Ресей президенті Владимир Путин бірнеше жылдан бері дағдарысты бастан кешіп жатқан Венесуэла президенті Николас Мадуроны қабылдайды. Кремльдің хабарлауынша, қос президент желтоқсанның 5-інде Каракасқа қаржылай көмек беру мәселесін талқылайды.      

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков «олар мұнай-газ саласындағы серіктестік мәселесіне де тоқталады» деп хабарлады.

Ушаковтың айтуынша, Мәскеу «елдің ішкі мәселелері саяси күштердің өзара диалогы арқылы шешілуі тиіс» деп, Венесуэладағы бейбіт келіссездерді қолдайтынын жеткізеді. 

Мұнайға бай Венесуэла 2010 жылы солшыл президент Уго Чавестің кезінде саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырай бастаған. АҚШ санкциялары мен мұнай бағасы төмендегенде жағдайы қиындай түскен Венесуэла қарызын қайта құрылымдап, Ресей былтыр жәрдемдесуге кіріскен.

Желтоқсанның 4-інде Мадуро Twitter парақшасында жарияланған видеода Путинмен «маңызды» келіссөзге бара жатқанын айтқан. Соңғы рет ресми сапармен Ресейге былтыр қазанда келген ол «бұл кездесу дипломатиялық қатынасты жақсарта түсіп, екі ел достығын күшейтеді деп үміттеніп отырғанын» айтады.  

Қарай отырыңыз: Венесуэла басшысының ішкен асы мен ашқұрсақ халқы

Биыл Біріккен ұлттар ұйымы «Венесуэланың үш миллион азаматы елдегі саяси-экономикалық дағдарысқа байланысты елден кеткен» деп хабарлаған. Ұйым жариялаған құжаттағы ақпаратқа сәйкес, Венесуэлада зорлық қаупі жоғары, азаматтар гиперинфляцияны бастан кешіп отыр, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жетіспейді.

Дағдарыс социалист президент Николас Мадуро 2013 жылы билікке келген соң өрши түскен. Сарапшылар «президенттің экономикаға қатты араласып, қате саясат жүргізіп отырғанын» айтады. Соңғы жылдары елде оппозицияға жасалатын қысым да артқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.