Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 1» телеарнасына сұхбат беріп, көрші мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен қарым-қатынас мәселесін сөз етті. Бұл туралы «Россия 1» арнасы хабарлады.

Журналист Андрей Кондрашов президентпен әңгіме барысында халықаралық саясат, көршілес елдер арасындағы қарым-қатынас және президенттің жеке басына қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

«Болашақ туралы айту – рахымсыз шаруа, біз көріпкел емеспіз. Ол мынау дүниені, бәрімізді жаратқан Жаратушыға ғана аян. Біз Қазақстанды қалай көреміз? Қазақстанды ортаазиялық көршілерімізден, ұлан-ғайыр шекарамыз шектесіп жатқан Ресейден және Қытай Халық Республикасынан бөліп қарастыруға болмайды. Егер сен егін ексең, ал көршіңнің жерінде арамшөп өсіп тұрса, арамшөп сен жаққа да шығады деген бар. Сол себепті, біз сауда-саттық жасайтын көршілеріміздің дамығанын тілеуіміз керек», — деді Назарбаев көршілес елдерге қатысты.

Сонымен қатар, Ресеймен арақатынасқа оның Путинмен жақын достығы әсер ете ме, жоқ па дегенді де талқылады.

«Владимир Владимирович Путинмен ол 2000 жылы саясатқа келе салған күннен бастап байланыстамын. Бізге өте күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге тура келді. Бұл – 7 мың 500 метр ортақ шекараны белгілеу. Әрбір метр, әрбір километрді жүйелеу керек болды. Қытаймен екі арадағы шекара неше километр екенін білесіз бе? Жүз жыл бойы осыны шеше алмадық. Каспий теңізіндегі шекара да тура солай нақтыланбай келді. Бұл жай ғана шешіле салатын мәселе емес болатын. Айталық, Байқоңыр ғарыш айлағы мәселесі. Осының барлығы Владимиром Владимировичпен әлі күнге жалғасып келе жатқан арадағы сенім мен жақсы қарым-қатынастың арқасында шешілді».

Президент әңгіме барысында ТМД, ЕурАзЭҚ арқылы шешілген ынтымақтастық мәселелеріне, көршілердің өзара қатынасына тоқталды. Президент бұл ретте Ресейдің ойып алар орны бар екенін де айтты.

«Айтары жоқ, Ресей орталық орынға ие. Адам ресурсы бойынша да, экономикасы бойынша да. Мен бұған дейін де Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынас басқаларға үлгі болуы керек деп айтқам. Егер, әлемде көптеген көрші елдердің қарым-қатынасы осындай болғанда, бізде қазіргідей қиындықтар болмас еді», — деді перзидент.

Журналист Назарбаевтан «дастарқан басында бұрынғыдай советтік һәм орыс халқының әндерін айтасыз ба?» деп сұрады. Соларды естіп өскенін айтқан президент:

«Мен екі мәдениет бойынша тәрбиелендім, қазақтың төл мәдениеті және орыс мәдениеті. Біздің заманымыз солай болды. Біз совет заманында өстік. Бір отан болды, бір түсінік болды. Комсомол мен партия болды. Энтузиазм болды. Жастық болды. Ән айтатынбыз. Сол әндер әлі күнге жаныңды толқытады. Әртүрлі әндер болды ғой. Орыстың әндері әуезді келеді, дала сияқты, дария сияқты, толқын сияқты. Қазақ әндері де әуезді.

Бір америкалық қонағымыз менен ән айтқанда неге әуелетіп, айқайлап айтатынын сұрады. Микрофон бар ғой дейді. Мен біздің даламыз қандай екенін көрдіңіз бе, қазақ осы далада жүр, ән баршаға жетуі керек, сол үшін әуелетіп шырқайды деп жауап бердім. Демек, біздің ұқсастығымыз да осында», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кету керек, бұл телеарна жариялаған сұхбаттың үзінділері ғана. Толық нұсқасы 7 желтоқсан күні эфирге шығады.

Фото: nur.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.