5 желтоқсан күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты «балмұздақтан жаппай улану» ісі бойынша үкімін жариялады. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби хабарлады.

Дүйсенбидің айтуынша, аудандық соттың судьясы кәсіпкер Дилмурат Ишмуратовты Қылмыстық кодекстің 304-бабымен («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») айыпты деп танып, бір жыл бас бостандығын шектеп, үш жылға қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқұғынан айырып, жәбірленушілерге бір жарым миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруге үкім етті.

— Сот тергеуінде кәсіпкердің айыбы толық дәлелденді. Ол тиісті санитарлық тәртіпті сақтамағанын мойындады, — деді баспасөз хатшысы.

Аудандық сотқа қазан айында түскен істі судья Талған Қахаров қараған.

Шымкентте наурыз айының соңында «Южный» кафесінің жанында орналасқан дүңгіршектен балмұздақ сатып алып уланған тұрғындар Түркістан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. 3 сәуір күні олардың саны 188-ге жеткен. Кейіннен уланғандардың 31-і сальмонеллёз, 13-і стафилококк ауруын жұқтырғаны, балмұздақ дайындаған 12 қызметкердің бесеуінен сальмонеллёз және стафилококк ауруы анықталғаны белгілі болды.

Улану дерегі бойынша қалалық полиция департаментіне жүзден аса адам арызданған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.