Жыл басында Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған Асқар МЫРЗАХМЕТОВ күні бүгінге дейін екі орынбасарын, Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданының әкімдерін және жеті басқарма басшысын жаңаласа, оның аттасы Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар ҚЫРЫҚБАЕВ та ауыс-түйіс жасағанда жерік асына қол салғандай білек сыбана кірісіп, ауыс-түйіс жасағаннан басшысымен бәсекеге түсіп жатқандай. 

Былтыр шілденің бірі күні облыстық қаржы басқармасынан Т.Рысқұлов ауданына топ ете қалған Қырықбаев ауыс-түйісті тамыз айында-ақ «бісміллә» деп өзіне орынбасар тағайындаудан бастап, Жамбыл облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінде бас инспектор қызметіндегі 27 жастағы Иззатулла НӘЛІБАЕТЫ жанына алды. Өзі әкелген кадры көңілінен шықпады ма, әйтеуір жас зам әкім жуырда қызметінен кетті. Оның орнына қарашаның 29-ы күні 29 жастағы Руслан ОРАЗХАН тағайындалды. Еңбек жолын 2013 жылы жастар тәжірибесімен бастаған Руслан Қонысбайұлы ертегідегі «Ертөстік» секілді күн санап болмаса да, қызметте жыл санап өсіп келеді. Олай дейтініміз ол 2017 жылдың 30-шы қарашасы күні аудан әкімінің аппарат басшысы болып тағайындалған еді. «Болам деген баланың, бетінен қақпа белін бу» демейді ме халқымыз, бірақ алдыңғы әріптесі сияқты беліндегі шоқпарды көтере алмай қалып жүрмесе жарар еді.

Жалпы, Асқар Қырықбаевты ауыс-түйіс жасағанда жерік асына қол салғандай білек сыбана кіріседі дедік қой. Ол Т.Рысқұлов ауданының тізгінін ұстағалы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне Нұржан ӘЛКЕРЕЕВ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне Мирзаян ТАСЫБАЕВ, білім бөліміне Ербол ӘБУТӘЛІПОВ, экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне Ләззат САПАРБЕКОВА, қаржы бөліміне Тойшығұл ЖАПАРҚҰЛОВ, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне Нұрдәулет ЖАМАЛБЕКОВ, ішкі саясатқа Ләззәт ӨТЕУЛИЕВА, аудандық жер қатынастарына Досмұханбет ЖАНӘДІЛОВ басшы болды. Осылардың ішінде Әбутәліпов ҰБТ-дан соң қызметінен кетіп, орнына тамызда Еркін СЕЙІТЖАПАРОВ келді. Қырықбаев Р.Оразханды жыл санап өсірсе, Сейтжапаровтың қызметін «квартал» сайын көтеруді көздейтіндей. Олай дейтініміз ол мамыр айында ғана Құлан ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Елдің әңгімесіне сенсек, енді Сейтжапаров бос тұрған аппарат басшысы қызметіне секіреді-мыс.

Аудан әкімдігінің бөлімдерінен ауылдарға келсек. Бұл ретте Қырықбаевтың бұйрығымен Луговой ауылдық округіне Мұратбек СВАНОВ, Құлан ауылдық округіне Сақтасын ТАСТАНОВ, Көгершінге Абай ТӨРЕҚҰЛОВ, Көкдөненге Төлеген АТАБАЕВ, Ақбұлақ ауылдық округіне Самат АТАБАЕВ әкім болды. Біз бұл ретте аудан әкімінің негізгі қызметтерге жасаған тағайындауларын ғана жазып отырмыз. Әйтпесе, айта берсе тізім жалғаса береді. Осы орайда, Құландағы қызметке аяғы жаңа ілінген басқа басшылар бізді жазбай кетіпті деп ренжімес деп тағайындауларды осы жерден тоқтатқанымыз жөн шығар.

Міне, Асқар Қырықбаевтың Т.Рысқұлов ауданына әкім болғалы небәрі бір жарым жылға жуық уақыт аралығындағы тағайындауларының ұзын-ырғасы осындай. Осыған қарап «Ауыс-түйіс жасағаннан кіші Асқар үлкен Асқармен жарысып жатыр ма?» деген ойға қалдық.

Коллаж: zhasalash.kz

  

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.