2017 жылдың 14-маусымында діни алауыздықты қоздырды және терроризмді насихаттады деген айыппен бес жылға сотталған Жанна Өмірова жазасын жеңілдетуді сұрайды.

Оның Алматы облысы, Іле аудандық сотуына берген өтінішінде бас бостандығынан айыру жазасын бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстыруды сұраған. Қылмыскер әйелдің айтуынша, оның бұл қадамға баруына үйіндегі кәмелетке толмаған балалары себеп болған. Жазасы жеңілдесе балаларының қасында болғысы келеді. Жазасын Алматы облысындағы әйелдер түрмесінде өтеп жатқан Өмірованың шартты мерзімі тұтқындалған 2017 жылдың қаңтарынан бастап есептеледі.

Бірақ, Іле аудандық сотының судьясы Ертарғын Сәдуақасов 36 жастағы қапшағайлықтың өтінішін қанағаттандырмады. Судья Сәдуақасов өзі шығарған сот қаулысы үстінен Алматы облыстық сотына шағымдануға болатынын айтты.

Өтінішінің қанағаттандырылмағанына жазасын өтеушінің түрмедегі тәртібі себеп болып отырған көрінеді. Жанна Өмірова отырған әйелдер түрмесі басшылығының өкілі оның бұған дейін 11 рет тәртіптік жазаға тартылғанын, ынталандыру алмағанын айтты. Сол себепті, прокурор Сұңғат Сәтбаев Өмірова түрмеде «тәртібі жақсы» деген баға алмағандықтан өтінішін қанағаттандыруға қарсылық танытты.

Жанна Өмірованың адвокаты Айман Омарова заңда жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдету үшін түрмедегі тәртібі оң болуы тиіс деген шарт жоғын айтып, прокурорға қарсылық білдірді. Адвокаттың айтуынша, сот материалдарынан сотталушының түзеле бастағанын аңғаруға болады. Оған қоса, оның кәмелет жасына толмаған екі баласы бар, оларды 66 жастағы науқас анасы қарап отыр. Айман Омарова сотталушының бас еркіндігін шектеу қылмыстық жазадан босату емесін, сондықтан Өмірованың өтініші қанағаттандырылған жағдайда оның бақылауда болатынын айтты.

Сотта сөйлеген Өмірова алғашқы сот инстанциясы өзіне тым қатаң жаза кескенін және түзелгенін айтып, өтінішін қанағаттандыруды сұрады.

Айта кету керек, Жанна Өмірованың күйеуі Жақшыбек Бимурзаев «терроризмді насихаттады» деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына он жылдан асқан.

Тергеу болжамы бойынша, Жанна Өмірова тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Сарапшылар ол аудиодәрістер «Солтүстік Кавказда әрекет еткен террористік топтың өкілі Саид Бурятскийдің үндеулері» деген қорытындыға келген.

Ал Өмірова былтырғы сотта «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл аудиодәрістерді өзі ғана қолдану үшін жариялағанын, ешкіммен бөліспегенін және насихаттамағанын айтқан. 

Дереккөз: Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.