Тәуелсіз зерттеуші Қанағат ЖҮКЕШЕВ

Қанағат аға, тәуелсіз зерттеуші ретінде қоғамдағы түрлі мәселелерге, оның ішінде мәдениетке, тілге қатысты философиялық ой-пікірлеріңіз көпшілікке мәлім. Осы орайда, тағы бір ой қорытар болсақ, рухани салада осы жыл несімен ерекшеленді?

– Мәдениеттің даму стратегиясын тұтастай алып қарағанда, ерекше көңіл аударарлықтай ештеңе көріп тұрған жоқпын. Бәрі сол бұрынғыша, ағыс бойынша, өздерімен өздері болып, жүріп жатқан сияқты. Тақырып, мазмұн және идеологиялық бағдар билік тарапынан қадағаланады. Күйбің тіршілікке жегіліп алып, әркім өзінше қолынан келгенін істеп жатыр.

   «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мәдениет пен өнерге жаңа импульс әкелуге тиіс еді. Бірақ бар назар  бұқаралық санаға өзгеріс әкелетін, рухани дамуға арқау болатын конструкттерден жырақтап, екінші қатардағы, жалпытанымдық тетіктерді насихаттауға ауысып кетті. Бұқараның дүниетанымын кеңейтуге, саяси белсенділігін арттыруға, құқықтық сауатын ашуға, эстетикалық санасын көтеруге, жалпы, адамның рухани еркіндігін қамтамасыз етуге тиісті тетіктер іске қосылмай, олардың орнына көне мазарлар, жаңа есімдер, жерлестер форумдары, текемет жасау, бауырсақ пісіру, асық ату әдістерін үйрету т.б. сияқты саясаттан тысқары шаралар мен тұрмыстық дәстүрлер алға шығып кетті. Мұндай шаралардың балалар үшін біршама танымдық рөл атқаратыны рас. Бірақ бұқараның рухани жаңғыруына қатысы шамалы.

– Жалпы, рухани тұрғыда қандай өсу, өркендеу немесе кері кету процестерін байқадыңыз?

– Қоғам орнында тұрған жоқ. Түрлі келеңсіздіктер де ұшырасып жатқанымен, жеке тұлғалар мен адамдар тобының жетістіктері де жоқ емес. Олардың бәріне тоқталуға көлем көтермейді. Сондықтан бұл жерде тек екі құбылысқа көпшілік назарын аударғым келеді.

Қазіргі қазақ өнерінің жетістігі туралы айтарда алдымен ауызға Димаш Құдайбергенов ілігеді. Оның биылғы Құрама Штаттарға, Англияға сапары барысындағы көрсеткен өнеріне бағаны біз ғана емес, сол елдердің, трансляция арқылы таралған өзге елдердің тыңдаушылары мен сарапшылары беріп жатыр. Кеңестен кейінгі кезеңдегі қазақ эстрадасының бір шырқау шыңы осы деп білу керек. Димаштың әндерін ол барған жердің көрермендері керемет қабылдады. Табиғат берген кең диапазонды, ғажап дауыс, бір жақсысы, жеке бас мәдениетімен, интеллектісімен, заманауи өркениетпен үндестігімен, оның деңгейімен бәсекелестігімен үндесіп, әншінің алға суырылып шығуына мүмкіндік беріп отыр.

Димаштың өнер кеңістігінде пайда болуын тілге тиек еткенде бұл салада жүрген өзге өнер иелері ескеруге тиісті бір мәселеге соқпай кету мүмкін емес. Өнердегі қазақ жастарының дені шығармашылығының тақырыбын, мазмұнын өркениет көшінің соңында келе жатқан әлеуметтің талабына лайықтап құратыны белгілі. Орындау мәдениетінің деңгейі де ауыл адамының талғамына шақталған. Түпкі мақсаттары – соларға жағып, абырой жинау арқылы өнерді түсімді кәсіпке айналдыру. Бұл – өнерді де, халықтың талғамын да өсіретін жол емес, өшіретін жол. Сондықтан ән өнері өткен ғасырдың 60-70 жылдары деңгейінен аса алмай жүр. Өнер шаруаның (қазақтың дені әлі шаруа халқы болып қалып отыр) соңынан ермеуі, керісінше, ауыл адамының алдына шығып, оны өркениетке қарай сүйреуі керек.

Мәдениет аясында жүзеге асырылып жатқан шаралардың ішінде мені елең еткізген екінші құбылыс «Қазақ пен қала» атты байқау болды. Оған қаламгерлер қала тақырыбын қозғаған көркем шығармаларымен қатысуы керек екен. Бұл – қазақтың тарихи тағдырына тура қатысы бар тақырып.

Өзім де қазақ пен қала тақырыбына бірталай материал жарияладым. Онда көтерілген ойларымды қайталап жатпаймын. Тек негізгі идеямды еске сала кетейін: қазақтың соңғы үш ғасыр уақыт ішіндегі тартқан бар кесірінің төркіні оның аграрлық қоғамнан шыға алмауында, формациялық артта қалуында жатыр, ал келешегін қазақ тек қалаға қоныстанып, қаланың шаруашылығын, ғылымын, мәдениетін меңгеруімен байланыстыруы керек.

Қала өнеркәсібі тақырыбына шығарма жазу мәселесі кеңес заманында да көтерілген болатын. Бірақ біздің жазушылар ауылдан ұзап кете алмады, қаланы құбыжық қылып суреттеуден бас тартпады. Мұның арты қазақтың дүниежүзілік өркениеттен жырақтап, азаматтық қоғам құра алмайтын, индустриялық қоғамда өмір сүре алмайтын, мәмбетизм шырмауынан шыға алмайтын деңгейде қалып қоюына әкеп соқтырды. Бұл тұрғыдан алғанда аталған байқауды ұйымдастырушылардың бастамасын ұлттың келешегін қамтамасыз етуге бағыштаған игі бастама деп қараймын.

Көркемөнердің алтын қазығы, оның барлық түрлеріне материал беретін саласы – көркем әдебиет. Өнердің өзге түрлерінің қайсысының болса да, аяқ алысы алдымен көркем әдебиеттің деңгейімен айқындалады. Демек,  «Қазақ пен қала» айдарымен жарияланған байқау қала тіршілігін, оның тұрғындарының ой әлемін, дүниетанымын, мәдениетін, өмір бейнесін, арманын, мақсатын, көкейіне орнаған мәселелерін, мынау қайшылықты өмірде алас ұруын, қалаға бейімделу жағдайларын көтеруге, талқылауға бастап апармақ. Бұл бағытты тозған ауылдың көңіне малшынған қазақтың өркениетті қоғамдарда өмір сүретін адамдармен рухани теңесуін қамтамасыз етуге бағытталған шара деп танимын.

Кейбір жеке орындаушылардың, топтардың жетістіктеріне қарамастан, тұтастай алғанда ұлттық мәдениеттің тоқырауы мазасыз зиялы қауымды алаңдатып отырғаны да рас. Бір кезде ойы озық авторлардың жаңа туындылары бүкіл қоғамды елең еткізіп жатушы еді. Көпшілік бірден назар аударып, кітап болса – тауып алып оқуға, спектакль немесе кино болса – көруге ұмтылатын. Ал қазір бұқараны елеңдететін көркем туындыларға тапшылықтың өзі ешкімді мазаламайтын сияқты.  

– Жалпы, мәдениет тіршілікке рухани нәр беретін, қоғамның жан-жүрегі тәрізді ғой. Бұл ретте, нені елеусіз қалдырдық, нені ескермей жүрміз?  

– Ұмыт қалған бағыттар көп. Мен солардың біреуіне ғана тоқталайын.  Астанада жаңа опера және балет театры бар. Кезінде мәдениет министрі сипаттағандай, ол дүниежүзілік стандарттарға сай, сыртқы сәулеті бойынша классикалық, ішкі безендірілуі ультразаманауи екені де рас. Бәрі келісті. Сырттай қарағанда жетістік емес деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймайды. Бірақ осы ультразаманауи сарайдың ішіне кіргенде жетесі бар адамның желкесінен ауыр зіл басады, көңілі құлазып сала береді. Неге? Бұл сұрақтың жауабы да сұрақпен беріледі: енді осы ғажап ғимараттың сахнасына шығаратын қазақ опералары мен балеттері қайда?

Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының репертуары, негізінен, шетелдік авторлардың шығармаларынан тұрады. Ішінара өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қазақ авторларының шығармалары қайталап қойылып жатады. Өйтпеске шара жоқ. Репертуар тапшылығы алдан көлденеңдей береді. Театр тәуелсiздiктен кейiнгi кезеңде қазақ тілінде сонау кеңес кезiнде жазылған, Ә.Кекiлбаев пен Е.Рахмадиевтiң «Абылай ханынан» басқа татымды ештеңе ұсына алмады. Өз басым бұл құбылыстан қазақтiлдi авторлардың ұмытшақтығын емес, элиттік өнер жасауға шамаларының жетпей жүргенін, көрермендеріміздің оны көріп бағалайтындай деңгейге дейін өспегенін көріп отырмын. Осы тұста терең қорытынды шығаруды қажет ететін кілтипан көміліп жатыр.

Әр салада осындай, сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған көріністер аз емес. Халықтың мәдениетiн, бiлiмiн көтеретін, интеллектілік қуатын арттыратын, менталитетiн оңға бағыттайтын, санасына саңылау құятын, дүниетанымын кеңейтетін, тұтас айтқанда, оның рухын көкке көтеретін мәдениет туындыларына тапшылық көзге ұрып тұр. Көркемдiгiмен тамсандыратын өзектi романдар, жан әлемiн баурап алып, әлдебiр аққуқанат армандар мен үкiлi үмiттерге жетелейтiн поэзия, қоғам өмiрiнде болып жататын алуан түрлi оқиғалардан түйiн шығаратын, мың сұраққа әкеп тiреп, ойлануға мәжбүр ететiн драмалар қайда? Халықтың ойы мен санасы неге көркемөнер қайраткерлерiнiң шеберлiгiмен, тiлiмен берiлiп, жарияланып жатпайды? Осының бәрi ана тiлiнде жазылып, жасалып, бұқараға жеткiзiлiп жатса, халықтың тiлі мен рухы арасындағы жанды байланыс бар деп есептеуге болар еді.

Рухани салалардағы кері кетудің дені телеарналардан көрініс беріп жүр. Көпшілікке арналған, ермек үшін жасалып жатқандардың бәрі өркениеттен жырақ қалған, шалғай түкпірлерден келген, үстінің шаңы қағылмаған орындаушылардың қолынан шығып жатыр. Ауыл өмірінен алынған сюжеттерді арқау етіп, мейлінше қарадүрсін, шаруаға арналған, оның өзі де түсінбейтін бағдарламалармен эфирді толтыру мақсатқа айналып алған сияқты.

Тағы бір кері кету тілге, дәлірегі, көркем шығарма кейіпкерлерінің аузындағы сөздеріне қатысты. Авторлар көркемөнердің мұратын түсінбейді. Шығармасында қазақ тілінің көркем сөйлеу үлгілері болуы керектігіне, оның бұқараға тіл үйретуші факторлардың бастысы екеніне көңіл аудармайды. Авторлар кейіпкерінің аузына өмірде ұшырасатын синтаксистік ауытқуларды түземей салады. Соның салдарынан қазіргі телехикаялардың кейіпкерлерінен бұқара жібі түзу сөз, дұрыс құрылған, толыққанды сөйлем естімейді. Қазақ сөзі семантика талаптарына келмейтін, пунктир формасында қолданылады, үздік тіркестермен беріледі. Кейіпкерлердің аузы паразит сөздерге, тавтологияға, будан тіркестерге, дұрыс жалғанбаған аффикстерге толы. Соңғы кездері авторлар орыстілді кейіпкердің сөзін аудармай беретінді шығарып жүр. Бұған авторлардың айтар уәжі мынау: «Кейіпкер солай сөйлеп тұр ғой. Өмірде солай. Мен өмірдегіні шебер суреттеп, дәл беріп отырмын». Автордың ойынша, ел аумағындағы кейіпкердің әрекеті қазақ тілінде, орыспен ұшырасқан эпизодтар – орыс тілінде, одан ол Қытайға өтсе – қытай тілінде, курортқа барса, сол елдің тілінде сөйлесуі керек сияқты. Авторлардың ойынша, бір шығармада бірнеше тілдік формалар араласып кете беруі керек сияқты. Бұдан ел ішіндегі келеңсіз құбылыстарды үлгі ретінде таратудың арты неге соқтырмақ деген ой келеді.

– Алдағы жылға аманат ретінде қандай маңызды міндеттерді атар едіңіз?  

Аманатым қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін атқара алмай жүруіне қатысты. Бұл құбылыстың себебі туралы ойларымды бұрын да айтқанмын. Тағы қайталауға тура келеді. Алдымен тілді индустриялық қоғамның әдеби тілінің талаптарына сай нормалау керек. Тілді нормалау дегеніміз – тілдік бірліктерді формасы және мағынасы жағынан стандартқа келтіру және стандартқа келтірілген тілдік бірліктерді заңдандырып, бекіту (кодификациялау) дегенді білдіреді. Қазақ тілінің әдеби лексикасы жалпыхалықтық тіл қорынан іріктелініп алынған жоқ және нормаға түсірілген жоқ. Қазіргі қазақ сөзінде әдебиліктің басты белгілерінің бірі – формалық орнықтылық (план выражения) және мазмұндық орнықтылық (план содержания) сақталмайды. Қазақ тілінде мыңдаған сөздің дыбысталуы мен жазылуы жалпыхалықтық лексикадағы көпнұсқалылықтан арылған жоқ. Соның салдарынан қазіргі қазақ тілі аграрлық қоғамның тілі жағдайынан шыға алмай, индустриялық қоғам тіліне айнала алмай отыр. Егер қазіргі сарынмен жүре берсек, қазақ тілі ешқашан мәртебесіне сай қызметін атқарар деңгейге жете алмайды.

Шешілуі кезек күттірмейтін аса маңызды мәселе – қазақ тілінің белсенді қолданыстағы лексикасын іріктеп алып, әдеби нормаға түсірілген сөздігін жасау. «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деп аталатын 15 томдық еңбек – әдеби тілдің емес, жалпыхалықтық тілдің сөздігі. Оған енген тілдік бірліктердің басым көпшілігі бейәдеби лексикадан тұрады. Осы уақытқа дейін қазақ тілінің ресми аяда толыққанды қолданылмай жүруінің бірден-бір себебі осында – қазақ тілінің ресми қолданысқа енетін сөздерінің тіл стандартынан өткізілмеуінде.

2019 жыл қазақ тілінің ресми қызметін толық атқаруға бағыт алатын, қазақ халқының рухани өрлеудің сара жолына түсетін жылы болсын.

– Әңгімеңізге рақмет.

                                                     Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Фото: alashainasy.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.