Сұрақтың дәл осылай қойылуына, Талдықорған қаласында өткен «Көшбасшы – 2018» байқауы себеп болып отыр. Күні кеше ғана Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен өткен марапаттауда сыйлық иегерлерінің ішінде бір де бір әдебиетші жастың есімі анықталмады.

Шараның шымылдығын ашып, жеңімпаздарды марапаттаған облыс әкімінің айтуынша, президенттің тапсырмасына орай облыста жастар саясаты жоғары деңгейде жүзеге асып келе жатыр.

-Биылғы «Көшбасшы» сыйлығын тапсыру ерекше жағдайда өтіп отыр. Президентіміз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды  «Жастар жылы» деп жариялап, 13 қарашада тиісті жарлыққа қол қойғаны белгілі. Баршаңызды осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын,  деді.

Жастар саясаты демекші, шарада Амандық Баталов бұл бағытқа бөлінетін қаржы көлемінің жылдан жылға артып келе жатқанын да атап өтті. Айталық, 2018 жылдың өзінде аталған мақсатта бөлінген қаржы 565 млн. теңгеге жетіп отыр.

Енді, «Көшбасшы – 2018» байқауы туралы тоқталып өтсек. Таланттар сайысы тікелей өңір басшысының назарында болғандықтан, жүлде қоры да көңіл көншітерліктей деуге болады. Яғни, жеңімпаздардың әрқайсысына 250 мың теңгенің ақшалай сыйлығы табыс етіліп отыр. Оған аталған бәсекеде номинациялар санының көп болуын үстеп көріңіз. Нақтырақ айтқанда, ұйымдастырушылар биылдың өзінде 19 арнайы атаулы жүлде қарастырған. Демек, жалпы жүлде қоры 5 млн. теңгеге жуықтайды деген сөз. Нәтижесінде, оған Жетісудың 14 пен 29 жас аралығындағы 200 белсенді жасы қатысуға мүмкіндік алған. Керемет мүмкіндік! Тек…

Қайталап айтамыз: ұзын саны 19 номинация: ішінде тек әдебиет жоқ?!

Дұрысы, жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жалынды жастарды анықтайтын жарыста ондай номинация тағайындалмаған деуге болады. Бұл Ілияс, Бердібек, Мұқағали, Тұманбай, Жұматай… сынды алыптар өткен өңірде ізін басар қаламгер жастың жоқтығынан емес-ті. Тиісінше, сол таланттардың отын танып, талабын ұштайын деген рухани кемел бір басшының болмағанынан болса керек.

Өйтпесе, өңір басшысы атап өткен көл-көсір қаражаттың қаламгер жасқа келгенде «тартылып» қалуы мүмкін болмаса керек. Оған өңірдің рухани дамуына серпін беруі тиіс «Рухани жаңғыру» мен екі-ақ қырдың астында тұрған жарқырауы тиіс «жеті қырдың» шарапатын қосыңыз. Ардың ісі әдебиетке көңіл бөлме деген көлденең емеурін жоқ. 

P.S. Мүбәдә, дейсіз, облыста руханияттың исі мұрнына баратын бір басшы болса: «Облыста әдебиет қаза болып па еді?» деп айтар ма еді, айтпас па еді, кім біліпті. Әзірге осы болып тұр. Бәлкім, келесі жылы «Жыл әдебиетшісі — 2019» деген бөгенайы бөлек номинация әдебиетсүйер қауымның жүрегін жылытар. Оған дейін облыста облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қадағалауымен Астанадан басталған «Жас әдебиетшілер кеңесі» де құрылып қалар… 

БІЛГІҢІЗ КЕЛСЕ

Алматы облысында «әдебиет көшбасшысы» неге жоқ?

«Үздік  жас журналист» – Мәдина Берікова («Жетісу» телеарнасының тілшісі).

«Үздік  жас мемлекеттік қызметші» – Сәкен Түкібаев (Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы).

 «Үздік жас әскери қызметші» –  Ришат Дантаев (Іле ауданы 2177 әскери бөлімінің әскери қызметшісі).

«Үздік жас кәсіпкер» – Диас Қилыбаев («Qprint» полиграфиялық полиграфиялық қызмет көрсету орталығының директоры).

«Үздік  жас спортшы» –  Анель Құдайберген (Талдықорған заң колледжінің 3-курс студенті).

«Үздік жас өнерпаз» –  Ақбота Серікболова (Жамбыл ауданы «Сүйінбай сазы» фольклорлы –  этнографиялық ансамблінің жеке дауыстағы әншісі).

«Үздік  жас ғалым» –  Бархудар Гусенов (І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің докторанты).

«Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы» – Рахия Елназарқызы (Қарасай ауданы «Қазақ  егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің кіші ғылыми қызметкері).

«Үздік  жас отбасы» –  Козбековтар отбасы.

«Үздік  жас дәрігер» – Азамат Аубакиров (Еңбекшіқазақ ауданының орталық аруханасының терапевт дәрігері).

 «Үздік  жас ұстаз» – Азамат Тлеубаев. (І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы).

«Үздік ерікті» –  Ержан Даулетбаев (Алматы облысы пікір-сайыс одағының төрағасы).

 «Үздік студент» – Айжан Тұрғанбаева (Панфилов ауданы Жаркент гуманитарлық -техникалық колледжінің студенті).

«Жас  батыр» – Ельдар Абдиев (Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 3-курс студенті).

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының үздік сарбазы –  Меліс Аукенов (І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2 курс білімгері)

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы – Бауыржан Қадырханов (Талдықорған қаласы, №14 орта мектептің 9-сынып оқушысы).

«Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы» –  Мейрамбек Рахимбаев (Ақсу ауданы Қапал ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы).

«Аудандық жастар ресурстық орталығының үздік маманы»  – Аслан Күбентаев (Сарқан ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі).

«Жастар үкіметтік емес ұйымының  үздік көшбасшысы» – Елдар Сапаров («Алматы облысы студенттерінің одағы» ЖҚБ төрағасы). 

Фото авторы: Данияр Сағындық.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.