Ақын Е.ЖЕҢІСҰЛЫ

 

  1. Қазақша ойлайтынымызға кінәліміз бе?

Жиырма жылдан бері журналистикадамыз. Жиырма жылдан бері «тіліміздің көсегесі көгерсе екен» деген ақ тілекпен өмір сүріп келеміз. Шүкір, қазіргі жағдай бұрынғы жылдардан көш ілгері. Қазақ тілі заман тілі болуға лайық екенін әлдеқашан дәлелдеді. Он жыл бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақ әңгімелессе, «ескі» қазақ «жаңа» қазақтың біраз сөзін сіңіру үшін терең ойланып отырып қалатыны рас.

Дегенмен лауазымы жоғары адамдардың басым бөлігі әлі күнге орысша ойлап, орысша сөйлейтіндіктен, қазақ тілінің мүмкіндігін өте шектеулі деп бағалаудан танар емес. Кез келген сөздің қазақша баламасы шыға қалса, биік мінберлерден «аттандай» жөнелетін де солар.

 Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның жақында «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында: «Қазір терминологиялық комиссия білек сыбана жұмыс істеп жатыр. Оның бірінші міндеті – қолданыстағы барлық сөзді бір базаға жинақтау», – деп, жақсы істің басталғанын хабарлайды да, ары қарай адамды (қазақтілді қазақтарды) шошытатын әңгімеге ауысады. «Бізде терминдердің төрт категориясы бар. Соның екіншісі – салыстырмалы түрде қазақ тіліне жақында аударылған «әуежай», «ғаламтор», «жекешелендіру» сияқты сөздер… «Қолтырауын», «ғаламтор», «пернетақта» сияқты жаңа сөздер жоғалып кетуі мүмкін. «Жекешелендіру» деп те, «приваттау» деп те, «революция» деп те, «төңкеріс» деп те қатар қолдану мүмкіндігі де бар. Бұл нұсқалардың екеуі де дұрыс болады», – дейді министр. Терминдердің тілге енгізілу тәсілдері туралы ойына ештеңе демейміз, бірақ осы ыңғайда қазақ тіліне реформа жасалатын болса және бұл реформаны негізінен орысша ойлайтын адамдар жасайтын болса, онда тіл болашағы – бұлыңғыр.

Неге?

Белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп тілге төнетін негізгі қауіп – етістіктердің бұзылуында екенін айтқан-ды. Орыс тілі қазақ өміріне дендеп енгелі төрт ғасырға жуықтаса да, сол тілден қазақшаға енген етістіктер саусақпен санарлық. Тіпті жоқтың қасы. Ауызекі тілде «звондаймын» дейміз, бірақ жазба тілде ол оп-оңай «қоңырау шаламын», «хабарласамын» болып өзгеріп кете береді. Болмаса «ету», «жасау» етістіктері қосарланып, қазақы сөйлем құрылысы көп өзгере қоймайды. «Митинговать» – «митинг жасау/өткізу», «локализовать» – «локализация жасау» т.б. (Бұл етістіктің соңғы жылдары «жергіліктендіру» деген жақсы баламасы қолданылып жүр). Ал министр ұсынған «приваттау» жүйесін алдағы уақытта қолданар болсақ, қазақ тілінен таза айырыламыз. «Жекешелендіру» деп әбден қолданысқа еніп, санаға орнап қалған сөзді «приваттау» деген қандай қажеттіліктен туындап отыр? Private деген ағылшын сөзі «жеке» мағынасын береді, оған «-изация» тіркелсе, оп-оңай «жекешелендіру» болып шықпай ма? Бұл жерде министр бастап, басқа да ғалымдар қоштап, осындай «сыны бұзылатын» терминдерді аудармай қолдануды ұсынғанда, олар бір ғана нәрсені ескермей жүр.

Нені? Олар қазақ тілінің славян, роман тілдері тобына икемделуі қиын екенін ескермейді. Мысалы, семит тілдері тобынан, оның ішінде араб тілінен енген көп сөз қазақпен бірге жасасып кетті. Арабша «муаллим» қазақша қашан «мұғалім» болып кеткені тіпті есімізде жоқ. Осы күнгі қазақ баласы «Әй, араб тілінде «му» деген жұрнақ біздің зат есімнен зат есім тудырушы «-шы, -ші» жұрнағымен тұлғалас. Демек, «муаллим» – «ғылыммен/біліммен айналысушы», – деп бас қатырып жатпайды. «Мұсылман» арабша «муслимнен» шыққан, яғни «исламды ұстанушы», бірақ біздің тілдегі формасы – «мұсылман». «Ихлас» – «ықылас», «калем» – «қалам»… Араб, парсы тілдеріндегі дыбысталу жүйесі қазақ тілімен үндес болған соң, ол тілдерде «қ, ң, ғ» сияқты дыбыстар бізде де еркін айтылады. Сондықтан ғасырлар бойы ортақ сөздер ортақ игілікке айналып кетті.

Ал француз, орыс, неміс, ағылшын тілінен енген сөздер көбінесе нағыз қазақтың құлағын тебеді. Орыстілділер «система», «рынок» т.б. сөздердің қазақ тіліндегі «жүйе», «нарық» делінген баламасын әлі күнге сіңіре алмайды. Сорақысы, осы сөздер «система» мен «рыноктың» нақты мағынасын бере алмайды деп санайды. Шындығында, қазіргі қазақ тілінде және қазіргі қазақтілді, қазақойлы ортада «жүйе» баяғыда «система» болып тұлғаланып кеткен, «нарық» кәдімгі қара базардан немесе заттың бағасынан гөрі нағыз «рыноктың» сипатына ие. Яғни осындай сөздер заманға әбден бейімделді.

Сағадиев мырза мысалға келтірген «қолтырауын» сөзі енді қолданыстан шығып қалады деу тіпті күлкілі. Бұл сөз қазақ тіліне енгелі отыз жылдан астам уақыт өткенін журналист Қайнар Олжай 2012 жылы «Ана тілі» газетінде «Қолтырауын көрсетпес қалтырауын» деген мақаласында жақсы айтып өтті. Министр немесе терминкомда істейтін біраз адам немерелерімен бірге «Балапан» арнасын тұрақты қарап жүрсе, қазіргі қазақтың (қазақы тәрбие алып жатқан, қазақша ойлайтын) бүлдіршіндерінің барлығы «крокодил» деген сөзбен мүлдем таныс емес екенін, оларға «қолтырауын» деу әлдеқайда ыңғайлы екенін жақсы түсінер еді… Әттең, олардың бала-шағасы «Балапанды» көрмейтіні өкінішті.

«Пернетақта» қазақ ұғымына әбден сіңді. Қазір компьютер құлағында ойнайтын қазақтілді азаматтар бұл сөзге толықтай құлақ үйретті. «Клавиш» осылайша қазақы мағынаға ие. Ал «ғаламтор», шынында да, «интернетпен» қатар қолданыла беретін сөзге айналды. Бұл нені көрсетеді? Бұл  қазақ тілінің заманға бейімделе алатынын, ғылым тіліне айналатынын әйгілейді. Сондықтан осындай сөздерді мысалға келтіргенде, жұрт алдына талқыға салғанда қазақтілді азаматтардың намысына тимеу жағын қатты ойлаған да дұрыс. Өйткені қазіргі 70 пайызға жуық қазақтың қара орманы, қарашаңырағы, атажұрты – солар.

«Мұрағат» пен «мұражай» қазақы ұғымға әбден сіңген кезде «архив» пен «мұражайды» күштеп қайтардық. Одан не ұттық? Иә, museum сөзін бүкіл әлем «музей» деп қолданады. «Мұражай» сөзі оның нақты баламасы бола алмайтыны да рас. Дегенмен «мұражай» он жыл ішінде «музеймен» тұлғаланып кетті емес пе? Қазір осы сөз айтылса, қазақтың көз алдына Алматыдағы және Астанадағы нән музейлер келеді. Ол жаман ба?

Жетпісінші жылдары тілімізге еніп кеткен «күйсандық» сөзімен әлі күнге арпалысып келеміз. Иә, «күйсандық» дәл «фортепиано» емес. Бірақ заман ыңғайымен сол ұғымға сөзсіз тұлғаланды. Енді оны қайта сындырып, ескі бөтен сөзді қайта тықпалағаннан не ұтамыз?

  1. Тілдің даму заңдылығы

Жиырма жыл уақыттағы тілдің даму заңдылығын аңдай жүріп байқағанымыз: тілдің жаңаруы негізгі үш факторға байланысты болады екен.

Біріншіден, оған кей сөздер мен ұғымдар күштеп таңылады. Мұның себебі – білімсіздік. Қазіргі қазақ тілінде «құрайды» (составляет), «ағымдағы» (текущий), «болып табылады» (является), «орын алады» (имеет место), «ол –» («это –»), «тәжірибесімен бөлісті» (делиться опытом)  т.б. сөздер мен тіркестер 1990 жылдардың басында қазақ тіліне тасқындап енгізілді. Ешкім күштеген жоқ, білімсіз аудармашылар, қазақ тілінің заңдылығынан мүлдем мақұрым журналистер енгізді. КСРО дәуірінде де қазақ тілі дәл қазіргідей бейшара күй кешкен емес. Яғни компартияның қай құдайы сөйлесе де, қазақ тіліне өте жатық аударылатын. Заман ауысып, жеке, тәуелсіз ақпарат құралдары қиды қиға қосып, таза былық жасады. Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, осы үрдіс бәсеңсір емес. Мұндай әдет тілді өсірмейді, кері шегіндіреді. Әлі күнге біз «журналист болып табылып», «тәжірибемізбен бөлісіп», «ағымдағы» жылы халықтың белсенді бөлігін «құрап» өмір сүріп жатырмыз. Ең жаманы, «қорқамын кейінгі жас балалардан», олар «мынауың – қате» деп көзіне шұқып тұрсаң да бой тартпайды, «солай айтуым керекпін» деп керенау тартқан күйі қырсығады.

Екіншіден, тілге жаңа ұғымдар мен тіркестер, жаңа сөздер сіңісіп, байыта түседі. «Пернетақта», «тінтуір», «ғаламтор», «әуежай», «шипажай»  т.б. сөздер орыс, ағылшын тіліндегі баламаларын ығыстырып барады. «Балапан» арнасын көретін бала осы күні «сюрприздің» орнына «тосынсый» дегенді еркін қолданады. «Ура» сөзі олардың ұғымында жоқ, «алақайды» қайта тұғырына қондырды. «Диверсификация» термині қазіргі банк тілінде әп-әдемі «әртараптандыру» сөзімен алмастырылды. Жоғарыда келтірілген «жергіліктендіру» де сіңіп келеді. «Аргумент» біздің ұғымымызда «дәйек» болып барады. «Жаһандандыру»  бізге «глобализациядан» әлдеқайда жақын. Демек, осындай орнын тапқан сөздер мен ұғымдарды жатсынудың қажеті жоқ.

Үшіншіден, сәтсіз аудармалар мен баламалар өз-өзінен сыпырылып түсіп, жолда қала береді. Естеріңізде болса, 1990 жылдары «планета» сөзі «нысан» делініп жүрді де, кейін мүлде басқа тұлғаға ие болып кетті. Яғни «объект» сөзінің сәтті баламасына айналды. «Балконды» «қылтима» дедік те, өзіміз күлдік. Қазір әзіл-сықақ театрлары күлкі үшін қолданатыны болмаса, басқа ешкім күнделікті өмірде «қылтимадан» қарап тұрмайды. Телеарналарда геморрой ауруын емдейтін дәріні жарнамалағанда ауру атауын «көтеу» деп қолданып жүрді. Әрине, көтеу – қазақтың ескі сөзі, бірақ қазіргі қазақы құлақ та оны ауыр қабылдайтын болғандықтан, қолданысқа сіңіп кете алған жоқ. Мұндай мысалдар жеткілікті.

Әрине, халықаралық терминдердің бәрін аудару керек деген ойдан аулақпыз. Кеңес дәуірінен бері тілімізге де, санамызға да орныққан «-измдерден» құралған (коммунизм, капитализм, социализм) , «-ия» арқылы тұлғаланған (реакция, химия, категория) т.б. сөздерді шетке қақпаймыз. Олар біздің тілді байытпаса, кемітпейді. Ең бастысы, осындай сөздер уақыт сынынан өтіп, халық санасына орнықса, еш сөкеті жоқ. Ал «приваттау» деп «бүйректен сирақ шығару» – тілді өлтіру, мүмкіндігін шектеу.

  1. Кімге жаутаңдай береміз?

Тіліміздің иммунитетін құртып жатқан – тағы да өзіміз. Біз айналаға кіл орыс тілінің заңдылығымен қараймыз. «Болып табыладылар» былай тұрсын, тәуелсіздік дәуірінен бері біз іргеміздегі қырғыздың сөздерін де орыс тіліндегі жазылуы арқылы жазамыз, оқылуы арқылы оқимыз. Мысалы, «Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші» дейміз. Қазақ тілінде «жоғарғы кеңес» деген сөз жоқ па? Әлде қазақы ыңғайға салып айтсақ, қырғыз бауырлар қатты ренжи ме?

Өткен жылы айыр қалпақты ағайындар жаңа президентін сайлады. Өздері Сооронбай Жээнбеков деп айтады, жазады. Ал бізге не жорық? Біз Сауранбай Жиенбеков десек, еліміздегі қырғыз елшілігі қарсылық нотасын жолдай ма? Неғылған жалтақтық бұл? Бұрынғы президенттерін Роза Отунбаева деп – бір, Алмазбек Атамбаев деп екі «сызылдық». Отынбаева десек, Алмасбек десек, әлдеқайда оңды болар еді ғой. Қазіргі өзбек президентінің тегі Мірзияев екенін білікті журналист Сәкен Сыбанбай әлеуметтік желіде түбірін бөлшектеп отырып түсіндіріп берді. Біз болсақ Кремль жақтың лексиконындағы «Мирзиёев» сөзін айналшықтап жүрміз.

Өзбек ағайындар бізді «қозоқ» дейді. Біз болсақ шойын жұдырық жігіттерімізбен шаршы алаңға шыққан өзбек боксшыларын «Муроджон Ахмадалиев», «Хасанбой Дусматов» деп тіл бұраймыз. «Мұратжан Ахметәлиев», «Қасанбай Досматов» деуге ұяламыз ба? «Атырау» футбол командасында Пірәлі Әлиев деген ойыншы бар. Комментаторларымыздың барлығы «Пиралы» дейді. Қайдан шыққан «пир» бұл?

Эфирден Гөкдениз Карадениз есімді түрік футболшысын Көктеңіз Қаратеңіз деп қазақы ыңғайға салып айтқанымызды ана дүниеде де кешірілмейтіндей күнә санағандар көп болды. Эмре Мор есімді футболшыны Әміре Мор дегеніміз үшін де жазықтымыз. Сол түрік бауырлар бізді – казаклар, казактарды – Дон казаклары дейді, қайсымыз барып дұрыс емес деп жатырмыз?

Осы айтылған сөздің бәрінің түйінінде не жатыр? Тілімізді сыйламау үрдісі күшейіп барады. Өз тілінің қазіргі жалтақ күйін кезінде жаңа тәуелсіздік алған халықтардың біразы бастан кешірген. Түріктер сияқты еңсе түзеп, тілін алдыңғы қатарға шығарғандар да болды. Бірақ кері кеткендер көп. Украина енді ес жиып жатыр. Беларусьтың президенті бастап, өз тілінен бас тартты да, кейінгі жылдары қайта орала бастады. Малайлар тілдерін әлеуметтік, саяси, ғылыми ортаға күштеп таңды, одан жаман болған жоқ. Осы күні ел тізгінін ұстағысы келетіндер малай тілін білмесе, биліктің есігінен сығалай алмайды.

Сөз түйіні мынау: кез келген сөзді халыққа арнап айтар кезде лауазымды азаматтар орыстілді ғана емес, қазақтілді аудиторияның да талабын ескергені жөн. Ақжағалылар айтты деп қазақ тілі шегінбейді, дамымай қалмайды, басқа тілдермен қатынасқа түспей қалмайды. Тілдің мүмкіндігін қолдан шектеудің қажеті жоқ.

…Бірер жыл бұрын өлеңінде «закуска» сөзін қолданған ақын кезекші редактордың «басытқы» сөзін орнына қойғанына еш ренжіген жоқ. Керісінше, «өте сергек қарапсың, рақмет» деп ырзашылық білдірді. Біз де кез келген тілдік ұмтылыстарға сергек қарайық. Ештеңені күштеп тықпаламайық, еш сөздің аясын қолдан тарылтпайық. Тіл халықпен бірге өседі. ХІХ ғасырға жеткен қазақ тілі мынау ғаламтор заманында босағада мөлиіп тұрады дегендер қатты қателеседі.

Есей Жеңісұлы

Фото: adebiportal.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.