Жаңа жыл мерекесіне санаулы уақыт қалды. Бүгінде еліміздің әр өңірінде айтулы мейрамды атап өтуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Қаланы безендіру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тұрғындарды керемет көңіл –күйге бөлеудің бағдарламасы да әзірленіп жатқанға ұқсайды. Шымкенттіктер бұл жолы да дараланды. Мегаполис статусын биыл ғана иемденген шаһар 70 миллион теңгеге әспеттелетін болды. Бұл халықты «вау» дегізу үшін әкім Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ шешімі болатын. Ал, Сыр елінде мұндай таңғажайып дүниелер болмайтын сияқты.

2018 жылды қызылордалықтар керемет көңіл –күйде қарсы алғаны рас. Қала ерекше безендіріліп, ертегі әлеміне айналғандай болатын. Түрлі-түсті жарық шамдар щаһар келбетіне айрықша сән беріп тұрды. Тіпті, Абай даңғылының бойы Астана мен Алматыдан кем болмады. Қаланы Жаңа жыл мерекесіне безендіруге былтыр бюджеттен 12 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген болатын. Биыл бұл қаржы екі есеге қысқарды.

«Григориан күнтізбесіндегі Жаңа жыл мерекесінде Қызылорда қаласында жылдағы дәстүрге сай шырша тігу, безендіру жұмыстары жүргізіледі. Мерекелік шырша қаланың бес жерінде орнатылады. Олар: Орталық алаң, Жібек жолы көшесі, Темір жол вокзалы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион және Ы.Жақаев көшесі бойында. Бұдан бөлек Жібек жолы, Абай, Желтоқсан, Тоқмағанбетов көшелері және қаланың шет аймақтары жаңа жылдық мерекеге сай безендіріледі. Осы жұмыстардың барлығына қалалық бюджеттен 6 миллион теңге қарастырылған», — деп мәлімдеді Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, Жаңа жылдық безендіру жұмыстары Тәуелсіздік мерекесінен кейін басталмақ.

«Жаңа жыл – халықтық мереке. Сол себепті қаланы безендірген дұрыс деп ойлаймын. Тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау қажет. Алайда, бюджеттен бөлінген қаражат мақсатты жұмсалғаны дұрыс. Қаланың қақ ортасын әспеттеумен шектелмегенін қалаймын. Шаһардың әр жеріне гирлянда ілгеннен гөрі, балалар ойнайтын сырғанақтар жасаған дұрыс. Көзге көрінетін, ауқымды дүниелерге қаражаттың жұмсалғаны жақсы», — деп пікірін білдірді қоғам белсендісі Болат НҰРХОЖАЕВ.

Фото: news.kaznmu.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.