Қарағандыда жаңа жыл түнінде мейрамханада болған жаппай төбелес кезінде аяғына пышақ салынып, жараланған екі жігіт ауруханадан шықты. Олар үйде амбулаторлық ем алады. Бұл туралы қаңтардың 3-і күні Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаменті хабарлады. 

Ал көкірегіне пышақ кіріп, ауыр жараланған үшінші адам жансақтау бөлімінен жедел бөлімге ауыстырылды. Дәрігерлер науқас жағдайының тұрақталып келе жатқанын айтады.

Кісі өлімі тіркелген атышулы оқиға бойынша полиция «кісі өлімі» және бұзақылық» баптарымен қылмыстық іс қозғады. Күдікті үш адам ұсталды, біреуіне іздеу жарияланды.

Бұған дейін БАҚ Қарағандыда бір топ жас жігіттің арасында төбелес болғаны туралы жазған. Әлеуметтік желілерде төбелестің ұлтаралық астары бар кикілжің екені де айтыла бастаған. 

Еске салсақ, жаңа жыл түні мерекесінде Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында клиенттер арасында кикілжің шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.