11 миллионыншы қазақ - Мұхтар ӘБДІРАХЫМ

«11 миллионыншы қазақ қашан баспаналы болады?» «Жас алаш» газетінің былтыр 8-наурыздағы санында осындай тақырыппен жарияланған мақалада біз Қазақстанда 11 миллионыншы қазақ болып дүниеге келген Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Мұхтар есімді балаға әкімдік баспана беруге уәде еткенімен, бұл уәденің әлі күнге дейін орындалмай отырғанын жазған едік. Осы аптада «Жас алаштың» облыстағы қосынына Қазығұрт ауданынан хабарласқан оқырманымыз — Комсомол мектебінің мұғалімі Жолдас Келдібаев Мұхтарға әкімдіктің 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткенін хабарлады.

Мұхтар Әбдірахым Қазығұрт ауданы Қарабау ауылдық округі Үшбұлақ ауылында тұратын Мәлік Бадамбаев пен Шолпан Күдірбекованың отбасында 2012 жылдың 28 желтоқсанында дүниеге келген. Ол Қазақстанда туған 11 миллионыншы қазақ болып тіркелген. Статистика агенттігі бұл жаңалықты 2013 жылдың мамырында хабарлаған болатын. Сол кезде жергілікті әкімдік сәбиге облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың атынан ат мінгізген. Ал аудандық әкімдік үй береміз деген. «Жас алаш» газетінің тілшісі 2015 жылы Бадамбаевтардың отбасына барып, арнайы мақала да жазған еді.

11 миллионыншы қазаққа бес жылдан кейін баспана берілді
2013 жыл.

Мұхтардың әкесі Мәлік ауыл шаруашылығымен айналысады. Анасы Шолпан мектепте мұғалім. Отбасының Үшбұлақта тұрып жатқан үйі Мәліктің ағасына тиесілі. Қазығұрт аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дөненбай Есболғанов былтыр наурызда «Жас алаштың» тілшісіне Бадамбаевтардың отбасына биыл сәтін салса, баспана беріліп қалатынын айтқан еді. Әкімдік уәдесінде тұрды.

Қуанышты хабарды естіген соң біз Мәлік БАДАМБАЕВТЫҢ өзімен хабарластық.

— Пәтердің кілтін жуырда аудан әкімі Төлеген Телғараевтың өзі тапсырды. Баспанамыз 3 бөлмелі. Аудан орталығы — Қазығұрт ауылына кіре беріс жерде орналасқан. Барлық жағдайы жасалған. Жаңа жылдың алдында сонда көшіп бардық. Осы пәтерді алуға жәрдем берген азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз, — деді Мәлік Бадамбаев.

Қазығұрт аудандық әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дәулет ПАЙЗИЕВТІҢ айтуынша, Бадамбаевтар көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен әлеуметтік көмек алады екен. Пәтердің көлемі 63 шаршы метр. Баспана барлық коммуналдық қызметтермен қамтылған.

28 желтоқсанда Қазақстандағы 11 миллионыншы қазақ Мұхтар Әбдірахым 6 жасқа толды. Былтыр ол Үшбұлақтағы мектептің дайындық сыныбына барған. Әкесінің айтуынша, сабақ үлгерімі өте жақсы. Мұхтар Мәлік Бадамбаев пен Шолпан Күдірбекованың отбасындағы төртінші перзент. Оның алдында бір әпкесі, екі ағасы, соңынан ерген екі інісі бар.

Фотолар автордікі

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.