Атыраудағы қырылған балықтың мәселесі саябырсығанмен, әлі түпкілікті шешімін тауып, нүктесі қойылған жоқ. Осы жайға байланысты енді ҚР энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ та өз блогында түсініктеме беріп, кінәлі тұлғалардың заңға сәйкес жазадан құтылып кетпейтініне сендірді.

Енді балық оқиғасы түрлі бағытта өрби бастады.

Жайықтың әр тұсынан, соның ішінде, Атырау жылу электр орталығы мен «АтырауСуАрнасы» су қоймалары мен бекіре зауытының тұсынан алынған сынамаларды зерттеген Ұлттық сараптау орталығы (Атырау облыстық филиалы) су құрамындағы химиялық заттар белгіленген мөлшерден артық емес деген қорытындыға келді. Су сынамалары температурасы, сутегі, аммоний азоты, темір, мұнай өнімдері, нитрат, нитрат, сульфат, хлорид, фенол сынды элементтердің мөлшері бойынша тексерілген болатын. Бұған дейін ветеринариялық қадағалау және бақылау департаментінің басшысы Ғалымбек БИСЕНҒАЛИЕВ республикалық ветеринариялық зертхана филиалының қызметкерлері балықтардың өліктерін зерттеу кезінде аммиак бар екенін көрсеткенін айтқан еді. Облыстық ауруханаға «тартылған балық етінен уландық» деп түскен екі науқаста та жедел ішек инфекциясы жоқ болып шықты. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» деп, өлген балықтарды жеген қарғалар да шетінен баудай түсіп, зәрені ұшырған. Көптің қысымымен бұл қарғалар да тексеріліп, олардың «бірдеңеден соққы алып, өз ажалымен өлгені» айтылды.

Атырауда балықтан бунт бастала ма?

Алайда, жағдайды көзімен көріп отырған жұртшылық мұндай оң көрсеткіштерге иланғысы жоқ. Атырау облысы бойынша  мемлекеттік экологиялық бас инспектор Қайратқали Хайрулла балықтардың өліміне және судың ластануына себепкер деп  суға өндірістік қалдықтар жіберетін төрт мекемені: “Атырау Су арнасын”, Атырау бекіре тұқымдас балық өсіру зауытын, Жайық-Атырау бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты мен Атырау жылу электр стансасын атаған еді. Қала тұрғындары бұл тізімде аймақтағы ірі өнеркәсіп ошағы — Атырау мұнай өңдеу зауытының неге жоқтығын түсінбей отыр.

Қазіргі күні мұнайлы өңірдің белсенді азаматтары бас болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің, денсаулық сақтау министрінің атына «Жайық өзеніндегі балықтардың улануына байланысты» Петиция әзірлеуде. Үш тілде жазылған Ашық хатқа әзірге үш жарым мыңдай адам қол қойған. Олардың саны өсіп жатыр.

Ашулы халықтың ашық хаты «тергеу  істері жүргізіліп, экологиялық апатқа соқтыруға себеп болған мекемелердің немесе жеке тұлғалардың жауапқа тартылуын» талап етеді. Сондай-ақ, онда «Перетаска ағысын екі ірі кәсіпорын пайдаланатындықтан, оның бойына үш жерден су ағысын үздіксіз қадағалайтын стансалар орнату», «Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық аймағының көлемін қайта тексеріп, Перетаска арнасын одан шығару», «өзен түбін тереңдету жұмыстары отыз жылдай уақыттан бері жасалмағандықтан күн жылынысымен Жайық өзенінің арнасы мен суасты  бұрғылау жұмыстарын арнайы мамандар көмегімен тазалау» және басқа да көкейкесті ұсыныстар берілген.

Петицияны қолдаушылар балық қырғыны орын алған тұста карантин жарияланбағанына да наразы. Қалалық ветеринария бөлімінің бастығы Нұролла СӘТЕНОВ сауда орындарында «Амангелді», «Жемчужина» және «Тілекші» кооперативтерінен келген сертификаты бар балықтардың сатылатынын айтқанмен, қала базарлары мен көшелерде балық сатушылардың күрт көбейіп кеткенін көзіміз көрді.

Балықтың жаппай қырылуы соңғы жылдары облыстағы балық шаруашылығын жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарды бүркемелеп жібергендей. Атырауда балық өнеркәсібі басқармасы құрылатыны жөнінде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ биыл мамыр айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінің барысында айтқан болатын. Өңір басшысы «бүгінгі күні құқық қорғау және қадағалау органдарының, ауыл шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында Атырау облысында заңсыз балық аулау және балық өнімінің айналымы түбімен жойылды деп сеніммен айтуға болады», деп мәлімдеген-ді. Басқарма құрылуын құрылғанмен, бірнеше ай басшысы тағайындалмай, оны басқаруға қараша айында ғана Артур СӘДІБЕКҰЛЫ келген. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының «су жаңа» бастығы БАҚ беттерінде егер балық пен құстың өлуіне себеп болған жағдайды және оған кімнің кінәлі екенін  жергілікті және республикалық деңгейде табу мүмкін болмаса, халықаралық зертханалар мен институттардан көмек сұралатынын жеткізуде. Балықтың заңсыз аулануын қатаң бақылап, браконьерлермен күндіз-түні күзетіп жүргенде олардың бірнеше тоннасы беймәлім жағдайда босқа қырылды. Ит-құсқа жем болып, шіріндіге айналды. Обалы кімге?!

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.