Қазақстан билігінде отбасымен саясатта жүргендер жетерлік. Бұл біздегі ел басқарудағы бір ерекшелік болса керек. Президенттің сенімді серіктерінің бірі Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН және оның бауыры Ерлан НЫҒМАТУЛИННІҢ саясаттағы жолын көпшілік жақсы біледі. Жоғарғы лауазымды қызметте күйеу бала мен қайын аталар да бар. Солардың бірі Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми мен Үкімет басшысының орынбасары Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ. Жалпы, бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Біз бүгін Қызылорда облысына тоқталмақпыз. Отбасымен облыстың игілігі үшін еңбек етіп жүрген шененуніктер жайлы аз-кем айтпақпыз.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫ Жас Алаш оқырмандарына таныстырып жату артық.  2011 жылғы Маңғыстау облысы басшылығынан кетіп, президент кеңесшісі, үкімет басшысының орынбасары болып аз уақыт Астанада аялдаған Қырымбек Елеуұлы 2013 жылдан бері туған өңірін басқарып келеді.

Ашық дерекөздеріне сүйенсек облыс басшысының бауырлары мемлекеттік қызметте жоқ. Бауырлары Айтбай, Жомарт КӨШЕРБАЕВТАР camonitor.kz сайтының жазуынша ірі компанияларда басшылық қызметте. Әкімнің отыздағы ұлы Еркін КӨШЕРБАЕВ соңғы мәліметтер бойынша «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Жастар ісі бойынша кеңесінің төрағасы.

Көшербаевтан кейінгі лауызымы жоғары облыстағы шенеунік – Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ. Нұрлыбек Мәшбекұлы 2013 жылдан бері Қызылорда қаласын басқарып келеді. Туған ағасы мемлекетшіл шенеунік, мемлекеттік тілдің жанашыры, Ақтөбе облысының басшысы Бердібек САПАРБАЕВ. Нұрлыбек Нәлібаев бұған дейін Шиелі ауданы әкімі, Қызылорда қаласы әкімі апаратының жетекшісі, қала әкімінің орынбасары болып біраз тәжірбиеден өткен.

Өңірдегі тәртіпке, қоғам қауіпсіздіге жауапты Қайрат МҰХИТОВ. 2016 жылдан бері Қызылорда облыстық ІІД басқарып келеді. Ол жайлы және отбасы туралы ғаламторда ақпарат жоқтың қасы. 29 жастағы қызы Малика МҰХИТОВАНЫҢ жол апаты оқиғасына байланысты аты шықты. Қайғылы оқиға 2018 жылдың маусым айынды болған. Көлік қақтығысынан ақын Олжас СҮЛЕЙМЕНОВТЫҢ немересі қайтыс болған еді. 

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай БАЙҚАДАМОВ Сыр елінде өзіндік орны бар азамат. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде еңбек еткен қызметкер кейін «Нұр Отанға» ауысқан еді. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Атқарған жұмысы Қырымбек Елеуұлының көңілінен шықса керек, араға ұзақ уақыт салмай, облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Наурызбай Сейітқалиұлының қызын қолына қондырған Еркебұлан МЕҢЛІБАЕВ та көптің бірі емес. Бұл жігіт биыл ғана Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін бірнеше жауапты қызметтерді атқарған маман, небәрі 28 жасында тұтас бір ауданның идеологиясын тізгіңдеді. Ешкім де оның білім, мәдениет, спорт және әлеуметтік мәселелерге қатысты жинақтаған біліктілігі мен тәжірибесіне күмән келтірмеді. Ал, бұл тағайындауға сын айтып, тіпті мысқылдап күлгендердің пікірі мүлдем ескерусіз қалды. Еркебұлан Қайырбекұлы «Жас келсе – іске» деген қағиданы қандай деңгейде ақтай алатынын уақыт көрсетпек.

Айта кету керек, Наурызбай Байқадамовтың інісі де саясаттан алшақ емес. Жапбасбай БАЙҚАДАМОВ Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.

Облыстағы Жаңақорған ауданында бір-біріне туысқан болып келетін шенеуніктер жетерлік. Оның барлығын бірдей жазып отыру мүмкін емес. Мәселен, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат ИБРАГИМОВТЫҢ ағасы Сұлтан ИБРАГИМОВ Жаңарық ауылының әкімі болып қызмет етеді. Ауданның бас педагогы үшін биыл айтарлықтай сәтті жыл бола қойған жоқ. Жаңақорған облыс бойынша ҰБТ көрсеткішінен ең төмен нәтиже көрсеткен аймақтардың қатарында. Оның үстіне бұл өңірде жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұрғанын да айта кеткен жөн.

Енді назарымызды шенеунік әке мен балаға аударсақ. Жалағаш ауданының тұрғындары Биғали КАЮПОВТЫ жақсы таниды. Бірнеше жыл ауданды басқарған азамат өңірді дамыту жолында жаңа леп әкелген еді. Жаңадан кадрлық ауыс-түйістер жасады. Қазір бұрыңғы шенеуніктің ұлы Азамат КАЮПОВ әкеісінің жолын қуып, мемлекеттік қызметте зор жетістіктерге жетуде. 32 жастағы азамат биыл қала әкімінің өкімімен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Ал, сенатор Бекмырза ЕЛАМАНОВТЫҢ балалары құқық қорғау органдарында абыройлы еңбек етуде.

Қызылордада шенеунік ерлі-зайыптылар да бар. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА өз ісін жетік меңгерген маман. Медицина саласының әр сатысында еңбек еткен. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы да болды. Облыстың бас дәрігерінің күйеуі де басшылық қызметте. Ғалымжан ОРАҚБАЕВ  Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы. Екеуі де өз салаларында абыройлы қызметімен көзге көрініп келеді.

Осылайша, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп келе жатқан қызылордалық шенеуніктер жетерлік. Бастысы, барлығы заң аясында лауазымды міндеттерді атқаруда. Олай дейтініміз заң бойынша туысқан адамдардың басшылық қызметтерде болуына тиым жоқ. Демократиялық қоғамда ол да дұрыс. Тек бастысы әркім өз қызметін кәсіби тұрғыда атқарса болғаны.

Коллаж: zhasalash.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.