Мәжіліс депутаттарының көптігінен жер қайысардай көрінгенімен, олардың арасынан елмен етене араласып, алыстағы ауылдарды жиі аралайтындардың қарасы санаулы екені шындық. Көбіне Президенттің пәрменімен болып жататын өзгерістер кезінде ғана төбе көрсететін мәжілісшілердің қатарында есімін ел білмейтіндері де аз емес. Ал, қоғамдағы өзекті жайларды Парламент талқысына ұсынып, Үкіметке сауал жолдайтындардың арасында Нұртай Сабильяновтың үні естілсе, жұрт бірден назар аударады десек, артық айтқандық емес. Өйткені, кез келген шетін жайларды дер кезінде көтере білетін депутаттың сауалдары, ұсыныстары халықтың шешімін табуын күтетін мәселелерімен үндес келетінімен ерекшеленеді.Осы тұрғыда Парламент Мәжілісі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

Құрылыс компаниялары  «бір тереземен» қош айтысады

-Сіз төрағалық ететін комитеттің араласуымен Мәжіліс қарауында қандай заңдар қабылдануын күтіп жатыр? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

-Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті ел ішіндегі әлеуметтік сұраныс тудыратын, халықтың көкейінде жүрген жайларды жете қарастырып отыратынын алдымен айтқаным жөн болар. Сол орайда комитет мүшелері өңірлерге ғана емес, аудандарға, ауылдарға жиі барып, халықпен кездесіп, мәселелерін біліп тұрады. Әсіресе, ауылды жерлердегі ауыз су, жол, қалалардағы тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлікті дамыту сияқты бұқара халық үшін қашанда маңызды салаларға жете көңіл бөледі. Жергілікті тұрғындар тарапынан осы салаға қатысты туындайтын сауалдар, проблемалар да жетіп артылады. Мәселен, республика аумағында жаппай салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының орындалу, жергілікті жолдарды жөндеу, су, білім объектілерін салу процесін алып қарайық. Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін лизензиясы бар 40 мыңнан аса компания бар екен. Олардың тәжірибесінің бар-жоғы, қанша нысандар салғаны, оның сапасы қандай болғанын, материалдық-техникалық базасын құзырлы орындар мен жергілікті әкімдіктер тексеріп жатқан жоқ. Соның салдарынан тендер арқылы объектілерді салуға қол жеткізген құрылыс компаниясы жеме жемге келгенде мойынына алған міндетін дұрыс атқармайды. Өзімен ымы-жымы бір тағы екі-үш компанияларды қосалқы мердігерлікке тартады да, негізгі жауапкершілікті солармен бөлісе салады. Бөліскенде де бюджеттен бөлінетін қаражатқа жауапкершіліктің 33 пайызын ғана өз үлесіне алады да, қалған 67 пайызын өзімен келісім-шартқа отырған мердігер компанияларға бөліп тастайды. Өз кезегінде қосалқы мердігерлер басқа компанияларға бере салады. Содан кейін жұмыс аяқталып қабылдап алғанда негізгі жауапкершіліктен жалтарып шығады. Құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуіне қосалқы мердігер компаниялар айыпты болып шығады да, нысанды алған негізгі компания тасада қалады. Содан барып үлескерлер дауы, қаржылық мәселелер көбейіп, жемқорлықтың да беті ашыла бастайды. Енді бұлай болмайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік субьектілерінің сатып алу мәселелері туралы» Заң жобасына сәйкес, негізгі компания тендерден ұтып алған нысан құрылысының 50 пайызына жауапты болады да, қалған 50 пайызы қосалқы мердігер компанияларға жүктеледі.  Қосалқы мердігерге жұмысты басқа мердігерге беруге жол бермейді. Одан кейін тағы бір жемқорлық асқынып тұрған мәселе – «бір көзден алу» ұғымын қолданыстан шығару қажеттігі күнтәртібінде тұр. «Бір көзден алу» дегеніміз не? Мәселен, бір нысанның құрылысын салу конкурсына 6 компания қатысады. Конкурс өтпеді деп танылған кезде, сол конкурсқа қатысқан бір компанияға құрылыс жұмыстары беріледі. Қайтадан конкурс өтпейді де, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жеңімпаз компания ары қарай шаруасына кірісе беретін. Бұл көбіне жергілікті атқарушы биліктің тендерді өздері қолайлы көретін құрылыс компанияларына жығып беруіне жол ашатыны белгілі болып отыр. 2017 жылы мемлекеттік сатып алудың 63 пайызы осы ««бір көзден алу тәсілі» бойынша кеткені анықталып отыр. Енді бірінші конкурс өтпеді деп танылса, міндетті түрде қайтадан екінші рет конкурс өткізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды көбінесе бағаны 30-50 пайызға дейін түсіру арқылы ұтып алатындар көбейіп кетті. Бұл құрылыстың сапасына, бюджет қаражатының тиімді пайдалануына кері әсерін тигізеді. Осы заң жобасында оған жол бермейтін де норма бар.

Сондай-ақ, мердігерлерге, әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары да қатайтылатын болады.

Алдағы жылдың республикалық бюджет жобасы туралы Заңда қай салаларды қаржыландыру қарастырылған?

— «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы» Заңды қазір Парламент қарап, мақұлдады. Президент Жолдауына сәйкес ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтуға 2019 жылы бюджеттен 100 млрд.теңге бөлінеді. Бұл ауылдарды таза сумен қамтамасыз етуге үлкен серпін берді. Бұрын бұл мақсатқа 35-40 млрд теңге бөлінетінін ескерсек, екі еседен астам қаражат қарастырылып отыр. Жалпы алғанда республикамыздағы ауылдардың 53 пайызы, қалалардың 87 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықталған екен. Шығыс Қазақстан облысы бойынша айтар болсақ, облыстағы 724 елді мекеннің 48 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Біз Мәжілісте елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесін жиі көтереміз. Өткен жылы осы мәселеге байланысты Парламент Мәжілісі Парламенттік тыңдау өткізді. Ауылдардың жағдайына, жасалған жобаларға байланысты, ауыз суға орташа ауылға – 400 млн теңге бөлінсе, енді ірі ауылға 900 млн теңге бөлініп жатады. Шағын елді мекендерді жергілікті әкімдіктер ұқсата білсе, 40-50 млн. теңгеге сумен жабдықтауға болады. Биыл ШҚО бойынша 40-қа жуық елдімекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 12 млрд. теңге бөлінген. Ендігі жылы да су объектілерін салуға 10 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.

Мемлекет басшысының биылғы жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыруға 2019 жылы 327,1 млрд. теңге бағытталатын болады, оның ішінде:

  • ең төмен жалақы мөшерін арттыруға – 96,7 млрд. теңге;
  • білім беру объектілерін салуға – 24,8 млрд. теңге;
  • агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 100 млрд. теңге;
  • жалға берілетін тұрғын үй салуға арналған шығыстарды ұлғайтуға – 10 млрд. теңге.

Сонымен бірге, осы республикалық бюджет жобасында республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, тұрғын үйлерді салуға тиісті қаражат қарастырылып отыр. Әлеуметтік саланы қаржыландыруға да ерекше назар аударылды. Жалпы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларын жүзеге асыруға қаражат бөлініп отыр. Жалпы, бюджет қаражатының мақсатына сай, тиімді жұмсалуын бақылауды назардан тыс қалдырмау керек. Өйткені, көбінесе бізді бюджет қаржысы нақтыланған бағыттарға дұрыс жұмсалмайтыны алаңдатады.

Алакөлде туризмді дамыту байланыс пен қызмет сапасына байланысты.

— Шығыс Қазақстан облысына қатысты қандай деректерді айтар едіңіз?

-Шындығына келсек, Шығыс Қазақстан облысында аудан, ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуде көптеген проблемалар бар. Елді мекендердің алыста болуына, халық санына байланысты болатыны да белгілі. Дегенмен, бізге мәлім болып отырған деректерге сүйенер болсам, өңірдің елді-мекендерінің 85 пайызында интернет байланысы нашар, әлсіздігін былай қойғанда кейбір ауылдарда ұялы телефон байланысы әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай келеді. Мысалы, Тарбағатай ауданы бойынша, аудан орталығы Ақсуатта, бұрынғы аудан орталығы Ақжарда және Тұғыл ауылында ғана интернет-байланысы бар. Қалған ауылдарда интернет жоқ немесе жылдамдығы нашар. Шығыс Қазақстан облысы бойынша туризмді дамытуға негіз болып отырған Үржар ауданындағы әйгілі Алакөл демалыс аймақтарында да ұялы телефон байланысы, интернет сын көтермейді. Ал, туризмді дамыту үшін алдымен ондағы қызмет сапасы мен келушілердің байланыс мүмкіндігін, көлік қатынасын, жолдарды жақсарту керектігі белгілі. Сонымен қатар Алакөлді орталықтандырылған ауыз сумен және канализация жүйесімен қамтамасыз ету керек. Осы бағытта бірқатар бастамалар көтеріп, ұсыныстар енгізуге назар аударып отырмыз. Соның ішінде Жалаңашкөлге дейін жаңа пойыздарды жүргізу, Үржардың аэропортын реконструкциялау, жаңа авиа рейстер ашу сияқты жоспарлар бар. Бұл бағытта уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы орган жұмыстарды бірлесе отырып жүргізу керек.

 —Өңірлерде жол қатынасының қиындығы, одан қалса салынған жолдың сапасы сын көтермейтіндігі туралы да БАҚ бетінде жиі айтылады. Республикалық, облыстық, өңіраралық жол қатынастарын күрделі жөндеуден өткізуге жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Алайда, шығып жатқан нәтиже шамалы. Өзіңіз білетін жайларды ортаға сала отырсаңыз.

Жол қатынасы расында еліміздің қай өңірін араласақ та алдымыздан шығатын мәселеге айналып отыр. Десек те Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға оң әсерін тигізгені рас. Автожолдарды дамытуға осы бағдарлама бойынша бюджеттен 2 трлн. 400 млрд теңге қарастырылғаны да бұл саланың дамуы экономикалық көрсеткіштердің одан ары қарайғы өсіміне ықпал ететінін аңғартады. Бірақ, қаражат бөлінгенімен, проблемалар шешілді деуге әлі ерте. Біразына тоқталып өтейін. Бізде ел аумағындағы автожолдарды жақсартуға бағытталған жобалардың мерзімі бұзылып қана қоймай, оларды бірнеше рет түзету салдарынан көптеген мәселелер туындап отыр. Мысалы, аяқталуы 2016 жылға жоспарланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Шымкент пен Тараз қалаларының арасындағы жекелеген учаскелерді реконструкциялау 2018 жылға дейін созылды. 2015 жылы аяқталуы тиіс болған ұзындығы небары 245 шақырымды қамтитын Алматы-Талдықорған бағытындағы жолдың да биыл әрең дегенде нүктесі қойылды. Астана-Павлодар бағытындағы 441 шақырымды алып жатқан жолды реконструкциялау 2016 жылы аяқталуы тиіс еді, пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кешігуі салдарынан болатын құрылыс әлі жүріп жатыр. Шығыс Қазақстандағы 187 шақырымға созылатын Таскескен-Бақты жолының салынып жатқанына да 10 жылдай болды. Ендігі жылы аяқталады деп отыр. Соның салдарынан көлік жүргізушілері мен жолаушылар сапарына кері әсер етіп қана қоймай, апатты жағдай тудырып отырғанын да несіне жасырамыз?! Автомобиль жолдарын салу кезінде соңғы екі жылда 6 қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алғаны да жасыруға болмайтын жайт. Енді жол салу сапасының қандай болып  жатқанына байланысты бір мысал айтайын. 2016 жылы республикалық маңызы бар Боғас-Қарағанды бағытындағы автожолдың Тарбағатай-Аягөз учаскесіне орташа жөндеуден өткізуге бірнеше мердігер тартылған. Олардың әрқайсы асфальтті әртүрлі тәсілмен төсеген. Соның салдарынан жолдың сапасыз салынғаны аздай, ұзаққа шыдамай бұзылып жатқаны жұрт наразылығына түрткі болуда. Ал, осы жол құрылысына қатысқан мердігерлердің ақауларды жоюға берген кепілдіктеріне орай жауапқа тарту қашан қолға алынары белгісіз.  Бұл мәселе менің тарапымнан бірнеше рет көтерілді.

Осы орайда Шығыс өңірде, соның ішінде Семейге тікелей қарайтын ауылдардың қалаға қатынасының сын көтермейтіндігі жылдан жылға жалғасып келе жатқаны туралы да айтсаңыз. Мәселен, Семей-Қайнар бағытындағы жолдың құрылысы ары қарай не боларын жергілікті тұрғындары білмей дал болып отыр.

-Иә, Семей-Қайнар бағытындағы 280 шақырым республикалық жолының азабы қандай екенін сол өңірдегі ауылдардан қатынайтындар жақсы біледі. Бұл мәселені мен Қайнар, Саржал ауылдарына барғанда халық жиі көтерген. Бұл жолдың салынуы баяу жүріп жатқаны бүгінде бес жастағы балаға да белгілі. Оның бір себебі жол құрылысын қаржыландыруда ашықтықтың болмауынан шығып отыр. Мәселен, 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қарау кезінде министрлік автожолдарды жөндеуге қатысты кейбір жобаларды қажетті тізімнен алып тастағаны белгілі болып отыр. Мысалы, Қарғанды-Аягөз-Бұғаз республикалық маңызы бар автожолдың 15 шақырымын жөндеу мен сіз айтып отырған Семей-Қайнар республикалық маңызы бар автожол учаскесінің 38 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жобасын биыл қаржыландыруы тиіс болатын. Алайда, республикалық бюджет қабылданғаннан кейін белгісіз себептермен бұл жобалар қажетті тізімнен алынып тасталған. Мен мұны Парламент қабырғасында көтеріп, ядролық жарылыстардан зардап шеккен Абыралы өңірі тұрғындары енді тағы қанша жыл жол қиындығын көруі керек?-деген мәселе көтердім. Шындығына көшсек, мұндай айла-шарғылар мемлекеттік органдардың бюджеттік қатынастар саласында қабылданған шешімдерді сақтамауын көздейтін бюджет жүйесіндегі кезектік қағидатын бұзатындығын көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Қызылкесік – Тарбағатай республикалық жолының 60 шақырымында асфальт жоқ. Жалпы, жол саласына, оның құрылыс сапасына қатысты айтатын бұдан да басқа мәселелер жетіп артылады. Елбасымыз жергілікті, облысаралық, ауданаралық жолдарды жөндеуге басты назар аударып, оған жылына 150 млрд. теңге бөлуді тапсырған. Енді әкімдер жобаларын уақытында жасап, қаражатты дұрыс, тиімді игерсе, көптеген ауылдардағы жолдардың да мәселесі шешімін табады. Жергілікті жолдардың мәселесі Шығыс Қазақстан облысында да өзекті болып тұр. Мысалы, Үржар ауданындағы Келдімұрат, Көктерек, Қарабұта ауылдарына баратын жолдар тозған, нашар. Халықтың бұл мәселені көтеріп жүргеніне бірнеше жылдар болды. Зайсан ауданындағы Шілікті ауылына баратын жолға асфальт салу жылда көтеріледі. Ақтоғай кентіне баратын 86 шақырым жол да өте нашар. Сондықтан жергілікті жолдарды жөндеуге облыстық әкімдік назар аударуы керек. Бізде бюджет қаражатының өз бағытына сәйкес, дұрыс жұмсалуын бақылауда көптеген олқылықтар түрлі сауалдар мен алаңдаушылықты туғызатынын жасырудың қажеті жоқ. Сондықтан да заңдарға, құқықтық-нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

-Нұртай Салихұлы қат-қабат шаруаның арасында уақыт тауып, көптеген жайларға қатысты жұрт ойындағы сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет!

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.