Ақтөбе облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жаңа орынбасарын таныстырды. Президент әкімшілігімен келісе отыра өңір басшысының бұйрығымен облыс әкімінің орынбасары болып Марат Лұқпанұлы ТОҚЖАНОВ тағайындалды.

Марат Лұқпанұлы мемлекеттік қызметте ертеден келе жатқан маман. Мұғалім және заңгер мамандықтары бойынша диплом алған ол еліміздің екі министрлігінде еңбек етіп, Орал қаласы әкімінің орынбасары, Шыңғырлау ауданының әкімі, Батыс Қазақстан облысындағы екі басқарманың басшысы, одан облыс әкімі аппаратының басшысы және облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Осы қызметіне дейін ҚР кәсіподақ ұйымдары федерациясы басшысының орынбасары болды. Былайша айтқанда, Марат Тоқжанов мемлекеттік қызметтің барлық баспалдағынан өткен, бір кісідей-ақ тәжірибесі бар қызметкер екені еңбек кітапшасынан көрініп тұр.

2016 жылдың сәуірінде Марат Тоқжановты Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ өзіне орынбасар етіп тағайындаған. Бірақ, бір жыл өтпей жатып облыс әкімі мен орынбасары екеуінің арасын қара мысық кесіп өтіп, ақыр соңында Тоқжанов қызметінен кетіп тынды. Әдетте ұзақ жылдардан бері лауазымды қызметте келе жатқан басшыларға төмен болса да басқа жұмыс беріліп жатушы еді. Тоқжановқа бұл жеңілдік бұйырмады. Сөйтіп, Марат Лұқпанұлы Батыстан Арқа жеріне қоныс аударып, ендігі бақытын Астанадан іздеді. Сөйтіп, осы аптада әкімдік қызметтің «майын ішкен» Бердібек Сапарбаевтың командасының сапына енді.

Айтпақшы, Марат Тоқжанов Маңғыстау облысының әкімі Ералы ТОҒЖАНОВТЫҢ туған бауыры. Әрине, мемлекеттік қызметте жүріп сәтті кадрлық қадамдар жасаған ағайындылар аз емес. Бұл тағайындауға Ералы Лұқпанұлының қаншалықты ықпалы болғанын қайдам, бірақ, бір әке-шешеден туылған бауырлардың біреуі Тоғжанов, біреуі Тоқжанов боп жазылып жүргеніне ел аң-таң боп жүргені рас. Бұл әлде лауазымды қызметте жүріп, бір фамилиялас болудан қорқып жасалған сақтық па, жоқ, әлде о баста құжаттан кеткен қателік пе? Ағайындылар мұның сырын ашық айтқан емес.

Коллаж:zhasalash.kz  

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.