Газетімізге жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың алғы сөзімен Пекин (Бейжің) қаласындағы Орталық ұлттар университетінде қазақ тіл-әдебиеті факультетінде білім алып жүрген жастардың атажұртқа деген аңсары биік шығармаларын берген едік. Енді сол шығармалардың бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ҚОШ БОЛ, БҰЛАНАЙ!

әңгіме

Ау, жүрегім, әлқисса!

Мен Тибетте туғаныма жазықты емеспін.

Өз кезінде заманасы бөтен қабақ танытып, туған жер – алтын ұясын тастай қашқан қазақ баласының бірер бөлігі сонау Тибет даласында да шашылып қалып еді.

Балағыма қатқан мұзды еріту оңай екенін білемін, бірақ жүрегіме қатқан мұзды еріте алмай келемін. Тіпті оны ерітудің амалын қарастырмаймын да, сол жүрегімде тастай боп қатып жата беруін тілеймін. Зілдей боп…

1

Ертектей өткен сол күндер-ай!

Ол шақта біздің үй мен жылауық Қадиша қыздың үйі Ласа өзенінің жағасында отыратын. Қазақ баласынан тек осы екі түтін. Жоғарғы Мәйнә мен Салаң ауылдарында бірді-екілі қазақ баласы бар дегенді еститінбіз.  Бірақ оларды көрген емеспін. Ұлтын жасырып, тибеттердің арасына кірме боп тұрмыс кешіреді екен. Әкем де ол жаққа талай мәрте барып келді, олар қазақ екенін мойындамапты. Тіпті қазақ дейтіндей нұсқалары да қалмаған тәрізді. Тілдерін де ұмытқан.

Тақыр даланың қара желі ауық-ауық соғып, барша жыбыр еткен тіршілікті мүлгуінен оятқандай. Ал мүлгіп кету ең қатерлі іс қой.

Әдетте шешем өзеннен екі шелек суды көтеріп келе жатады, сондайда байғұс шешемді қатты аяймын. Жасым беске келсе де, сол шешем су әкелетін ағаш шелекті бос күйінде көтере алған емеспін, қара зілдей бірдеңе.

Әжем үлкен аю терісінің үстінде отыратын. Қолында қызыл тастан жасалған ұршығы бар. Әжемнің сол ұршықты тарамыстанған арық қолдарымен сипап, ұзақ отырып қалатынын көп көремін. Ылғи да моншақтай көз жастары тырс етіп сол ұршыққа тама қалатын.

− Әже, не болды?

Әжем тіл қатпастан мені өзіне тартып алдына отырғызады да, бетімнен шолп-шолп еткізіп сүйеді. Ал жаңағы ұршықты сипаған арық алақаны енді менің тұлымымды сипайды. Ып-ыстық алақан.

− Не болды, әже, неге жыладыңыз?

− Мына ұршықтың қызыл тасына көп қарама, көзіңнің жасын суалтады.

Шошып қаламын, қарамауға тырыссам да, әлдебір қызығушылық «маған қара, қарашы» деп желіктіреді. Қып-қызыл кәдімгі тас, не құдіреті бар дейсің.

− Әже, алдап тұрсыз. Міне, қарап отырмын. Жас аққан жоқ. Міне, міне, − деп мен ұршыққа тесірейе қараймын.

Әжем мені құшақтап отырып ұзақ күліп алады. Күлгенімен де, жасы тыйылмайды. Кәрі жанарынан аққан мөлдір тамшылар менің бетіме моншақтап төгіліп жатады.

2

Қыс келді.

Қыс десе, жаным шығып кете жаздайды. Аппақ ұлпа қарды күс-күс қолдарыммен ауызға нығай жүріп өзенге барамын. Жазда асау толқындары жұмарланып, көбігі төгіліп жататын тентек өзен қыс келісімен сарылы басылып, бетіне айнадай болып мұз қатады.

Таңертеңгі мезгіл болатын. Дала ақ көрпеге оранған. Айнала аппақ.  Бұланайдың басына қызыл күн ілінген. Күн нұрына шағылған қар ұшқындары неше түрлі реңмен түрленіп көз ұялтады. Төменгі ауылда қодасына қисая мініп, текпіленіп кетіп бара жатқан күйгелек қара тибет көрінеді. Не болғаны белгісіз, жерге үзбей түкіріп бара жатыр. Бәлкім, жып-жылы түкіріктің қарды ойып ерітіп ала жөнелгенін ұнатар. Шынымды айтсам, оның атын дұрыстап атап көрмеппін. Нақ аты − Нима сырын. Жексенбі күні туғандығы себепті «Нима» деп қойылған,  ал «сырын» — «ұзақ ғұмыр көрсін» деген тілеу сөзін кейіннен қосып алған. Бұл сөз бұдан басқа, күннің нұры сияқты ғұмырлы болсын деген де мағына  береді. Тибеттердегі адам аттарының осы ерекшелігі маған қатты ұнайтын.

Әкем жасап берген темір шанамды сүйреп, үйден шыға беріп едім, Қадиша артымнан жүгіре жетті.

— Мен де барамын.

Ол төрт жаста, мен одан бір жас үлкенмін, қалай айтса да, оның ағасымын.

− Кет, қыз балаға не бар онда?!.

− Кетпеймін, ергенім – ерген.

− Жоғал, жаман қыз.

− Өзің жамансың.

Мен оны итеріп шалқасынан түсірдім.

− Ертпеймін. Білесің ғой, тибеттер бізді тағы да басынады.

Қадишаның жылаған даусын естіп, шешесі жүгіріп шықты:

− Бұлатай, жылатпасаңшы, қарындасың емес пе?!. Бұл өңірде сенен басқа еркелеп ойнайтын қазақ баласы бар ма оған?!. Артыңнан ерген жалғызың ғой.

Әжем де одан қалысар емес:

− Бұлатай, ертіп ал. Біреуің – оң, біреуің – сол көзімнің қарашығысыңдар, айналайындар.

Амалсыз артыма бұрылып жүре бердім. Жылауын тоқтата қойып, күле ілескен Қадишаның әдемі жүзі бал-бұл жанады.

Ақ айдын мұз. Құстай қалқып, жұлдыздай зымырайды. Тіпті көкте қанат қаққан қарлығаштай жеңіл, суда асыр салған балықтай ойнақы, айдындағы балаларды айтам. Міне, осы мұзойнақта менің өшпес балалығымның табы қалған. Ал бүгін мен үшін бөлекше боларын мүлдем ойлағам жоқ.

Мұз шетіне келгенде шанамның басын бұрдым да:

− Отыр, − дедім Қадишаға. Ол лып беріп отыра қалды. Шананың тесігінен өткізген жіпті шірене тартып, орнынан әрең қозғалттым. Одан кейін жеңіл жүріп кеттім. Қадишаның қуанышында шек болған жоқ. Сылқ-сылқ күліп, «Аға, аға!» – деп алдап келеді. Әп-әдемі ақ мұз. Шананың білеу-білеу етіп қалдырған іздері болмаса, өзімнің суретімді айқын көргендеймін.

Сол кезде мұзайдынға Кін шуе заши атты ересектеу бала келді, өзі күйреген ақсүйектің ұлы. Оның қанына сіңген «құл ұстау» ғадеті әлі жойыла қоймаған. Тибет шетелдіктерден азаттық алған соң, көп өтпей бұл өңірде зор өзгерістер болған. Бұрынғы «тусы», «уаң» мәнсаптары біржола жоқ болды да, Тибет ақсүйектерінің қолындағы жер қара халыққа бөлініп берілді. Сөйтіп, жерді жеке бауырына басып келгендердің іштерінде ит өліп қала берген.

Сүйкімсіз жаралған Кін шуе заши, қанқұйлы жаралған Кін шуе заши соңынан бес-алты «құлын» ерте жетті. Келді де, маған соқтыға кетті:

− Иә, не, малшы қазақ?! Маған еріп, менің құлым боласың ба?

Оған ашулы қабақпен көзіммен ата қарадым. Кішкене жұдырығым да түйіле қалды. Қадиша етегімнен ақырын-ақырын тартып қалды. «Үндеме» дегені.

− Қасқырдың итке еріп құл болғанын көріп пе едің?

− Не?

Ол түйіліп ұмтылып, шанамның артынан теуіп кеп қалды. Шана оқыс лоқ етіп зырғи жөнелгенде, үстінде отырған Қадиша шалқасынан түсті де, жылап қоя берді.

− Не болды, Қадиша, не болды?

− Басым… Басым-ай!

− Иттің күшігі, – қазақша боқтап Кін шуе зашиға оқтай атылдым.

Артында тұрған бір топ бұралқылары мені шап беріп ұстап алып, шалып жықты.

− Алып жүріңдер! Көрейік мұның бөрілігін!

Қадиша жылап үйге қарай жүгірді.

Шіркін, Бұланайдай биік болсам! Шіркін, Бұланайдай алып болсам… деп тістеніп кетіп барам. Олар мені сүйреп, өзеннің жар қабағынан шығарып әкетті де, кішкене жырадан өткен соң, өзеннің арғы бір арнасына сүйреп түсірді, жүрегім тас төбеме шықты.

Бір тибет жаңа мәйітті боршалап жатыр екен, айнала қонған қарғалар талтаң-талтаң басып айналып жүр. Бөлшек-бөлшек етіп қойылған мәйіттің аяқ-қолдарын көргенімде, кішкене көзім тарс етіп атылып кетердей боп аясынан шығып кетті. «Олар мені мына мәйітпен бірге қосып, сойып тастаса қайтемін?»

− Әке! – деп айқайлап жібергенімді білемін.

Көз алдым буалдырланып, аяғымнан жаным кетіп қалғандай балбырап сала берді… Жотамнан ауыр аяқ тепкісі сарт ете түсті де, мен жалп еттім. Басым қалың қарға көміліп қалды, мені бірқанша қол қайта жұлқып тұрғызды. Сол сәтте мен мынаны анық байқадым. Су бетінде адамның ағзалары кілкіп ағып барады. Қып-қызыл көбік көпіршіп, тым суық түспен ағып барады.

− Лақтыр! – деді әлдебір өктем дауыс.

Су шалп етті де, іле мен суға шөгіп кеттім. Су түбінен жоғары қарағанымды білемін. Мәйіт паршалары кілкіп үстімнен ағып бара жатты…

Одан кейін есімнен танып кетсем керек. Нима сырынның судан мені қалай құтқарып алғанын, мені арқалап үйіме қалай әкелгенін білмеймін. Үйге келген соң, ықылық атып есімді әзер жидым. Бірақ көкірегімдегі кішкене қызыл ет тарс-тарс еткенін қоймады.

Әжем күйбеңдей жүріп, сандықты ақтарып жүріп бір ақ дорбаны алып шықты. Әжемнің қолдарының тарамыстарының шертие қалғанынан дорбаның зілдей затқа толы екенін білдім. Әжем әлгі қалтадан бір уыс «германканың» – мылтықтың оғын алып шықты. Әкем де бұл оқтарды көрмеген-ау деймін. Аузы аңырайып оққа бір, дорбаға бір қарай берді.

− Мына құрғырдың қорғасындарын бөліп берші, маған, – деді.

− Жарайды, – әкем оқты алып қарап шықты ды, – басындағы қорғасынды ма? – деді.

− Иә, соны.

Әкем бір тал оқты қолына алды.

− Бұл әкеңнің гөминдәң қарақшыларына қарсы ата алмай қалған оқтары. Біле жүр. Сол жауыз үкімет бізді атамекен, Жиделі-Байсынымыздан айырған.

Әкем тісімен қыршып, сұр түсті қорғасынды оқтың шүмегінен бөліп алды. Сары жездің ішіндегі оқтың дәрісін төгіп алмайын дегендей ақырын орамалдың үстіне қойды.

− Ел-жұрт жамырай қашты. Артымыз − ажал, алдымыз − үміт. Бір белден асып, бір белге жеттік. Бір таудан асып, тағы бір тауға жеттік. Қуғыншы жау талайдың жанын алып қалды, әкең де сол кезде… Ой, сүркейлі заман-ай!

Әкем он шақты оқтың басын жұлып үлгерді. «Бүйтіп шашырата берсек, обал емес пе?» дегендей әжеме қарады.

− Мә, – деді әжем тағы да бір уыс оқ беріп жатып, – бәрінің қорғасынын жұлып бер маған.

− Қайыршы болып, жұртымыздан адасып… тапқан панамыз, қорғалаған бұтамыз осы Тибет жері болып еді…

− Кетейік, – деді әкем.

Әжем жалт қарады.

− Қайда?!.

− Атамекенге…

Үн жоқ.

Әжем қорғасындарды жиып алды да, бақырға салып отқа қойды. Қып-қызыл шоқ сұр қорғасындарды лезде жылт-жылт еткен күмістей сұйық қорғасынға айналдырды.

− Балам, тұр, мынаны жерге төк, – деді маған еріген қорғасыны бар бақырды қолыма ұстатып. Тақтай шетіне лақ еткізіп төңкердім. Еріген қорғасын жан-жаққа тарала ағып барды да, баяу қата бастады. Үйдің ішін күйген ағаштың иісі кернеді. Әжем қатқан қорғасынды қолына алды. Қорғасын бес сала боп қатқан екен.

− Міне, сенің шошыған нәрсеңнің пішіні.

− Қол, – дедім мен, – бес саусақ қой.

Мұндай ерітіліп құйылған қорғасын пішіндер сәби бесіктерінің басында ғана болатын.

− Бұлардың атамекені қай жер екен?

Қодас майына малынған шүйкелі шам шырт-шырт етіп күңгірт жанып тұр. Көзім бұлдырап ұйқыға кеттім. Түсіме Қадиша кірді… Күндізгі тибет оның балғын денесін балтамен боршалап отыр. Әлі жаны шықпаған екен деймін, маған әлсіз қолдарын созып: «Аға, аға, мені құтқар!» – дейді.

− Қадиша! – айқайлап ояндым. Түн екен, шешем «бісмілләсін» айтып басымда отыр.

− Құлыным-ау, қорлық көрдің-ау! «Аз» деп, «қаңғыған» деп  басынған-ау, шамасы.

− Қадиша, өлмеші! – дедім мен аласұра, – әкем сені маған алып береді, біздің үйдің келіні боласың…

Қадиша біздің үйден шықпайтын болды, мен шалжиып төсектен тұрғанды қойдым. Еркешора баланың оқыстан шошымалы болып қалғанына бәрі налалы, бүкіл тибет жалалы болды.

− Аға, аға, – деді Қадиша шешем далаға шығып кеткен орайда, – мен саған үйден мұз қант әкелдім.

Ол қалтасынан алып, мөп-мөлдір мұз қантты маған ұстата қойды.

− Қайдан алдың?

− Үйден ұрлап шықтым, – Қадиша қулана жымиды да, артына қарап қойды.

− Қорықпайсың ба?

− Саған әкелдім, тез жеп ал.

Томардай мұз қантты аузыма салып алдым. Қадиша айтқандай, «тез жей салатын» нәрсе емес екен, бір жақ ұртым томпиып бұлтың-бұлтың етеді.

Қадиша маған қарап жымиып тұр. Ол бүгін көзіме сондай сүйкімді көрінді. Мұз қанттың қалған бір бөлігін өзіне ұстаттым:

− Мә, сен де же.

…Міне, бұл жатысымның себебі осылай болған еді.

Кеш түсе әкем де өзеннен қайтып келді. Арқасында дорба толы балық. Үнемі қабағынан қар жауып жүретін адам мұртынан күліп оралды.

− Әй, Әйгүл (шешемді айтады), ал мына балықтарды ас, қазанға.

− Па, өзеннің бар балығын арқалап келгендей түрін қара. Кім сені қырыққа келген арыстай адам дейді. Қақ ана тымағыңның қарын…

Әкем құнжыңдап ішігін шешіп, тымағын қақты.

− Әке! – көрпеде жатқан менің даусыммен бірге көзімнен жасым қоса атылды.

− Ау, не жетті ұлым?!.

Өзімді тоқтата алмадым. Еркешора жалғыз ұлы болғасын, өз лашығымды басына көтеріп озандаттым-ай келіп…

− Шошытып тастапты, – деді әжем күрсініп, – бұл елден де пана табылмайтын болғаны ма?!. Ылғи басынады да жүреді.

Сол кезде Қадиша келді. Томпақ беттері суықтан албырап, қып-қызыл боп көрінеді. Шешем:

— Ой, қызым, келе ғой, қарашы мына добалдай ағаңа… Әлі жылап жатыр.

— Жылағам жоқ, – мен баж ете қалдым.

Пешке қолын жылытып тұрған Қадиша маған қарап:

– У-уә, – деп тілін шығарды. Мазақтаған түрі.

– Кет, үйіңе!

– Ал, кетпеймін, апамның қойнына жатам.

– Міне, қарашы, менің келін қызым осы. Ой, айналайын сол…

Осы арада әкем қыстырылды:

– Қадишаны саған алып беремін.

Менің озандай шыққан даусым қара лашығымыздан шығып,  Бұланайдан асып кеткен шығар. Төменгі өзеннен мұздың жарылған дыбысы еміс-еміс естіледі.

3

Бұл далаға тағы да бір сұмдық  зауал жетті, қара қошқыл тұманы арылмаған өмір-ай, қарғап жатамыз, одан не пайда?! Тағдыр деген солай. Егер тағдыр сұлбасы бар нәрсе болса, алдыма алып тепкілер ме едім, жоқ, мыжып езер ме едім, не қылар едім, ең қатыгез мінезді көрсетер ме едім?!.

Бұл далаға бұрын болмаған оба таралды, тіпті кейбір түтіндер сол есігі ашылмаған күйінде қалды. Менің Қадишам… сүйкімді Қадиша… Қадиша да…

Бұл көктем тым сүркейлі сезілді. Алашарбы қар ерімей, ен даланың бауырында тастай боп жатты да алды. Сайрар құстың шырылы азайғандай, биік Бұланай түксиген күйінде ара-тұра ауыр күрсінеді.

                         ***

− Туған жердің топырағынан бір шымшым бұйырмағаны-ай! – деді әжем қинала тіл қатып. Бұл кезде әжемнің шырағы көп өтпей сөнетіндей еді.

− Шіркін, туған жердей жер қайда?!. Қарғысым болса, сол заманға болсын. Амалым қанша, осы Тибетте сүйегімнің қаларын қайдан білейін…

Әкем қыстығып жылап жіберді.

− Шеше, сізді әкетемін, барамыз, қайтамыз атамекенге…

Әжем қатқыл әуенмен тіл қатты:

− Бұлатайды әкет, ол жақты ұрпағың көрсін…

Әжем маған көзін сүзіп ұзақ қарап жатты да, қолын созды.

− Әже!

− Құлыным менің, немерем, ұрпағым, сенің атамекенің бұл емес, біл соны.

Маңдайымнан өпті:

− Аяулы келінім, маған «Ағажайды» шырқап берші. Тыңдап жатып көз жұмайын.

− Мақұл, апа, мақұл.

Шешем әжемді өлімге қимаса да, оның арманын орындап, сыңсып «Ағажай» әнін айта бастады.  Оның көзінен тау бұлағындай мөлтілдеп аққан жасы тоқтау берер емес. Әжем сөніп бара жатты.

Оның ертесі, тағы да бір кішкене гүл үзілді сабағынан, Қадиша, кішкене Қадиша қайтыс болды.

                             ***

Үйдегілер алысқа аттанудың қамына кіріскенде, мен есіктен жүгіре шықтым. Ауылдың жоғарғы басындағы төбеге бара жатырмын. Сонда… сонда менің аяулы әжем мен аяулы Қадишам жатыр.

 Бейне бір дәл қазір менің алдымнан: «Бұлатай, келе ғой, сағындық қой», – деп, әжем Қадишаны қолынан жетектеп шыға келетін сияқты. Өкінішке қарай, Қадишаны жетектеген әжем алдымнан шықпады.

Әне, екі төмпешік мелшиіп тұр, меңірейіп қалған, үн қатпайды.

Қабір басы.

− Әже, Қадиша-ау, біз алысқа кететін болдық. Сендерді тастап, айырылатын болдық.

Мен өксіп-өксіп алдым. Әжем мен Қадиша қыздың аруағы тыңдап жатқан шығар, десе де, аруақ тек тыңдай алады, жауап қайтара алмайды ғой. Құдайдың құдіретіне не шара?! Егер сөйлей алар болса, Қадиша аузы түштиіп жыламсырайтын шығар:

− Бізді сол айдалаға тастап кеттіңдер, ә, Тибетте қалсын, деп…

Бәлкім, әжемнің қуаныштан кәрі жанары бұлауланар, тірісінде үнемі армандап отырушы еді жарықтық. «Барыңдар, қайтыңдар атамекенге, барар жерлерің, Жиделі-Байсындарың сол, сол жер», деп.

Ал менің де атамекенге бара жатқаныма қуануым керек сияқты еді ғой. Десе де, сол қуаныш дейтін ұғымның не екенін біле алмай-ақ, есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Кенет «Мен Тибетте туғаныма жазықты емеспін. Бөтен ел мен басқа  өлке қалай қабылдар екен?» – деген ой қылт ете қалды. Түйе бақырып тұра бастады, әкем «бісмілләсін» айта жүріп қаракер аттың үстіне қонды.

– Бұлатай, неменеге сілейіп тұрсың? Кел, – деді.

Әкем тебініп келді де, мені жерден іліп алып, артына қонжита салды. Ердің артқы қасы менің қуяғымды жарып жібере жаздады. Мен бақырып қоя бердім. Шынымды айтайын, осы бір жылауды күткендей-ақ едім, шөметейдің ауырғанына емес, осы аймақтан айырылып, балалықтың бал дәмі қалған жерден алыстап бара жатқаныма жылағандаймын.

− Тибеттерін қимайды, – деп әкем күлді.

− Балаға қарасаңшы, бір жерін ауыртып алдың ба? – деді шешем әкемді кінәлай қарап.

Бұл сөзді естіп дымым шықпай қалды. Басымды төмен сала бердім. Әкемнің тер иісі сіңген шапаны менің мұрнымды құшырландыра өзіне  баурап әкетті, шапанды құшырлана иіскеп, әкемнің арқасына жабыса түстім.

− Ей, Алла! Ақ жол бере гөр,  басқан қадамымыздың алдын жарылқа…

Іштей тілектер айтылып, көш қозғалды. Көш қырдан асып бара жатқанда, артымдағы әжем қалған дөңге тағы бір рет көз салдым. Ғажап, бір қара атты қабір басында жүрелеп отыр. Байқасам, тұп-тура әжемнің өзі болып көз алдыма елестеді. Қуанғанымнан әкемнің етегінен жұлқыладым.

− Әке, әке, әжем! Әне, әжем!..

− Не дейді?!.

Әкем маған бір қарай беріп, оның көзі де зиратқа түсті. Әлгі қара атты адам бізді көріп қалғандай болды. Атына апыл-ғұпыл міне салып, бізге қарай шапты.

− Бұл кім болды екен, тәйірі?

− Тоқтаңдар, біреу келе жатыр.

Түйелер ығысып барып тоқтады.

Қара атты адам жітірмелете шауып келгенде, бір-ақ көрдік, шашы аппақ қудай, ал бетін әжім торлаған қара кемпір. Кимешегі ме, жоқ әлде басына таққан орамалы ма, бірдеме мойнында желп-желп етеді. Ол бізді көре салып атына аямай қамшы басты. Көйлегі желбіреп, жынды адамша «Елім-ай, қазағым-ай!» – деп дауыс шығарып жетті қара кемпір:

Елім деп ақты көзден қан,

Жерім деп жүрмін сағынып.

Торғайдай тозды ел-жұртым,

Сай-салаға ағылып.

Қаңғыртты құдай біздерді,

Заманың жаман қағынып.

Көрем деген күн бар ма,

Ел-жұртым алдан табылып.

Жүрегім кетті-ау езіліп,

Өлмей тұрмын нағылып?!.

Не арманым бар енді,

Айтамын мұңды шағынып.

 

Мауығымды басайын,

Көз шелімді ашайын…

Қара кемпірдің көрісі аяқталмай жатып, мына жақтан менің шешем де боздап келіп, қара кемпірді құшақтай алып көрісе жөнелді:

Жартастан ғана тіл алып,

Сырласушы еді жаңғырық.

Апатай-ау, апатай,

Қайдан жүрсің қаңғырып.

Біз де сорлы, сіздер де,

Жолықтық мұнда таң қылып.

Алыстап бара жатырмыз,

Мына өлкеден мәңгілік.

Көрісіп тұрмыз, апатай,

Көз жасымызды қан қылып.

Қайдан жүрсіз бұл жерде,

Жалғыз-жарым қаңғырып?

Одан Қадишаның шешесі озандатып ала жөнелді. Әйелдер осылай көрісіп, мауықтары басылғандай болғанда, әкем айқай салды:

− Апа, амансыз ба? Сағындық ел-жұртты…

− Балам-ау, бір ауыз «Апа!» деген сөзіңнен айналып кетейін, айналып кетейін…

Кемпір шашы жалбырап кеп әкемді бас салып құшып, екі бетінен кезек-кезек сүйіп-сүйіп алды. Әншейінде еңгезердей көрінетін әкем баладай кіп-кішкене боп кәрі ананың құшағына кіріп кеткендей болды. Кейуана менің де шашымнан иіскеп: «Қазағымның болашағы, жас ұрпақ», – деп маңдайымнан, бетімнен шолпылдатып ұзақ сүйді.

Әлі есімде, шешем де көңілі бос, жылауық жан екен, аппақ жүзі қызарып, жаспен шыланған бетіне самай шаштары жабысып үлгеріпті.

− Мен шашылған қазақтың баласымын, қызымын, – деп бастады әңгімесін қара кемпір. Оның анау шүңірек көздерінен жастары шүмектей құйылды.

Кәрі кемпірдің де бұла қыз дәуірі болған сияқты. Алтайдан ауған ел мекенін тастап, бас сауғалап Чиңхай-Шизаң асып үркіп кеткенде, ол не керектің бәрі де тұл бойында бар бақытты ана, аяулы жар екен. Жол бойы бәрін жоғалтып, бәрінен айырылыпты.

− Ұмыта алмаймын сол от оранған, шер бүріккен жылдарды. Құдай қосқан қосағымнан – арысымнан айырылдым, бауыр етім балаларымнан – қарлығаштарымнан айырылдым. Мен бәрінен айырылған адаммын. «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» Дәм тартып, көре алар ма екенмін, сол шіркін Алтайды?!.

                    ***

Қазақтың өз туған жері – алтын босағасынан босып, шет аймақтарға қоныс аударуының себептері әртүрлі. Кезіндегі қаныпезер үкіметтің тепкісі мен құбылмалы заманның суық бораны Алтайдан ауған елді Чиңхай, Шизаң, Гансу қатарлы шығыс өлкелерге қоныс аударуға мәжбүр етті. Бәрі де тыныш тіршіліктен айырылып, ұясы бұзылған халде есі шыға, етегін баса қашқан еді. Арты – үрей, алды – үміт дүниесі.

Ал қашқан елді барған жері де құшағын ашып қарсы алған жоқ. Артынан қуған қуғыншымен қоса, алдынан ажал оғымен қарсы алған жергілікті әскерлер, құйыршық қарақшылар «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деп, бірі етектен, бірі жеңнен алып, жағасын жыртып, тоз-тозын шығарды.

− Апатай, бізбен жүріңіз, – деді әкем кейуанаға қарап.

Ол басын шайқады. Атының тізгінін тартып, тосылып тұрып қалды:

− Сендер кете беріңдер, қарамаңдар мендей бейбаққа, – деді.

− Неге? Не қимайтыныңыз бар, мұнда? – деді әкем құтқуырлап.

Бәріміз аң-таң қалдық. Мен өмірімде тұңғыш рет адам көңілінің астан-кестеңі шығып, абдырап, тосылып, не қимай, не айта алмай тұрғандағы ауыр көрінісін сол кейуананың жүзінен көрдім.

− Сендерді көруге нәсіп еткен Тәңірге сан мәрте алғыс. Мен бейбақ соған да шүкір етейін. Жолдарың болсын, қарақтарым, – деді кәрі ана.

Сосын, қолын жайып, ұзақ бата берді. Бетін сипап болып, атының басын бұрған ол ештеме демеді. Артына да қайырылмай, атына қамшы басып, Бұланайдың құшағына кірді де кетті.  

Бұланайдың құпия жасыруға келгенде құрсағы кең. Ол сол тым маңғаз қалпында қала берді.

Ал атамекенге кетіп бара жатқан менің де қуануым керек сияқты еді. Бөтен жер, бөтен ел мына Тибет тумасын қалай қабылдар екен?!

Түйе бақырып орнынан тұра бастады. Көш қозғалды. Барар жері – Ағажай.

 

Балағыма қатқан мұзды еріту оңай екенін білемін, бірақ жүрегіме қатқан мұзды еріте алмай келемін. Бәлкім, ол Бұланайда қатқан мұз шығар.  Бұланайдың сонау асқарында ерімейтін мұздар менің кішкене жүрегіме де ызғарын қалдырса керек.

Мен Тибетте туғаныма жазықты емеспін…

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.