Зейнеткер әжейді скотчпен байлап тастағандар ұсталды. 

Алматы облысында ұйымдасқан топ бар-жоғы 1 миллион 300 теңге үшін осындай қадамға барған. Ең өкініштісі, мұндай қылмыстық дерекпен қолға түскендер бұған дейін де сотты болған тұлғалардан құралған топ екені анықталды.

Дәлірек айтқанда, облыс полицейлері бұған дейін сотты болған үш азаматты бірқатар ұрлық жасап, жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен ұстады. Күдіктілер еліміздің әр өңірінен құрықталған. Мәселен, олардың бірі – Үштөбе қаласында ұсталса, қалғандары Алматы және Шымкент қалаларында қолға түсті.

«Ұсталған күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы әлі күнге тексерілуде. Дәлелденген деректер бойынша келтірілген материалдық шығын 2 миллионға жуықтады. Оның 1 миллион 300 мың теңгеден астамы – 26 қарашада жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылдың материалдық шығыны. Қарақшылар егде жастағы кейуананы пышақпен қорқытып, скотчпен байлап тастаған. Оның үйінен зейнетақы жинағын, киімдері мен зергерлік бұйымдарын алып кеткен», – дейді облыстық полиция өкілдері.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық топ өздерінің жымысқы әрекеттерін Қаратал ауданында іске асырған. Топ құрамында 46-55 жас аралығындағы үш азамат болған. Қазіргі таңда олар негізінен Үштөбе қаласында орын алған өзгенің мүлкін ұрлаудың 10 дерегіне және аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың біріндегі қарақшылыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілініп отыр.

Айта кетейік, бүгінде тіркелген деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 188 (Ұрлық) және 192 (Қарақшылық) баптары бойынша жалғасуда.

Фото: riavrn.ru

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.