Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Асқар БӨРІБАЕВ қызметінен босады. Бұл туралы театр әртістері Жас Алаш тілшісіне айтты.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрінің орынбасары болған Асқар Бөрібаев 2014 жылы театр басшылығына келген. Ол сондай-ақ театрдың көркемдік жетекшісі де болған еді. Алайда, ұжымы оның дирижерлығына сын айтып, кәсіби деңгейіне шағымданды. Жуырда Абай театрында екі бірдей спектакльдің тұсау кесері екен. Директор дирижер таяғын қолына алған соң наразылық басталған.

Бұған дейін әртістер 2018 жылдың қараша айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атына ашық хат жазған еді. Ол жайлы қазақстандық БАҚ-дары жарыса жазған болатын. 30-40 мың теңге айлық алатын театр қызметкерлер даяшы, таксист, күзетші болып қосымша еңбек ететіндерін жария еткен. Бұған қатысты Асқар Бөрібаев брифинг өткізгенімен Мәдениет және спорт министрі театр ұжымы я болмаса журналистермен кездескенін көз шалмады. Бәлкім, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен халықаралық іс-сапарлар мен халықаралық жиындарды ұйымдастырып жүрген Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ «өнер адамы аш болғанда шығармашылық табысқа жетеді» деген ұстанымынан айнымаған сияқты.

Айтпақшы, министр Мұхамедиұлының кадры жұмыссыз қалған жоқ. Ол Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның басшысы болып тағайындалды. Осы орынға бір ай бұрынға жайғасқан Ая ҚАЛИЕВА уақытша Абай атындағы опера және балет театрының басшылығына келді.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың басында Мәдениет министрінің сенімді кадры Ерлан БІЛӘЛ парамен ұсталып, қызметінен түсіп қалған. Енді жыл соңында Қазақстандағы тағы бір ірі театрының директоры кәсіби деңгейі сыналып даумен орнынан кетіп отыр.

Фото: liter.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.