Украина президенті Петр Порошенко Жоғарғы Радаға Ресеймен жасасқан достық қатынас келісімінен шығу туралы заң жобасын ұсынды. Құжат украин парламентінің сайтында жарияланды. Президенттің Рададағы өкілі Ирина Луценко «Киев келісімнен 2019 жылдың басында шығады» деп мәлімдеді.

Луценко мақұлдау кеңесінің дүйсенбіде өткен отырысында «депутаттар келісім уақытын қайта созу туралы шешімді құптамас деп үміттенетінін» айтты.

Заң жобасын жасауға Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресеймен достастық мерзімін созбау туралы ұсынысы себеп болған.

Кремль Украинаның бұл шешімін «ақылға қонымсыз» деп бағалады. Мәскеу «Киевтің келісімнен шығуы Ресей-Украина қатынасы үшін ғана емес, Украинаның ұлттық мүддесіне де үлкен зардабын тигізеді» деп санайды.

Екі ел арасындағы шартқа 1997 жылы 31 мамырда 10 жыл мерзімге қол қойылған. Шарт 10 жылдан кейін тараптар оның күшін тоқтату шараларын қабылдамаған жағдайда өздігінен тағы 10 жыл мерзімге ұзартылатын болған. Құжат 1999 жылы 1 сәуірде күшіне еніп, 2008 жылы қазанда 10 жылға ұзартылған.

Құжатта стратегиялық әріптестік ұстанымдары, шекаралардың мызғымастығы, тараптардың бір-бірінің аумақтық тұтастығын құрметтеуі және өз аумағын бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында қолданбау қағидаттары айқындалған.

«Осы шартты жасасушы тараптар тату дос, тең құқықты және егеменді мемлекет ретінде бір-біріне деген қарым-қатынасын өзара құрмет пен сенімге, стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастыққа негіздеп түзеді» делінген шарттың бірінші бабында.

Украина Совет Одағынан 1991 жылы 24 тамызда тәуелсіздігін жариялаған. Бұдан төрт айдан кейін СССР Жоғарғы кеңесінің Республикалар кеңесі СССР-ді тарату туралы декларация қабылдаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.