Тұңғыш Президент күні семейліктер қаланың орталық бөлігін армансыз алып жатқан Ленин атындағы көшені тарих қойнауына жіберді. Анығын айтқанда, бұл көше енді «Мәңгілік ел» деген жаңа атауға көшті. Жергілікті ұлықтар мен кәрі-жасы аралас қаламгерлер жерден жеті қоян тапқандай көшенің жаңа атауын жар сала жаңғыртып, сөз алып, өлең оқығанымен, бұл оқиға «Семейге «рухани жаңғыру» кеш келедінің» кері болды. Өйткені, тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл өткенде барып, көшенің кеңестік одақтың көсемінен «тартып алғанымыз» — әбден мерзімі өтіп кеткен мәселе болатын. Қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТІҢ өзі қатысып, айтулы оқиғадай көрсеткенімен, Президент күнінде атап көрсетер басқа ештеңе қалмағанының әсері еді бұл.

Жалпы, «Жас алаш» бұл тақырыпты қамтыған дүние аз жазылмағанын оқырман  қауым жақсы біледі. Өткен айдың соңында ғана «Ленин көшесінің тағдырын «Тұңғыш президент шешеді» атты мақала жарияланғаны (29. 10. 2018 ж) осы тақырыптың соңғы нүктесі болды.

Крупская Семейден күйеуін «шығарып салды»

Хош, сонымен, Лениннен құтылдық, бірақ… «Әләуләйім біткенде хәләуләйім тағы бар» дегендей, орталықтағы көшелерден «қызыл бояу» әлі кеткен жоқ. Кеңестік одақ тарихында Лениннің әйелі әрі сенімді серіктесі болған Надежда КРУПСКАЯ атындағы көше бар екенін айтсақ, біреу күлер, біреу жылар. Қызығы сол Семейдегі бұл көше де орталықта, араға үш-төрт көше салып, «Мәңгілік ел» көшесімен қанаттас жатыр.

-«Ұра берсең құдай да өледі» деп әйтеуір, кеш те болса, Ленин атындағы көшеден құтылдық. Бірақ, өзімнің тұратын көшем Крупскаяның атында. Ленин көшесін ауыстырудың өзін ширек ғасырдан астам уақытқа созғанда, Крупская енді қанша тұрарын кім білсін?,- дейді осы көше тұрғыны Еділ атты азамат.

Негізінде атауының мерзімі өткен, жаңартуды қажет ететін көшелер Семейде әлі де баршылық. Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан бұл бағытта біраз шаруалар атқарылып та жатыр. Бірақ, осы мақсатта өтетін қоғамдық тыңдаулар қазақтың тұлғаларын танығысы келмейтіндер тарапынан дауға да ұласып кететіні бар. Мәселен, биылғы қоғамдық тыңдаулардың бірінде дәл осы Крупская көшесіне Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ есімін беру туралы ұсыныс айтылғанда «Время» газетінің тілшісі Милана ГУЗЕЕВА жазушының есімінен бейхабар екенін айтып, айды аспанға шығарған болатын. Үкіметті емес ұйым өкілі Николай ИСАЕВ та «Егер Милана білмесе, біз қайдан білеміз?» деп мысқылдағанын да ешкім ұмыта қойған жоқ. 

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.