Осыған дейін 7 мәрте ұсынылғанмен бір де бір мәрте жолы болмаған ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевсыз Нобель-2018 де мәреге жетті. Ослода Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын табыстау салтанаты өтті.

Биылғы жылғы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына бірнеше президент ұсынылғанмен, олардың ешқайсысы жеңімпаз бола алмады. Биылғы сыйлықты атағынан ат үркетін президенттерді жолда қалдырып, қатардағы азаматтар атын біле бермейтін Денис Муквеге мен Надя Мурад иемденді.

Тағы да Назарбаевсыз Нобель
Осло, 10 желтоқсан, 2018ж.

Президенттердің алдын орап кетердей бұлар кім еді?

Тағы да Назарбаевсыз НобельДенис Муквеге Конгода 1998-2002 жылдары болған қарулы қақтығыс кезінде жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді емдеумен айналысқан. Конголық гинеколог Муквеге зардап шеккен әйелдерге арнап клиника салған. Ол Нобель сыйлығына биыл екінші мәрте ұсынылған. Бұған дейін 2013 жылғы Нобель кандидаттарының арасында болыпты.

Тағы да Назарбаевсыз Нобель

Ал, Надя Мурад 2014 жылы Иракта мыңдаған езидпен бірге «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобының тұтқынына түсіп, құлдықта болған. Үш айдан кейін тұтқыннан құтылып, мыңдаған босқынмен қашып құтылып, Германияға өткен. Содан бері Германияда тұрып жатыр. Надя Мурад 2016 жылы БҰҰ-ның құлдыққа сатылғандардың құқығын қорғау бойынша елшісі болып тағайындалған. Ол — ИМ тобының Ирак әйелдеріне жасап жатқан қысымы туралы мәселені жиі көтерген белсенді.

Нобель мен президенттер

Нобельдің биылғы сыйақысы – 1 миллион долллар көлемінде. Әрине, аты да әйдік, ақшасы да қомақты сыйлық кімді де болса бір жарылқап тастары анық. Қай жағынан да! Бірақ, Нобельдің үміткерлері ішінде сыйақысынан гөрі атағын қаттырақ қажет ететін де адамдар бар. Мәселен, биылғы Нобельге ұсынылғанмен ала алмаған қаншама президент. Бұлардың ішінде Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин, Эритрея басшысы Исаяс Афверки мен Эфиопия басшысы Абий Ахмед бар. Сонымен қатар, 2018 жылғы Нобельдің кандидаттары арасында Америка президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Чен Ын, Германии канцлері Ангела Меркель де ұсынылғанын айта кету керек.

Бір қызығы, осы президенттердің ішінде Дональд Трамптың кандидатурасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына ұқсайды. Екеуі ядролық қаруды тоқтату төңірегінде. Трамптың еңбегі – Солтүстік Корея елін ядролық қарудан бас тартуға тынбай үгіттеп келе жатқандығында. Ал, Назарбаевтың бұл саладағы еңбегі Трамптан гөрі әлдеқайда ұзағырақ жылдарға кетеді. Сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бері әлемді қарусыздануға шақырып келе жатқан президент биыл тағы да үзіліс жасай тұруға бекініпті. Тағы да дейтініміз, Назарбаев 2006-дан бастап 2012-ге дейін үзіліссіз алты мәрте Нобельге талаптанған. Сосын, араға төрт жыл үзіліс салып Нобельге тағы бір мәрте ұсынылған. Бес мәрте жекелеген ұжымдар мен азаматтар жолын кессе, бір мәрте АҚШ президенті Барак Обама алдын орап кетті. Айта кету керек, егер Трамп сыйлықты алса, Нобельді иеленген АҚШ-тың 5-ші президенті болар еді.

Еске алсақ, былтырғы Нобельдің бейбітшілік бойынша сыйлығы дәл осы ядролық қарудан арылу бойынша ICAN халықаралық кампаниясына берілген болатын.

Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына биыл барлығы 331 үміткер болған. Оның 216-сы жеке тұлғалар, 115-і ұжым.

Әйгілі Махатма Гандидің өзі 5 мәрте ұсынылып, көзі тірісінде ала алмай кеткен Нобель көптеген президенттер үшін арман ғана болып өтетін шығар, сірә. Соншама жылдар бойы бар болғаны 26 президентке бұйырған сыйлыққа «біздің президентті 7 мәрте айналып өттің», деп өкпелеудің реті жоқ сияқты.

Фото: Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.