Қызылорда облыстық экология департаментінің ғимараты

Қызылорда облысы бойынша экология департаменті қызметкерлеріне қатысты тергеу жұмыстары басталды. Департамент басшысының орынбасары Ерлан Іздібаев пен бөлім басшысы Балғабек Баймаханов ҚР Қылмыстық кодексінің 361 бабы бойынша күдікті ретінде жауапқа тартылып отыр.

Шенеуніктер табиғат пайдаланушыларға салынған айыппұлдардың мөлшерін қасақана азайтқаны үшін және қоршаған ортаға келтірілген залалды дұрыс есептемегені үшін жазаға тартылулары мүмкін. Экологтар мемлекет қазынасына 3 миллион 600 мың теңге көлемінде залал келтірді деген мағлұмат бар.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қоршаған ортаға көлемді залал келтірген мекемелерге айыппұлды тиісті көлемде салмағандығы анықталуда. Қылмыстық іске сараптамалық баға  берген түркістандық мамандар осындай қорытынды берді. Анықтау шаралары жүріп жатыр», — деп мәлімдеді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.

2018 жылдың сәуір айында  экология департаментінің инспекторлары уран өндіретін «РУ-6» серіктестігі мен «Шалқия Цинк ЛТД» мекемелеріне тексеру жұмыстарын жүргізген. Қылмыстық іс осы жағдайдан кейін қозғалып отыр. Экологтар өз міндеттерін дұрыс атқармай, заңсыз әрекетке барған деген күдік бар.

Департамент инспекторлары алдымен «РУ-6» мекемесін тексерген. Мұнда мекемеге қарасты уран кен орнында ұңғымаларды іске қосу барысында олқылық орын алған. Яғни, құбырлар жалғанған түсынан күкірт қышқылы ерітіндісі араласқан судың төгіліп, техника аумағындағы жерді бүлдірген. Нәтижесінде, ҚР Экологиялық кодексінің 199 бабы, 3 тармағының І тармақшасы сақталмағандығы анықталған.

Ал, тергеуге іліккен департамент басшысы өзінің кінәсі жоқ екенін айтып, ақталуда.

— Заңға сәйкес департамент мамандары серіктестіктің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бас маманы Зухра Ахметова мен «Қарамұрын» ГАУ бастығының орынбасары Бекзат Ізімбетовке айыппұл салған. Алайда, түркістандық мамандар айыппұлды қызметтік тұлғаларға емес, мекеменің өзіне салу керек деген қорытынды шығарып берген. Бұл заңсыз әрекет болып табылады. Бұл жерде тексеруді бағалаған әріптестеріміз ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 30 бабын негізге алмай отыр. Экологиялық кодекстің 322 бабында қоршаған ортаға келтірілген зиян ғана өтелуге жатады делінген. Эксперт мамандар заң бұзушылықты анықтамастан және нақтыламай табиғатқа зиян келтірілді деп қорытынды шығарған. Қысқаша айтқанда, сауатсыз мамандардың кесірінен біз жапа шегіп отырмыз», — дейді Ерлан ІЗДІБАЕВ.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, құқық қорғау органдарының тағып отырған айыптары негізсіз көрінеді. «Шалқия цинк» мекемесіне қатысты да түсінбеушілік орын алып отыр деп ақталады. Тақырыптық тексеру соңы дауға ұласып, ақыры аяңғында заң аясында әрекет еткен мамандар күдікке ілініп отырған көрінеді.

Қазіргі күні қылмыстық іске әлі нүкте қойылған жоқ. Күдіктілер қызметтерін жалғастырып жатыр. Екі өңір мамандарының өзара тартысы қалай аяқталатындығы әзірге белгісіз.

Фото автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.