, сот «басымды қатырмаңыз» деді. Түрмеде 200 миллион теңге шығын келтіргендер мерзімінен бұрын босап жатыр, 200 мың теңге шығыны барларды шығармайды. Рецидивистер, яғни қылмысты қайталап жасағандар мерзімінен бұрын босайды, екі баласы барлар шыға алмайды. Бәрі белгілі ғой. Сонда біз мерзімінен бұрын шығу үшін тағы  қылмыс жасап, пара беруіміз керек пе?-деді жаза өтеуші азаматша.

Дина Ысқақованың айтуынша, 2018 жылдың маусымында Талдықорған қалалық соты оны алаяқтық бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырып, рақымшылық заңын қолдана отырып, түпкілікті 3 жыл 10 ай, 18 күнге бас бостандығынан айырған.  Ол пәтер алаяқтығына қатысты іс бойынша сотты болған. Үкім бойынша жәбірленушілерге 33 миллион теңге шығынды қайтаруы тиіс екен. Ақпарат құралдарында жариялаған мәліметтерге қарағанда,  биыл Талдықорғанда өткен шулы іс бойынша жәбірленуші деп танылғандардың ұзын-саны елуге жуықтаған көрінеді.

-Мен түбі ақталып шығатыныма сенемін. Енді көп те мерзімім қалған жоқ. Мені қоя берші, бәрінен бұрын осы колонияда 10-15 жылдап жаза өтеп жатқандарға обал. Менің талабым сотталған әйелдердің құқығы тапталмасын. Сот барлық сотталғанға бірдей қарасын. Материалдық шығынды өтеуге мүмкіндік берілсін,-деді Д.Ысқақова.

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда әйелдер, оның ішінде жас балалары бар әйелдер жазасын өтейтін Жауғаштыдағы түрмеде жаза өтеушілердің 85 пайызы жұмыспен қамтылған. Ал түрмеден хабарласқан азаматша басқаша айтып отыр. Бұл қаншалықты рас? Колониядағы әйелдердің қаншасы шын мәнінде жұмыспен қамтылған, қаншасы бос отыр? Мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруда соттардың бұра тартатыны, әділетсіздік жасайтыны рас па?

Біз осыған байланысты мән-жайды білу үшін Алматы облысы Іле ауданы Жауғашты ауылында орналасқан ЛА-155/4 әйелдер колониясының басшылығымен телефон арқылы байланыспақ болған едік. Алайда басшылармен сөйлесу мүмкін болмады. Бергі жақтағылар бір-біріне сілтеумен болды.

Алматы облыстық прокуратурасы сотталушының осы талап-тілегі, арызы бойынша тексеру жүргізіп, тиісті жауабын береді деген ойдамыз. 

Фото: voxpopuli.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.