Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингіде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаудың жаңа форматын енгізіп жатқанын айтқан еді.

-Қалалық әкімдік пен тұрғындар арасындағы  байланысты жақсарту үшін мен жеке қабылдауды айына бір рет емес, аптасына бір рет — әр жұма күні 16-00-мен 18-00 арасында өткізу туралы шешімге келдім. Қабылдауға жазылу әкімдіктің сайтында онлайн жүйесі арқылы жүргізіледі. Келушілерге ыңғайлы болу үшін біз қабылдауға арнайы бөлмені дайындадық,- деген әкім тұрғындарды қабылдау бөлмесінің айналасы мөлдір шынымен бөлінгенін, ішіне дивандар қойылғанын және әр жолы 20 адамға дейін қабылдай алатынын айтқан еді.

Алайда Шымкенттегі «Қадірменді қариялар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,  «Оңтүстік демократия» қоғамдық қорының президенті Шаруа ПІРМАТ ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ бұл айтқандары бос сөз дейді.

-Әбдірахымов әкім болуға тиісті адам емес. Ол өмірінде тым құрыса поселкенің де әкімі болып көрмеген. Осы себепті не өндірісті, не халықпен дұрыстап жұмыс істеуді білмейді. Пиар жасағанды жақсы көреді. Халыққа көп уәде береді, бірақ оны ешқашан орындамайды,-деді қоғам белсендісі. 

Шаруа Пірмат тоқсаныншы жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған. Мемлекеттік қызметті қиын-қыстау кезеңде атқарған.

-Әкім орынбасары болған кезде біз  қарапайым халықты жеке мәселелері бойынша алдын ала жазылусыз күн сайын қабылдадық. Солардың талап-тілегін орындау үшін қаланы жаяу аралап, тіпті итке таланған кездеріміз де болған. Ал қазіргі әкімнің қара халық түгілі қоғамдық ұйымдардың басшыларын да қабылдағысы келмейді. Әкім маусымда қызметіне келген кезде «қоғамдық ұйымдардың басын қосып, қабылдаймын» деген еді. Алайда бұл уәдесін әлі күнге орындаған жоқ. Оның қабылдауына жазылғанбыз, бірақ бәрібір қабылдамайды,-деді Ш.Пірмат.

Қоғамдық бірлестік басшысының айтуынша,  2016 жылы жерге қатысты митингілер өтіп жатқан кезде Әбдірахымов оны штаттан тыс кеңесшісі етіп алған екен. Ол бір жыл ішінде әкімге бірнеше ұсыныстар айтқанын, алайда Әбдірахымовтың бұл ұсыныстарды ескерусіз қалдырғанын тілге тиек етті.

— Шымкентте қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын Қоғамдық кеңестің құрамындағыларды халықтың сөзін сөйлейтіндер деп айту қиын. Араларында бюджеттен тендер алатындар да бар. Тіпті әйелдердің сұлулығын дамытумен айналысатын ұйымның өкілдері де кірген. Уақтысында әкімге кеңестің құрамын өзгерту жөнінде ұсыныс білдіргенбіз. Өзгертемін деген, бірақ өзгерткен жоқ,-деген Ш.Пірмат Әбдірахымовтың брифингте велосипедке қатысты айтқандарын да кезекті пиарға теңеп отыр.

-Велосипед бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығы үшін қажет. Бірақ Әбдірахымов  Шымкентте велосипедттерді тротуармен жүретін етіп қойды. Веложол деген атымен жоқ. Бұл дұрыс емес. Жалпы Әбдірахымов қолға алған ісін аяғына жеткізбейді, -деді қоғам  белсендісі.

Айта кетейік, Әбдірахымов Астана өткен брифингте халықты әйелге теңеп, алдағы уақытта Шымкентке келгендердің қайтқысы келмей, жылайтынын айтқан еді. 

Фото автордікі.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.