Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейін 33 жыл басқарған белгілі жазушы-драматург, абайтанушы-ғалым Төкен (Төлеужар) Ибрагимов 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қазақ әдебиетінде Абай шығармашылығының зерттелуіне сүбелі үлесін қосып, Абай музейінде ақын өлеңдерінің жазылу тарихын зерделеп, еліміздің маңдайалды мәденет орталығына айналуы үшін аянбай қызмет еткен қаламгердің төл әдебиетімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ұлы ақынға саналы ғұмырын арнаған Т.Ибрагимовтың «Өлең өрісі», «Толқын толғау» сияқты көптеген зерттеулер мен әдеби-сын, драматургия жанрында қалам тербеді.

Жазушы-ғалымның Абай музейінің қалыптасып, қанат жаюы үшін тынымсыз ізденісін жұртшылық та, әдеби орта да жақсы біледі. Ол сонымен қатар Жәнібек Кәрменов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Амангелді Жікенов, Жұмабек Қамбаров сияқты қазаққа әйгілі талантты әншілердің танылуына қамқор болды.

Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев ол кісіні жасынан қадір тұтып, қастерлегендерін айтады.

— Ол кісіге бір қайнауы бар өлеңіміз бар болса, көрсетуге сескенетінбіз. Өйткені Төкеңнің әдеби талдау-талғамы, білдірген сыны шынайы болатын. Ол Абай мұраларының жинақталуына, музейдегі жәдігерлердің көбеюіне аянбай қызмет етіп, бар қажыр-қайратын жұмсады. Темірқазығым, алған бағытым Абай деп білді. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Семейге ат басын тірегендер Абайды танып білуге тырысса алдымен осы музейге бас сұқты. Бүгінгі қаза — бәріміз үшін орыны толмайтын қаза, — деді ол.

Қаламгердің қазасына орай Абай музейінің алдында ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жан тебірентер жырын оқып, жоқтап күңіренді:
Уай, Қара Шал,
Біресе ашып тастап өлең аңқыған Түнге есік,
Біресе көңілімізден Күн көшіп.
Біресе пенделерге мінгесіп,
Періштелермен үндесіп,
Біресе тірлік етіп келдік соңыңнан құбыла ілесе,
Тұрмыз енді алтын сүйегіңді күзетіп.
Мұндайда
Барша қызықтан,
Бір тамшы көз жасы ауыр мың есе! — деп басталған өлеңнің бұдан арғы жолдары да көпшіліктің көзіне жас үйіріп, жүрегін сыздатты.

Сондай-ақ «Абай қорының» президенті Отантай Кәрібжанов бастаған ел ағалары марқұмның Семейдің ғана емес, еліміздің руханиятына мол еңбек сіңіргенін атап өтті. Қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов та қала басшылығының атынан Ибрагимовтың отбасына көңіл айту ниетін білдірді.

Жиналған жұртшылық жаны күйзеле қабылдап, зиялы қауым «Қара шал» атап кеткен аяулы жанды соңғы сапарға шығарып салу сәтінде бір олқылықтың орны білініп тұрды. Ара-тұра ауызекі айтқандарымен қынжылыстарын ашық білдіруден тартынған халық көкейінде «Абай музейі мәдениет министрлігінің қарамағында емес пе еді? Тым құрмаса бір қатардағы қызметкерін жіберіп, Семей халқын жұбатуға жарамады ма? Аты дүркіреп, күні кеше Семейге жолы түссе Төкенді іздеп келетін Алматы мен Астанадағы танымал ақын-жазушылардың біреуінің төбе көрсетпегені қалай?» деген сұрақ басы ашық күйінде қала берді.

Жазушының туған жері Тарбағатай ауданынан әкімнің орынбасары, Абай ауданынан да әкімнің орынбасары, Семейден әкім де емес, орынбасар да емес, мәслихат хатшысы сөз алып бар екендіктерін байқатса, облыс басшылығының атынан шенді байқалған жоқ.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Семей қаласы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу