1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке 1991 жылдың қыркүйегінде Семейде көше аты берілгенде қала халқы ғана емес, исі қазақ түгел қуанған болатын. Тәуелсіздігіміздің бастауына түрткі болған сол көтерілістің тарихи мәртебесі де көп кешікпей айқындалатынына ел күмәнсіз сенген. Бүгінде қалалық Достық үйінің алдында тұрған Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне жыл сайын гүл шоқтары қойылып, тәуелсіздіктің бізге оңай келмегендігі мойындалғандай болғанымен, артынша тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар жалғаса жөнелгенін көргенде әлгіндегі көргеніңнің алдамшы сәт қана екеніне көзің жетеді.

Атқарушы билік желтоқсан көтерілісі болған 16-18 желтоқсанды мерекелік демалыс күндеріне айналдырып жібергелі қашан. Астарында біртіндеп сол жазылмас жараны ұмыттыру да жатқаны байқалады.

Ал Семейде қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбековтің аты берілген көшенің бір тұсы Ғалым Елемесов көшесімен қиылысатынына не дерсіз?! Тарихымыздағы ақтаңдақ болып қалған сол қасіретті күндерде Қазақ КСР прокуратурасын басқарған Ғалым Елемесовтің талай қазақ жастарының жазықсыз жазаланып, тағдырлары талқандалуына себепкер болғанын біле тұра қалайша көше аты беріліп кеткенін бүгінде тап басып ешкім айта алмайды. Семейдегі қалалық мұрағатқа арнайы барып, тархи құжаттарды түгендегенде анықтағанымыз – Ғалым Елемесовтің атына бұл көше 2004 жылдың 13 ақпанында Семей қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қабылданған шешім негізінде берілген екен. Семейде көше аты берілетіндей не себеп болғанын білмек болып, ғаламторды сүзгенімізде ертеректе Семей облысы прокурорының орынбасары болғандығынан өзге мардымды дерек көзге шалынбады. Сонда Қайрат Рысқұлбековтің атына көше берілгеніне 13 жыл өткенде оның қыршынынан қиылған ғұмырына деген құрметіміздің сиқы  осы болғаны ма?! Қанша жерден ақылға сыймайтын шешім десек те бұл да «жоғары жақта» Елемесовтің есімін ұлықтағысы келетіндер күні бүгінге дейін бар екенін осыдан көруге болады. Бірақ, тарих түбінде өз шындығын мойындатады. Әзірге есімінің «Ғылым Елемесов көшесі» болып қате жазылып кеткендігін «қызықтай» тұрудан өзге амал жоқ.

Прокурор мен қаһарман көшелері қиылысып тұр

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.